Ажырасудың басты себептері не?

«Бала, бала, бала деп, Түнде шошып оянған. Түн ұйқысын төрт бөліп, Түнде бесік таянған» анасының мейірім жылуын сезіп, асқар таудай әкесінің қамқорлығын көріп өскен баладан бақытты бала жоқ, сірә. Алайда аумалы-төкпелі заманда отбасылық құндылықтар түгіл, ар-ұят, намыс, ождан секілді қазақ халқы жаннан қымбат санаған қасиеттер әдірам қалып, қоғам санасы уланғаны уытты да ащы шындық. Соның салдарынан бүгінгі қоғамда жетім-жесір, жауапсыз әке, көкек ана көбейіп, бұл мәселе қазіргі уақыттың асқынған дертіне айналды.
Қырық жыл қырғын болса да, ажал жетпей шаңырағын шайқалтпаған әкелер, тағдырдың қанша тауқіметін көрсе де мойымай, баласын мойынына салып жүріп жеткізген аналар көп еді бұл елде. Азайды. Соңғы 5 жылда 700 мыңнан астам отау тігіліп, жанұя құрылса, соның 200 мыңдайының шаңырағы ортасына түскен бұл күні. Тек өткен 2014 жылы Қазақстанда 159 328 неке тіркелсе, 52 673 отбасы ажырасқан. Статистикалық деректер осылай дейді. Бұндай жағдайда ересек адам қандай қиындыққа да төзіп бағар, алайда қабырғасы қатпаған балалар қайтпек? Олардың күні не болмақ? Анасымен қалса, өзге әкенің, әкесімен қалса, өзге шешенің өгейлігін көріп, көңілі күпті болмай ма? Ондай күн басына тумасына еш кепіл жоқ. Ажырасудың ең ауыр зардабы да - осы.

Ажырасудың себептері көп. Бірақ басты себептері не деген сауалға нақты жауап табу қиын. Біз осы сауалға жауап табу үшін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті жанындағы Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институтының, Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, отандық психологтардың әр уақыттарда келтірген деректерін, пікірлерін ой таразысына салып көрдік, шама-шарқымызша зерттеп-зерделедік. Қорыта келе ел ішінде жиі кездесетін бірқатар себептерді іріктеп алдық.

Бір перзенттің болмауы. Адамның отбасы құрғандағы басты мақсаты - ұрпақ өсіру, артына із қалдыру, бала тәрбиелеу, оның қызығын көру. Бұл қазақ ұлтына тән мінез, тән қалау. Басқа ұлттарда, әсіресе Еуропа елдерінде, АҚШ-та бұл ажырасуға себеп болатындай үлкен мәселе емес, олар кез келген уақытта бала асырап алуға дайын, керісінше, өзі туғанға қарағанда, асырап алуды оңай жол санайтындар көп. Оған себеп те жоқ емес. Біріншіден, бұл елдерде адамдар кеш үйленеді, 30-35 жасты еңсеріп барып, шаңырақ құрады. Екіншіден, осы жасқа келгенде әйел затының репродукциялық қабілеті төмендеп, бала көтере алмай азапқа түседі. Үшіншіден, осы жаста жамбас сүйектері әбден қатып кеткендіктен (әйел заты 23 жасқа дейін сәби сүйіп үлгергені абзал), дәрігерлер жүктіліктің ауыр өтіп, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін екендігін, кесір тілігі жасалуы мүмкін екендігін ескертеді. Біздің елде де кеш үйлену белең алып келе жатқанымен, әзірге 35 жастық межеге жете қойған жоқпыз. Оның үстіне, ұлттық мінезіміз бен менталитетіміз бөлек. Сондықтан біздің елде «балалы үй - базар, баласыз үй - қу мазар» саналады. Міне, осыдан келіп не үшін жаңа жанұя құрған жұптың бірінің бедеулігі ажырасуға себеп болатынын түсіну қиын емес.

