Мол білімін, қуат-күшін, қайрат-жігерін Қазақстанының, қазағының игілігіне сарқа жұмсап, шет жұрттарға елінің, халқының тарихын танытып өткен, ал сол қыруар еңбегіне қылдай өтем тілемеген, «Мен сөйттім! Мен бүйттім!» деп кеуде кермеген парасатты Әнуар Әлімжановтың көбімізге дерлік беймәлім берекелі істерінің бірі Семейдегі ядролық полигонды жабу жолындағы күреске үлкен үлес қосқаны екен. Оның бір дәлелі – «Қазақ ССР-ның Семей қаласы мен Семей облысындағы экологиялық жағдай және тұрғындардың денсаулығы» деген тақырыпта 1989 жылғы 17-19 шілдеде Семейде өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Полигон жабылуға тиіс!» деп сөйлеген сөзі болса, бірегейі – мына екінші мақаласы (орыс тіліндегі нұсқасынан қазақшаладым). Ғажап мәнді, аса тартымды. Батыл да байыпты ой-пікір жиынтығы. Бұл – Әнекеңнің Лондонда: Ядролық қарусыздану ұлттық комитетінің конференциясында (Си-эн-Ди. 10. 11. 1990) және Ұлыбританияның Қауымдар палатасында (13. 11. 1990) сөйлеген сөздерінің негізі. Тарихи деректерге жүгінсек, ағылшындар өздерінің Қауымдар палатасының мінберіне екінің бірін шығармаған, ол орынды ашық та ақиқат ой-пікірлер тоғысатын халықаралық мәртебелі жер деген ұғым қалыптасқан. Қазақ перзенті Әнекеңнің сол биік мінберге шыққаны – ол азаматымыздың халықаралық абырой-беделінің құрметтелгені!
Әнекеңнің туғанына 2010 жылдың 12 мамырында 80 жыл толды. Сол мерейлі күн қарсаңында қазақ және орыс тілдерінде «Біздің Әнуар» – «Наш Ануар» атты естеліктер жинағын шығардым. Соны әзірлеу күндерінде мұрағатжайлардан бұрын ешқайда жарияланбаған, жоғарыда аталған мақалаларын тауып алдым. Мен Әнекеңмен 20 жыл аралас-құралас болдым, Жазушылар одағында 12 жыл бірге қызмет істедік, бірақ ол халықаралық биік мінберлерден сөйлегені туралы айтқан емес... Ерекше қарапайым болған қайран ӘНЕКЕ, тіріңде қадір-қасиетіңді біле бермедік-ау!
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның құрметті жорналшысы
Сонау бір замандарда «уақыт» айта салар көп сөздің бірі болыпты да, шешімі қиын мәселелер сөз етіле қалған сайын кісілер «уақыт көрсете жатар» деп жүре беріпті, ал қайғы-қасіретке душар болған жандарды «жан жарасын уақыт жазады» деп жұбатыпты. Сөйтіп, жұртшылық өмірден туындаған күрделі мәселелерге жауап іздеп шаршамапты, өздерін-өздері алдарқатып, Соломонның белбеуінде жазулы екен деген «бұл да өтер, кетер» деген сөзді малданып жүріпті. Ол сөз гундардың патшасы Аттылының да, Батыйдың да белбеулерінде жазулы болған көрінеді. Сірә, Аттылы мен Батый, Соломон сияқты, өмірдің қас қағым сәттей екенін, жастық шақтан, күш-қуаттан айырылу қияпат екенін ескерген шығар. Ол кезде жауынгер мен патшаға да, диқан мен Спартактай құлға да өзі көздеген мақсатына жете алуы үшін батылдық пен күштің, ақыл-ойдың жәрдемі қажет еді (қазірде де солай ғой). Тек олар оқ-дәріден, атом бомбасынан хабарсыз болды, егескендерін жекпе-жекте, әділ айқаста жеңіп жүрді. Ол замандарда адам өз тағдырын өзі бағдарлаған, өз тірлігін қалауынша өзі түзулеген, ұрпақтарының өмірін де бағыттап кеткен тәрізденеді. Алайда «уақыт көрсете жатар» мен «жан жарасын уақыт жазады» деген сөздердің төркініне үңілсең, олардың (ойына келгенді істейтін Саддам Хусейн мен Гитлер сияқты сұрқиялардан басқаларының) тағдырға, жазмышқа көнбістігін аңғаруға болады.
