Астана құрдастарының арманы – Астананы өркендету!
Астанаға келіп-кетіп жүрген адамдардың барлығы елорданы іскер қалалардың қатарына жатқызады. Неге? Себебі бұл жерде саяси-экономикалық маңызы бар жиындар жиі өткізіліп тұрады. Мұндағы мәжіліс залдарының «атмосферасы» да сондай көңіл күйге жетелейтін сияқты. Алайда жақында осы іспетті залдардың бірінде өткен «Астана қала құрдастарының көзімен» атты форум бұл «атмосфераны» бұзып, айналаны балалардың шат-шадыман күлкісіне толтырды.
Бұл форум – «ҚазТрансГаз» компаниясының тағы бір игі шарасы. Осы жолы еліміздің газ саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің 250 баласы, олардың ішінде – Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Тараз, Шымкент, Қызылорда және Қостанайдан келген елорданың құрдастары қаланы бірнеше күн бойы аралап, өздерімен қатар Астананың он бес жылда қалай өзгергенін байқап көрді. Ол үшін «ҚазТрансГаздың» өкілдері, ең алдымен, балалардың барлығын вокзалдан қарсы алып, қонақүйлердің біріне орналастырды. Сол жерде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жасөспірімдер әлденіп алған соң, арнайы ойынға қатысып, бір-бірімен танысып шықты. Ол уақыттың ішінде экскурсиялық автобус та келіп жетті. Осы кезде балалардың барлығы топырлап, автобусқа мінді. Олардың көбісі елордаға бірінші рет келіп отыр. Содан болар, жүздері бал-бұл жайнап, қаланың көрікті жерлерін көргенше асықты. Экскурсия Тәуелсіздік даңғылынан басталды. Себебі оның бойында Қазақ елі монументі мен Тәуелсіздік сарайы орналасқан. Жол бойы балалар терезеден көз алмады. Барлығы «ананы қара, мынаны қара» деп бірде автобустың оң жағына, бірде сол жағына ауысып отырумен болды. Ал Тәуелсіздік алаңына аяқ басқан соң, біразға дейін кеткісі келмеді. Өйткені ол жерде еркіндіктің лебі ерекше сезіледі. Балалар жақын тұрған Әзірет Сұлтан мешітіне де кіріп шыққанды жөн көрді. Осыдан кейін Астананың құрдастары екі-үш күннің ішінде Тұңғыш Президент мұражайы, «Думан» ойын-сауық орталығы, Мәңгілік ел қақпасы, «Атамекен» этно-мемориалдық кешені және тағы басқа қаланың көрікті жерлерін аралап, биіктігі жүз метрден асатын Мемлекеттік Тудың алдында еліміздің Әнұранын шырқады.
Астана-Бәйтерек монументі алдында өткен іс-шаралар да балалардың есінде мәңгі сақталатын шығар. Олар Бәйтеректің басына шығып, өз қолтаңбаларын қалдырды. Ал далада флеш-моб ұйымдастырып, бір кісідей «Қаражорғаны» билеп шықты. 250 баланы «Барыстар», «Сұңқарлар», «Арландар» және «Тұлпарлар» деп төрт топқа бөлудің де өзіндік сыры болды. Астанада өткізген екі-үш күннің ішінде балалар барлық шараларға жарыса қатысып, бір-бірімен қимастай дос болып кетті. Әрбір топтың өзінің ұраны да болды.
Дәурен НИЯЗОВ, «Сұңқарлар» тобының мүшесі:
– Сұңқардай самғайтын, қанаттары талмайтын, ағаларды қолдайтын біз – жалынды жастармыз! Осы сапардан кейін мен бұл ұранды ешқашан ұмытпайтын шығармын. «Астана қала құрдастарының көзімен» форумның қатысушысы ретінде Астанаға алғаш рет келіп, қаланың әдемі жерлерін көріп шықтым. Ал, ең бастысы, бұл сапарда мен біраз балалармен танысып, дос болдым. Ол үшін «ҚазТрансГаз» компаниясына үлкен рақметімді айтамын. Бүгінде елордаға келу әрбір баланың арманы ғой. Астана мені үлкен армандарға жетелейді деп білемін.
Тоғжан МЫРЗАХАН, «Арландар» тобының мүшесі:
– Бұл күндер мен үшін өте қызықты өтті. Қаншама жерлерге барып, біраз іс-шараларға қатыстық. Неше түрлі сыйлықтар берді. Ол үшін алғысымыз зор. Бұл – менің елордаға алғаш рет келуім. Маған қатты ұнады. Бәйтерекке барып, қол қойғанымызды ұмытпаймын. Көп балалармен таныстым. Біздің ұранымыз – достарменен біргеміз, берік біздің іргеміз, топтың аты – Арландар, болашаққа сенеміз! Осы сапардан кейін архитектор боламын деп шештім. Астанаға келіп, қаланың сәулетіне өз үлесімді қоссам деймін.
Иә, «ҚазТрансГаз» компаниясының көздегені де осы болды. Балаларды Астанаға әкеліп қыдырту, оларға сыйлықтар тарату – мұның барлығы тек себеп қана. Оның арты үлкен достыққа, мызғымас әріптестікке ұласатыны хақ. Жастардың бірлігі осыдан басталмай ма? Ал бұл бірліктің негізінде біраз жетістіктерге жетуге болады.
Серік СҰЛТАНҒАЛИ, «ҚазТрансГаз» компаниясының бас директоры:
– Бұл балалар – елорданың құрдастары ғана емес, Тәуелсіздіктің ұл-қыздары. Олар бүгіннен бастап өздеріне жүктелетін мақсат-міндеттердің маңыздылығын түсінулері тиіс. Қазақстанның болашағы – солардың қолында. Мен ойлаймын, «Астана қала құрдастарының көзімен» форумы балаларға рух беріп, биік белестерге жетелейді. Мұндай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.