Түсінбеушілік немесе мінездің жараспауы. Түсінбеушілік неден туындайды? Ол екі жастың асығыс отбасын құру туралы шешім қабылдауынан, бір-бірін жете танып-білмеуінен туындайды. Оған себеп - үйленгенге дейін көңіл қосып, қазіргі тілмен айтқанда жүріп жүргенде өздерінің шынайы бет-бейнесін, мінезін көрсетпеуі, өздерінің болашақ жары қандай болғанын қалайтынын ашық жеткізбеуі. Осыдан барып, кешегі алдыңды кесіп өтпей, айтқаныңа көніп тұрған қылықты қыз нағыз қырсық қыздың өзі болып шыға келеді, керісінше, алдыңда құрша жорғалап жүрген «кішіпейіл» жігіт өз дегенінен қайтпайтын бірбеткей мінезін көрсетеді. Сондықтан, екі жас үйленгенге дейін неғұрлым өздерін шынайы ұстай білуі тиіс. Бұл жерде «менің мінезім оған ұнамай қалады» деген қорқынышқа жол бермеу керек, сөзсіз, қызды да, жігітті де өзінің табиғи қалпында қабылдай алатын бір жан болады. Тек соны күте білу керек. Егер махаббат сезімі сананы жеңіп тұрса, жұбының мінезін қабылдап, оған сабыр қыла білу керек.

Нәпсіқұмарлықтың кесірі. Ер адамдарда араққа, құмар ойындарына, нашаға, одан қалса жүріс жүруге әуестік басым. Бұлар - әйелдің сабырын түбі бір тауысатын жаман әдеттер. Ішімдікке салынған ер адам дүние мүлкін саудалап, үйден берекені қашырады. Бұдан кейін әйелдің ажырсудан басқа амалы қалмайды. Алайда, осындай жағдайлар ішінара әйелдер арасында да кездеседі. Бұл отбасы екі жаққа бөліп тынады.

Қызғаныш. Орынсыз қызғаныш орға жығады. Бұл көбіне екеудің сеніміне селкеу түсіп, бір-біріне күдігі көбейген кезде қылаң беретін қауіпті сезім. Оның арты кейде қанды оқиғаға ұласып жатады. Оған жуықта ғана тұтас бір жанұяны қанға бөктірген оқиға мысал болады.

Зорлық-зомбылық. Нәзік жандылардың ер адамдар тарапынан зорлық-зомбылық, зәбір көруі олардың арасындағы сезімді суытып, отбасылық жылуды жояды. Әсіресе, жазықсыз жапа шексе, бұл әрекет жиі қайталанып тұратын әдетке айналып кетсе, ондай отбасының ертеңі бұлыңғыр. Өкінішке қарай, бұндай оқиғалар бүгінгі қоғамда болып тұратыны жасырын емес.

Тұрмыс тауқыметі. «Ажырасуларыңызға не себеп болды?» деген сұраққа әйелдердің көбі: «Күйеуім табыс таппады, жатыпішер, жалқау», - деп жауап беретіні түрлі сауалнамалардан мәлім. Егер, ер адам отбасын құруға, бір жанұяны асырауға дайын болмай, соқыр сезіммен, желікпен үйленер болса, оның ақыры - ажырасуға соқтырып жатады. Себебі, әйел жаратылысынан ер адамнан қамқорлық пен мейірім күтеді. Арқа сүйер ер-азамат іздейді. Сол сенім үдесінен шыға білу ләзім.

Осы аталған алты себептен бөлек те көптеген себептер бар. Олардың қатарына кінәсін мойындамау, тәкаппарлық, қырсықтық, кекшілдік, ата-енелердің қытымырлығы, өз қалауымен қосылмау, алып-қашу салдары, екі жастың арасына үшінші біреудің от салуы, орынсыз өсек-аяңның кесірі, бір-біріне сенбеу сынды себептерді атауға болады.

Жанұя - шағын мемлекет. Оның ұйытқысы бір адам болғаны абзал. Қалғаны отағасына ұйып, сеніп, ере білуі керек. Қандай жағдай болмасын отбасы мүшелері өмірдің кинодағыдай, романдағыдай болмайтынын, оның өзіндік бейнеті барын, оған сабыр ете білу керектігін естен шығармау керек. Ортада бала болса, ажырасу оның психикасына ауыр соққы екендігін, оның ауыр зардабы болуы мүмкіндігін естен шығармаған дұрыс. Қала берді, өзіне, ата-ана мен ағайын туысқа да бұл әрекет абырой әкелмейтінін ойлау керек. Бұл қадамға бармас бұрын, басқа жол жоқ екендігіне әбден көз жеткізіп, үлкендердің ақылын алу аса маңызды. Себебі, қабылдағалы тұрған шешімнің артында адам тағдыры тұр.

Ербол Жанат

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста