Атырауда миллиардтаған қаржы жұмсалған фармзауыт құрылысы 8 жылдан бері тоқтап тұр
Жоба басталар шақта өңірді басқарған әкім Бақтықожа Ізмұхамбетов "Бұл Орта Азиядағы ең ірі зауыт болады" деп жарияға жар салған еді. Қазір кәсіпорыннан еш пайда жоқ. Сақалды ғимаратты іске қосуға инвесторлар да қызықпай отыр, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Іnbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Жалпы құны 7,5 млрд теңге болатын жоба құрылысы 2016 жылы аяқталып, қолданысқа берілуі тиіс еді. Бөлінген қаржы мақсатсыз жұмсалып, жұмыс орта жолда қалды. Әкімдіктегілер неше жылдан бері инвестор іздеумен әлек. Былығы көп ғимаратты ешкім мойнына алғысы келмейді.
"Зауыт құрылысы бүгінгі күні тұралап қалғаны белгілі. Облыс әкімдігімен инвестор іздестірілуде. Алыс және жақын шетелден келетін бизнес және ресми құрылым өкілдеріне ақпарат жеткізілуде. Инвестор табылған уақытта компания басшылығы келіссөздер жүргізуге дайын. Әзірге инвестор табылған жоқ", деді Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Гүлфайруз Маратова.
Әу баста көл көсір пайда болады деген зауытқа Атырау әлеуметтік корпорациясы да қолдау білдірген. Жобаның 30 пайызын қаржыландырған болатын. Шикіліктің барын біліп, кейін ақшасын сот арқылы өндіріп алды. Енді жоламаймыз деп отыр.
"Жобаның бастамашысы Атырау ӘКК 2018 жылы 60 миллионнан астам қаржыны кері қайтарды. Және бір жылдан кейін 810 миллионға бағаланған мүліктерді берді. 2019 жылы компания барлық берілген соманы қайтарды. Алдағы уақытта Атырау ӘКК бұл жобаны қаржыландырмайды", дейді "Атырау" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз хатшысы Гүлназ Кәрімжан.
Жылына 800 млн таблетка, 300 млн капсула, 78 млн ампула өндіріледі деген зауыттың қазіргі сыйқы осы. Қала сыртында қаңырап бос тұр. Шенділер инвестор табамын дегенше, темірлері шіріп, жарамсыз болып қалмайтынына кепілдік жоқ. 2016 жылдан бері табылмаған атымтай жомарттың, жақын арада шыға келетініне күмән бар.