Алаш АЙМАҚ

Алаш АЙМАҚ

«Көне Тараздың» қазақ тарихына қосар үлесі мол
Қасиетті Тараз топырағының астында әлі де аршылмаған қаншама қазына жатыр екен? Өйткені жыл жылжыған сайын археологтердің күрегі тиген әр аймақтан қазақ тарихына қомақты үлес қосатын жәдігерлер табылуда. Табылмағаны қанша әлі. Қала ортасындағы ескі базарды көшіру мәселесі кезінде талай дауға тамызық болғаны бар. Ақыры бұл мәселе шешімін тауып, бүгінде қазба жұмыстары жүргізілуде. Табылған олжа аз емес. 33 мыңнан астам құнды мұра қазылып алынды. Қазба барысында көне Тараз  қаласының құрылыстары аршылды. Ғалымдар сәулет өнерінің бұл түрі Х-ХІІ ғасырларға тән деп болжам жасап отыр.

                                                     Абай ОМАРОВ (коллаж)

Археологиялық жәдігерлердің арасын­да мамандардың өзін таңғалдырған дү­ние­лер аз емес. Кейбірі бүтін күйінде бір жері бүлінбестен сақталған болса, енді бірі­нің сынықтары табылған. Олардың арасында әртүрлі пішіндегі құмыралар, шырағдан, дәрі-дәрмек құтылары да бар. Тіпті сол заманның өзінде парфюмерлік иіссулар сақтауға арналған сфераконустар­дың болғаны ғалымдарды қызықтырып отыр. Зерттеуге тұрарлық дүние деп құл­шынып отырғандар да жоқ емес. Табылған заттар шыңылтырлы бояулармен  әрлен­ген. VII ғасырдан  басталатын Түркештер дәуі­ріне жататын қараханидтер әулетіне тән мыс және күмістен  жасалған тиындар­дың  та­былуы да қазба жұмысының ең басты ол­жа­сы болып отыр. Қазылып жат­қан қала­шық­тың  жалпы аумағы он  гектар жерді құ­рай­ды. Қазба барысында  табыл­ған тари­хи жәдігерлердің қазақ тарихына қосар сү­белі үлесі мол. Қазба жұмыстары осы саланың білгір маманы археолог, акаде­мик Карл Байпақовтың жетекшілігі­мен жүргі­зі­ліп жатқаны белгілі. Мұнда табыл­­ған ірі ол­жаның бірі – шығыс монша­сы. Монша ма­ңы­нан көне тиындар мен құ­­мыра бұйымдар өте көп қазылып алын­ды. Қазба жұмыста­рын жүргізіп жатқан ма­мандар күрек пен қайланың ғана кө­мегіне жүгінбей, соңғы технология бо­йын­ша жаб­дық­талған ар­на­йы құралдар­мен жұмыс істеуде. Соны құрал­дың артық­шылығы көп. Бұрын архео­логтер бірнеше метр тереңдікке дейін қаза беретін. Ал заманауи құрал көне мұралар­дың қанша метр тереңдікте, қандай аумақ­ты алып жатқанын дәлдікпен анықтай алады. Соның арқасында археологтердің жұмысы жеңілдеп отыр. Құрылғымен жүр­гізіл­ген зерттеудің нәтижесінде қазба жұмыстарын тағы 1 гектарға кеңейтуге тура келді. Өйт­кені сол құрал арқылы жаңа қазба орын­дары анықталып отыр. Академик Карл Бай­пақов бір емес, бірнеше музейге сы­йып кететін көп жәдігерлер табылғанын алға тартып, мұраларды қоятын мұражай ашу идеясын ұсынған болатын. Оның сол базар маңында болғанын да қолдайтынын айтқан еді. Білікті маманның тың ұсынысын жергі­лікті ғалымдар да қолдап отыр. Араға біраз уақыт салып, көне базар толық ар­шылып алынған соң ашық аспан астындағы мұражай ашуға мүмкіндік мол көрінеді. Осыған орай ЮНЕСКО-ның Ташкенттегі  өкілдігі мен Париждегі штаб-пәтеріне  ұсы­ныстар  жіберілді.  Егер  бұл тарихи орын ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілсе, жәдігерлер сол аршылған қалпында сақталып, көпшілік назарына ұсынылады. Тек елімізде ғана емес, бүкіл әлемге танымал болмақ. Сонда әлемнің әр түкпірінен ту­рис­тер легі ағыла­тын болады.


