Алаш АВТО

Алаш АВТО

Арабстандық көлік аңызға айналған жоқ...
Кедендік одаққа кіріп, сырттан келетін тауарлар ортақ кедендік тариф бойынша рәсімделетін болғалы одаққа мүше емес елдерден келетін барлық тауарлардың бағалары үстемеленіп кетті. Бұл – сырттан әкелінетін автокөліктерге де қатысты жайт. Өткен нөмірлерде біз Кедендік одаққа мүше Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясынан көлік әкелудің қыр-сыры туралы сөз еткенбіз. Енді одақтан тыс елдердің бірі, Кедендік одақ құрылғанға дейін ең көп көлік тасылған Біріккен Араб Әмірліктерінен (БАӘ) көлік әкелу туралы әңгімелемекпіз.

Жазирадағы мәңгілік жаз елі
Таяу Шығыстағы Араб түбегіне қоныс тепкен бұл мемлекет нағыз құрғақ субтро­пикалық климатымен ерекшеленеді. Жыл­дың 360 күні бұлтсыз, ашық өтетін бұл ай­мақ­та ең салқын деген желтоқсан, қаңтар ай­ларының өзінде күндіз ауа температурасы +28, түнде +18 градус жылы болады. Ал жаз мезгілдерінде +50 градусқа дейін ми қайнататын ыстыққа тап боласыз. Осындай климаттық ерекшелігіне сәйкес, бұл ел турис­терден жыл он екі ай кенде болмайды. Әсіресе жазғы аптаптың табы қайтқан қыр­күйек айынан бастап, мамыр айының соңына дейін әлемнің әрбір түкпірінен дем­алу­­­шылар ағылады. Парсы шығанағы­ның жылы сулары, құмды жағажайлары, шөлейтті табиғи көріністері, тропикалық өсім­діктердің ылғалды алқаптары, за­манауи өмір тәртібі, еуропалық үлгідегі та­ма­ша ойын-сауық, сауда орталықтары мен шығыс базарлары саяхатшылар үшін қиял әлемі болып көрінеді.
Бір-біріне өте тығыз орналасқан ғима­раттар мен тұрғын үйлер – бұл елде шөлді болса да, жердің тапшылығын байқатады. Қоңырқай түсті зәулім мешіттері сияқты сирек атрибутикасы мен ғимараттардың маңдайшасына ағылшын тілімен қатар араб тілінде жазылған атаулары болмаса, бұл қаланың араб мемлекетіне тиесілі екендігін аңдау қиын болар ма еді деген ойға қаласың. Өйткені аз ғана уақыт отар­ла­са да, ақсүйек ағылшындардың әлемдік тілі мен мәдениеті, құрылысы өз таңбасын аямай қалдырған.
Автобазарда
БАӘ-ге автокөлік қарай келген авто­әуес­қойлардың ә дегеннен маңдай тірейтін жерінің бірі – БАӘ-нің сауда-саттық әрі өндірістік әмірлігі – Шарджа қаласы. Себебі осы жерде қаладағы ғана емес, әмір­ліктердегі ең ірі автокөлік базарлары­ның бірі – Әбу Шағара автокөлік базары орын тепкен. Базар аптаның жұма күнінен өзге күндері таңғы 10-дарға таман толық ашы­лады. Толық ашылады деуіміздің өзін­дік себебі бар. Көптеген Еуропа мемле­кет­тері мен біздің елдегі автокөлік базарынан бұл қаладағы базардың ерекшелігі – қала ішіндегі өзі аттас ықшам ауданның терри­тория­сына орналасқан. Яғни базарды ықшамаудандағы тұрғын үйлер мен ресми ғимараттардың төменгі қабаттарынан ашылған, өздері «шоу-рум» деп атап кеткен кішігірім автосалондар құрайды. Ішкі аумағына бес-алты, сыртына бес-алты авто­көлік сыятын бұл шоу-румдар­дың қожайындары, негізінен, арабтар, ал сату­шы қызметкерлері үндістер мен пәкіс­тан­дықтар болып келеді. Осындай жүзде­ген шоу-румдар жинала келгенде Әбу Шағара­дағы автокөлік базарын құрайды. Бұл ба­зар­лар жұма күні сағат 16:00-ге дейін дем­ала­тындығын қоспағанда, аптаның барлық күнінде таңғы 10:00-ден түнгі 23:00-ге дейін қызмет атқара береді. Түскі үзіліс 12:30-дан 16:00-ге дейін созы­ла­ды.
