Ақиқат адал айтыстан туады

Ақиқат адал айтыстан туады

Қазақстан тарихындағы ең қасіретті кезең – ашаршылық жылдары. Міне, содан бері 80 жылдай уақыт өтті. Алайда қазбалай берсең, шыға беретін шындықтар әлі көп. «Ақиқат  адал айтыстан туады» демекші, соңғы жылдары осы тақырып төңірегінде әлем сөйлей бастап еді, тарихнаманың дерекқоры толыға түсті. Әлбетте, оған үлес қосқан – негізінен өзіміздің отандық ғалымдар. Десек те, шетелдік тарихшылардың да бұрынғы КСРО елдерін жайпап өткен нәубетке қатысты зерттеулері мен ғылыми еңбектерін бағаламауға әсте болмас. Осындай сүбелі жұмыстар нәтижесі қорытындыланып жатқан шаралар дәл осы күндері көптеп өткізілуде.
АҚШ, Франция, Германия, Ресей сияқ­ты бірқатар елдердің ғалымдары Қазақ­станға құр қол келмепті.  Ашаршылыққа қатысты жиған-терген деректері сан алуан. Сарғайған суреттер, естелік жазбалар – ұзақ жылдар бойы құпия күйінде сақталып келген құжаттар. Ғалымдардың барлығы­ның тоқ етер ойлары  «мұндай науқан бүкіл Кеңес Одағы бойынша өткізілді, алайда ашаршылық тауқыметін қазақтай тартқаны жоқ» дегенге саяды.
Иә, 1930-33 жылдардағы ашаршылық небәрі үш жылдың ішінде Қазақстанды жаппай күйреуге ұшыратып, бүтіндей қоғам мен кең-байтақ жерімізді қайта қал­пына келтіруге тура келді. Алайда бұрынғы КСРО басына түскен азап пен бейнеттің та­рихи шындығын өзге халықтар толықтай біл­мейді. Айтылмай, жазылмай қалған шын­дықтар әлі де көп. Десек те, біздің ел­де­гі нәубет жылдары ақиқатына қатысты дерекқор­лар енді шетелдік ғалымдардың дәнекер­лі­гімен бүкіл әлемге жария болып, оның Ба­тыста әрмен қарай зерттелуіне жол ашы­латынына күмәніміз жоқ.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
– 1928-1933 жылдары ұжымдастыру­мен қатар, билік діни еркіндікті тұншық­тырды, осы жылдары дәстүрлі әліпбиіміз де өзгертілді. Бейнелеп айтсақ, әр отбасы биліктің адамгершілікке қайшы саясатының шырмауына түсті. Наразылық білдіріп, бой көтерген жергілікті халық аяусыз жаншыл­ды. Алашорда қозғалысы қатысу­шы­ларының, интеллигенция өкілдерінің мойнына кінә ілінді. Репрессия қалыпты жағдайға айналды. Соның салдарынан елі­міз­де жаппай ашаршылық орын алды, қалың жұрт жыраққа үдере көшті.
Большевизм көсемдері қолдан жасаған ашаршылық жылдары біздің елде қаза бол­ған қазақтар саны 2 миллионнан астам. Биліктің адамзат баласына жасаған оз­бырлық саясатын әрбір отбасы сезінді. Құр­бан болғандар қатарында көптеген ұлт өкіл­дері кездесті. Залалы орасан ұжымдас­тыру кезінде ауыл шаруашылығын жүргізу­дің ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибесі талқандалып, ел экономикасының, әсіресе ауыл шаруашылығының мүлде тұралап қалуына әкеліп соқты. Ашаршылық бүкіл Кеңес Одағының қасіретіне айналды. Ол Қазақстанмен қатар, Ресейдің бүкіл оңтүс­тігін, Украина, Солтүстік Кавказ өлкелерін және Орталық Азия елдерін түгел қам­тыды.
Біз ғалымдар Марта Олкотт, Стивен Уиткрофт, Изабель Огайон және Владимир Козловтарға алғысымызды білдіруге тиіс­піз. Олар мұрағаттағы тарихи деректердің там-тұмдығына қарамастан, сүбелі зерт­теулер жүргізіп, біздің елдегі нәубет жыл­дарының сызатын бүкіл әлемге көрсете білді.
