Балалар хосписі қазақы қоғамға жат емес пе?
Ресей астанасы Мәскеу мен Украинаның бас қаласы Киевте орналасқан хоспис директорларының халықпен телефон арқылы болған сұхбаттарына көз жүгіртіп отырып, мына бір сұрақ-жауапты оқығанда, шыны керек, мерейіміз бір өсіп қалған еді: Киевтегі хоспистің жұмыс істеп жатқанына он жылға жуықтаса, осы уақыт аралығында орталықта бір ғана мұсылман жатыпты. «Мұсылмандар жақын туысын хосписке өткізбейді екен», – дейді соған байланысты орталық директоры Елизавета Глинки.
Тіпті ресейлік режиссер Сергей Виноградовтың «Үлкен шаһар шамдары» фильмінде жас журналист бір қалталы жанмен әңгімелесіп отырғанда бизнесмен: «Мен өз елімде қарттарға орталық салдырған едім. Дубайға сапарымда сонымды мақтанып айтқанымда, олар мені жақтырмай қалды. Сөйтсем, мұсылмандарда туысын, жақын адамын, ата-анасын тағдыр тәлкегіне қалдыру ең үлкен күнә екен», – дейді. Міне, діні бөтен адамдар тіпті қиялынан туған оқиғаның өзінде мұсылмандардың жақсы қасиетін насихаттап, соны үлгі етуге тырысқан.
Шынымен де, «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Ол (бауырына) зұлымдық және сатқындық етпейді. Кім (бауырының) шаруасына жәрдем етсе, Алла оның жәрдемшісі болады. Ал кім (бауырының) дүниелік бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қиямет күнгі қайғысын сейілтеді. Кім мұсылманның айыбын жасырса, қиямет күні Алла оның айыбын жасырады» деп жазылған екен Құранда.
Жалпы, мұсылман болсын, басқа болсын, дәм-тұзы таусылып бара жатқан жанды аранын ашып келе жатқан ажалмен бетпе-бет жалғыз қалдыру – барып тұрған опасыздық. Әсіресе қазақ үшін! Біздің қанымызға жат қасиеттердің бірі – осы. Әрине, адам өмірі мәңгілік емес, әйтеуір бір жарық дүниемен қош айтысады. Біреу ерте, біреу кеш дегендей. Алайда сондай өмір мен өлім арпалысып жатқан шақта кімге де дүниедегі ең жақын адамдарының ыстық ықыласынан артық ештеңе жоқ. Өкінішке қарай, мына қатал заман бізді де қатал болуға үйретті. Қазақстанда алғаш хоспис ашылғанда қоғам онша жылы қабақ таныта қоймаған еді. Уақыт өте оған да етіміз үйреніп, ем-домға көндікпейтін дертке шалдыққандарды хосписке өткізе салу – қазір қалыпты жағдай. Біреу жұмысын алға тартады, біреу түрлі себептерді айтады, әйтеуір, ар-ұят пен адамгершілікті ысырыңқырап қояды, ал оларды сөгіп жатқандар да жоқтың қасы. Тіпті ғайбаттауға қақымыз да жоқ сияқты. Оның үстіне, мойындау керек, кейбір ауыр халде жатқан науқастардың өздері ешкімге масыл болғысы келмей, сол бір аты құлаққа түрпідей тиетін хосписке өздері сұранады. Сөйте-сөйте, мұндай құбылыс та жат болудан қалыпты. Иә, осы сынды жат дүниелер бізден аулақ жүрсінші деп тілеп-ақ жүрген едік, енді балалар хосписі ашылды. Айта кетейік, балалар хосписін ашуға мұрындық болып отырғандар «мұндай мекеме Орталық Азияда тұңғыш ашылып отыр» деп, бірінші болып қолға алғандарын мақтан тұтатын сияқты. Орталық Азия елдері неге бұрын ойламаған? Өйткені басым бөлігі – мұсылман елдері. Ал мұсылман елдері мұндай мекеме ашуды жөн санамаса керек.
Ал енді аталмыш мекемені өзіміздің қазақы ұлттық менталитетіміз тұрғысынан саралап көрейікші. Қай ата-ана бауыр еті – баласын өмірі күн санап азайып, ажалдың тырнағына ілінгенде көзін жәудіретіп өзгенің қарауына тастап кетер екен? Қазақы орта мұндай тәуекелге бара қояр ма? Рас, бүкіл қоғам қарсы деуден аулақпыз. Пікір әртүрлі. Біреулер үзілді-кесілді қарсы шығып, енді біреулер қолдап отыр. Балалар хосписі, аты айтып тұрғандай, тікелей балалар үшін ашылып жатқандықтан, оның пайдасы болсын, мейлі, зияны болсын, қалай әсер етсе де, оны бірінші сол балалардың өздері сезінеді. Сондықтан да психолог мамандарды әңгімеге тартқанды жөн санадық.