Әлқисса, әлгі базарды толық аралап, қа­жетті көлігіңізді тауып, саудаласып жат­саңыз, өзіңіздің қайдан келгеніңізді айт­паға­ныңыз абзал. Өйткені сіздің қазақстан­дық екеніңізді әу бастан біліп алса, сатушы автокөлік бағасын түсірмей, тіпті қымбат­татып жіберуі мүмкін. Себебі Кедендік одақтың ортақ кедендік тарифтері күшіне енген­ге дейінгі «көлік тасу науқанында» біз­дің автоәуесқойлар мұнда лап қойып, көп саудаласпастан, бүкіл шығындарымен қоса есептегенде біздің елдегі бағадан бір­шама арзан болса болды, сатушы қойған бағаға автокөлікті сатып алып, мұндағы сату­шыларды әбден «жаман үйретіп» қой­ған. Содан мұндағы сатушылар арасында «Қа­зақстан мен оның тұрғындары шіріген бай» деген түсінік қалыптасқан.
Бір айта кетерлігі – шоу-румнан алатын болсаң, автокөлік құжаттарын рәсімдеу әрі кет­кенде екі-үш сағат уақытты алатын шаруа екен. Төлқұжат көшірмесі мен көлік құнын төлеп кетіп, екі-үш сағаттан соң келсеңіз, көлік экспорт нөмірін алып, дайын тұрады.
Әмірліктерде шетелдіктердің көлік жүргізуі де айтарлықтай қиын мәселе емес. Бар болғаны төлқұжатыңыз мен жүргізуші куәлігіңіз жаныңызда болса болғаны. Алайда тағы бір ескеретіні – көк түсті экспорт нөмірлермен біздегі транзиттік нөмірлер сияқты тек күндізгі уақытта жүруге рұқсат етілген. Осылайша бір темір тұлпарды тізгіндеп алып Әбу Шағарадағы ғана емес, жақын орналасқан порттық Аджман қаласындағы автокөлік базарын, Дубайдағы Әл-Авир базарларын автокө­лікпен аралауға болады. Мұндай саяхаттың тиімді жақтары көп. Біріншіден, әмірлікте біздегідей аузы-мұрнынан шы­ғарып адам тиеп, бір-бірімен жарысып жүр­ген автобус, троллейбус сияқты қоғамдық көліктер көзге түспейді. Олардың орнына арабстан жолдарымен қолданысқа түскеннен бастап, кем дегенде 500 мың шақырым жүріп қызмет етпейінше, «арқасынан ер түспейтін» жеңіл көлік таксилер жүйткиді. Оның бағасы әу дем жерге біздің теңгеге шаққанда 400 теңгеден басталып, одан әрі шарықтай береді. Ал бұл қалтаға ауыр тиеді. Екіншіден, автокөлікпен аралай отырып, саяхат жасап, ел мен жер көресің. Осы мақсатпен жолға шыққанда тағы біршама жайтқа қанығасыз.
Алдымен үлгі ететін мысалдардан баста­сақ. Арабстанда ең бірінші қымбат нәрсе адам өмірі екен. Куә болған жол-көлік апаты соны аңғартты. Алдымызда кетіп бара жатқан көлік өз алдындағы өте қымбат шет- елдік көлік кілт тоқтап қалғандықтан, аңдаусызда артынан соғып кетті. Апат орын алысымен, алдыңғы қымбат көліктен атып шыққан жас жігіт жүгіріп келіп, өзін соққан көліктің есігін ашып қалды. Осы сәтте өзіміздегідей қып-қызыл жанжалдың куәсі боламыз ба деген ой бір сәтте жоғалып кетті. Әлгі жігіт жүгіріп келіп өзін соққан автокөлік жүргізушісін жалма-жан аман-саулығын тексеріп, сабырға шақырып, басу айтып, жұбатып, өз көлігіне барып отырды. Іле-шала келген сақтандыру компаниясының өкілдері екі тарапты бітістіріп, жөндеріне кетті. Бүкіл процесс бар-жоғы 15-20 минутқа созылды.
