Ақтөбедегі «Жаңа–Әлжан» ұн-диірмен комбинаты ұнның жаңа түрін шығара бастады.
Олар барлық талаптарға сай, сапалы өнімді брендке айналдыруды көздейді. Жаңа ұнның бірнеше сұрыпын дайындайды.
Кәсіпорын осыдан 2 жыл бұрын экспортқа ұн шығара бастаған болатын. Ал биыл комбинат жанынан макарон фабрикасы ашылады.
Ұнның жаңа түрінің 4 сұрыпы бар. Бірі нан өнімдерін пісіруге арналса, екіншісінен құймақ пісіруге болады. Тағы бірі ыстық тамақтар дайындауға арналған. Қораптың сыртына дайындау әдісіне дейін жазып қойған. Бірнеше тілде толық ақпарат бар.
Себебі жаңа ұн шетелдердің нарығына шығарылмақ. Мұндағы заманауи жабдықтар Италиядан әкелінген.
Күмісбек Сұлтанбеков, «Жаңа-Әлжан» комбинатының диірмен зауыты басшысының орынбасары
-2 келілік, 5 келілік етіп бөлшектейміз. Тәулігіне 24 тонна ұн шығарамыз. Қазақстанның әр облысында, алыс-жақын шет елдерде пайдаланылады. Сапасы қазіргі заманның технологиясына сәйкес, заманауи технологиямен жабдықталған.
Жалпы кәсіпорын биыл жеке даму бағдарламасын жасаған. Онда бағаны реттеу, өнім көлемін арттыру сияқты тетіктер бар. Жылына
120 мың тонна бидай өңдеп, 90 мың тонна ұн дайындайтын кәсіпорын экспортқа шықты. Тұтынушылардың сұранысына қарай, өнімнің жаңа түрлерін енгізуде.
Мысалы, дәрумендер қосылған ұн көптің көңілінен шықты.
Анар Дәржанова, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы
-Бүгінгі күні бұл компания Еуропалық Даму банкінің кеңесшілерін шақырып, жұмыс істеуде. Бұл жұмыстардың нәтижесі өздеріңіз көріп тұрғандай, тауарлардың сыртқы түрі мен түрлі сұрыптары бар, нарыққа сәйкес жарнама да жасалды. Мұның бәрі компанияның ізденісін көрсетеді.
Комбинат жанынан жақында макарон фабрикасы ашылады. Онда өнімнің 15 түрі шығарылмақ. Жаңа цехқа 80 адам жұмысқа алынады.
Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев