Бүгінде бетім қисық деп айнаға өкпелеудің қажеті шамалы. Әжімді әдіптеп, әдеміленудің неше түрлі жолдары бар. Пластикалық ота жасатуға құмартушылардың қатары да артып келеді. Бетіне сан қатпарлы сызық түсірмеу үшін, сұлулығын сақтап қалу үшін пышаққа түсуден қорықпайтындар жетерлік. Әрине, жасанды сұлулықтың жастығыңды қайтарып бере алмайтыны белгілі. Алайда уақытша болса да кәрілікті тоқтата тұруға күші жетеді. Дегенмен оның ертеңгі күні тарттырар азабы да аз емес.
«Жастығын қайтару үшін» арпалысатындар бұрын тек шетел асып кететін болса, бүгінде отандық дәрігерлер де өз елімізде арзандау бағаға әжімді әдіптеп беретін болды. Табиғи заңдылыққа қарсы шығып, қолдан сұлу болғысы келетіндердің қатары көбеймесе, азаймай отыр. Мамандар төсті үрлеген шардай үлкейту сәннен қалғанын айтады. Сұраныс енді қысық көздерді үлкейтіп, бойды ұзартып, қамыт аяқты оқтай түзу аяққа айналдыруға артыпты. «Қисық аяққа қызыл кебіс не теңімнің» күні өткен. Енді аяқтарына май қосып, оны түзулеуге ден қойғандардың қатары тым көбейіп кеткен. Подиумға шығып, көркін паш етпесе де, мини юбка киіп көстеңдеуге құмар келіншектер әлі де болса бар.
Пластикалық хирургиядағы ең қиыны жіліншікті өзгертіп, бой ұзарту болып саналады. Сондай-ақ қалқан құлақты кішірейтіп, қоңқақ мұрынды пістедей ету де оңай шаруа емес. Әрі арзан тұрмайды. Соған қарамастан, сұлулыққа келгенде құрбандық шалуға құмарлар жетіп-артылады. Соңғы әлеттегі сұранысты әжімді әдіптеп, келбетін ботекспен ажарландырғысы келетіндер арттырған. Әжім тарттыру – 150 мың теңге, қысық көзді ботадай ету – 50 мың теңге, қалқиған қалқан құлақты кішірейту 40 мың теңге тұрады. Қалта қақпайтын қаражат. Әрі бұл қатып қалған баға емес. Еліміздің әр өңірінде де баға бағамы әртүрлі. Ал мамандар мұндай күрделі оталар шетелдерде 2-3 мың доллар тұратындығын айтады.
Мемлекеттік мекемелерде денсаулық сақтау министрлігі бекітіп берген баға саясаты жұмыс істейді. Ал бүгінде қаптап кеткен жеке клиникалар ауызды қалағанынша ашады. Өйткені құрбандықты қажет ететін сұлулық үшін ештеңесін аямайтын нәзікжандылардың көп екендігін білгендіктен жанды жерден ұстап ұтады. Әрине, туа бітті кемістіктің кесірінен, жол апатынан кейін ота жасатуға бел буғандарға айтар уәж жоқ. Дегенмен өзінің табиғи жаратылысына қарсы шығып, ертеңгі күні тарттырар азабын біле тұра қауіпті қадамға баратындарға қайран қалмасқа шара жоқ. Жуырда ресейлік бір басылым өнер жұлдыздарының қайсысы пластикалық отаға көбірек жүгінетіндігін жазыпты. Осындай отадан кейін қатерлі ісік дертіне ұшырап, қайтыс болғандардың тізімін де қоса беріпті. Атақтылардың ажалы осы оталардың кесірінен болуы да мүмкін деген болжам жасапты.
Қауіпті қаперден шығарып, отаға ниет ететіндердің 70-80 пайызы қыз-келіншектер көрінеді. Инъекция енгізу арқылы көз астындағы әжімдерді тартатын ботекс құралының бағасы бүгінде қолжетімді. 50 мың теңгеден басталады. Бірақ оның әсері бір жылға да жетпейтін көрінеді. Ағзаға кірігіп кетпей тұратын гельдерді инъекциялық енгізудің өте қауіпті екенін айтады дәрігерлер. Ол кейіннен асқынуы мүмкін. Кезінде беттің әжімін тартатын алтын жіп салдыруға құмбыл болғандар көп еді. Бет терісінің астына салынып, сол арқылы әжімді тартатын мұндай процедура тым қымбатқа түседі. Өйткені ол іріңдеп кетуі мүмкін. Айналдырған алты ай ғана тұратын бұл процедураның кем-кетігі де көп. Ақшасын желге ұшырып бір, беті іріңдеп екі рет шығынға ұшырайтындар жоқ емес.
Жеңіс ҚАЛТАЕВ, пластикалық дәрігер:
– Бүгінде дәл осы саланың аса сұранысқа ие екендігінен бе екен, пластикалық хирург болуға ниет еткендер көбейіп келеді. Отандық мамандардың қатары артқаны қуантады әрине. Дегенмен қылыштың қырында жүргендей аса қауіпті мамандық дер едім. Дұрыс жасалынбаған әрбір ота үшін жауапты болатыны өз алдына, осы салаға қатысты кейінгі жаңалықтардың бәрінен құлағдар болып, тәжірибе жинақтап білімін арттырып отыру да оңай емес... Жеке клиника ашып, ісін дөңгелетіп отырғандардың денінде қызмет атқарып жүрген дәрігерлердің барлығы да өз саласын жетік меңгерген кәсіби маман болса оған айтар уәж жоқ. Дегенмен пластикалық отадан кейін асқынулар болып, қайтадан пышаққа түсіп жататындар аз емес елімізде. Сондықтан да мұндай отаны жасаушыларға да, жасатушыларға да «жеті рет өлшеп, бір рет кескеннің» артықтығы болмас дер едім...
Расында, бүгінде жеке клиникалардың жарнамасы жер жарады. «Бетті жас сәбидің бетіндей етеміз, бұғақты алып тастаймыз, қарынды сылып тастаймыз» деген мазмұндағы жаңалықтардың дабылы алысқа кетіп тұр. Дегенмен жасанды сұлулыққа құмбыл қыз-келіншектердің құлағына алтын сырға: жасанды жапсырмадан гөрі «сыры кетсе де, сыны кетпеген» сұлулықтан артық ештеңе жоқ дер едік...
Әжімді әдіптеудің әлегі аз емес
Последние статьи автора