Екінші бір үлгі етуге болатын мысал – жолдың дұрыстығы. Тегістігі, сапалылығын былай қойғанда, қаладағы болсын, даладағы болсын, екі жақты көлік қозға­лысының бәрінің арасы жиектаспен бөлінген. Яғни біздегідей жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, көптеген апаттарға себеп болатын жайлардың бәрінің алдын мәдениетті түрде алған. Қала берді, көп жерге бейнекамералар орнатылған. Ал қалааралық автобандар туралы әңгіме тіпті бөлек. Бір бағыттың өзінде алты көлік қатар қозғала алатындығын былай қойғанда, қарсы жақ бағыттың ортасын белуардан келетін жиектас, оның үстін кісі бойынан асатын темір тормен бөліп тастаған. Мұндай жағдайда қарсы бетке көлік түгіл, жаяу жүргіншінің кесіп өтуі – мүмкін емес жай. Ал жол айырықтарының қиындығы өз алдына. Егер өзіңе қажетті бұрылыстан аңдаусыз өтіп кетсең, алдың­дағы келесі қаладан барып кері бұры­лып келуге тура келеді.
Жол бойының тәртібін өзге шетелдер­дегі­дей полиция патрулі қадағалайды. Посткеңестік мемлекеттердегідей арнайы жол полициясы деген қызмет жоқ. Жүр­гізу­шілер ғана емес, жүргіншілер де поли­ция­дан өте қатты қорқады. Себебі заңы да, қолданатын жазалау шаралары да қатал, айыппұл мөлшері көп. Қарапайым ғана мысал, бізде қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 5 АЕК, шамамен 8655 теңге көлемінде айыппұл салынатын болса, мұнда бұл тәртіп бұзушылық үшін 200 АҚШ доллары, яғни 31000 теңге көлемінде айыппұл салы­нады. Ал полицеймен біздегідей «келі­се салу» тіпті де мүмкін емес. Егер мұндай жағдайға тап болсаңыз, әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілікке тартыласыз. Тағы бір қызығы – әмірлік көшелерінде жаяу жүргіншіге арналған жолды кесіп өтетін өткелдер жоқтың қасы. Сондықтан автокөлігіңізбен ағызып келе жатып аяқастынан ортадағы жиектасты аттап-пұттап өте шыққысы келіп, жол орта­сына аптығып атып шыққан үндісті не бол­маса пәкістандықты қағып кету қаупі жо­ғары. Сол себепті әмірлік жолдары жүр­гізу­ші ғана емес, жаяу жүргіншіден де аса үлкен сақтықты талап етеді.
Мәдениеті
Халқының құрамын мемлекет негізін құраған 600 мың арабтан басқа, өзге араб мемлекеттерінен келіп қоныстанған жалпы саны 2 миллион арабтан өзге 2,5 миллион үндіс, пәкістандық, филиппиндік, неапал­дық, ирандық, еуропалық азаматтар құрай­ды. Қоғаммен байланыс, қызмет көр­сету саласында әйел заты өте сирек кездеседі. Бола қалған күнде де ол, негізі­нен, шетелдік азаматша болып шығады. Әйел затын намысым деп танитындықтан бол­са керек, мемлекет заңының өзінде араб азаматына ислам дінін қабылдаған жағ­дай­да өзге ұлттың азаматшасына үй­лену­ге рұқсат берсе де, араб азаматшаларға өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығуға қатаң түрде тыйым салған.
БАӘ-ді мекен еткен халықтың саудаға икемділігі байқалады. Тіпті халықтың қо­ғам­дық өміріне зер сала отырып, бұлардың өмірінің негізі тек бизнеске құрылған ба деп қаласың. Біздегідей ұлттық, діни мәсе­ле­лер үшін қызылкеңірдек болу, мемлекет­тік идея үшін жан алысып, жан берісе күресу, сол салада еңбек ету деген сияқты альтруистік идеялар күлкілі көрінеді. Содан да болар, біздегідей гуманитарлық салаға арнап оқу орындарын ашып, оны қаржы­лан­дырып, мамандар даярлау кісі ақылына сыймайтын іс болып көрінеді. Ел халқынан да мұсылман мемлекеті болғаны­мен, ақша үшін қара­па­йым адамгер­шілік прин­­цип­терін аяқ­қа тап­тап кете беретін көзсіздік байқалады. Бұл елді хаосқа апар­май, ұстап тұрған ис­лам­­ның гуманистік прин­цип­тері емес, қа­таң заң ғана ма деген ойға қаласың.