Техникамен жан-жақты жарақтанып қана қоймай, халықтарының сана-сезімі оянған, дамуы дамылсыз ХХ ғасыр тағдыр мен жазмышты оншама керек етіп отырған жоқ, кешегі пәлсапаларға да құлақ қоймайды.
Бүгінгілерге Уақыттың қадір-қасиетін ұқтырған күш – әлеуметтік өзгеріс-төңкерістер, ұлт-азаттық қозғалыстар, жаңа мемлекеттердің пайда болғаны. Біз Уақыттың не екенін ойладық, түйсіндік, білдік. Ол бізді Жер шарының о түкпірінен бұ түкпіріне әп-сәтте жеткізетін реактивті ұшағымен, күтпеген кезде, күтпеген жерде бола қалатын, жүздеген-мыңдаған, тіпті миллиондаған адамның тірлігін өзгертетін революциялық толқуымен ғана емес, жер бетінде жинақталған қыруар қару-жарақтың бізді атомның тұтқынына айналдырғанымен ойландырды. Біз төніп келе жатқан ядролық және экологиялық апаттардың денемізді мұздатқан аяздай деміне душар болып отырмыз. Алапат апат жақын. Ендігі сөзіміз не біраз кісінің, не бір халықтың тағдыры туралы емес, ата-бабамыз қалдырып кеткен жеріміздің және мәдени мұрамыздың тағдыры туралы болуға тиіс. Әңгіме біздің бесігіміз – жер жайында, алдағы өмір жайында. Бейбітшілікті сақтауға үлес қосу сияқты сындарлы міндетті арқалап келген, міне, осы залда отырған мырзалар, сіздер бұл мәселені менен кем білмейсіздер. Араларыңызда кешегі өткен соғыста қан кешкендер аз емес шығар. Олардың жан мен тән жарасына жеріміздің денесіне екі қара таңба болып басылған Хиросима мен Нагасаки қасіреті қосылды.
АҚШ-тан кейін іле-шала 1949 жылы жарылған атом бомбасын біз – Кеңес Одағы жасадық. Ол бомба жарылысы менің жерімде болды.
Жаңа қаруға ие болысымен біз «дүниежүзілік революция» жасау ниетімізге «кеңістік пен уақытты бағындырып алу» пиғылымызды қостық.
Теріс ойдан теріс істер туындайды. АҚШ бомбасын әлемді уысында ұстау үшін жасады. КСРО бомбасын одан қалып қоймау, оған қарсы тұра алу үшін жасады. Зор екі мемлекеттің ықпалымен дүние қақ жарылды. Қарулануды еселеп талап етуші атомдық бәсеке, қарама-қарсылық басталды. Бұл екеуінен басқа елдер де ядролық қаруға ұмтылып, ие болып та жатыр. Құпия қоймалар, сүңгуір қайықтардың, бомбалаушы ұшақтардың құрсағы ядролық жараққа толды. Жеріміздің өзі жарғыш дәрінің бөшкесіне айналды. Қырғиқабақ соғысты жақтаушылар жұрттың жүйкесін тоздырды. Мұның бәріне шыдау, төтеп беру мүмкін емес. Дүлей бомбаларды жасауға қатысқан Жолио Кюри мен Андрей Сахаров сияқты ғалымдар оның жаппай қырып-жоятын қаруға айналғанына қарсы екендерін бүкіл әлемге мәлімдеп, сынақ атаулыны тоқтатуды жұртшылықпен бірге талап етіп отыр.
