Бурабайдағы Абылай хан алаңында орнатылған тақтайшаның QR-коды есірткі сайтына бағыттаған. Бұл туралы әлеуметтік желі қолданушылары жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
ҚазАқпарат тілшісі Бурабай ауданы әкімдігінен хабарласып, осы мәселенің анық-қанығын сұрап білді.
«Бұл билборд 2018 жылы орнатылған. Онда Бурабай ауданының киелі нысандары туралы барлық мәлімет бар. Мәліметтер – тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының сайтындағы ресми дереккөздер. 2021 жылы бұл тақтайша жаңартылды. Бірақ ақпарат өзгеріссіз қалды. Жаңартуға тапсырыс беруші мәдениет бөлімі болды, ал оны жасаушы – жергілікті жарнама агенттігі. Біз QR кодына не болғанын білмейміз. Бәлкім, қандай да бір ақау туындаған шығар. Өйткені, бастапқыда бәрі тексерілген, дұрыс болды. Алаңда адамдар көп, олардың көбі осы мәліметтерді оқиды, өзімізде жиі қарап отырамыз. Бұл жақында болған ақау», - деп түсіндірді Бурабай аудандық әкімдігінен.
Қазір полиция қызметкерлері QR-кодты ауыстыру мәселесімен айналысып жатыр. Ал аудандық мәдениет бөлімі QR-коды бар жаңа билборд орнатып, мәліметтерді жаңартты. Онда тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының қажетті сайты ашылады.