Жамбылдың жампоздары мен тарландары
Қазақта асыл азамат­тар көп. Солардың басым бөлігі – Жамбыл жерінен қанат қаққан­дар. Ұлттың рухани қуатына қуат қосып, талай жасампаз істің жаршысы болған да – жам­былдық өрендер. Оларды түген­­деп отыру, ерен еңбектерін паш ету бүгінгі­лердің міндеті емес пе? Ендеше… Дәстүрлі ән мектебінің негізін салған Кенен Әзірбаев, қа­зақ­­тың ұлы қобыз­шысы Ықы­лас Дүкен­ұлы салған сара жол­ды жал­ғас­тырған дарабоздар қаншама!
   Абай ОМАРОВ (коллаж)
Жамбыл жерінде мемлекет қайрат­кері Тұрар Рысқұловтың ізі жатыр. Асан­бай Асқаров, Екейбай Қашағанов сияқты көрнекті тұлғалар да – осы Жамбыл облы­сы­нан. Қазақтың атын шығарған тау тұлға Бауыр­жан Момышұлының өзі –бір төбе. Ұлтын қалай сүюді кейінгілерге үлгі етіп кеткен Баукеңе деген құрметтің ізі өшпек емес. Қазақ әдебиетіне сүбелі шығарма­лар қосқан Шерағаң – Шерхан Мұрта­за­ның қасиетті Жамбыл өңірінен шыққа­нын жерлестері мақтаныш тұтады. Желтоқсанда қазақтың атын аспан­дат­қан Қайрат Рысқұлбеков те киелі мекеннің тумасы болмаса, асқан ерлікке барар ма еді?! Қазақтың саусақпен санарлықтай талантты ақын қыздарының көшін бастаған Күләш Ахметова да осын­да, Таразда, тұрады. Халықаралық «Алаш» әде­би сыйлығының лауреаты, ақын Ма­рал­тай Райымбекұлы да – жамбылдықтар­дың мақ­таны­шы.
Тараз топырағы өнер саласында өзіндік өрнегімен танылып жүрген таланттардан да кенде емес. Мемлекеттік сый­лықтың иегері, композитор Алтынбек Қоразбаев – Жамбыл облысының түлегі. Жыршы-термеші Аяз Бетбаев сынды өнер иелері кезінде көрермен көзайымы­на айналып еді. Тараздың топырағында аунап өскен, талант­ты эстрада өрендері бүгінде жетіп ар­тылады. Саят Ме­деу­­ов, Досымжан Таңатаров, Мақсат Ба­зар­баев, Гауһар Қаспақова, Мейрамбек Беспаев, Айгүл Иман­баева­ларды кім танымайды? Қазақ театр-кино өнерінің ерекше жарық жұл­дызы Асанәлі Әшімов пен Тұңғышбай Жа­манқұловтың да кіндік қаны Тараз топырағына тамға­нын біреу білсе, біреу білмес.  Қазақстан­ның  даңқын асырған спортшы саңлақ­тары­мызды айтпай кету­ге болмас. Тұң­ғыш Олимпиада чемпио­ны Жақ­сылық Үшкемпі­ров­ те – Жамбыл өңірінің тумасы. Арыда әлем және Еуропа чемпиона­тының алтын ал­қасын таққан боксшылар Серік Қонақ­ба­ев, Болат Жұмаділовтердің соны соқпағын жал­­ғастырған саңлақтар аз емес. Кәсіпқой бокстан әлем чемпио­ны Марат Мәзімбаевты мақтан тұтатын­дар көп. Алтын қолғап иелері Ермахан Ыб­райым­­ов пен Бақтияр Артаев Олим­пиада чем­пио­ны атағын жеңіп алғаны­ның өзі – бір төбе. Атақты балуан Ислам Байраму­ков та осы топырақтан өрбіген. Одан бері­де былтырғы «Қазақ­стан барысы-2012»-нің жеңімпазы Бей­біт Ыстыбаев тек жам­былдықтардың ғана емес, бүкіл елі­міз­дің мақтанышы деу­ге болады. Осын­дай жамбылдық жампоз­дардың ізін бас­қ­ан талай талант­тар әлі өмірге келеді. То­п­ырағы киелі Тараз өңірі еш уақытта да талант­тардан кенде болған емес өйткені…


Бір отбасының 500 баласы
Тағдыры таңғажайып жандар Жамбыл облысында жетерлік. Соның бірі – жасы 100-ге жуықтаған Фаме Фу Лин әжей. Биыл неменесін, яғни алтыншы ұрпағын көріп отыр. Бұл отбасының өзгелерден ерекшелігі – бір шаңырақтың астында 120 адам тұрады. Бір ғасыр жасаған ана бала­ларын алысқа ұзатпай, өзінің айналасында қоңсы қондырған. Ана­лары­ның туған күнімен құттық­тап келгенде бір мезетте дастарқан басына бір отбасының 500 жаны жай­ғасады. Кейуананың өзінен тар­а­ған балалары 12. Одан тараған 79 немере, 339 шөбере, 69 шөпшек, 1 немене сүйіп отыр бүгінде.

