Ақырзаман келгенде

Ақырзаман келгенде

1999 жылдың 31 желтоқсаны, сағат 23:59. Компьютерлік жүйелерде жыл тек екі таңбамен белгіленгендіктен, цифрлы жабдықтарда 2000-ыншы жылдың орнына 1900-ыншы жыл орнауы мүмкін. Бұдан технологиялық процестерді басқаратын автоматтандырылған жүйелер істен шығып немесе "қуып" (is buggy), өндірістік катастрофа басталады. Қаржылық, энергетикалық жүйелерге тәуелді өндірістер тоқтап, аштық пен берекетсіздік жайлайды. Ал "нөлінші жылды" - жаудың қастығына балаған зымырандар өз бетінше атылып, әлем атомдық соққыдан жойылады...

Далбаса әрине. Әйтпесе тірі отырмыз ғой қазір. Бірақ сандырақ болғанын дәлелдей алмаймыз да. Себебі, бұл мәселені шешуге, атап айтқанда - компьютерлендірілген жүйелердегі таймерлерді жөндеуге адамзат 300 млрд доллар жұмсады. Енді бізге осы, "компьютерлік ақырзаманның" шын мәнінде алдын алғанымызды; әлде онсыз да болмайтын құбылыс болғандығын тек болжау ғана қалады. Миллениум қарсаңындағы бұл кесапат - адамзаттың ақырзаман тақырыбындағы соңғы ермегі емес.

Қоспаңдар: құримыз!

Адамзат өзара ымыраға өте сирек келеді, ал енді бастары пісіп, бірлесе іс қылатын кездері тіпті сирек. Үлкен Адронды Коллайдер - адамзаттың сондай, ілеуде бір жасампаздықтың жолында күш біріктірген жобасы еді. Әлемдегі ең ұзын зерттеу жабдығы болғаны өз алдына (27 шақырымға жуық), әлемнің жүздеген елінен ондаған мың ғалым қатысқан бұл кешен қазіргі физиканың кейбір түйінді сұрақтарына түбегейлі жауап береді деген дәме болды. Физиктер бұл "түтікте" зарядталған бөлшектерді өте үлкен жылдамдықпен соғыстырып, кванттық физиканың біраз мәселесіндегі құпиялардың сырын білмек болды.

Алайда ақырзаман тақырыбы бұл жерде де шыға келді. Қиыны, бұл жабдыққа қарсы шыққандар бұрынғыдай әуесқойлар мен оқырмандар емес, теориялық физиканың өкілдері болды. Олар коллайдерді іске қосқан жағдайда орын алуы мүмкін апаттарды сипаттап берді. Міне, олардың кейбірі: аса үлкен жылдамдықпен соғысқан бөлшектерден Қара Құрдым пайда болып, ақыры бүкіл Жер шарын өзіне сорып алып кетеді; ғаламат дауылдар тұрып, Жер бетін сыпырып-сиырып кетеді; Жердегі бүкіл материя бір бағыттағы синтезге ұшырап, сулы-нулы планетамыз әншейін - темірдің үлкен кесегіне айналады.

Дегенмен, адронды коллайдер 2008 жылдың қыркүйегінде іске қосылды. Сіз бен біз куә болғандай - Қара Құрдым жұтып қоймады, дауыл тұрмады, темірдің кесегіне айналмадық. Сондықтан ба, байбаламшыл сәуегей қауымның бұл тақырыпқа көңілі суып кетті. Ал коллайдер осы күнге дейін табысты жұмыс істеп келеді. Тіпті бұрынғы ғылыми тұжырымдарды растап, ғылыми жаңалықтар ашты.

Үндіс күнтізбесінің әлегі

"2012"-ні қарап келіп отырмын. Әке-шешем, бауырларым үшін қобалжып қалдым. Шынымен, ондай апат болуы мүмкін ғой? Ал мен осы өмірде не бітірдім?"

Бұл тікелей дәйексөз емес, 2009 жылы шыққан "2012" атты фильм шыққаннан кейінгі интернетте қаптап кеткен ақырзаман туралы сауалдар мен пікірлердің орташа мәні. Мұндай мұңлы сарындағы көзқарастың себебі - фильмдегі ақырзаман болатын күн көне майя күнтізбесіне негізделген болатын. Ал ежелгілердің әулие де көріпкел боп көрінетіні санамызға мықтап сіңген стереотип.

