32 жастағы Астана тұрғыны 8 жастағы жеткіншекке мәжбүрмен ұйықтататын дәрі іштірген. Оқушы ұйқыға кеткенде педофил оны зорлап тастаған.
Бұл туралы «Экспресс К-ға» сілтеме жасап alashainasy.kz хабарлайды.
Жантүршігерлік жағдай Астананың Алматы ауданында болған.
«Жеткіншек достарымен қыдырып жүрген. Оған көршісі келіп, есікті бояуға көмектесуін сұраған. Қыз бала сөзіне сеніп, үйіне кіргенде ер кісі оған дәрі ұсынған. Анасы болған жайтты біле салысымен полицияға хабар берді. Зорлаушы қамауға алынды», – дейді Алматы ауданы прокуратурасының тергеу бөлімінің басшысы Арсен Бегалин.
Оның айтуынша, ағымдағы жылда аталмыш ауданның өзінде ғана 5 кәмелетке толмаған жеткіншек зорланған.
Олардың екеуі – мүгедек. 4 қылмысқа кінәлілер анықталып, қамауға алынды. Өзгелері де жақын арада табылып, қамауға алынады деп сендірді прокурорлар.
«Зорлаушылардың бәрі өзге қаладан келген, жалдамалы пәтерлерде тұратындар болып шықты. Мен Қазақстанда педофилдердің жазасын қатаңдату керек деп санаймын. Сонымен қатар тұрғындарды пәтерін жалға берерде мұқият болуларын сұраймын. Кәмелетке толмағандармен жыныстық қатынасқа түскен азамат, тіпті бұл қатынасқа жеткіншек өз еркімен барса да жауапқа тартылатынын ескерткім келеді», – деп жалғастырды Арсен Бегалин.
Оның айтуынша, прокуратура қызметкерлері барлық жеке және мемлекеттік емханаларды тексеріп, 5 кәмелетке толмаған жеткіншектің түсік тастатқанын анықтаған.
Бегалин олармен жыныстық қатынасқа түскендер табылып, соталды тергеу жұмыстары басталғанын алға тартты. Белгілі болғандай ер кісілердің бірі жеткіншекке АХАЖ-да некелесуге ұсыныс жасаған.