Тұңғыш немересі биыл 63-ке то­лып­ты. Фу Линдер отбасы Жамбыл облысы Қор­дай ауданына қарасты Сортөбе ауы­лында тұрады. Әрі ұзақ жасаудың сыры да осы ерінбей еңбек етуде деп біледі. Ауыл шаруашылығында бел жазбай жұмыс істеген. Ұлы Отан соғысы кезінде тыл­да маңдай терін төгіп еңбек еткен. Бей­біт заман орнағанда сол еңбегі ес­кері­ліп Еңбек Ері деген атақ алыпты. Үрім- бұтағын да өз кәсібіне баулыған, бү­гін­де бәрі де диқаншылықпен айналыса­ды. Фаме әжей 1913 жылы дүниеге ке­ліпті. Белгісіз себептерге байланысты туу ту­ралы куәлігінде қате кеткен. Сауатсыз ма­мандардың салдарынан кеткен қате­мен есептесек, кейуананың жасы биыл 93-те болуы керек екен. Ал әжей өзінің нақ жасы 100-де екенін айтады. Өмірдегі өкіні­ші ретінде шалының ерте, 70 жа­сында, о дүниелік болғанын айтады. Де­генмен көрген де бар, көрмеген де бар, өзінің бүгінде немене сүйіп отырғанына қуа­нады. Кішкенелерінің у-шуына әбден бойы үйреніп қалған әжей олар сабаққа кеткенде үйдің тынышталып қалатынынан мазасызданады екен. Кешкісін бәрі дастар­қан басына жиналғанда нағыз мере­ке сол деп есептейді. Немере-шөберелерінің атын жатқа соғатын әжей тек шөпшектерінің атын шатастырып алатынын айтады. Мұны, әрине, жасы келгендігінен көреді. Тек неменесі біреу болғандықтан ғана әзірге шатастыра қоймаймын деп әзілдейді. Фаме әжейдің ауыл­­дастары Гиннесстің рекордтар кіта­бына сұранып-ақ тұр деп есептейді. Әри­не, шаттығы шалқыған шаңырақ қандай мақ­тауыңызға да лайық екені сөзсіз. Біреу жеткен, біреу жетпеген 100 жасты еңсеріп тастаған ақ шашты әжейді әкім­ші­лік назардан тыс қалдырған емес. Ме­ре­келерде, туған күнінде құттықтап тұра­ды.


Өнертапқыш кәсіпкер
Қимылдағанның қыр асатын за­маны емес пе? Негізінде, біз өнер­­тап­қыш­тарды ғалымдардың арасы­нан, ірі орта­лықтардан ғана шығады деп қа­телесіп жатамыз. Ауылда да ойы озық, кәсібінің нәсібін жеп отыр­ған жан­­дар жетерлік. Солардың бірі – Шы­рынкүл Әбітаева. Жамбыл облы­сы­ның Талас ауданында тұрады. Әу баста өзі­нің аты аспандап, бүкіл респуб­ли­каға танымал болам деп ойлама­ған. 
 Күйеуінен жастай жесір қалған ана бес баласын жетілдіру үшін мал бағудан да, тас қалаудан да қашпайтын. Сондықтан да құ­ла­ғы түрік жүретін жан бүгінде мемлекет та­ра­пынан кәсіпкерлікті дамыту үшін көр­се­тіліп жатқан көмектің көлемді екенін естіп білген. Сол себептен жергілікті әкім­дік­тегілерден жолын көрсетуді сұранды. Олар ананың бетін қайтармай, қалай қар­жы алу керектігін, оны қалай қайтару жол­дарын бүге-шігесіне дейін түсіндіріп б­ереді. «Жұмыспен қамту-2020» бағ­дар­­­ла­­масына үлкен үміт артқан ана білек сыбанып құжат жинауға кірісіп кетті. Ақы­ры табандылық танытып, қолына 1 мил­лион теңгені ұстағанда қатты қуанған. Қо­лын­дағы қаржысына ертеңгі күні мол түсімі бо­лар деп уақ мал сатып алады. Оны бала-шағасымен бағып, төлдетіп мал басын көбейтіп қойған. Жер- жа­һан­ның жаңалығын қалт жібермейтін ауыл кә­сіпкері ешкімде жоқ әрі көп шы­ғын­ды талап етпейтін жел электрстан­сысын ойлап тауып, оны салып бітірді. Ол ойын жүзеге асыру­дың да оңайға түспей­ті­нін сезді. Бір­ақ белін бекем буып, ойға алған ісін жүзеге асыруға білек сыбанып кірісіп кетті. Алға баса берсе, алынбайтын асу жоқ, ақыры көз­деген мақсатына да қол жеткізді. Бұл істің бүге-шігесіне дейін тү­ген­деп шыққан ол ауыл­дық­тарға таңсық дү­ниені ақыры са­лып бітірді. Әрі үйін, әрі қо­ра­сын жарық­танды­рып қарық боп қал­ған жайы бар. Бір істі бастап, екіншісін одан да асырып түсір­ген Шырынкүлдің бұл ісі, ра­сында, қандай мақтауыңызға да лайық. Ал­дағы уақытта үйіріп соғып тұратын желді елдің кәдесіне жа­ратуды да ойластырып жүр. Ауыл кәсіп­ке­рі осылайша өнертап­қыш­тығымен де таны­мал болып үлгерді...


Шежірелі өлке
Жамбыл облысының орталығы – Тараз көне тарихи қалалардың бірі екені белгілі. Кезінде Ұлы Жібек жолының бойында­ғы діни һәм сауда орта­лығы болған. Мұнда ерте за­мандарда-ақ теңге соғатын тең­ге сарайы да жұмыс істеген. Қол­­­өнері ерте дамыған: қолдан кілем, алаша тоқылған, қыш құмыралар жасалған. Дүниенің әр қиырынан сауда керуендері келетін болған.
Сол замандардан бүгінге жеткен сәулет ескерткіштері Қа­рахан кесенесі мен Тараз маңын­дағы Айша бибі, Ба­бад­жа хатун ке­сенелері әлем халықтарын әліге дейін таңғалдырып келеді. Қасиетті Тараз топырағына аяғы тиген адам осы кесенелерге тәу етпей кетпейді. Бір кір­піші де кертілмеген, таңғажайып архи­тек­туралық пішінмен салынған сәулет ескерткіштері, расында, ғажайып-ақ, бұл өңірде есте жоқ ерте замандардың өзінде инже­нер­лік, архитектуралық, сәулеттік өнердің да­мыған кезеңі бол­ғанын растайтын ерек­ше ескерткіштер көп. Со­ның бірі – ескі монша. Жеке жылыту жүйесі бол­ған, кәдімгі су жеткізіп тұратын құ­быр­лар тартылған. Өрнектеу мә­нері ерек­ше, көркем сурет­термен бе­зен­діріл­ген. Осының өзі-ақ Тараз халқы­ның әлем­дік өркениет көшіне ерте ілес­кенінің куәсі бола алады.

Айша бибі кесенесі
Айша бибі ауылы Тараз қаласынан 12 ша­қы­­рым қашық­тықта ор­на­­ласқан, ХІ-ХІІ ға­сырда­­­ғы сәулет ес­­керт­­­­­кіш­­тері­нің бірі. Бү­гін­гі күнге кесененің ба­тыс бөл­ше­гі ғана бү­лін­бей жеткен. Кейіннен кесе­не толығы­мен жаңартылды. Орталық Азия және Қа­зақ­стан аумағында сәулет-құрылыс та­ри­хында бұл ескерткіш ең ғажайыбы бо­лып саналады. Жалпы, кесене өзіндік ерек­ше ою-өрнегімен қызық­тыра­ды. 60 түрлі ою-өрнегі бар эпиграфикалық бел­деумен жасал­ған.  Айша бибі әйгілі Зең­гі бабаның қы­зы дейді бізге жеткен аңыз­дарда. Айша өзі­нің ғашығы Қара­хан­ға бара жатқан жол­да сүйіктісіне жете алмай, жылан ша­ғып қайтыс болған.
Бабаджа Хатун кесенесі
Бұл кесене Айша бибі мазарының дәл қасында орналасқан. Әйгілі кесене XI-XII ғасырдан жеткен сәулет ескерткіші бо­лып есептеледі. Эпиграфика­лық жаз­ба­­лар­ға сүйене отырып, ол жерде жер­лен­­ген әйел адамның атын оқып білген. Біз­ге жеткен аңыз бойынша ол әйел Ай­ша бибінің қамқоршысы болған. Ол Ай­ша­ның Қараханға бара жатқан сапарын­да қасында болған көрінеді. Бұл екі ке­­се­не сәулет ескерткіші ретінде дәріп­те­ле­ді.

