Алаштың АУЫЛЫ
Бізге жеткен жанайқай
Біз, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Райымбек ауылдық округіне қарасты Абай ауылы Райымбек батыр көшесінің тұрғындары, қар еріген, жаңбырлы кезеңдерде таудан аққан судан зардап шегіп келеміз. Яғни тау суының үйге кіріп, дүние-мүлкімізді бүлдіруі, тіпті үйлеріміздің қабырғаларына сызат түсіріп, іргетасының үгітілуі біз үшін ауылдың ойқы-шойқы жолынан да, басқа да әлеуметтік мәселелерімізден де маңызды болып отыр. Сондықтан жыл сайын көктемгі мезгілде ауламыздан асып, үйімізге кіріп, материалдық шығынға ұшыратып жатқан тау суы мәселесін шешіп берулеріңізді өтінеміз. Айта кетер жайт, тасып үйге кіріп жатқан судан бірнеше жыл қатарынан зардап шексек те, мәселе шешілмей келеді. Жергілікті атқарушы билік те мәселеден хабардар болса да, көңіл көншітерліктей жауап берер емес.
Кеңес Одағы кезінде көше-көшелерді қуалай ағып жататын арнайы қазылған арықтар бүгінде бітелген. Тіпті ауыл сыртындағы арықтарды қоқыс басқан. Нәтижесінде таудан ағып, ауылға келіп жататын тау суы қалаған жерімен жайыла ағып, ауыл жолдарын да бүлдіріп, жертөлеміз суға толып, едендеріміз шіріп жатыр. Жыл сайын үйімізге жөндеу жұмыстарын жүргізгенімізбен, еңбегіміз еш кетіп, жөндеуге жұмсаған ақшамыз желге ұшуда. Үйіміздің қабырғалары кеміріліп, жарықтар да түсе бастады.
Райымбек көшесінің пайда болғанына он бес жылға жуық уақыт өтсе де, мемлекет тарапынан бірде-бір рет жол салынған емес. Жылда өз күшімізбен ақша жинап, көшеміздің жолына жөндеу жүргізіп, тас төсетеміз. Алайда жыл сайын таудан аққан су көше жолының быт-шытын шығарып, көлік түгіл, тұрғындар әзер жүретін жағдайға жеткізеді. Биыл да су тасып, ауламыздан асып, үйімізге кіріп жатқанда, ауылдық әкімдіктен көмек сұрап бірнеше рет бардық. Алайда ауыл әкімі Айдын Әуесбайұлы мәселені шешуге ниет білдірмеді. Тіпті жағдайымызды келіп көруге ауылдық әкімдіктен бір өкіл де келтіре алмадық. Болары болып, судан келген шығын көлемі артқан уақытта ғана келіп, арық жиектеріне құм толы қапшықтар тастатты. Өз күшімізбен арық жолын аршуға көмектесу туралы өтінішімізге орай, әкімдік тракторын жалға беретінін жеткізді. Ал жолды жасап беру туралы өтінішімізге «тек стратегиялық маңызды болып табылатын жолдарды ғана жасау жоспарда барын» айтты. Райымбек көшесінен кейінгі Тәуелсіздік көшесін бұған дейін де бірнеше рет жөндеуден өткізді. Сонда он бес жылда бір рет жөндеу жүргізілмейтіндей Райымбек көшесінің тұрғындарының жазығы не?!
Жыл сайын судың тасып, үйімізге кіруі, тасыған судан үйімізге кіріп-шыға алмай қалуымыз, дүние-мүлкіміздің бәрінің көгеріп, тіпті үй қабырғаларының жарыла бастауы төзімімізді тауысты. Сондықтан сіздердің газеттеріңіз арқылы тасыған тау суына араша болып, мәселені шешуге көмектесулеріңізді өтінеміз.
Үлкен үмітпен, Қарасай ауданы, Абай ауылы, Райымбек көшесінің тұрғындары
Әкіммен әңгіме
Айдын Әуесбайұлы Әуесбай 1981 жылдың 31 желтоқсанында Жамбыл ауданы Үмбеталы ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Білімі – жоғары. М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын құрылысты механикаландыру және автоматтандыру, инженер мамандығы бойынша бітірген. 2006-2008 ж.ж. Жамбыл аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы, 2008-2009 ж.ж. Ұзынағаш селолық округ әкімінің орынбасары, 2009 жылы Жамбыл аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. Ал 2009 жылдың қазан айынан бастап Райымбек ауылдық округінің әкімі болып тағайындалған. Үйленген, бір қызы бар.
Райымбек ауылдық округінің қарамағына Райымбек, Қырғауылды, Абай, Бұлақты, Долан, Құмтоған ауылдары кіреді. Жалпы халық саны – 26 035. Ресми түрде 4 436 мың үй тіркелген.
– Қаншалықты халқыңызға жақын әкімсіз?
– Өзімді барынша халыққа жақын әкіммін деп санаймын. Бұл туралы өзіме қарасты ауыл тұрғындарының кез келгенінен сұрасаңыз болады. Барлық уақытта ауыл тұрғындарына есігім ашық. Қабылдау уақыты бітіп кетсе де, кейде ауыл тұрғындарымен кездесу өткізе беремін.
– Көбінесе халық қандай мәселелерге байланысты шағым айтады?
– Халық көбінесе су, жарық, жол мәселесіне қатысты шағым айтады. Аталмыш мәселелер уақыт өте өз шешімін табуда. Олардың бәрін әп-сәтте орындау мүмкін емес. Мәселен, біз жылына екі көшенің жолдарын қалыпқа келтіреміз. Өйткені бір ауылдың ішкі жолын жасау үшін 30-40 миллион теңге көлемінде қаржы керек. Ал ауданға осы бағыттағы жұмыстар үшін жылына 200-300 миллион теңге қаржы бөлінеді. Ал біз секілді 13 ауылдық округ бар. Оларға қарасты 60 шақты ауыл бар. Енді барлық ауылдың жолын бірден қалыпқа келтірудің қаншалықты күшке түсетінін өзіңіз есептей беріңіз. Сондықтан, ең алдымен, әлеуметтік маңызды, халық көп баратын аурухана, пошта, мектеп секілді әлеуметтік нысандар орналасқан көшелерді жасап шығуға тырысамыз. Бір ғана ауылды мысалға келтіретін болсақ, әкім болғалы Абай ауылындағы 1,5 шақырым саяжай жолын, Абай ауылындағы Мақатаев, Алтынсарин, Әзірбаев көшелерін жөндедік. Ал биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында Абай ауылының кіреберіс жолын қалыпқа келтірдік. Енді қоғамдық көлік жүретін Тәуелсіздік көшесін бірінші кезекте қалыпқа келтіру жоспарда тұр. Айта кетерлік жайт, Қонаев атамыздың 100 жылдығына орай, Қонаев көшесін де жөндеу ойымызда бар.
– Қандай нәрсе ойландырады?
– Ауылға қатысты ойландыратын мәселе көп. Мәселен, су жоқ деп шағым айтып келеді. Ал сәл жоғарыда тұратын көршісі ауызсу үшін тартылған сумен егін суарады. Талай рет ауыл тұрғындарына кездесіп, ескерттім, «арықтарыңызды қазыңыздар, егіндеріңізді арық суымен суарыңыздар» деп. Бірақ құлақ аспайды. Өзінің суды көп пайдалануынан көршісінің судан тарлық көріп отырғанын ойлағысы да келмейді.
– Ауылдық округтеріңізде ісқағаздар қай тілде жүргізіледі? Жаңа менің алдымда алдыңызға кірген кісі орыс тіліндегі өтінішін алып кіріп бара жатты.
– Негізінде, ісқағаздар қазақ тілінде жүргізіледі. Алайда азаматтар өтінішін, арызын қай тілде жазам десе де өз құқы. Оған біз шектеу қоя алмаймыз.
– Бізге Абай ауылының Райымбек батыр көшесінің тұрғындарынан арыз түсті. «Арық қазуға трактор сұрап едік, ақша сұрады» дейді сізді...
– Жоқ, мүмкін емес. Ешқашан ақша сұраған емеспін. Экскаваторды берем, бірақ бос уақытында дедім.
– Халықтың есігінің алдындағы қоқысын жинауға көлік қарастырылған ба?
– Қарастырылған. Олар белгіленген уақытта ауыл көшелерін аралап, қоқыс жинап кетеді. Ауыл сыртына тасталған қоқыстарды жылына екі рет өзіміз жинастырамыз.
– Ал осы бағытта халықпен жұмыстар жүргізуге талпынбадыңыз ба? Мәселен, айыппұлмен қорқытып...
– Қоқыстарды тастайтындар – пәтер жалдаушылар. Қоқыстарын үйден ала шығып, көше шетіне лақтыра салады. Тиісті орындармен келісе отырып, айына бір үйге 800 теңгеден қоқысқа тариф белгіледік. Әр ауланы қоқыс үшін айына 800 теңгеден төлеп тұруға міндеттеп едік. Сосын «менің үйімнен көп қоқыс шықпайды» деушілер табылды. «Онда әр қапшыққа 100 теңгеден төле» деп екінші тарифті бекіттік. Біздің қоқыс салатын контейнер орнатуға шамамыз жоқ. Бірақ әлгіндей халыққа ыңғайлы тарифтермен ауыл ішін таза ұстауға болар еді. Бірақ соның өзін орындамай, ауыл шетіндегі арықтарды толтыратындар толастамай отыр.
