Балаларды зиянды ақпараттан қалай қорғаймыз?
«Балалар мен жасөспірімдерді зиянды ақпараттардан қорғау туралы» Заң көршілес Ресей елінде былтыр қабылданғаны белгілі. Ал АҚШ-та мұндай заң 1954 жылы қабылданған болатын. Сол секілді Италия, Австралия, Венгрия және т.б. елдерде балалар үшін зиянды болып табылатын ақпаратқа заң жүзінде шектеу қойылған. Сонымен қатар Грузияда, Балтық елдерінде де бұл мәселені реттейтін арнайы заң бар. Өкінішке орай, біздің елде мұндай заң болмағандықтан, балалар мен жасөспірімдер арасында түрлі келеңсіз оқиғалар белең алып келеді.
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жуырда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Балалардың денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы», сондай-ақ «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленіп, Сенатқа жіберілді. Аталған заң қабылданса, түрлі зиянды ақпараттың салдарынан өз құрдастарының өміріне жауыздықпен қастандық жасау, қанқұйлы төбелеске бару,суицид жасау оқиғаларының алдын алу, оларды болдырмау мүмкіндігі туар еді.
Осы орайда Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитеттің 2010 жылы жасаған зерттеулерінен төмендегі мәліметтерді келтіруді жөн көрдік. Елімізде сағат 10.00-ден бастап 24.00-ге дейін жұмыс істейтін 698 компьютер клубтары бар, оның ішінде 51-і тәулік бойы жұмыс істейді. Күн сайын оларға 7500-ден астам бала барады, олардың ішінде 2 мыңнан астамы 7-12 жастағы, қалғандары 12-18 жастағы балалар. Күн сайын балалар 2 сағаттан 4 сағатқа дейін ашық және астыртын жұмыс істейтін клубтарға 200-ден 400 теңге жұмсайды. Ал одан бері 5 жыл өткенін ескерсек, бұл компьютерлік клубтардың саны да, оған келушілер қатары да көбейгені, төленетін ақшасы да артқаны анық. Демек, жас ерекшелігіне байланысты шектеулер қою, түнгі уақыттарда оқушылардың интернет клубтарда отыруын қатаң қадағалағанымыз жөн. Сондықтан ең әуелі, балаларды зиянды ақпараттан қорғау үшін интернет клубтарды тексеруге Білім басқармасынан бастап, мектеп директоры мен мұғалімі, мектеп инспекторы, балалардың ата-аналары да мүдделі болуы тиіс. Республикалық психиатрия және наркология ғылыми-тәжірибелік орталығының деректері бойынша, интернет клубтарға баратын 12-13 жастағы оқушылардың 80 пайызының физиологиялық биоырғағы бұзылғаны, 10 пайызының жүйкесі жұқарғаны, осыған орай олардың денсаулықтарына айтарлықтай зиян келіп жатқаны ойлантарлық мәселе. Бала психикасы тұрақсыз болуына қатыгездік пен жауыздықты насихаттайтын компьютерлік ойындардың да, интернет желісі арқылы таралатын басқа да материалдардың тигізер теріс ықпалы аз емес.
Сонымен қатар елімізде компьютерлік клубтарға келген адамның құжатын тексеріп, оларды арнайы журналға енгізу жолға қойылмай келе жатқаны жасырын емес. Өйткені соңғы кездері жалған ақпарат таратушылар мен интернет желісі арқылы діни экстремизм мен терроризмге қатысты ақпарат жіберушілер көбейіп келеді. Әсіресе, әлеуметтік желілерде біреудің арына сөз тигізетін, ойындағысын жазатындар қаптап кеткені жұртшылықтың көкейінде көптеген сауал туындатып отырғаны мәлім. Ал 2015 жылдың 1-қаңтарынан бастап жаңа Қылмыстық Кодекс бұл мәселелерге де тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Сонымен бірге аталған Қылмыстық Кодексте БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы қауесет таратқандарға 5 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу, түзету жұмыстарына жіберу, бас бостандығынан айыру немесе шектеу көзделген.
Қорыта айтқанда, елімізде интернет саласын реттеуге бағытталған заңдарды қабылдап, зиянды ақпараттардың таралуына жол бермеу күн тәртібінде тұрған мәселе болып келген еді. Осы орайда қабылданатын заң жобалары қандай нәтиже беретінін алдағы уақыт көрсете жатар.