Біз 60-70, әсіресе 80-жылдары АҚШ-та, Еуропа елдерінде, Жапония мен Үндістанда ядролық қаруға қарсы қозғалыстың кең құлаш жайғанын білеміз. Қоғамдық қуатты қимылға 80-жылдардың аяқ шенінде Қазақстан жұртшылығы да қосылды.
Ағылшын әйелдердің Гримен-Комон базасын қоршаған қайратты әрекеттері есімізде. Бейбітшілік үшін күресуші қарапайым адамдардың атом қаруларын тиеп келе жатқан әскери дәу кемелердің жолын бөгеу үшін жеңіл қайықтарға мініп, қарсы шыққандары есімізде.
Атомдық сынаулар көпшіліктің қарсылығы нәтижесінде біраз уақыт тоқтатылды да, кейін қайтадан жүргізілді. АҚШ-та, Хиросима мен Нагасакиге тастағандарынан тыс, 1080-нен аса жарылыс жасалды. Кеңес Одағында – 715, Францияда – 180, Ұлыбританияда – 40-тан аса, Қытайда 30-дан аса жарылыс жасалды.
Кеңес Одағында жасалған 715 жарылыстың 467-сі Қазақстанның Дегелең деген жерінде болды, оның 124-і – жер бетінде, 343-і – жер астында.
Мен қазақ, қазақтың ұлы ретінде сіздерге мынаны айтуға тиіспін: бұл жарылыстардың бәрі біздің жеріміздің қасиетті өңірінде, біздің бүкіл көркем өнеріміз бен әдебиетіміз әспеттеп келе жатқан Қозы мен Баян махаббаты жайындағы көне дастан туған жерде жасалды. Ол өңір – біздің халқымыз, мәдениетіміз үшін ең қасиетті де киелі жер. Орыс Лев Толстойдың Ясная Полянасы, шотланд Роберт Бернстің, ағылшын Байронның кіндік қаны тамған өлкесіндей. Байронның өлеңдері өткен ғасырдың соңында бүкіл Азия көлемінде тұңғыш рет сол өңірде, 467 жарылыс болған жерде қазақ тілінде оқылды. Байрон мен Пушкин өлеңдерін қазақ тіліне қазақтың ұлттық мәдениетінің алып тұлғасы ұлы Абай ақынымыз аударды. Абай кейін 467 дүмпу болған сол өңірде туып-өсіп, сонда көз жұмды. Біздің атақты жазушымыз, романдары, хикаялары мен әңгімелері ағылшын оқырмандарына әбден мәлім Мұхтар Әуезов те – сол өңірдің түлегі. Әлемге әйгілі геологіміз Қаныш Сәтбаев Семей қаласында оқып, білім алды. Орыстың ұлы жазушысы Федор Достоевский мен қазақтың ғұламасы, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың ғажап достығы сонда басталды.
Кереғарлықсыз өмір бар ма, өкінішке қарай, толстойшыл атақты ақынымыз Шәкәрім Шыңғыс тауының Дегелең, Абыралы бетінде НКВД қарақшысының қолынан қаза тапты. Оны атып өлтірді. Шәкәрімнің бар-жоқ кінәсі хат жазысып тұрған ұстазы Лев Толстойша қиянатсыз өмірді аңсады, қара күштің қорлық-зорлығына қарсы тұрды, халықты әділдікке, татулыққа, ауызбірлікке шақырды. Ол Қазан төңкерісінің тәтті ұрандарына сенді, қолдады, бірақ қазақ ауылдарын қатыгездікпен коллективизациялау басталғанда жаны түршігіп, әділдіктен түңіліп, тауға кетіп қалып, жападан-жалғыз тірлік етуге кірісті. Амал не, НКВД тіміскілеп тауып алды.