– Осы бағытта халықтың сана-сезімі, тәрбиесімен жұмыстар жүргіздіңіздер ме? Мәселен, көше белсенділерін тағайындап, өз көшелерін таза ұстауға міндеттеу секілді жұмыстар жүргізіп...
– Айтып жатырмыз ғой. Бірақ нәтижесіз. Қолмен ұстап алмағаннан кейін оларға дәлелдеу қиын.
ӘКІМНІҢ УӘДЕСІ
– Қазір ауылдың осы мәселелеріне орай, ауданға арнайы көмек сұрап хат жаздық.
Бұрын көктем келе салысымен, халық арығын тазалайтын. Қазір ешкім ондай тазалық жұмыстарын жүргізбейді. Қоқысын тастап, қайта арықты бітеп, қаласа, кез келген жерден суды жырып ала береді. Осы бір ұқыпсыздық мәселенің туындауына себепші болып отыр. Сондықтан алдағы уақытта ауыл тұрғындарының өз ауылдарына деген жанашырлығын ояту мақсатындағы жұмыстарды жандандыратын боламыз. Аудан көмегімен үлкен экскаватор тауып, ауылдың жоғарғы жағынан арнайы арық қазып, таудан ағып келетін суды ауыл сыртынан ағып жатқан өзенге бағыттау жұмыстарын жүргізбекпіз. Осылайша суға кетіп жатқан көше тұрғындарының мәселесін шешуді мақсат етіп отырмыз. Дегенмен ауыл ішіндегі арықтарды қалыпқа келтіруді әлі де болса тұрғындардан талап ететін боламыз.
– Бұл іс нақты қашан жүзеге асады?
– Тамыз айында.
– Уәде ғой?!
– Әрине!
Әкімнің уәдесіне орай, тамыз айында Абай ауылына қайта айналып соқпақпыз. Бірнеше жыл ауыл халқын әбігерге салған мәселе әкімнің рейтингісін өсіре ме, өшіре ме?! Оны алдағы уақытта көретін боламыз.
Немқұрайлылық синдромы
Көз көргені...
Ауыл тұрғындарының жанайқайына орай, мәселені көзімізбен көріп, түйінін тауып, оң шешім табуына мұрындық болу үшін Алматы қаласының шетіндегі Абай ауылына бет түзедік. Біз келгенде көктем шыға аққан тау суының орны құрғай бастапты. Әйтсе де тасыған суға бөгет ретінде үйген топырақ толы қапшықтар, үйлердің іргетасын бойлай көтерілген су іздері тасыған су көлемінің едәуір болғандығынан хабар беріп тұр. Газеттен келгенімізді естіген ауыл тұрғындары жамырап, арыз-шағымдарын айтып, судан келген шығындарын көрсете бастады. Арызда айтылған жайттарға көз жеткізіп, су ағып келіп жатқан ауыл сыртына беттедік.
Негізі, таудан аққан су ауылды жиектей ағып, арықтар арқылы көшелерге ағып кетіп отырған. Ал бір бөлігі ауыл сыртындағы алқаптағы егінді суаруға жұмсалған. Ал соңғы жылдары далалыққа егін егілмей, ауыл ішіндегі арықтар бітелгендіктен, таудан аққан су беталды ағып, еңістеу орналасқан Райымбек көшесі секілді көшелерге жайылатын болған. Ал арықтар қоқыстармен бітеліп, тіпті ауыл сырты қоқыс полигонына айнала бастаған.
Әкімге базына...
