аймақ-жауһар
Ғалымдардың алтын ордасы
Бұл өлкенің таңдай қақтырар сұлулығын көрген адам баласы Жаратқанның мейірімі тек қана осы өңірге түскен деген ойға шомылатыны анық. Еріксіз «Асанқайғының іздеген жерұйығы осы!» дерсіз. Адам қолымен қалағандай қабат-қабат тастарының өзі ертегілер еліне жетелегендей. Жер жәннаты атанған киелі топырақтағы әр тау мен тасы, бұл өлке тудырған әр азамат тұтас тарихқа татиды.
Халқымыздың болашағын болжаған дала данасы Асанқайғы Баянауыл тауларын көргенде «Ат ерін ала алмайтын жер екен. Бір түнеп кетемін деген адам бір жұма тоқтап қалады» деген екен. Сол себепті жері шұрайлы жерден елі мен жерін шексіз сүйетін дара перзенттердің тууы да заңдылық болса керек.
Баянауыл жері – көптеген ғалымдардың, жазушылардың, ақындардың және қоғам қайраткерлерінің Отаны. Бұл – даңқты Бұқар жыраудың, Шоң бидің, композитор Жаяу Мұса Байжановтың, алғашқы қазақтан шыққан тарихшы, ағартушылардың бірі Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің және қазақ әдебиетінің классигі, ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, тағы басқа зиялылардың кіндік қаны тамған жері. Баянауылдан 30-дан аса ғылым докторы және 200 ғылым кандидаты шыққан.
Олардың арасында геолог, Қазақ Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың орны ерекше. Қазақ ғылымының дамуына үлес қосқан академиктер Шапық Шокин, Әлкей Марғұлан, ғылым докторлары Әбікен Бектұров, Ермұхан Бекмаханұлы және т.б. баянауылдық ақын-жазушылар Ж.Аймауытов, Дихан Әбілев, Зейін Шашкин, Зейтін Ақышев, Қалмұқан Исабай, Халық әртістері Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаев, алғашқы қазақ режиссері Жұмат Шанин сынды арда азаматтардың аяулы есімдері күллі қазаққа танымал. Бұл ұлттық рекорд болса керек.
әлем азаматы
Гиннесстің рекордтар кітабына жеті рет енген қазақ
Ол табандылығы, намысқойлылығының арқасында Қазақ елін төрткіл дүниеге танытты. Ол Қазақстанның «Ғасыр адамы» да. Екібастұздық «Шыңғыс хан» деген лақап атпен танымал Марат Жыланбаев – Азияның, Африканың, Австралия мен Американың шөл далаларын жүгіріп өткен әлемдегі жалғыз тұлға. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еліміздің Құрметті азаматы. Гиннесстің рекордтар кітабының жеті дүркін рекордсмені, сүйікті жар әрі ардақты әке Марат мырза әлемге өзін ғана емес, ұлтын да мойындатқан.
Желаяқтың тәулігіне 80 шақырымды, жылына 30 мың шақырымды және одан да көп қашықтықты артта тастағанына не дерсіз? Әрине, таңғаласыз. Бұл – феномен-адам. Мысалы, 1990 жылдың 6 қазанынан 1991 жылдың 5 қазанына дейінгі аралықта 42 мың шақырым қашықтықты бағындырыпты. «Шөлді жерлерден жүгірудің өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары, машақаттары аз емес екені анық. Қызығы сол – мен жүгіріп өткен жол қашықтығын 20 жылдан бері әлі ешбір желаяқ спортшы бағындыра алмады», – дейді М.Жыланбаев.
М.Жыланбаев осыдан 20 жыл бұрын шөл далада жүгіруден әлем рекордын жаңартқан. Одан кейін де әлемдік көрсеткішке бірнеше мәрте түзетулер енгізіп, атын шығарды. Бірақ бастапқыда көпшілік оны бірден мойындай қоймады. Спортшы табандылық көрсетіп, жігерін жанып, өзін қайрап-қамшылап, барынша қайсарлық танытқан. Түптің түбінде әлем жұртшылығы оны мойындап, бағалады, жаппай жар салды, есімін ғажайыптар тіркелетін рекордтар кітабына енгізді. Дәл осы сәтте ол «Екібастұздық Шыңғыс хан» деп аталып кеткен. Қазіргі таңда Марат мырза ел қатарлы қолдан келетін ісімен шұғылданып, кәсіпкер атанып жатқан жайы бар. Сиқыры көп спорттан түбегейлі қол үзбеген.
