Арафа күні деген не?
«Арафа» сөзінің мағынасы «танысу» дегенді білдіреді. Яғни адамзаттың атасы Адам мен Хауа ананың жер бетіне түсіп, Арафат тауында табысқан күні. Зүлхижа айының 9 жұлдызын Арафа күні дейміз. Бұл күні қажылық рәсімдерін атқарып жатқан жандар үшін Меккеден 20 шақырым жерде орналасқан Арафат тауында бір мезет болса да тұру парыз болып есептеледі. Қасиетті тауға аяғы тиген әр пенде Жаратқанға барынша жақындағандай, жүздескендей күй кешеді. Алла тағала да олардың тілек-дұғаларын қабыл алады, күнәларын кешіреді делінеді.
Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Қажылық дегеніміз – Арафат.
Кімде-кім Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады», – деген. Демек, кімде-кім Арафат тауында бір сәт те тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болып саналады екен.
Арафа күнінен кейін, Зүлхижа айының 10 жұлдызында Меккеге барған тәуапшылар қажылық парыздың соңғы міндетін – Құрбан айт мейрамының шарттарын орындауға кіріседі. Бұл күндері қажылармен бірге, бүтін мұсылман қауым Алла разылығы үшін құрбандық шалады.