Балабақша меңгерушісі болу үшін қанша пара беру керек?
Шымкентте балабақша меңгерушісі қызметіне орналастырамын деп 15 мың доллар пара алған орталық стадион директоры орынбасарының ісі сотта қаралды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадионы директорының орынбасары Б.Құнанбаев Әл-Фараби аудандық сотында айыпталушы ретінде жауап берді. Оған ҚР ҚК 177 бабының 3 бөлігінің «б» тармағы бойынша айып тағылды.
Сот отырысында директордың орынбасары беймәлім делдал арқылы жәбірленуші П.Сапаровадан «1 айдың ішінде қаладағы балабақшалардың біріне меңгеруші ретінде жұмысқа орналастырып беремін» деп 15 мың доллар алғаны мәлім болды. Жәбірленуші өз куәлігінде бұл ақшаны «Каspi Вank» АҚ-ның Шымкенттік филиалынан несиеге алғанын, алданып қалмау үшін сотталушыға нотариус арқылы қарыз келісімшартын түзіп бергенін айтты.
Сапаровадан балабақша меңгеруші қызметіне отырғызамын деп 15 мың доллар алғанымен Құнанбаев сөзінен тайып, алған қаражатты да қайтармай, өз қажетіне жұмсағаны анықталды.
Сонымен Әл-Фараби аудандық соты Б.Құнанбаевты ҚР ҚК 177 бабының 3 бөлігінің «б» тармағымен кінәлі деп танып, оған осы баппен 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Содан кейін ҚР ҚК-нің 63 бабын қолданып, тағайындалған жазаны шартты деп есептеп, 2 жыл сынақ мерзімін белгіледі.