таңғажайып құбылыс
Африка Керекуден басталған ба?
Палеонтолог ғалымдардың пайымдауынша, миллиондаған жылдар бұрын Ертістің Кереку өңірінің климаты Африка құрлығына ұқсас болған. Сонда Африка Павлодардан бастау алған деп ойлап қалуға әбден болады. Мұны Ертіс өзенінің маңынан табылған тропикалық аңдардың сүйектері айғақтайды.
Көне замандарда бұл жерлерде мамонт, мүйізтұмсық, керік, түйеқұстар, сондай-ақ бүгінде жойылып кеткен үш бақайлы жылқы тұқымдас жануар мен қанжар тісті мысықтар мекен еткені шындық. Бұл археологиялық ескерткіш «Қаз қонақ» (кей деректерде «Құс өткел» аталынады) деп аталады.
Бұл жаңалықты алғаш рет 1928 жылы Ресей ғалымы Юрий Орлов ашты. Арада бір жылдан кейін «зерттейміз» деген желеумен Ертіс жағасынан 16 тонна аң сүйектерін арнайы экспедиция Мәскеуге артып кетті. Алғашқы жүргізілген қазба жұмыстары бұл құндылықтардың баға жетпес байлық екенін көрсетті. Солтүстік өңірге жататын Павлодар жерінен тұрпаты ерекше аң-құстар қаңқасының табылуы әлем назарын аударды.
Қазіргі таңда мұндай табиғат сыйы жер бетінде жоқтың қасы. 1971 жылы «Қаз қонақ» республикалық маңызы бар табиғи ескерткіштердің қатарына қосылды. 1960 жылы қазақстандық зерттеушілер «Құс өткелде» ұсақ омыртқалы жануарлардың сүйектерін тапқан. Мәселен, мәңгілік мұз басқан аймақтарда өмір сүретін морждың сүйегі табылған. Демек, Павлодар жерінде кезінде теңіз болған. Ғалымдардың айтуынша, бұл хайуанаттар кайнозой дәуірінің неоген кезеңінде өмір сүрген. Қанша мақтанғанмен, «Қаз қонағымыз» қаз тұра алмай, шынайы бағасын ала алмай жүрген сыңайлы. Бұл – әрине, басқа әңгіме.
ең... ең... ең...
• Павлодар облысының Баянауыл ауданынан 30-дан аса ғылым докторы және 200 ғылым кандидаты шыққан.
• Гиннесстің рекордтар кітабына сәйкес, әлемдегі ең ұзын құбырдың биіктігі 420 метрді құрайды. Осындай өлшем Екібастұздағы ГРЭС-2-ге тән.
• Ең ескі КТМ-5М маркалы трамвай Павлодарда бар. Бұл жолаушылар вагоны 1971 жылы шығарылған.
• Павлодарда бес жасар Эвника есімді боксшы қыз тұрады. Қаршадай бала бокс техникасын жетік меңгергені соншалық – бір минуттың ішінде 18 апперкот және 16 джеб соққыларын жасаған.
• Ең ірі көмір кендері Павлодарда орналасқан. Екібастұз және Майкөбе кен орындарында энергетикалық шикізаттың 12,7 миллиард тоннасы сақталған.
• Өткен жылы Павлодарда әлемдегі ең ірі суару құрылғысы – валлей қолданысқа берілді. Ұзындығы – 1200 метр.
• Ақсулық спортшы Владимир Кресс бір сағаттың ішінде 24 келілік кір тасын 1255 мәрте көтеріп, әлемдік рекорд жасады. Бұл спорттық әрекет ешбір үзіліссіз жасалған.
• Ең ірі мемлекеттік Ту Павлодарда желбіреп тұр. Ол орналасқан тұғырдың ұзындығы – 40 метр, ұзындығы – 20 метр болса, ені 10 метрге тең.
• «Богатырь» көмір кеніші Гиннесстің рекордтар кітабына әлемдегі ең ірі кеніш ретінде енгізілген. Оның жобалық қуаттылығы – жылына 50 миллион тонна көмір.
• Павлодарлық Қуат Есенов Гиннесстің рекордтар кітабына әлемнің ең көп титулды оқушысы ретінде енген. «Алтын бала» атанған ол ақпараттану саласында ғылыми жаңалық ашқан. Жас дарын халықаралық математикалық олимпиадалардан алты алтын медаль, бір күміс және бір қола медаль иеленген.
технология
Ауылдағы алып валлей
Табиғат-Ана Кереку халқына егін салып, бау-бақша баптап, мал өсіру үшін өте шұрайлы жер берген. Ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлері, диқандар мен жекелеген фермерлер қамбамызды астыққа толтырып, көкөніс өнімдерін молынан өсірді. Тіпті облыс орталығынан басқа, Астана, Алматы, Ақтау қалалары мен Ресейдің көршілес өңірлерін де қамтамасыз етуде. Солардың бірі – «Тимур» шаруа қожалығы.
Ақсу ауылдық аймағының қарапайым Евгеньевка елді мекенінде орын тепкен «Тимур» шаруашылығының болашағы зор. Картоп және көкөніс өсірумен айналысатын шаруашылық бастығы Равиль Мингазовтың айтуынша, басты жаңашылдық – құны 330 мың АҚШ доллары тұратын америкалық «Валлей» суару жүйесінің сатып алынуы. Айта кетерлігі, ұзындығы 1200 метрлік суармалы құрылғының еліміз бойынша теңдесі жоқ. Өткен жылы шаруашылық 140 миллион теңгеге көкөніс сақтау қоймасын салды. Алдағы уақытқа бағдарланған жұмыстар көп. Болашақта Еуропа технологиясы бойынша картопты арнайы қораптарға салып нарыққа жіберу, сонымен қатар құрғақ күйіндегі картоп өндіру қолға алынбақ.
талант
Ғажап дауысты Маша
Әлем сахналарында опера атты бекзат өнердің шыңын бағындырып жүрген Мария Мудряк – Керекудің тумасы. Ол - дүниежүзі елдерінің опера майталмандары «ғажап дауысты» деп атаған тума талант.
Кіршіксіз өнерге терең бойлап, күллі ғаламды дарынымен сүйсіндірген Маша Италия еліндегі Джузеппе Верди атындағы Милан мемлекеттік консерваториясын үздік аяқтады. Жасының небәрі 18-де ғана болғанына қарамастан, әлем сахналарында өнер көрсетіп жүрген ол – миландық оқу орнының екі ғасырлық тарихында тамамдаған алғашқы қазақстандық әнші.
2002 жылдан бастап эстрадалық әндерден бөлек, академиялық вокалмен шұғылдана бастаған Маша Мудряк Ресейдің Сочи қаласында өткен байқауда Л.Хамидидің «Қазақ вальсін» және А.Алябьевтің «Соловья» әнін орындап, итальяндық өкілдердің көзіне түскен болатын. Жеке альбомын профессорларға көрсеткеннен соң, Маша Миланның Жоғары академиясының курсында оқуға шақырту алады. Сөйтіп, он жасында Ла Скала театрының жанындағы миландық Жоғары музыка мектебіне қабылданып, өз қатарластары оқуға енді түсіп жатқанда қолына дипломын да алды. Сол кезде Маша Мемлекеттік консерваторияның және «Болашақ» президенттік бағдарламасы бойынша білім алған ең жас студент атанған.
Небары үш жасында ән әлеміне келген М.Мудряк әлемнің ең жас әншісі ретінде 2000 жылы Гиннесстің рекордтар кітабына енді. Ал жуырда ол Нидерландыда өткен «Бельведер» атты халықаралық байқауда әлемнің 10 үздік сапрано дауысты әншілердің қатарына кірді.
ұлт құндылығы
Қазақ тіліндегі алғашқы күйтабақ
Ертістің Павлодар өңірінде Наум Григорьевич Шафер есімді азамат бар. Жайсаң мінезді жанды өнер ауылына қоңсы қонған десе болады. Жұртшылыққа Нами Гитин ретінде таныс ол – әлемдегі ең ірі күйтабақ музейінің негізін қалаушы, музыкатанушы, әдебиеттанушы. Наум Григорьевичтің бала кезінен жинақтап, көзінің қарашығындай сақтаған күйтабақтары бүгінде тұтас мұражайға айналған.
Коллекциядағы ең көне күйтабақ 1898 жылға тиесілі. Олардың қатарында әлем бойынша сирек кездесетін пластинкалар бар. Наум Шафер күйтабақтарды 10 жасынан жинай бастаған. Өнердегі ұстазы Евгений Брусиловскийдің жол сілтеуімен талай қазақ ауылдарын аралап, халықпен тілдесіп, патефон пластинкаларын топтастырған. Отызыншы жылдары депортация зобалаңына ұшыраған ол тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне қоныс тепкен халықтардың ұлттық музыкасын жинауды мақсат еткенін айтады.
Павлодардағы Н.Шафердің мұражай-үйіне бас сұқсаңыз, әлемдегі бес құрлық халықтарының музыка қорын көрер едіңіз. Мұнда 27 мың патефон пластинкасы, магнитафон жазбаларының 1500 данасы және 1500 аудиокассета сақталған. Біле білсеңіз, қазақ тілінде алғашқы рет жазылған күйтабақ та осы мұражайда тұр. Құнды дүние түпнұсқа күйінде сақталған. 1936 жылы қазақтың бірінші күйтабағына жазылған Құрманғазының «Кеңес» күйі Жаппас Қаламбаев пен Лұқпан Мұхитовтың орындауында. Байғали Досымжанов, Әнуарбек Үмбетбаев, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев сынды біртуар азаматтардың шығармалары баршылық. Тіпті атақты сазгер, палуан Иманжүсіп Құтпанұлының ұмыт бола бастаған «Ерейментау», «Сарымойын» әндері жазылған күйтабақтар да сақталған. Бұдан бөлек, «Күләш Байсейітова ән шырқайды», «Жамал Омарова ән салады» атты жинақтары қалың тыңдарманға қолжетімді. Қорда Роза Бағланованың жас кезінде күйтабаққа жазылған, алайда көпшілік біле бермейтін әндері бар. Бұл – шыны күйтабаққа жазылған үш минуттық туынды. Е.Брусиловскийдің әнін алтын дауысты бұлбұлымыз Роза Бағланова 1940 жылдары орындапты.
Бір сөзбен айтқанда, мұндай бірегей дүниелерді еш жерден таппайсыз.
шебер
Керекулік ниндзяны білесіз бе?
Павлодарда ғажайып азамат өмір сүреді. Бүгінде оны барша жұрт «Керекулік ниндзя» деп атайды. Шынымен де, фантастика жанрындағы фильмдердегідей тылсым күшке ие жан. Ол дүйім жұрттың демін ішке тартқыза, басына қатты кірпіштерді қатарлатып қойғыза, бес батпан балғамен ұрып, түрлі трюктерді жасайды. Ол-ол ма, үстінен автокөлік өткізіп, өзіне қарай тура бағытталған садақтың жебесін әп-сәтте ұстап алады.
Оның есімі – Берікболат Қанашев. Жоғарыда атап өткен мысалдар Берікболат ағаның «қолынан келетін» бірді-екілі әрекет қана. Тізе берсек, «Бәрекелді!» дегізген әрекеттері туралы таңды таңға ұластырып, саусақ бүге жалғастырып айтуға әбден болады. Каратэ-додан облыстық, республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы атағына ие. «Бісмілләсін» ауыздан тастамаған азамат киелі домбыраның сырын ұғып, ұлт өнерін бағалайтын жандар қатарында.
Аты жеті қат дүниеге танылса да, табиғатынан қарапайым адам. Қазіргі таңда «Рақым» атты аула клубына басшылық жасап, жұмысын жетілдіру үстінде.«Қайран уақыт, несін сұрайсың, 50-ді еңсеріп, 60-ты да алқымдадық. Өрттей лаулап, қылшылдаған, күш пен жігер тасыған кезең жылыстап өте шықты. Ақындар жырлағандай,«ол кез енді қайтып келмейді ғой», әрине.
Шүкіршілік, өткеніме қарайласам, халық есінде сақталған ерекше сәттер жетерлік екен. Шыны керек, тура өзіме қарай зуылдап келе жатқан садақ жебесін алақанмен тоқтату, уатылған шыныға арқамен жатып, үстімнен автокөлік өткізу секілді қауіптілігі аса көп әрекеттерді осыдан бес-алты жыл бұрын біржола шектедім», – дейді ниндзя.
Бетті дайындаған Ақмарал ЕСІМХАНОВА тел. 8-705-162-50-53 yessimkhanova.kz@mail.ru