Фильмнің сәтті шыққаны (әлде жойқын жарнамаланғаны) соншалық, ол бүкәліемдік жаппай психоз тудырды. Оның айғағы ретінде - тіпті NASA-ның арнайы түсініктеме беруге мәжбүр болғанын айтуға болады. Фильм шыға сала, ақырзаман - бұқаралық мәдениеттің үлкен бір бөлігі болып алды. Тинейджерлерді жасына сай емес пәлсапа соғуға итермеледі. "Өмірдегі соңғы күніңді қалай өткізер едің?" деген тақырыптағы жазбалар әлеуметтік желілердің хитына айналды.

Сөйтіп жүргенде - үш жыл өте шығып, адамзат 2012 жылдың 21 желтоқсанынан аман-есен өтіп кетті, тіпті біздің Астанада сол күні ауа-райы тамаша болды деуге болады.

Күнәміз соншама көп пе?

Ақырзаман тақырыбы неліктен өтімді? Неліктен бей-жай қалдырмайды? Міндетті түрде болатын құбылыс па, әлде тек күнәміз кенересінен асып төгілген кезде іске қосылатын ғаламдық механизм бе?

Дінтанушы Ұлықбек Әлиакбарұлы ақырзаманның исламдағы сипаты туралы айтып береді.

- Ислам дінінде ақырзаман тақырыбы әбден тәптіштеліп, тіпі оның «үлкен» және «кіші» белгілері» болатыны, және олардың кейбіреулерінің көрініс тауып қойғандары тіркелген екен. Ендеше, ақырзаманның «үлкен» және «кіші» белгілерінің бірерін атап өтсеңіз?

- Мысал келтіретін болсам, үлкен белгілерінің бірері мынадай: Әзіреті Мәдидің келуі, Дажалдың шығуы, Иса пайғамбардың көктен түсуі т.б.

Ал кейбір кіші белгілері келесідей. Мысалы имам Ахмед былай дейді: «Тәрбиесіздік пен зинақорлық ашық түрде болмай, көршілер бір-бірін жамандамай, сатқындар сенімді боп, ал сенімділер сатқын деп саналмай, туыстар арасында салқындық болмай - қиямет болмайды».

- Сонда қалай, исламда ақырзаман көріністерін тіркеп, әдейілеп есептеп отыра ма? Бір орталықтар немесе ғалымдар бар ма?

- Бұлар хадистерде келген, тіркеп отыратын арнайы бір орталық бар-жоғын білмедім.

Дін жолындағы адамның ақырзаман туралы белгілі ұстанымдары бар делік. Ал дүниені жаратылыстанудың қатал заңдары арқылы танитын адамдар не ойлайды екен?

- Рамазан, сіз не дейсіз? Адамдар табиғатынан неге фаталист келеді? Ақырзаманға бірнеше мәрте сенуге, тіпті, бір ақырзаман келмей қалса, екіншісін, ол да келмей қалса - үшіншісін, сөйтіп шексіз күтуге дайын? Ал осынша қажыр-қайратпен жақсылыққа сенуге неліктен орын жоқ?

Рамазан, Астана тұрғыны, ақиқат іздеген жан:

- Бұл адамның табиғатындағы туабітті қасиет қой. Қараңыз: адам діндар немесе дінсіз болады. Ал діндар адамның сенбеске амалы жоқ: мысалы аврамиистік діндердің (ислам, иудаизм және христиандық - ред.) барлығында ақырзаман туралы бар. Дінді ұстанады екенсің - оның тұжырымдарына да сенесің. Діндар адамның ақырзаманға сенбеуіне орын жоқ.

- Ал дінсіздер...

- Діндар, дінсіз деп тек шарттылықпен бөліп отырмыз ғой. Адам ең алдымен наным-сенімге негізделген мақұлық. Адамды адам етіп тұрған да сол сенім. Адам-сенім. Бірақ тұрмыс оның дүниетанымын анықтайды. Мысалы мен киноманмын. Байқасам, француздар – гейлердің махаббаты, жалпы, адамдардың қарым-қатынасы тақырыбында кинолар түсіруге бейім. Ал ресейліктер болса, өлім-жітім, атыс-шабыс тақырыбына құмар. Бұл неден? Себебі француздардың өмірі мамыражай, олар сондықтан тұрмыс күйбеңінен асып шығып, рухани сұрақтарға жауап іздей алады. Жақсылыққа сенеді. Ал Ресейдегі тұрмыс – олардың қатігездік культін әрі қарай өршітуге, жамандықты – түбі болатын құбылыс екеніне сенуге итермелейді.

- Мәссаған, әйгілі - «тұрмысты сана билейді» деген тезиспен түйе салсақ болады екен ғой...

- Әрі қарай. Жамандықтың түбі болатын құбылыс екеніне әлдеқашан мойынсұнғандар – жүрегінде наным-сенімі барларды жек көреді, күндейді. Менің бала кезімдегі бір көріністі айтайын. Телевизордан «Аман Төлеев христиандықты қабылдады*» деген жаңалық көрсеткен кезде, әкемнің бұлқан-талқан ашуланып, қолын бір сілтегенін көрсеңіз! Бірақ өзі кім еді? Кәуділгі шатқаяқтаған, қолды-аяққа тұрмайтын, әбден болдырған маскүнем еді. Осы жерде қараңызшы, Аман Төлеев үшін жаңа белес – менің әкем үшін бәрібір жаман құбылыс. «Қанын, дінін сатып кетті!» деп, азар да безер болды. Ендеше ол кісі және ондай адам ақырзаманға да - беталды, еш сарапсыз сене қояды.

- Дегенмен, ақырзаманға сенетін адамдарға қандай да бір баға бермей-ақ қойсақ. Шын мәнінде олар өте көп. Мен бір бойжеткенді танитынмын. 2009 жылы ақырзаман туралы «2012» фильмі шыққаннан кейін – сол фильмде ақырзаман болатын 2012 жылдың 21 желтоқсанына дейін құлазып жүрді. Мінезі, болмысы өзгерді. Байбаламшылдыққа салынды. Бәлкім, суицидке де баруы мүмкін бе еді? Ондай адамдарға басу айтуымыз керек қой?

- Оларға тек бір нәрсені ғана түсіндіру керек деп ойлаймын. Біріншіден, барлығының бастауы бар, сосын аяғы бар. Сондықтан жақсының да, жаманның да шорт үзілетініне дайын болу керек. Екіншіден, ақырзаманның қашан болатынын ешкім де білмейді. Білмеген де. Дін де, ертеректе өмір сүргендер де, қазіргілер де – ешкім де білмейді. Солай екен, болатынынан – болмауы мүмкін құбылыс үшін өмірдің қымбат сәттерін құрбандық етудің қажеті жоқ.

Не дейміз? Ақырзаман – міндетті түрде қалалар қирап, аштық пен оба жайлап, топан су қаптайтын көрініс пе? Әлде рухани азғындауымызды - метафорамен жеткізу ғана ма? Болатын құбылыс десең - «әлі тірі жүрміз». Ал болмайтын құбылыс деуге, Мөңке бидің мынаусы кедергі: "Түрлі-түрлі халық болады‚ күндіз-түні жарық болады. Дүниенің жүзіне‚ өре мен темірден жол тартылады… Адамы ақысыз жұмыс істемейді‚ дүниені түрлеп кестелейді..." ("Кер заманның керінде").

Аман Төлеев христиандықты қабылдады* - Амангелді Төлеев, Ресей саяси қайраткері. Этникалық қазақ. 1999 жылы БАҚ-тарда оның православиелікті қабылдағаны туралы қауесеттер шықты. Бұған тіпті кавказдықтар наразы болып, «дінін сатқаны үшін өлтіреміз!» деген мәлімдеме жасады. Кейін белгілі болғандай, бұл Мемлекеттік Думаға сайлау қарсаңында жасалған арандату болып шықты. Амангелді Төлеев жалған ақпаратты таратқан ақпараттық агенттікті сотқа беріп, жеңді.

Ерлан Оспан

baq.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста