Оңтүстіктен Арқаға бет алған адам Бетпақдала шөлін басып өтеді. Қазақ даласының қақ ортасында қоныс тепкен осы бір мекен бала кезден жанымызға жақын. Екінің бірі әңгіме қозғай қалғанда ақиық ақынымыз Сәкен Сейфуллиннің «Ақсақ киік» атты туындысының алғашқы екі жолы тіл ұшына орала кетеді. Ол жұрттың жадында жатталып қалған. Домбыра құлағын бұрай отырып, «әу» деп ән айта алатын қазақтың бірі әдемі әуеннің ырғағымен «Арқаның Бетпақ деген даласы бар, Бетпақ-шөл, ойлы-қырлы панасы бар» деп әндете жөнелер еді. Сол сахара даламыздың қазіргі халі нешік?
Жол жүрген адам қаншама шақырымға созылған сұрқай далаға көз салады. Шөлді аймақ болған соң ба, Бетпақдала төсінен жасыл желек көзге көп түсе бермейді. Батыстан шығысқа бет түзеген адам сол дала төсінен 500 шақырым жолды артқа тастайды. Сахара даламыз солтүстіктен оңтүстікке 300 шақырымға созылып жатыр. Жері сорлы болғандықтан, Бетпақдалада құрғап қалатын тұзды көлдер кездеседі. Топырақ түсі де ерекше. Қоңыр және сұрғылт қоңыр топырақтар көзге ұшырасады.
Алайда шөлді аймақ болғанымен, Бетпақдала түліктің жайын күйттеген шаруақор адамға таптырмас жайылым. Арқа төсіндегі ағайын көктем және күз мезгілінде оны малдың өрісі есебінде кәдеге жаратады. Бетпақдаланың солтүстік бөлігінде жусан шөбі қалың өскен. Теріскен, еркекшөп секілді өсімдіктер де бар.
Көнекөздер бұл жерді есте жоқ, ескі кезеңдерде мол су басып жатқан деседі. Оның қай дәуірде немесе қай ғасырда болғанын білетін ешкім жоқ. Бәрі де болжам ғана. Беріде су тартыла бастаған. Тіпті құрғақ жазық далаға айналған. Әрине, сулы жердің нулы болатыны белгілі. Мол судың әсерінен даланы батпақ басып жатқанға ұқсайды. Кең жазыққа көз салған адам «батпақ дала ғой бұл» деген де болуы мүмкін. Содан Батпақдала аталып кетуі ғажап емес. Ол уақыт өте келе, Бетпақдала болып өзгерген де шығар. Оны кім білген? Қазақ даласының ішіне бүккен сырын кім ақтарып жатыр дейсің? Арқаның төсіндегі Балқаш көлі сол телегей теңіз судың бүгінгі күнге дейін жеткен бір жұрнағы болуы да ықтимал.
Сай-саласынан сылаң қағып су аққаннан кейін нулы аймаққа айналған даланың шөбі мен шалғыны аяққа оралып жатқан-мыс. Оның қалың болғаны сонша, атты адамның өзі нулы жерден көрінбей қалып жатады екен. Осындай жасыл желек жамылған өңірде бабалар төрт түлікті түлеткен. Ол кезде Бетпақдаланың қысы да қаһарын төге бермеген көрінеді. Жұмыр басты пендеге жайлы болған дейді. Жазы да «аһ ұрғызар» аптап емес екен. Қазір бәрі де керісінше. Аңызақ жел тұла бойыңды демнің арасында тоңазытып жібереді. Орташа күн райы 12-14 градусты көрсетіп тұрады. Шіліңгір шілдесі де шекеңнен тер шығарып, діңкеңді құртып, шаршата түсері даусыз. Жаздың ыстығында орташа ауа райы 24-26 градустан төмен түсіп көрген емес. Қай кезеңде болса да, бұл маңды жан-жануарлар мекен етіп келеді. «Түздің жыртқышы – қасқырды көрдік» деген жандар көп. Биік таудың басында жүретін арқарлар таулы жерлерде кездесіп қалады.
Айтпақшы, бір кезеңде сахара төсінде ақбөкендер топ-тобымен өріп жүргенін бәріміз білеміз. Қызық қуған жұмыр басты жандар мен дала жыртқыштары олардың санын кемітіп жіберді. Түлкі де әр жерден қылаң беріп қояды. Құстардан құр мен дуадақ көп кездеседі.
Бір қызығы, Бетпақдала Қазақстанның ортасында орын тепкенімен, бұл маңда ауылдар жиі қоныс тебе қоймаған. Жолға шыққанда қаншама шақырымға созылған елсіз даланы көзбен көрдік. Шөл даланың сұрқай көрінісіне қарай отырып, оның атауы жөнінде сан түрлі болжам жасайтын кісілер де баршылық. Парсы тілінің «бад-бахт» сөзінен мағына іздейді олар. Өз тілімізге тәржімалағанда ол «жаман, сұрқай» деген мағына береді. Әйтсе де оның қаншалықты шындыққа жанасатыны белгісіз.
Қалай десек те, Арқа мен Жетісу арасындағы алқапты бабалар жердің жәннатына балаған. Осыған қарай отырып, бұл өңірдің кезінде жанға жайлы мекендердің бірі болғанын аңғару қиынға соға қоймас. Бәлкім, қазіргі кейпі жаратылыс заңына орай құбыла түскен шығар. Ұлан-ғайыр ұлы даланың жерасты сулары тереңге тартып, түрлі арналар арқылы әр жаққа ауып кетті ме екен? Бұл дала төсіндегі тіршілік ауанына да кері әсерін тигізген болар. Бұлақтар тартылып, айнала айтақыр күйге түсті. Көрген көзге көрікті ойды қонақтататын көркем дала бірте-бірте құлазыған мекенге айналып кетерін кім білген?!
Дала төсінен аңызақ жел жиі соғып жатады. Ол кейде адамның долы мінезі секілді көрінеді. Осындай бетпақ «мінезіне» бола бұл атырап Бетпақдала аталып кетті ме екен? Қазір сары даладан сексеуіл, бетеге мен баялыштан басқа өсімдіктің бәрі құрып кетті.
Осы маңда төрт түлікті түлеткен қараша да малдың жайымен басқа жаққа ауып кетті. Олар Сырдың жағасындағы дария бойына болмаса Арқаның төсіне қарай бет алды. Иен дала қабағын ашпаған күйі, сұрқай реңімен көріксіз кейіпке түсіп жата беретін болды қазір.
Шетелде шөлді аймақтар туризмнің нағыз пайда түсіретін көзі саналады. Жұмыр жердің арғы-бергі қиырын аралайтын адамдар Оңтүстік Америка жеріндегі Атакама, Африкадағы Сахара шөлдерін жақсы біледі. Мүмкіндігі болса, сол жерлерге ат басын бұрып қайтқанды дұрыс көреді. Біздің қазақ даласының төріндегі Бетпақдаланы осындай тамаша жерлердің біріне айналдыруға шамамыз келер емес.
Туған жердің топырағына табынған жан қастерлі жерлерді кие тұтады. Сұрқай көріністі болса да, біз үшін Бетпақдаланың орны бөлек...
Арқаның Бетпақ деген даласы бар...
Последние статьи автора