Астанада курьер-мопедшілер ереуілге шықты
Жексенбі, 9 шілде күні Астанада "Яндекс" курьерлері ереуілге шықты – кадрлар әлеуметтік желілерде пайда болды. Бұл жағдайға қалалық полиция түсініктеме берді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Бейнежазбаларды Astana_sergek Instagram парақшасы және бірқатар Telegram арналар жариялады.
Кадрларда курьерлері бар ондаған мопед пен бірнеше полиция көлігін көруге болады.
Постқа жазылған пікірде "Яндекс" компаниясының курьерлері еңбек шарттары мен төлемдеріне наразы болып, ереуілге шыққандығы көрсетілген.
Сондай-ақ олар қозғалыс үшін жол бойында бөлек жолақ бөлуді талап еткені атап өтілген.
Елордалық полиция департаменті жиналған курьерлер жол қозғалысына кедергі келтіргені үшін жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 9 шілде күні сағат 21:00 шамасында ЕХРО аумағында еңбек жағдайларына наразы "Яндекс" компаниясының курьерлері жиналған. Содан кейін жастар Қабанбай батыр даңғылындағы "Қазақстан шуағы" монументіне скутерлерімен барған.
"Олар жол қозғалысына айтарлықтай кедергі келтірді және жағдайды анықтау үшін полиция қызметкерлері оларды тоқтатты. Мән-жайды анықтау үшін ереуілге қатысушылар Есіл ауданының полиция басқармасына жеткізілді. Істі қараған соң акцияға қатысушылар ӘҚБтК-нің 615-бабының 1-бөлігі бойынша "Жаяу жүргіншілердің және жол қозғалысының өзге де қатысушыларының жол қозғалысы ережелерін бұзуы" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген полицияның хабарламасында.