Нәйлә ТОҚТАРҚЫЗЫ, профессор, медицина ғылымының докторы:
– Шыны керек, балалар хосписінің ашылуы тосын жағдай болды. Әлбетте, орталықты ашқандардың ниетінің түзу болғанына дау жоқ. Алайда біз оған дайын емес едік. Моральдық жағынан айтпағанда, ең алдымен, оған біздің елдің экономикалық жағдайы қазіргіден әлдеқайда жоғары болуы керек-ті. Мәселен, орталыққа балалар үш аптаға ғана жатқызылады. Одан кейін балалар қайта үйіне қайтады. Ал халі нашарласа, артынша ауруханаға орналастырады. Баланы осылай әрлі-берлі тасып жүру онсыз да қиналып жатқан бүлдіршіннің жүйкесіне кері әсер етпей қоймайды. Бұл орталық сонда не үшін ашылып отыр – ол жағы маған түсініксіз. Артық қыламыз деп тыртық қылып алып жүрмесек болды, әйтеуір. Тағы бір түйінді мәселе, біздің елде дәл балалар хосписінде жұмыс істей алатын кәсіби психолог бар ма? Әзірге саусақпен санарлық. Ал ондай орталықта міндетті түрде білікті, білімді психологтер саны жеткілікті болуы тиіс.
Жалпы айтсам, әрине, ауру болсын, сау болсын, қай бала үшін де ата-ананың аялы алақанынан, ең жақын туған-туыстарының қамқорлығынан және отбасындағы жылудан артық дүние жоқ қой.
Оңғар қажы ӨМІРБЕК, ҚМДБ қарасты «Иман» журналының бас редакторы:
– Өзге дін өкілдері үшін мұндай орталық қажет шығар. Ал біз сияқты табиғатынан бауырмал, жанашыр қазаққа тіптен қажеті жоқ еді. Ауыр халде жатқан балаларға көмектесіп, қол ұшын берудің басқа да жолдары толып жатыр емес пе?! Мұндай орталық қазір барлық жағынан тамаша болып көрінгенімен, жылдар өте бұрыс тәрбие беруі әбден мүмкін. Мәселен, жұмысын, болмаса басқа да шаруаларын алға тартып, балаларын сол жерге тастап кете баратын ата-аналар санын көбейтіп алсақ ше? Ұрпақтарымызды имандылыққа тәрбиелейік деп жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жүргенімізде мұндайға жол болсын! Бұл – барып тұрған қатыгездік.
Балалар хосписін ашу туралы бастама көтерген «Саламатты Азия» қоғамдық қорының президенті Нағима ПЛОХИХПЕН де хабарласқанды жөн көрген едік.
– Орталық, негізінен, қайырымды жандардың көмегімен қаржыландырылмақ. Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы да қарап қалмады. Менің ойымша, мұндай хоспис еліміздің барлық аймағында ашылса, тіптен жақсы болар-ақ еді. Қазір емдеуге келмейтін дерті бар балалар орталықта аналарымен жатыр, – деді ол.
«Жаманның жұқпалы болып келетіні бар ғой, кейін баласын сіздерге тастап кететін жауапсыз ата-аналар қатарын көбейтіп алсақ ше?» деген сауалымызға жауап беруден бас тартқан оны ол жағы алаңдатпайтын сияқты.
Оңғар қажы ӨМІРБЕК айтпақшы, «ауыр халде жатқан балаларға көмектесіп, қол ұшын берудің басқа да жолдары толып жатыр емес пе?!» Мәселен, әрбір жергілікті балалар ауруханаларынан бір-бір бөлімше ашып қоюға болады ғой. Хосписке ақша беруге дайын адамдар табылып жатыр екен, сол қаржыны ауруханаларға бөлсін. Ал хоспистің аты – хоспис. Оның кәдімгі ауруханадан айырмашылығы айтарлықтай.
Біз балалар хосписін ашып отырғандардан қандай да бір жаман пиғыл іздеген жоқпыз, одан мүлде аулақпыз, тек айтарымыз, уақыт өте қоғамға теріс тәрбие беріп алмаса етті.