Әлемнің журналист ғалымдары – журфакта
Ұлттық тәрбиені ұлықтай отыра, өзге елдердің кемелді қырын игеру – заман талабы. Бұл талапты артығымен орындап жүрген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде желтоқсан айының 5-жұлдызында кезекті басқосу өтті. Кездесуді журналистика факультетінің деканы, з.ғ.д., профессор, заңгер-журналист Есберген Алауханов ашып, әлемдегі ең танымал кәсіпқой журналистер ретінде арнайы таңдаумен шақырылғандықтарын айтып өтті.
Кездесу тәжірибе алмасу бағытында профессор Т.Қожекеев атындағы акт залында өтті. Польшадан Н.Коперник атындағы университеттің профессоры Ивона Массака, Өзбекстан елінің танымал журналисі, журналистика жоғарғы курсының жетекшісі, журналистика ғылымының докторы, профессор Құдірет Ерназаров, «Акборат» телеарнасының бұрынғы директоры, профессор Бабұр Әлиханов және Германиядан Журналистер одағының төрағасы Берид Бруссиг, Щвециядан Жоғары журналистика мектебінің медиажетекшісі, Стокгольм университетінің профессоры Вероника Менжун сияқты бір топ тәжірибелі тұлғалармен өткен бұл жиынға факультет студенттері қатысты. Бейресми жағдайда өткен басқосудың соңы қызықты әрі пайдалы әңгіме-дүкенге ұласты.
Әңгіме «Қазақстан және Германия, Польша, Швеция және Өзбекстан журналистикасы: айырмашылықтары мен ұқсастықтары» тақырыбында өрбіді. Қонақтар өз елдерінің ақпараттық кеңістігіндегі соңғы жаңалықтарды, журналистика саласындағы өзгерістер туралы жан-жақты әңгімелеп берді. Мемлекеттік емес БАҚ көлемін 70%-ға жеткізген көрші Өзбек еліндегі сөз бостандығы мен журналистер қауіпсіздігі туралы, әлемде журналистикада қолданыла бастаған мультимедиалық әдіс-тәсілдер жайында, «нарықтық журналистика» турасында студенттер екіжақты пікірсайыс өткізіп, ой жарыстырды.
Мерейлі басқосуға қатысқан факультет ұстазы, профессор Сағымбай Қозыбаев ескі досы әрі замандасы – профессор Құдірет Ерназаровпен салиқалы әрі салмақты ойлары мен кеңестеріне алғыс айта отырып, сыйлы мейманды «Өзбекстан баспасөзінің атасы» деп атады.
Ғылым ретінде де, өнер ретінде де журналистиканың жілігін шаққан төртінші билік өкілдерін іздеп, тауып, студент қауымымен жүздестіруді дәстүге айналдырған факультет еңбегі Тәуелсіз Қазақстанның сөз бостандығы үшін жемісті болары хақ.
Інжу Төлеубаева, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің ІІІ курс студенті