Сол бір трагедияға ғылыми сипат беріп, терең зерттеу аса маңызды. Бұл келер ұрпақтың волюнтаристік әлеуметтік сынақ зардабын білуі үшін және жас ұрпақтың санасына мәңгілік тағылым беру үшін керек. Өйткені бұл қазақ халқы үшін ең алапат қоғамдық, демографиялық апат болды. Өткен кезеңде Қазақстан тарихшы­лары біршама іс тындырды. Бірақ осы бір сәтті пайдаланып, мына мәселелерге назар аудартқым келеді: біріншіден, еліміздің гуманитарлық сала ғалымдарын, соның ішінде тарихшыларымызды аталған мәсе­лені ары қарай зерттеу бойынша үлкен істер күтіп тұр. Көп мемлекеттің, соның ішінде Ресейдің, Қырғызстанның, Өзбек­стан­ның, ҚХР, Иранның, Түркияның мұра­ғат­­тарын­да осыған дейін зерттелмеген құжаттар сақ­талып тұр. ХХ ғасырдың 20, 40 -жыл­дарындағы оқиғаларды ары қарай зерттеу бойынша арнайы комис­сия құратын кез жетті деп ойлаймын. Екін­шіден, отандық шы­ғармашылық интел­­лиген­цияның потен­циалы толықтай пайдаланылды деп айта алмаймыз. Өкініш­ке қарай, соңғы жылдары мазмұнды, мә­ні терең шығармалардың орнын бүгінгі күн­­нің талабы бойынша да­йын­­далған ар­зан­­қол фильмдер мен кітап­тар басып барады. Валерий Ми­хаил­ов­тың «Хроника великого джута» кітабы, Смағұл Елубайдың «Ақбоз үй» романы және Шер­хан Мұртазаның «Бе­сеудің хаты» пьеса­сынан басқа қазақ қоғамы 30-жылдардағы қасіреттің бетін то­лық ашатын шығарманы таба алмай жүр.
2010 жылы Еуропа кеңесінің Парла­мент­тік ассамблеясы бұрынғы КСРО-дағы ашаршылық құрбандарының құрметіне арналған құжат қабылдады. Онда Еуро­па­ның тарихшылары мен заңгерлері аталған тақырыпты жан-жақты зерттеп, объективті баға беруге шақырылған. Меніңше, бұл ретте Қазақстан Парламенті де өз көзқа­расын білдіруі керек деп білемін.
Негізі, Батыс елдері Қазақстандағы ашаршылық жайындағы бар құпияны КСРО ыдыраған 1991 жылдары ғана естіп, біле бастады. Мұрағаттың «құлпы» да сол жылдары ғана ашылғандай болды. Мұн­дай бөгеттің салдары аз болған жоқ. Тіпті Қа­зақ­станға туристік сапармен келудің  өзі қия­мет-қайым болған. Сондай-ақ Батыс елдеріндегі көптеген кітапханада Қа­зақстан жайындағы деректер тым аз еді. Сондықтан да шетелдік ғалымдар­дың қазақстандық әріптестерінің еңбекте­рінен бейхабар болуы түсінікті.
АҚШ-қа негізінен Украинадағы аштық­ты зерттеу оңай болса керек. Олар «Ук­раина диаспорасымен тығыз қарым-қаты­наста болдық» дейді. АҚШ ғалымда­рының «Бұл ашаршылық тек Украинаны ғана көздеді ме, әлде бүкіл Кеңес Одағын ба?» деген полемикалық пікірталасынан ке­зінде Қазақстанның сырт қалуы – осыдан.