Шыны керек, мәселені көзімізбен көрген соң, барды ұқсата алмай, арықтарды қоқыстармен бітеп, Алланың несібесі – таудан ағып келіп жатқан тегін суды игерудің орнына, ие бола алмай, шығынға батып отырған ауыл тұрғындарына да, мәселенің оң шешімін тауып, ауылды ұйытып, мәселенің түйінін шешуге тұрғындарды ұйымдастыруға ықпал ете алмай отырған ауыл әкіміне де өкпеміз қара қазандай болды. Әйтпесе халықпен кеңесе отырып, әрбір ауыл тұрғынының өз үйінің алдындағы арықты қалпына келтіруін талап етіп, әкімдікке қарасты техника көмегімен қоқыстарды жинап, таудан аққан судың өз бағытымен ағып кете беруіне жағдай жасаса, мәселе мұншалықты ушықпас еді. Тіпті сол ауыл белсенділерінің көмегімен ауыл шетіне қоқыстың ретсіз тасталмауын, ауыл тұрғындарының өз ауылына жанашырлықпен қарауына ықпал ете алса, ауыл көркін қашырған қоқыстар да, шығынға батырған арық суы да болмас еді. Егер осындай қарапайым дүниелерді ұйымдастыра алмаса, ауылға әкімнің қажеті не?! Айтпақшы, Райымбек көшесі тұрғындарының бұл мәселесі жыл сайын телеарналардан көрсетіліп, шу болып та жататын. Мәселені өз көзімізбен көрген соң, әкімнің ұйытқы болуы мен халықтың күш біріктіруі жетпей, айғайы алысқа жетіп, түймедей нәрсенің түйедей мәселеге айналып жатқаны қарын аштырды. Ауылдың әрбір мәселесінің шешім табуына әкімнің ықпалы зор. Бүгінде еліміздің әрбір ауылында кейбір осындай ұсақ-түйек нәрселердің дабырасы алысқа жетіп отырғаны да ауылына жаны ашымайтын әкімдердің «арқасы» болса керек.
«Квартиранттық синдром» немесе қоқыс полигонына айналған ауыл
Әкіммен әңгіме кезінде қарамағында-ғы ауыл тұрғындарының қалыпты 26 035-тік көрсеткіштен әлдеқайда көп екенін, яғни пәтер жалдаушылар санымен тұрғындар санының еселей өсетінін жеткізген еді. Ауыл ішіндегі қоқыстың көптігі де пәтер жалдаушылар әрекеті екенін әкім де, ауыл тұрғындары да жасырмады. Негізі, ауыл ішіндегі қоқыстарды аптасына бір рет жинап алып кететін арнайы көлік те бар екен. Әйтсе де қоқыс жинайтын көлікке тиын-тебенін қимаған пәтер жалдаушылар ауылдың кез келген бұрышын қоқыс тастайтын алаңқайға айналдырып алған көрінеді. Ауыл әкімі қоқыстардың пәтер жалдаушылар есебінен өсіп жатқанын көре отырып, пәтершілерге де, үй иелеріне де еш шара қолданбай отырғаны да таңғал-дырды. Өз үйі болмаса да, тұрып жатқан ауылына өз елім ғой деп қарай алмаған пәтершілер әрекеті де қарын аштырады.
Жалқау тұрғындар...
Жалпы, соңғы кездері халықтың мәселені өз қолдарымен ушықтырып, ушыққан мәселеден зардап шеге бастаған уақытта жергілікті атқарушы билік пен жәрдем сұрағанды «құлағына іле қоймаған» Үкіметті кінәлап шыға келуі әдетке айналып бара жатқандай. Әйтпесе көше тұрғындары бірігіп арықтарды аршып, тау суының сылдырын ауласынан естіп, тегін суға бау-бақшасын да суғарып, айналасын қоқыстан таза ұстап отырса, мұндай мәселе туындамас еді. Керісінше, ауылдың ажарына көрік қосылып, тұрғындардың өмір сүруіне де қолайлы жағдай туар еді. Қолына күрек ұстап, әр ауыл тұрғыны өз үйінің алдындағы арықты арши салса, мұншалықты жағдай күрделенбесі анық еді. Ауылына, туған жеріне, өз еліне жаны ашымай отырған ауыл тұрғындарына не дерсің?!
Құлақтандыру
Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Қазақты ауылсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан ауылдарымыздың мәселесіне бейжай қарамай, ауылдарымызды сақтап қалу, тіпті оларды дамыту, гүлдендіру біздің асыл мұратымыз болуы керек. Осы орайда «Алаштың ауылы» арнайы беті арқылы ауылдарымыздың мәселесіне тереңірек үңіліп, ауыл әкімімен біріге отырып, мәселені шешудің жолдарын қарастыруға мұрындық болғымыз келіп отыр. Жыл соңында әкімдердің іскерлігіне қатысты арнайы рейтинг жасауды да мақсат етіп отырмыз. Сондықтан ауылыңыздағы белгілі бір мәселе жаныңызға батса немесе әкіміңіздің іскерлігін сынап, басқа әкімдермен салыстырып көргіңіз немесе жетістігін паш еткіңіз келсе, «Алаштың ауылы» бетіне хабарласыңыз.
Байланыс телефоны: 8 727 388 80 92
Бетті дайындаған Қуаныш Әбілдәқызы Электронды пошта: Kuanish_200405@mail.ru