Себебі қарапайым сауда-саттық кезінде туын­дайтын түсініспеу­ші­ліктер, уағдадан таю, ақысыз, тек адамгерші­лік мақсатта қол ұшын соз­бау кездесіп тұра­ды. Мұндай жағдайда араб­ты болсын, ажамды болсын, Алланың атын айтып, жасаған қиянаты үшін Құ­дай­дан қорықса деп тәубасына келтіру қиын­дау. Жергілікті жұртты мұндай жағ­дайда жазалаушы органның атын ауызға алып қана сабасына түсіресің. Әйт­песе, оллаһи деп тұрған кез келген мұсыл­маның сазға отырғызып кетуі ғажап емес...
Алынған көлікті жеткізу
Сонымен, көңіліңіз қалаған көлігіңізді сатып алып, экспорттық құжаттарын рә­сім­­­дедіңіз делік. Енді мұны аман-есен елге жеткізу деген мәселе туындайды. Не көп, жүк тасымалдаумен айналысатын компа­ния­лар көп. Алайда бір кездері мыңдаған көлік жеткізуді мойнына алып, Иранға жеткізіп, банкрот болып, мыңда­ған қазақстандық клиентінің обалына қалған Sepid Trading секілді жауапсыз компанияға ұрынып қалу ықтималдығы барын ұмыт­пау керек. Жақсы тасымал­даушы ком­пания тауып, оған көлігіңді «аманат етер­дің» алдында тағы бір басын ашып алатын мәселе – көлікті еліміздің қай қаласына жіберетініңіз. Тасымал бағасы мен мерзімі де соған сәйкес бола­ды. Көлік тасымалы негізінен БАӘ-нің Шарджа мен Аджман қалаларының порт­­тарынан жүзеге асады. Көптеген тасы­малдау компаниялары көлік тасы­малында үшін кеме, теміржол және көлік тасушы авто­көліктер секілді транспорт түрлерін қол­данады. Төменде тасымалдау компа­ния­лары қызметі туралы кестені ұсынып отыр­мыз.
Сонымен біз Кедендік одаққа кіргелі айтарлықтай саябырсыған шетелден көлік әкелудің қыр-сыры туралы (БАӘ мысалында) сөз еттік. Енді сол шетелдер­ден әкелінген көлікті кедендік рәсімдеу, оны жергілікті жердегі Жол полициясы бөліміне тіркеуге қою туралы нақты мысал­дармен осы беттің келесі мақала­сында егжей-тегжейлі әңгімелейтін бола­мыз.


«АвтоВАЗ» қазақстандық автозауыт акциясының ширегін сатып алды
Ресейлік «АвтоВАЗ» компаниясы қазақстандық «Азия Авто» үлесіндегі акцияның бір бөлігін иемденді. Нәтижесінде ресейлік компания 25% және 1 акцияға ие болса, қазақстандық «Бипек-Авто» ЖШС-нде 50% және 1 акция қалды.
Өзара әріптестік жөніндегі келісім-шарт­қа сәйкес, Қазақстанда жылына 120 мың автокөлік шығаратын толыққанды өнді­ріс орны ашылатын болады. Инвести­ция­ның жалпы көлемі 400 млн долларды құрай­ды. Мұндай жағдайда Қазақстанда тек дайын қосалқы бөлшектерді құраумен ғана айналысатын зауыттың орнына, кө­лік­тің шанағын құрастырып, бояп, бөл­шектерін құрастыратын толыққанды зауыт дүниеге келмек.


2015 жылдан бастап шағын көліктер қолжетімді болмақ
Қазақстандықтар екі жылдан кейін қозғалтқыш көлемі кіші шағын көліктерді жеңілдіктер жүйесімен сатып алатын болады. Бұл туралы экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлімдеді.

2014 жылдың көктемінде салық же­ңілдіктерін қайта қарастыруға бағытта­л­ған жұмыстар аяқталуы тиіс. «Қай сала­лар­­­ды ынталандыруымыз керек екен­­­­­дігін өзара анықтап алуымыз қажет. Соның ішінде өзгерістердің көпшілігі ер­теңінде-ақ халықты қозғалтқыш көлемі бір жарым литр болатын автокөліктерді сатып алуға итермелейтін жеңілдіктерге бағытталған. 2015 жылдан бастап, үнем­ді автокөліктерді сатып алуға ынта­лан­дыратын өзгерістер күшіне енетін бо­лады,» – деді министр Ерболат Досаев.


Кедендік рәсімдеу туралы
Жоғарыдағы мақалада біз Ке­ден­дік одақтан тыс шетелден автокөлік әкелу туралы баяндадық. Енді сол әкелін­ген көлікті кедендік рәсімдеу машақатына тоқталсақ...
Тауар мен көлікті кедендік рәсімдеу үдерісі тауарды кедендік тазарту деп аталады. Бұл жағдайда ҚР заңдарында көрсетілген кедендік, салықтық алымдар мен төлемдер төленіп, кедендік дек­лара­циялар толтырылады. Мұндай сырт­тан әкелінген автокөлікті кедендік тазарту кезінде меншік құқығы мен көлік бағасын растайтын бірқатар құжаттар, автокөлікке алынған сәйкестілік серти­фикаты, белгіленген тарифтік мөлшер­лер­мен төленген мемлекеттік алымдар, қосымша құн салығы мен кейбір жағ­дай­да акциз салығы төленгендігін рас­тай­тын түбіртектер талап етіледі.
Автокөлік Қазақстан Республикасы­ның, яғни Кедендік одақтың шекара­сынан өткеннен кейін, өткізу аймағында өкілетті тұлға ішкі кедендік транзитті (ІКТ) рәсімдеп жатқан кезде автокөлікті жеткізу мекенжайы мен мерзімі көрсеті­леді. Ішкі кедендік транзит (ІКТ) авток­ө­лік шекарадағы өткізу бекетінен кедендік рәсімдеу өтетін межелі жерге кедергісіз жетіп алу үшін қажет. Межелі жерде көлік иесі көлігін уақытша сақтау қойма­сына (УСҚ) қойып, көлік түгелдей кеден­дік тазартудан өткеннен кейін ғана көлігін алып кете алады. Көлік УСҚ-да екі ай уақытқа дейін тұра алады. Қажет болған жағдайда мүлік иесі жазбаша арыз жазып, тағы да екі айға создыра алады. Осы уақыт аралығында көлік иесі немесе оның өкілі кедендік рәсімдеуге қатысты барлық құжаттарды рәсімдеп үлгеру қажет. УСҚ-ның қызметі ақылы бола­тындықтан, рәсімдеу ісін кейін ше­г­еру тиімсіз.
Қазақстан Республикасы аумағына автокөлік әкелген адам кедендік декла­ра­циялаудың екі түрінің бірін таңдай алады.
Алғашқы түрінде азамат тауардың жүк декларациясын (ТЖД) толтыру ар­қы­лы рәсімдейді. Мұндай жағдайда ТЖД толтыру арнайы рұқсатты талап ете­тін қызмет түріне жататындықтан, мен­шік иесі кедендік өкілмен (кедендік брокер) келісімшартқа отыруы қажет. ТЖД толтыру қызметінің бағасы шама­мен 100 евроның айналасында. ТЖД бойынша декларациялау кезінде кеден­дік баж салығы Кедендік одақ елдерінің ортақ кедендік тарифын басшылыққа ала­ды. Бұған қоса, меншік иесіне көлік­тің жиынтық құнының (автокөліктің ба­ға­сы, тасымал құны, кедендік рәсімдеу мен тіркеуге қою шығындарын қоса есеп­тегенде) 12% мөлшерінде ҚҚС тө­леу керек.
