Болашақта Астана қаласының халқы бүгінгі жаңа технологиялардың барлық мүмкіндіктерін пайдалана алады. Себебі Smart Astana («Ақылды қала») жобасы аясында елорданың инфрақұрылымдық жүйесі жаңартылып, барлық мекемелер мен кәсіпорындарды бірыңғай коммуникациялық желіге қосу арқылы астаналықтардың өмірін барынша жеңілдету жоспарланып отыр. Осыған орай, кеше елордада өткен Smart Astana – 2011 конференциясында бұл бастаманы іске асыру барысы жан-жақты қаралды.
Үйде үнемді болу қажет
Жоспарға сәйкес Smart Astana жобасы үш кезеңде жүзеге асады. Алдымен оның бағдарламасы әзірленеді. Онда нақты жобалар мен іс-шаралар картасы көрсетілмек. Осыдан кейін бизнестің қатысуымен қаланың инженерлік-коммуникациялық нысандарын жаңартып, бірыңғай желілік жүйені іске қосу арқылы e-әкімдік, e-медицина, e-білім беру, e-көлік, e-төлем сияқты әлеуметтік маңызы бар электрондық қызметтерді барынша дамыту жоспарланып отыр. Ал соңғы үшінші кезеңде қала тұрғындарын энергия көздерін үнемдеуге үндеу жұмысы жан-жақты жүргізіледі. Себебі бұл – «Ақылды қаланың» басты ерекшелігі. Әзірше Smart Astana бастамасының мерзімі белгісіз. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, оған кем дегенде 10-15 жыл қажет. Ол уақыттың басым бөлігі халықтың менталитетін өзгертіп, барлық ресурстарды үнемді пайдалануға үйрету жұмысына жұмсалады екен. Сол себепті қала тұрғындары бұл мәселеге қазірден бастап ерекше мән беруі қажет-ақ.
Оқушылар «электронды куәлік» ұстайды
Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің хабарлауынша, Smart Astana бастамасы аясындағы кейбір жобаларды биылдың өзінде іске қосу жоспарланып отыр. Мәселен, сымсыз байланысты барынша дамытуды көздейтін Open Wi-Fi жобасы аясында келесі жылға дейін қаланың барлық қоғамдық орындарында интернет желісі іске қосылады. Ал е-жәрдем жобасына сәйкес, жедел медициналық жәрдем қызметінің 64 көлігін ақпараттық-навигациялық кешенімен қамтамасыз ету көзделген. Ол кешенде қажетті мекенжайға дейінгі қысқа жолды көрсететін GPS құралы, IP телефон байланысы және фельдшерге қажетті электронды-медициналық анықтамалық бар. Бұл жоба алдағы желтоқсан айында іске қосылады. Сондай-ақ алдағы уақытта Астанада 3D орталығын ашу жоспарда бар. Ал «Болашақ мектебі – бүгін» жобасы аясында мектеп оқушыларына «электронды куәліктер» берілетін болады. Ол үшін арнайы пластикалық карттар шығарылып, оған шәкірттің аты-жөні және басқа да жеке ақпараты енгізіледі. Болашақта балалар оны төлем картасы және қоғамдық көліктерде жол жүру құжаты ретінде пайдалана алады. «Келешекте Астананы жас қала ретінде ғана емес, ақылды қала ретінде де кеңінен танитын болады деген сенім мол», – дейді И.Тасмағамбетов.
Әлемде «ақылды қалалар» көп
Бүгінде дамыған елдердің басым бөлігі «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыруда. Мәселен, Корея Нью-Сонгдо деп аталатын жаңа қаланы салып жатыр. Әлем бойынша теңдесі жоқ бұл шаһар толығымен электроника арқылы басқарылады. Былайша айтқанда, Нью-Сонгдо тұтас бір компьютер сияқты болмақ: барлық ғимараттардың арасында байланыс орнатылып, бірыңғай мәліметтер базасы ашылады. Ал қажетті коммуналдық төлемдер мен дүкендегі есептесу операциялары, тіпті үйдің есігін ашып-жауып, жеке автокөлікті іске қосу бір электронды смарт-карта арқылы ғана жүзеге асады. Шетелдік инвесторлар осы «ақылды қаланың» құрылысына 25 млрд АҚШ долларын салуға мүдделі. Сол сияқты Нидерланды елі де өз астанасы – Амстердамды «ақылды қалаға» айналдырып, энергия көздерін үнемдеу арқылы ел экологиясын барынша сақтауды көздеп отыр. Ал Сауд Арабиясы осындай алты бірдей қаланы тұрғызуға ниетті. Әрбір қаланың құрылысына 25-100 млрд сауд риалы салынады.
Сонымен, алдағы уақытта Астана «ақылды қала» мәртебесіне ие болуды көздеп отыр. Әрине, оған елорданың бүгінгі инвестициялық әлеуеті жетеді. Мемлекеттік органдардың қызметін барынша ақпараттандыру жұмысы да ойдағыдай атқарылып келеді. Дегенмен өндірістік кәсіпорындардың инновациялық қауқары әлі де төмен болып тұр. Ресми мәліметке сәйкес, оның орташа деңгейі 2,4 пайызды құрап отыр. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50 пайыздан асады. Ал, ең бастысы, астаналықтардың инновациялық білімін жан-жақты көтеру қажет. Сонда ғана бүгінгі Астана, шын мәнінде, арман қалаға айналады.