Х-ХIV ғасырдан жеткен Тектұрмас сәулеттік кешені
Ежелгі діни орындар­дың бірі. VII-XІ ғасырда ислам дінінің таралуына дейін мұнда кешен  құры­ла бастаған бола­тын. Кесене исламның алғашқы қанат жая бастаған кезеңінде са­лынғ­ан. Кейіннен 1935 жылы қиратылды. Бүгін­гі таңда оның орнында орта ғасыр типімен қал­пына келтіріліп қайта салынған жаңа кесене тұр. Кесененің жанында қазақ ба­тыры Мәмбеттің моласы бар.
ХІХ ғасырдағы Қали-Юнус шығыс моншасы
ХІХ ғасырда бұл моншаны Әулиеата қаласының тұрғыны салған. Мұнда сәулет композицияның өрнектері және орта ғасырдағы шығыс моншаларына тән жылыту жүйелері қолданылған.  ХХ ғасырдың 50-жылдарына дейін монша қолданыста болған. Қазіргі уақытта ол қайта жаңғыртылып, сәулет ескерткішіне айналдырылған.
VIII-IХ ғасырдағы Ақыртас кешені
Жамбыл облысының ғана емес, Қазақстанның қызықты және құпиялы орындарының бірі. Ақыртас тарихы 130 жыл бойы зерттелген. Әлі күнге дейін қайта зерттеу, зерделеу жұмыстары жал­ғасып жатыр. Ғалымдардың пайым­да­уынша, Ақыртас кешені 1714-1715 жыл­дары  араб қолбасшысы Күтейбінің бұй­рығымен салынған.


Не, қайда, қашан?
Жаңа ойын түрін ойлап тапқан адам Жамбыл облысында тұрады


Бүгінде Жамбыл облысының аумағында тұратын дүнген ұлтының өкілдері 50-мыңнан асады. Олар ұрпақтарын өсіріп жемісті еңбек етуде. Еліміздің мәдени өміріне белсене араласатын дүнгендер өздерінің «Вынхуа» атты дүнген мәдени орталығын құрған болатын. Осы қауымдастықты Руслан Исмазов атты іскер азамат басқарады. Олар өскелең ұрпақты өздерінің ата салтын ұмытпауға үндеп, салауатты өмір салтын ұстануын да естен шығармайды. Руслан өзі – таэквондо спортынан бапкер. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуін қадағалап, осы спорт түріне баулып жүр.
Бұл ойын түріне «Ордабасы» деп ат қойып та үлгерді. Өзі ойлап тапқан спорттың осы түрінен облыстық жарыс өткізу де ойында бар. Әзірге жастар бұл ойын түрінің өздеріне қатты ұнайтынын айтуда.
Руслан ИСМАЗОВ, «Вынхуа» дүнген мәдени орталығы қауымдастығының президенті:
– Әу баста бұл спорт түрін балаларды қызықтыру үшін ойлап тапқан едім. Кейін келе олардың ынта-ықыластары арта бастағанын түсіндім. Бұл ойын жас жеткіншектерді салауатты өмір салтына бейімдеп қана қоймай, бірлікке, түсіністікке, ынтымаққа баулиды. Бұл ойын жеткіншектердің тез есеюлеріне әсер етіп, мықты қолбасшы, алғыр орындаушы ретінде тәрбиелейтінін аңғардым. Бұқаралық спорт түрі ретінде тез дамиды деген ойдамын. Жас спортшыларды патриоттық рухта тәрбиелеуде өте тиімді екені дәлелденіп отыр. Өйткені бұл ойын түрінің ережесі бойынша әр команда қарсыластарынан өздеріне тиесілі туды қорғауы керек. Бәрі де бір мақсат жолында ұйысуды ойлайды. 


Бетті дайындаған Гүлжан КӨШЕРОВА, zhan771@mail.ru, ұялы телефоны: 87017711648

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста