«Алтын ордада» базарынан тағы да шу шықты
«Жеті миллион теңге бермесек, орнымыздан айырыламыз!» Алматыдағы «Алтын орда» базарының бір топ саудагері осылай шу шығарды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі КТК.kz-ке сілтеме жасап.
Олардың айтуынша, базар әкімшілігі бұрыннан тұрған шатырлардың орнына жаңа дүңгіршектер салмақшы. Сауда нүктесінен айырылғысы келмейтіндер жеті миллион төлеңдер деп талап қойғанын айтады.
Ал базар басшылығы мұнымен келіспей отыр. Саудагерлердің тұрған жері заңсыз, үш метр ары жылжытамыз дейді.
- Біз күнделікті екі мың теңгеден беріп тұрамыз, екі метр жерге. Мына жерде 7 миллионның да тауары жоқ. Біз ол жерді 7 миллионға сатып ала алмаймыз.
Гүлнәр Тұрлыбаева күннен қалқан болар шатыр астындағы аядай жерде кішігірім саудасын дөңгелетіп отыр. Ұсақ-түйек заттан түсер теңге мардымсыз. «Алтын орданың» кіреберісіндегі 30 шақты шатыр Гүлнәр секілді саудагерлердің жалғыз жан бағыс көзі. Енді «жеті миллион бермесе, орыннан айыраласың» деген хабар төбеге жай түсіргендей болды.
ЖАНАР ҚАЛЫМБЕТОВА, саудагер:
- Шын ба, өтірік пе деп, басшылыққа бардық. «Сатылып жатыр, қалғаны болса аласыңдар, қалмаған болса, кете беріңдер» деді. Бірақ менің басымда 7 миллион жоқ. Жағдайымызды түсінгісі жоқ. Осы жерде тұра беріңдер деген, үшінші павильон біткенше. Осы бастықтар келгенде де «тұра беріңдер» деген. Біз бұл жерді ешкімге сатпаймыз деген сияқты.
«Базар басшылығы базынамызға құлақ аспақ түгілі, бірде-бір рет тілдеспеді» деген саудагерлер директор отырған ғимаратқа барды. Не ішке кіргізбеді, не директордың өзі сыртқа шықпады. Көмекшілері «басқа жақта жүр» деп, әңгімені жылы жапқысы келгенмен, саудагерлердің көпке дейін көңілі көншімеді.
- Жерін 7 миллионға сатам депті, балашағасын немен бағады деп, неге айтпайыздар сіздер? Неге орнынан шықпайды?!
Жанайқайын жеткізген саудагерлерге директордың орынбасары шықты. Айтуынша, жол жиегінде олар тұрған жер әкімшіліктің қарауында. Заңға сәйкес үш метр бері жылжытып, орын ұсынамыз дейді. Кейін шатырдың орнына дүңгіршек орнатамыз деген жоспарымен бөлісті.
ҚАНАТ КЕНЖЕБАЙҰЛЫ, «Алтын орда» базары директорының орынбасары:
- Фирмаларға өтініш бергенбіз. Сол кісілердің смета бағасын шығарып берген. Жеті миллионға дегенде, қазір бәрі арзан емес, материалдарының бәрі сондай. Өз материалдарына бізге өтініш берген. Ол бойынша біздің фирмалар сол жерге салып береді.
Саудагерлер жаңа павильонның құрылысы аяқталғанша, өз орнымызда қалсақ деген базынасын да айтып қалды. Базар басшылығымен қандай мәмілеге келетіні әзірге белгісіз.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz