Балалар биыл да лагерьге бармай ма?
Өзге өңірді қайдам, өткен жылы оңтүстіктің оқушылары кенелердің кесірінен демалыс лагерьлеріне бара алмады. Биыл бұл мәселеге өзгеше көзқарас қалыптасты. Балалар лагерьлерінің барлығы залалсыздандырылып, оқушылар қабылдауға барынша дайындық жасалды. Өйтпегенде ше, жыл сайын лагерьлерде бой жазып, жаңа достар табатын балалар былтыр ала жаздай қайда барарларын білмей аласұрды. Ата-аналарға да оңай соқпады.
Биылғы дайындық деңгейі қандай? Балалардың жазғы демалысы мен сауықтырылуына жергілікті бюджеттен 133147 мың теңге бөлініпті. Оның ішінде жазғы демалысқа 85980 мың, мектептерді залалсыздандыру жұмыстарына 45137 мың, қала сыртындағы лагерьлерді залалсыздандыруға 2 миллион 30 мың теңге тиесілі болды.
Облыстық білім басқармасының мәліметіне жүгінсек, үстіміздегі жылы қала сыртында 19 сауықтыру лагері жұмыс істейді деп жоспарланған. Олардың 8-і аудандық, қалалық білім бөлімдеріне қарасты болса, төртеуі облыстық білім басқармасы мен дене тәрбиесі және спорт басқармасына, аудандық байланыс торабына тиесілі. Қалған жеті лагерь жекеменшіктің иелігінде. Бұлардан басқа, қала сыртындағы лагерьлерге теңестірілген үш мектеп-интернат жанындағы лагерьлер де жұмыс істейді. Сонда бас-аяғы 22 лагерьге 14 989 бала қамтылады деген жоспар бар.
Сәуле Жарқынбекова, облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары:
– Аудан, қалалардағы жағдайларға қатысты айтар болсам, Арыс қаласы мен Қазығұрт ауданында қала сыртында сауықтыру лагерьлері жоқ. Алайда олар лагерьлерге теңестірілген мектеп-интернат жанынан лагерьлер ашып, 550 баланы қамтуға әрекет жасап отыр. Ал Мақтаарал аудандық білім бөлімі жыл сайын «Жылысу» санаторийіне бес ауысымда жазғы лагерь ұйымдастырып, онда 500 бала сауықтырылатын. Биыл бұл санаторий ересек адамдарды қабылдауға көшкендіктен, Түлкібас ауданындағы «Машат» лагерімен келісімшартқа отырып, 290 оқушы сонда демалатын болды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 7 700 мың теңге бөлінді.
Отырар мен Шардара аудандарында балаларды сауықтыруға арналған бірде-бір лагерь жоқ. Бұл екі ауданның басшылары Төлеби ауданындағы «Тау самалы» оқу-сауықтыру орталығында 400 баланы демалдыруды жоспарлады. Ал Кентау қаласындағы жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Қаратау тәжі атанған қаладағы «Трансформатор» зауытына қарасты «Әлия» сауықтыру лагерін қалалық білім бөлімі жыл сайын жазғы мезгілде жалға алып, онда 520 балаға дейін сауықтырылатын. Биыл бұл мәселе шешімін таппады.
Табиғаты тамаша, лагерьлердің басым бөлігі орналасқан Түлкібас аудандық білім бөліміне қарасты сауықтыру лагерьлері жоқ дегенге сенгіміз келмейді, әрине. Бірақ шындық осы. Жергілікті қазынадан бөлінген 5 миллион теңгеге бар болғаны 200 баланы жекеменшік лагерьлерде демалдыруға мәжбүр. Осы аудандағы Машат шатқалында орналасқан жекеменшік «Жалын» лагері 2007 жылы аудандық білім бөлімінің балансында болған. 2008 жылы Қ.Шамболатов деген жеке кәсіпкер Жоғарғы соттың шешімімен балалардың ортақ мүддесі үшін қызмет етіп жатқан лагерьді өзіне қайтарып алды. Содан кейінгі екі жылдың көлемінде лагерьге тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Жөндеу жұмыстары былай тұрсын, онда балаларды да қабылдамаған. Биыл, әйтеуір, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Алайда балаларды қабылдау-қабылдамау жағы белгісіз. Сонда дейміз-ау, барлық жерде кезінде жекеге өтіп кеткен нысандарды, әсіресе балаларға қызмет көрсетуге қатысты нысандарды қайта мемлекетке қайтару саясаты жүргізіліп жатқанда, бұл неғылған кереғар әрекет? Мейлі, жеке кәсіпкердің жеке қаражатына сатып алынды делік, бірақ бастапқы мақсаты сақталып, жұмысты тоқтатпауы керек еді ғой.
Төлеби ауданында да бірқатар балалар лагері жұмыс істейді. Бірақ бұл ауданның да білім бөліміне қарасты сауықтыру лагерьлері жоқ. Облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты ең ірі лагерьлердің бірі саналатын «Бәйшешек» биыл оңтүстіктің емес, Байқоңырдың балаларын қабылдайтын болды. Бәлкім, олар қомақты қаржы төлейтіндіктен, осындай тоқтамға келген болар. Байқоңырлықтар 20 күн демалған әр балаға 42 мың теңге төлейді екен.
Облыстағы жұмысы жүріп тұрған, бай кәсіпорындардың бірі цемент зауыты екені талассыз. Алайда осы зауытқа қарасты «Родничок» лагерінің тозығы жеткендіктен, есігін қара құлып күзетіп тұрғанына биыл төртінші жыл. Бұл зауыттың қазіргі иелері шетелдіктер. Олардың жергілікті ұлт өкілдері балаларының болашағына бас қатырмайтыны осы әрекетінен-ақ көрініп тұрғандай.
Балаларды жазғы сауықтыру демалдыру ісінде проблема аз болмай тұр. Соның негізгілерін ғана атап өтер болсақ, Кентау, Қазығұрт, Шардара аудандарында жазғы кезеңдегі демалыстың барлық түрімен оқушылардың 15-59 пайызы аралығында ғана қамтылмақ. Кентауда жазғы сауықтыруға, мектептер мен қала сыртындағы лагерьлерге залалсыздандыру жұмыстарын жасауға ешқандай қаржы бөлінбеген. Ал Созақ ауданында жазғы демалысқа деп әжептәуір қаржы бөлінгенімен, залалсыздандыру жұмыстарына мүлдем назар аударылмаған. Арыс пен Түлкібас ауданының басшылары да залалсыздандыру жұмыстарына немқұрайды қарағаны белгілі болып отыр. Ал кенеден келетін кеселдің ең қауіпті жағдай ретінде күн тәртібінен түспей келе жатқанына бірнеше жыл болды. Сонда бұл неғылған немқұрайдылық десеңізші.
Иә, «Бар жақсылық балаларға» деп ұрандатқанымыз кеше ғана еді. Биыл бұл ұранды ұмыта бастағандардың бары өкінішті-ақ. Әйтеуір, ертең сан соғып қалмасақ болғаны.