Терең әрі жан-жақты зерттелуі бүгіннен бастау алып, бүкіл әлемнің назарын ау­дартып отырған ашаршылық шындығы мұхиттың арғы, бергі жағындағы ғалым­дарды біріктіріп, ғылыми-сараптамалық еңбек­терді бұдан әрі бірігіп жасауларына себеп болмақ. Шетелдік ғалымдар өздері үшін ашаршылық турасындағы осы күнге дейін жабық тұрған тарихтың әрбір бетін парақ­таған сайын қайран қалғандарын жасыра алмады. «Қазақ жеріндегі аштық туралы та­рих­наманы зерттеуге деген ынта-ықыла­сымыз арта түсті. Әсіресе АҚШ пен Еуропа елдерінде. Қазақстандағы ашар­шылыққа 90 жыл толғанда бұл қасірет жайында біз қазіргіден де көп білетін боламыз деп се­неміз», – дейді АҚШ-тан келген ғалым­дар.
Роберт Киндлер, Гумбольдт атындағы Берлин универси­тетінің профессоры:
– Мен өз зерттеуімде ашаршылық және қуғын-сүргін жылдарында адамдардың тығырықтан шығудың қандай жолдарын қарастырғандығына айрықша мән бердім. Менің ойымша, бұл жағын да терең зерттеу керек. Шынымен де, ашаршылық кезінде жұртшылық нені талғажау еткен? Негізі, қа­зақтар мықты болған, олар қандай да ше­шуші сәтте ұтымды жол таба білген. Алайда дәл сол жылдары қазақтың шара­сыз­дық күйін кешкені рас. Өлім-жітімнің көп тіркелгендігінің себебі осы болса керек.
Марта Бриль Олкотт, америкалық сарапшы:
– Сталиннің қолымен жасалған ауыл шаруашылығын реформалау саясаты қоғам­ды ұжымдастыру кампаниясының «кемеліне» жетті. Нәтижесі жаппай ашар­шы­лықпен тынды. Мен сонау  70-жылда­ры зерттеу жүргізе бастағанымда мерзімді баспасөз материалдарына қол жеткізген едім. Жолым болып, Ленин кітапханасынан 1920-30 жылдардағы біраз дүниемен таныстым. Кім-кімнің де осынау адамзат баласына жасалған қастандық артында кімдер тұрғанын білгісі келетіні – заңдылық. Қалай болған күнде де ғалымдар өз зерттеулерінде кінәлі деген адамдардың аттарын атауда аса сақ болғаны жөн. Тарих­та қателесуге болмайды. Ғалымдар жа­за­тын еңбектердің болашақ үшін құнды де­рек­тер саналып, олардың жадында жат­та­лып, мұрағаттан орын алатынын ұмыт­пайық.
Елена Тюрин, Ресей экономика мұрағатының директоры:
– «КСРО-дағы ашаршылық. 1929-1934 жж.» деп аталатын деректі серияның екі томы жарық көрді. Бірінші томға – 721, екінші томға 605 құжат енгізілді. Қазір келер жылдың көктемінде шығуы тиіс соңғы – үшінші томға дайындық жүріп жатыр.
Бұл жұмыс Ресейдің Федералды мұра­ғат агенттігінің бас­тамасымен, жоғарыда ай­тылған үш елдің мұрағатшыларының бел­сенді қолдауымен жүзеге асуда. Мұра­ғатшылардың күш салуымен бұрын жабық болып келген мұрағаттардан, яғни Қа­зақ­стан Президенті мұраға­ты­нан, Ресей Пре­зиденті мұра­ға­тынан, Беларусь респуб­ли­касы­ның Ұлттық мұрағатынан, Ресей ФҚҚ Орталық мұраға­ты­нан, осы елдер­дің басқа да көптеген өлкелік және облыстық мұрағаттарынан алынған жобаға қатысты ақпараттар көп жиналды.
Б.Аяған, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Мемлекеттік тарих институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Отандық тарихи ғылым, қазақстан­дық­тар ұзақ уақыт бойы 1928-1932 жыл­дардағы жан түршігерлік ашаршылық туралы ашық айта алмады. Өйткені Қа­зақ­стан тарихында басқа Кеңес Одағы елдеріндегі секілді тоталитарлық жүйе кезінде идео­логияға барынша басымдық берілді. Қа­лай дегенмен де, бүгінгі таңда Тәуелсіздіктің 20 жылдығын тойласақ та, аталған та­қы­рып мүмкіндігінше ашылып, саяси, тари­хи бағасын алды деп айта алмаймыз. Ашар­шылық, эпидемия және милиция мен әскердің ұдайы рейді салдарынан кең-бай­тақ жерімізде қырылған адам саны шексіз.
Трагедия масштабы адам шошырлық, сондықтан мұны саяси геноцид деп атау біздің моральдық жауапкершілігіміз деп білемін. «Геноцид қылмысын ескерту және оны жазалау туралы» халықаралық кон­вен­цияда мұндай түсініктің қатаң норма­лары жазылған. Мысалы, 2010 жылдың наурызында Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясы «Бұрынғы КСРО-дағы жан түршігерлік ашаршылық құрбандарына  арналған естелік» деген құжат қабылдады. Бұл құжат Еуропадағы барлық тарихшы мен заңгерді қолданыстағы халықаралық құқық тұрғысынан аталған адамзат қасіретіне жол берген фактілерді толықтай тексеріп, өзара тәуелсіз зерттеу жүргізуге шақырады. Украинадағы голодоморды, Қа­зақстандағы ашаршылықты АҚШ, Кана­да, Австралия және Латын Америкасы мен Шығыс Еуропаның көптеген елі гено­цид ретінде мойындады.

• Тарихтан там-тұм                                                                         
....тәркіленген шаруашылық саны –  696, оның 619-ы сол аймақтан шығарылып кеткен. 145 мың бас ірі қара күшпен тартып алынған. 114 мыңға жуық мал колхоздарға тараты­лады. Сондай-ақ 633 киіз үй, 475 баспана, 44 қойма, 534 өзге де нысан және меншіктегі көптеген ауылшаруашы­лық жабдық күшпен тәркіленген.
....сол жылдары 56 498 ауыл тұрғыны әкімшілік-қыл­мыс­тық жауапкершілікке тартылып, оның 34 121-і абақ­ты­ларға тоғытылды. 1930 жылдың қаңтар айының бас ше­нінде Қазөлкеком Бюросының жабық отырысында Го­ло­щекин 1928 жылдың қазан айы мен 1929 жылдың жел­тоқ­сан айы аралығында сот үкімімен – 125 адам және осы уақыт аралығында ГПУ (мемлекеттік саяси басқарма) ше­шімімен 152 адам өлім жазасына кесілгендігін мәлім­деген екен.
...1928 жылы Қазақстанда 2 пайыз шаруашылық ұжым­дастырылса, ол көрсеткіш 1931 жылы 70 пен 199 пайыз­ға дейін жеткен.
...мал шаруашылығын кәсіп қылған аудандарда мүлікті ор­тақтандыру кезінде тіптен шексіздікке жол беріледі. 1932 жылдың ақпан айында Қазақстандағы колхозшылар – шар­уа­шылығының 87 пайызынан және жеке адамдар 51,8 па­йыз малынан айырылған.
...1928 жылы республикамызда 6509 мың ірі қара болса, ол 1932 жылы 965 мыңға кеміп кеткен. Ұсақ малдарға қа­тыс­ты дерек те жаға ұстатарлық: 18 566 мың қойдан 1932 жылы 1386 мыңы ғана қалған. Жылқы санына қатысты айт­сақ, 1928 жылы 3516 мыңға жеткен жылқының 3200-і тар­тып алынған. Түйе де осылай бірер жылдың ішінде күрт аза­йып кетеді: 1928 жылы 1042 мың болса, 1935 жылы 63 мыңға әрең жеткен.
...бес жыл аралығында, яғни 1929-1933 жылдары 9805 іс қаралып, 22 933 адамға қатысты шешім шыға­рыл­ған. Оның 3386-сы ату жазасына кесілсе, 13 151 адам 3-10 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айыры­ла­ды.
...тарихшылар  мен демограф ғалымдардың алдын ала зерт­теулері көрсеткендей, қазақ халқы орны толмас қасірет шеккен. Ашаршылық пен соған байланысты індеттен және та­би­ғи өлім-жітімнің көптігі салдарынан 2 млн 200 мың ада­мынан немесе жалпы халықтың 49 пайызынан айырыл­ған.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста