Ел экономикасының жедел өркендеуі ғылыми-техникалық әлеуеттің серпінді дамуын талап етеді. Басты міндет – жаңа ғылыми-техникалық зерттеулердің сапасын түсірмеу. Кеше Алматыда ашылған түркі тілдес елдердің бүкіләлемдік математикалық қоғамының ІІІ конгресінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев осылай деді.
Түркі тілдес елдер ғалымдарының басын қосқан алқалы жиын Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Әлемнің 15 елінен жиналған 600-ге жуық делегат үш күн бойы математиканың алгебра, геометрия, дифференциалдық теңдеулер, қолданбалы математика сияқты түрлі салаларының қазіргі жағдайын талқыға салып, өзекті мәселелерін шешу жолдарын қарастырмақ. Сонымен қатар әр елдің математика саласындағы жетістіктері мен даму болашағын бірге саралап, өзара тәжірибе алмасады. Жиынға қатысушы математиктер «осы уақытқа дейін қол жеткізген іргелі зерттеулерді тез арада өндіріске енгізу қажет» дейді. Сонда ғана арнайы техникалар тәулік бойы шешетін есептерді қазіргі заманғы математикалық әдістердің көмегімен бір-ақ минутта шешуге қол жеткізуге болады. Конгресте қаралатын мәселелердің бастысы да – осы. Жиынның ашылуына қатысқан түркі әлемінің математикалық қоғамының президенті Хилми Хаджисалехоғлы математиктер қауымының әлемнің барлық ғалымдарына түсінікті болатындай әліпби жасап шығаруға қауқары жететінін атап өтті. «Қазіргі ғылыми-техникалық ілгерілік бұл үдерістің жылдам дамуына ықпал етпек. Сонда әлем көптеген жайсыздықтан құтылады», – дейді түркиялық қонақ.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, ҚР Білім және ғылым министрі:
– Жалпы, бүгінде қазақстандық математиктердің деңгейі едәуір жоғарылаған. Олар дүниежүзіне танылып келеді. Мәселен, Уалбай Өмірбаев деген математигіміз әлемнің ең мықты деген ғалымдары 40 жыл бойы шеше алмаған жапондық математик Масиоши Нагатаның есебін шығарып, америкалық сыйлыққа ие болды. Мұхтар Өтелбаев ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Оқушыларымыз да түрлі халықаралық олимпиадаларда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жатыр. Осының бәрі қазақстандық математика ғылымының түркі тілдес мемлекеттер арасында алғашқы шепте тұрғандығын көрсетеді.
Жалпы, түркі әлемінің математикалық қоғамы 1999 жылы құрылған. Оған Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Иран, Қытай, Түрікменстан, Моңғолия, Ресей, АҚШ мемлекеттерінің ірі математик ғалымдары мүше. Алғашқы конгресс 1999 жылы Түркияның Элазыг қаласында өтіпті. 2007 жылы ұйымдастырылған екінші басқосу да сол елде өткізілген екен.
Әлем математиктері Алматыда бас қосты
Последние статьи автора