Қымбатты достар, сіздердің назарларыңызды халқымның тарихында болған бұл жайттарға аударып тұрған себебім: біз бүгін мұнда кесапат атаулыны айыптауға жиналдық. Иә, кесапатты! Ал ол сан түрлі. Атом жарылысы біздің Дегелеңде немесе Абыралыда не мұхиттардың аралдарында, Қытай шөлінде, не Муруроада жасала ма, бәрібір, ол менің тауқыметті көп тартқан халқымның жүрегін сығымдайды. Себебі: жарылыстың маңайдағы бүкіл тіршілікке қауіп-қатер екенін біледі, басынан кешті. 467 жарылыстың әрқайсысы біздің жеріміз бен суымызды улады, адамдарымызды қасіретке ұшыратты, тіпті ана құрсағындағы нәрестелерді мүгедек қылды. 467 жарылыстың әрқайсысы менің халқымның мәдени бесігінде, аяулы өңірінде оның келісімінсіз жасалып, намысын аяқасты етті...
Мұншама ашынып сөйлеп, көрген жәбірімізді алдарыңызға жайып салып тұрғанда көкейіме мына сұрақтар оралды:
Осыншама зұлмат-сұмдық Ресейде, Лев Толстойдың отанында, оның Ясная Полянасында болуы мүмкін бе? Шекспир немесе Диккенс, Бернс не Байрон туып-өскен жерлерде ше? Бұл сұраққа өзім жауап берейін: Жоқ! Мүмкін емес! Ал қазақ мәдениетінің бесігі болған жерде жарылыс жасау – ХХ ғасырда үш рет: 1904-1905 жылдарғы, 20-жылдарғы тауқыметке және 30-жылдардағы қасақана жасалған аштыққа ұшыратылған халықты ақыл-есінен тағы бір тандыру. Сол жылдардағы аса ауыр қайғы-қасіретімізді, қазақ халқына әдейі жасалған қырғынды «Зор қырғын» және «Қасірет қырманы» кітаптарында ақиқат тілімен баяндап берген британдық жазушы, тарихшы Роберт Конквест араларыңызда жүр. Ол мырзаға қазақ халқының атынан алғыс айтып, есен-саушылық тілеймін!..
Мырзалар, мені дұрыс түсінгейсіздер! Мен ядролық қаруларды пәлен жерде сынауға болады, түген жерде сынауға болмайды деп тұрған жоқпын. Ол қаруларды қай жерде болсын сынау – адамгершілікке жат, адамзатқа қарсы іс. Сөз ыңғайына қарай айта тұрайын: әлгі бір әзірде мен атаған жазушы Әуезов пен ғалым Сәтбаев радиация улаған сол жерлерде 50-жылдары бірнеше рет болды, жерлестерінің хал-ахуалын біліп, әңгіме-сөздерімен жұбатып бақты және, әрине, онымен тынбай, тоталитарлық жүйеге қарсылық білдірді. Олар сол үшін «ұлтшыл» деген жалған айыпқа ұшырап, қуғын көрді, ақырында қатерлі ісік сырқатынан қайтыс болды.
1953 жылдың 12 тамызында Абыралы-Дегелеңде сутегі бомбасын жер бетінде сынау болды. Андрей Сахаров өзінің «Естеліктерінде» оның қалай жүргізілгенін, нендей нойыс күш екенін жазды, бірақ одан кейінде не болатынын айтпады, өйткені ол жарылыстың ақыры неге апарып соғарын жете болжай алмады.
Мырзалар, мен сол бір ғана сынауды еске алып тұрмын. Айтып өткенімдей, менің жерімде сондай 467 жарылыс жасалды! Мырзалар, кеңестік сол сутегі бомбасын Қайнар ауылы іргесінде сынау алдында әскери басшылар ол жердің халқын басқа жаққа уақытша көшіре тұруды ұйғарған да, жап-жас 42 жігітті ғана қалдырған. Тәжірибе жасауға керек қояндай етіп. Бүгінде олардың 37-сі жоқ, сынау зардабынан қайтыс болды, қалған бесеуі ауыр сырқат. Сондай-ақ: Қайнар ауылының 17 тұрғыны қан дертінен көз жұмды; радиацияға ұшыраған 14 кісі өзіне-өзі қол жұмсады; 170 кісі қатерлі ісіктен қайтыс болды. Сол шағын ғана Қайнар ауылында 28 баланың ақыл-есі дұрыс емес немесе дене бітімі кемтар болып туған. Бір ғана жарылыстың кесапатын тартқан ауылдың қайғы-қасіретті жағдайы, міне, осындай! Бізде жүздеген мың адам радиация залалына тап болды; ұлттың тегіне зақым жасалды. Алда бізді тағы қандай қырғын тосып тұрғанын білмейміз. Қазақстанды қармаған ядролық жарылыстардың, Арал теңізі тақсыретінің, экологиялық апаттың ақыры не боларын кім білсін...
