Белгілі журналист әрі сазгер Бежігіт Сердалы өзінің facebook парақшасында бүгінде қазақ қоғамы болып отырған үлкен мәселенің шетін қозғап пост жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. Ол қоғамдық әжетқана мәселесі. 
Сазгердің айтуынша, қалаға туристерді магниттей тарту үшін алдымен әжетхана мәселесін реттеп алуымыз керек. Сонда ғана біз өркениетті елдердегідей шет елден келген меймандарымызға тазалық мәдениетін көрсете аламыз. 
«Үйден қашық, басқа қалаға не шет елге, немесе алыс жолға шығатын болсақ іштей әрқайсымызды ойландырар бір «проблема» бар: ол &ndash әжетхана мәселесі. «Қайда барып дәрет сындырар екенмін?», «Қала көшелерінде бұл жағы қарастырылған ба?», «Аяқ асты дәрет қысса не істеймін?» т.с.с. 
Мәселен, Еуропада қалааралық автобустың өзінде артқы жағында әжетхана бар. Біздегідей «бір қалыңдау бұтаның маңына тоқтайсыз ба?» деп шопырды мазаламайды; ұйқылы-ояу шаруасын бітіріп, сапарын әрі қарай жалғап кете барады. Ал, Токио көшелерінде әр 300 метр сайын тап-тұйнақтай болып тұрған эко-әжетханаларға кезігесің. Жапония тазалыққа құмар ел ғой, тіпті шалғай мекендерге дейін сырттан ішкі жағы көрінбейтін, іштен сыртқы табиғатты тамашалап отыра беруге болатын әжетханаларды орнатып тастаған. Осы идеяның авторы жапон сәулетшісі Сигэру Банудан мұның мәнісін сұрағанда: «Әжетхана &ndash ең бір лас мекен» деген стеоротипті жою үшін жасай салған жобам еді» деп жауап берген. Чехияда да «адам аяғы баспаған» жердің өзінде қарауылдай қалқайып дәретханалар тұрады. Бір қызығы, барлығы тегін. Ал, бізде екі унитаз, бір қолжуғышын орнатып алып, 50 теңгеден «навар» жинап отырғандар тым болмаса әжетхана тазалығын ойластыруды да білмейді. Қол жуатын суы мұздай, қағазы сатулы, сүлгісі кір-қожалақ...», -  деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Сазгердің айтуынша, бүгінде қала ішінен де жөні түзу әжетхана таба қою екіталай.
«Шүкір, өзге елдердің «жаңашылдығына» біз де ұмтылып жатырмыз. «Логистика» дедік пе, «жасыл аймақ» дедік пе, әйтеуір, Батыс-Қытай тас жолы бойына бірнеше әжетхана соғып тастадық. Аты әжетхана болғанымен, заты қоқысхана дерсің. Онда кіріп, жеңіл-желпі әжетіңді шығармақ түгілі, шыбын-шіркейге таланып, көзің ашып, қолқаңды құсық қамайды...
Енді таяу айларда киелі мекенге еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті шет елден зияратшылар ағылатыны даусыз. Олар табиғат тамашасын қызықтап, асықпай автобуспен сапарлағысы келуі мүмкін. Сондайда, беті аулақ, ұлы сөзде ұят жоқ, үлкен дәреті қысты делік... Не болатынын, не ойлайтынын өзіңіз-ақ бажайлай беріңіз... Сыртының сылағы түскен, есігі жоқ ақ үйшік, дәрет төгетін тесігі бітеліп, сары мұз қатқан лас еден, қоқысы ағылып-төгілген темір жәшік, күн қақтаған «қолжуғыш» бакалашкалар...
Қала ішінен де жөні түзу әжетхана таба қоюың екіталай. Әлдебіреу үйіне кіргізбейді. Кейбір аты дардай мекеме қызметкерлерінің қақаған аязда көршілерінің қисайған дүңгіршегіне барып «әжет шығарып» жүргенін көрдік. 
Қалаға туристерді магниттей тартамыз десек, алдымен әжетханамызды реттеп алуымыз керек сияқты. Халық көп шоғырланатын жерлерде, тіпті көше бойларында сағат сайын санитарлық тазартудан өтіп жататын эко-әжетханалардың тұрғаны жөн. Сонда ғана біз өркениетті елдердегідей шет елден келген меймандарымызға тазалық мәдениетін көрсете аламыз. 
Ал, әзірге алыс жолға памперс киіп шыға тұрғаныңыз абзал», -  деп атап өткен жазба авторы.