Менделеев кестесіндегі барлық элемент елімізден табылады деп жар салғанда дабысымыз жер жарады. Алайда сол жер астындағы қазба байлықты игеруге келгенде бүгінгі күні кежегеміз кейін кетіп тұрғаны рас. Әсіресе геологиялық барлау жұмыстары тағасына тас батқан аттай кібіртіктеулі күйде. Тіпті бұл сала шабынан түртпесе шабуды ойға да алмайтын шабан ат секілді. Осы саланың алға жылжуы үшін атқаратын шаруа шаш етектен.
«Қазақстан – 2020» бағдарламасында геология саласын реформалау және жерасты байлығын игеруге басты басымдық берілген. Осы бағытты тиімді жүзеге асыру үшін бағдарлама құжатында тиісті мемлекеттік органдар шикізат және өңдеу саласында жұмыс атқарып жүрген мамандар мен компания басшыларын ілкімді істі ілгерілету үшін жұмыла жұмыс істеуге үндеуде. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қарасты Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев жуырда Әулиеата өңіріне ат басын бұрған болатын. Сонда комитет басшысы жамбылдық жер қойнауын пайдаланушыларға еліміздің 2015-2019 жылдарға арналған минералды шикізаттық кешенді дамыту бағдарламасына белсене атсалысуға шақырды. Базарбай Нұрабаев: «Бүгінде әлем бойынша тау-кен өндіру ісі тұрақсыздық танытуда. Нарық та шатқаяқтап тұр. Жерасты байлықтары қоры таусылуға жақын, сапасы да жыл өткен сайын төмендеп барады. Жер қойнауын аршу жұмыстары аса тереңдікте жүргізілмейді. Басқа барлау жұмыстарын да қолға алу керек. Біздің міндетіміз – ішкі нарықты толықтырып, әлемдік нарықта еліміздің мерейін асыру. Ұлттық компанияларға комитет тарапынан сауалдар жолданған. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларына да өздерінің нақты ұсыныстарын жолдауы керектігі ескертілген болатын. Геологиялық барлау жұмыстарының 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламасына келетін өздерінің жер қойнауын пайдалану туралы нақты ұсыныстарын жолдауы тиіс. Онда қаржыландыру мәселесі де назардан тыс қалмауы қажет. Бағдарлама бойынша 594 миллиарда теңге көзделген, ал республикалық бюджеттен – 165 миллиард теңге, инвестициядан 430 миллиард теңге жұмсалуы тиіс», – деген болатын. Жер қойнауын пайдаланушылардың ісі ілгерілеуі үшін не істемек керек? Геологиялық барлау жұмыстарының алға жылжуы үшін қандай шаралар қарастырылуы тиіс? Бұл бүгінгі күні басы ашық сұрақтардың бірі болып тұр. Расында, бүгінде геологиялық ақпаратқа қолжетімсіздік басым, оның құпиялылығы басым. Осы салаға қатысты заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп, Парламентке ұсынылып қойды. Бірақ оның қашан мақұлданатыны белгісіз. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандар қажетті мағлұматтық құпиялылығын сақтау керек деп санайды. Алдағы уақытта еліміздегі аймақтардың минералды-шикізаттық базасын тереңірек зерттеу қолға алынбақ. Тағы бір өзгеріс жылдың аяғына дейін осы салаға қатысты шығынды бонитетті жүйе бойынша қайтаратын болады. Мамандар осы салаға инвесторларды көптеп тарту үшін, оларға геологиялық барлау тартымды болуы үшін қаржылық жүктемені азайтуды ұсынып отыр. Геологиялық барлауда жаңа технологияны қолданушыларға коммерциялық пайда табуда бонустарды алып тастау, қосымша салықты алып тастау, компанияларға пайызы аз несиелеуде жеңілдіктер болуы керек деп санайтындар баршылық. Сонымен бірге пайдалы қазбалардың есептемесі туралы ұлттық стандарттар жойылып, оны халықаралық стандарттарға сәйкестендірмек. Жер қойнауын пайдаланушылардың айтуынша, осы салада қалыптасқан бүгінгі жағдай оларды қанағаттандырмайды. Келісімшартты алу мен құжаттандыру ісі тым қиын дейді олар. Одан бөлек, аспанмен таласқандай алапат айыппұлдармен қорқытатындар да жоқ емес екен. Инвестициядан түскен табыстың жартысын аймақтарда қалдыру керек деп ұсыныс айтқандар да көп болды.
Сайын ҚЫДЫРМАНОВ, «Южказнедр» аймақтық департаментінің басшысы:
– Жамбылдық пайдалы қазбаларды игерушілер әзірге өте сылбыр. Олардан нақты ұсыныс аз. Келісімшартқа отырған 37 қазба байлықты игеруші өздерінің міндеттерін орындамаған. Олар өздеріне артылған міндетті орындауы тиіс, әйтпегенде келісімшартты жоғалтады.
Әрине, жеріміздің астында да, үстінде де игерілмеген қазба байлық жетерлік. Соған сай қолға алынып жатқан бағдарламалар да баршылық. Дегенмен басы ұрандатып басталып, аяғы құмға сіңгендей күмілжіп аяқталмаса болғаны. Әйтпегенде сол жерасты қазба байлықтардың еліміздің қазынасын қомақтыландыруға қосар үлесі мол болары сөзсіз. Кемшіліктің де орны толар, олқылық та орындалар, тозығымыз жаңарар, ілкі тұс іріктелер деген үміт басым.
Байлық көп, барлайтын маман жоқ
Последние статьи автора