Қайнар ауылын тұмшалаған кесапаттан қаза тапқандар мен тірі өлік болып жүрген кісілердің тізімін Си-эн-Ди басшыларына табыс етемін. Біз бұл жерде нақты ақпаратқа сүйеніп сөйлеуге тиіспіз. Бейбіт уақытта ядролық сынау қырғынына ұшыраған адамдар туралы кітап шығаруымыз қажет...
Бүгінде атом бомбасы құпиялап сыналады. Ағылшын бомбасының АҚШ-та сыналатынын, Франция жасамақ жарылыстарды осында ғана естіп-білдік. Бірақ бұл жариялылықтан не пайда, қарсы күресер дәрменіміз жоқ.
Егер Хиросима мен Нагасакиге жасалған қастандық 1945 жылдың тамызымен шектелсе, қазақ жеріне, қазақ халқына қастандық 1949 жылдың тамызында басталып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
1988 жылдың тамызында Қазақстанда орта және жақын қашықтық зымырандарын жою шарасы басталды. Ол шараға көптеген елдің өкілдерін шақырдық. Ракеталарды жою басталған сәтте біз көктен тілегеніміз жерден табылғандай қуандық. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады: жойылған ракеталардың орнына АҚШ ракеталарымен салыстырғанда неғұрлым жетілдірілген, сапалы жаңалары әкелінгенін естідік.
Сонымен, біз жарқабақта тұрмыз. Қырғиқабақ соғыс артта қалды, батыс пен шығысты аңдыстырған Берлин дуалы құлады. Алайда бейбітшіліктің ядролық қуатпен қорғала алмайтынына (оған Чернобыль қасіреті мысал) көзіміз мың рет жетсе де, ядролық қаруларды сынауды ешқашан ақтауға болмаса да, жарылыстардың әлі де жүргізіліп жатқаны ақылға симайды.
Рас, ақиқаттың талабына орай айтсақ, КСРО әлденеше рет игі ниет танытып, басқа мемлекеттерді жаппай толық қарусыздануға, ядролық сынауларды тоқтатуға шақырды. Бірақ өзі айтқан сөзінде тұрып қалмады. 1985 жылы ғана біржақты тоқтату жариялап, полигондарын біржарым жылға жапты. Өткен көктемнен биылғы 24 қазанға дейін Дегелеңдегі де, Жаңа жердегі де полигондарда атомдық дүмпулер естілген жоқ. Қазақстанның Парламенті КСРО үкіметінен Дегелең полигонын жабуды талап етті. Ол егеменді республиканың талабы болатын, егер халықаралық құқыққа жүгінсек, мұндай республиканың жерінде оның рұхсатынсыз ешқандай сынау жүргізуге болмайды. КСРО Жоғарғы Кеңесі өз кезегінде барлық мемлекеттердің парламенттері мен үкіметтеріне ядролық сынауларды мүлде тоқтатуды ұсынды. Аспан ашылып, көкжиек кеңи бастағандай болды. Жоқ, олай емес екен. КСРО өзінің игі ниет-қадамдарынан бас тартып, 1990 жылғы 24 қазанда Біріккен Ұлттар Ұйымының ықыласымен жыл сайын өткізілетін қарусыздану апталығы басталған күні Жаңа жерде ядролық жарылыс жасады. «Гринпис» («Жасыл әлем») жастарының жарылысты тоқтатуға ұмтылысынан ештеңе шықпады: оларды біздің әскери теңізшілер тұтқындап тастады. Мен өздеріңізбен – Қауымдар палатасының парламентшілерімен кездесіп тұрғанымдай, сол жастармен де кездесіп, Жаңа жердегі жарылыс жөнінде пікір алыстық.
Жарылыс неге жасалды? Дүниежүзілік қоғамдық пікірге қыр көрсету ме, әлде қарусыздану туралы идеяны жоққа шығару ма?.. Жаңа жерде жарылыс жасалған күні «Правда» газетінде «Еліміздің ядролық полигондары үнсіз қала беруге тиіс пе?» деген тақырыппен мақала шықты, ол горбачевтік «жаңаша ойлау» қағидаларына кереғарлықпен әскери теңізшілерді ақтау, баяғы «жау бейнесін» тірілту болды. Мақала авторы сынаулардың жаңа «қалыбы», яғни жарақтану мөлшері, АҚШ-та ядролық қарулардың жаңа түрлері жасалып жатқаны жайында айтып, сондықтан... «қауіпсіздік мүддесі»... негізінде КСРО-да ядролық сынауларды жалғастырған жөн депті. Ол не? Қайтадан қасарыса қарсы тұру, үстем болуға тырысу емес пе?! «Қауіпсіз және алаңсыз» болу үшін... кесапатты қаруды үсті-үстіне жаңалап шығара беру қажет екен.
Сөйтіп, біз егер осы қажетті малдана берсек, алапат апаттың иіріміне тап боламыз, ал оның көлемі беймәлім, біз батып, жұтылып тынамыз!
Ақыл-ой жаппай оянып: «Тоқтаңдар!» деп жар салуға кірісті. Ажал себетін албасты қару-жарақты шығару жарысын дереу тоқтатуға шақыруда. Полигондарды жабуды, жаппай қырғынға ұшырататын қару атаулыны түгел жоюды талап етуде. Бүгін – Еске алу күні. Конвентридің өткен соғыста қиратылған ғибадатханасы алдына таң ата жиналған жұртшылыққа сөз арнаған Кентербери архиепископы осы талап жайында айтты. Бейбітшілікті жақтаушы көпшілікпен Лондонның Вестминстер аббаттығында, Трафальгар алаңындағы Нельсон бағанасы алдында болған кездесулерімізде де сөзіміз сол болды.
Осы ғасырдың соңына дейін тек Ақыл-сана жолымен жүруге күш сала бірігейік! Тоталитарлық идеологияны лақтырып тастап, Берлин дуалын қиратқан, батыс пен шығысты табыстырған Уақыт, біздің назарымызды жалпыадамзаттық құндылықтарға бұрған, біздің жеріміз үшін, келер ұрпақтарымыз үшін ядролық қару-жарақсыз бейбіт өмір орнатуға мүмкіндік берген Уақыт бізден осыны талап етуде. Қазақ Парламентінің өкілі ретінде өз атымнан ғана емес, атом жарылыстарынан шексіз зардап шегуші қазақ халқының атынан сіздерді бейбіт өмір үшін күш біріктіруге шақырамын! Чернобылін радиация күйдіріп-жандырған белорустар мен украиндердің, Жаңа жерді мекендеуші солтүстік жұртшылығының да айтар сөзі осы дей аламын.
Ақылдылық – бірбеткейлік емес, Уақыттың қадір-қасиетін түсіне білу. Уақытты өткізіп алар болсақ, ұлыдержавалық абырой-беделімізден айырылып, атом күліне көміліп қаламыз.
Біріккен Ұлттар Ұйымы келесі 1991 жылдың қаңтарында ядролық қару-жарақ мәселесін талқылайды, соның алдында мына біз ядролық қаруы бар елдердің үкіметтерін Ақыл-сана дауысын тыңдауға мәжбүр етуге тиіспіз!
Лондон 1990 ж.