ТЖД бойынша кедендік төлемдер:
автокөліктің бағасы мен шыққан жылын:
автокөліктің қозғалтқыш көлемі мен шыққан жылын басшылыққа ала отырып төленеді.
Төлемге осы екеуінің сомасы көбірек шыққаны қабылданады.
Кедендік рәсімдеудің екінші түрі – дек­ларациялаудың жеңілдетілген түрі деп саналады. Бұл жағдайда көлік иесі ке­дендік кіріс ордерін толтырып, кеден­дік жиынтық төлем (КЖТ) төлеп, барлық құ­жаттарды өзі рәсімдей алады. КЖТ бойын­ша бір ғана жиынтық төлем жа­салып, ҚҚС төлеудің қажеті жоқ.
Енді мысалдарға кезек берейік.
1-мысал. 2013 жылғы сол БАӘ-ден 23 000 долларға алынған Toyota Camry автокөлігін алайық. Осы көлікті алғашқы үлгімен, ТЖД бойынша рәсімдейтін болсақ, кедендік салым оның құнының 30% мөлшері шамасында, бірақ қоз­ғалт­қыш көлемінің шаршы сантиметріне 2,15 евродан кем болмау керек. Яғни оның кедендік төлемі 6900 евро ша­ма­сында болып шығады. Оған 12% ҚҚС, декларация ақысын қосатын болса­ңыз, түгел рәсімдеуге 11 000 АҚШ доллары көлемінде шығын шығатынын көруге болады.
2-мысал. Ал енді дәл осы көлікті екінші үлгімен, КЖТ бойынша рәсімдей­тін болсақ, кедендік салым оның құны­ның 48% мөлшері шамасында, бірақ қозғалтқыш көлемінің шаршы санти­метрі­не (2,5 литр) 5,5 евродан кем бол­мау керек. Егер 23 000 АҚШ доллары­ның 48%-ы алғашқы үлгідегі ТЖД есебіне сәйкес келгенімен, қозғалтқыш көлемі 2,5 литр болатын көліктің шаршы сантиметріне 5,5 евродан есептегенде 18160 АҚШ долларына айналады. Кеден қызметі жоғарыда айтқанымыз­дай, сомасы көп, соңғы 18 160 АҚШ дол­­лары нұсқасын таңдайды. Сондық­тан егер жаңа көлік алсаңыз, сізге кеден брокерлерінің көмегіне жүгініп, ТЖД бойынша (біздің мысалда11 000 АҚШ доллары) рәсімдегеніңіз тиімді.
3-мысал. Егер әкелген автокөлігіңіз үш-бес «жас» аралығында болса (яғни жаңа емес), екінші КЖТ бойынша рәсімдеген тиімдірек. Мысалы, тағы сол Toyota Camry көлігінің мысалында ала­тын болсақ, 2008-2009 жылғы бұл көліктің қозғалтқыш көлемі 2400 шаршы сантиметрді 3 евроға көбейтеміз. Сонда 7200 евро, яғни 9550 АҚШ дол­лары көлемінде болып шығады.
Тағы бір айта кететіні, егер қолда­ныл­ғалы үш-бес жыл болған, қозғалт­қыш көлемі 1000-1500 ш.см көлемін­дегі автокөлікті әкеліп, осы КЖТ фор­ма­сымен кедендік рәсімдеген жағдай­да шаршы сантиметріне 1,7 евродан есептеп, айтарлықтай төмен төлеуге болады. Мысалы, БАӘ-ден әкелінген қозғалтқыш көлемі 1,3 л, 2009 жылғы Mitsubishi Lancer автокөлігінің кедендік жиынтық төлемі 2210 евроға, шамамен 449 мың теңгеге (1300ш.см х 1,7 евро = 2210 евро) шығады.
2013 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасы аумағына кір­гізі­летін көліктердің ЕВРО-4 халықара­лық стандартына сәйкес келуі қажет. Бұл стандартқа сәйкес келмейтін көліктер кедендік тазартудан өткізілмейді де, Жол полициясы органдарында есепке тұрғызылмайды. Сол себепті көлік әке­лер алдында осы стандарттың кестесі­мен танысып алған артықтық етпейді.


Бетті дайындаған Нұраддин Рысбайұлы

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста