Алаш АЙМАҚ

Алаш АЙМАҚ

аймақ-жауһар
Ғалымдардың алтын ордасы
Бұл өлкенің таңдай қақтырар сұлулығын көрген адам баласы Жаратқанның мейірімі тек қана осы өңірге түс­кен деген ойға шомылатыны анық. Еріксіз «Асан­қай­ғы­ның іздеген жерұйығы осы!» дерсіз. Адам қолымен қа­лағандай қабат-қабат тастарының өзі ертегілер еліне жетелегендей. Жер жәннаты атанған киелі топырақтағы әр тау мен тасы, бұл өлке тудырған әр азамат  тұтас тарихқа татиды.
Халқымыздың бо­ла­ша­ғын болжаған дала да­насы Асанқайғы Баянауыл тау­ларын көргенде «Ат ерін ала алмайтын жер екен. Бір түнеп кетемін деген адам бір жұма тоқтап қалады» деген екен. Сол себепті жері шұ­рай­лы жерден елі мен жерін шек­сіз сүйетін дара пер­зент­тердің тууы да заңдылық бол­са керек.

Баянауыл жері – көпте­ген ғалымдардың, жа­зу­шы­лар­дың, ақындардың және қо­ғам қайраткерлерінің Ота­­ны. Бұл – даңқты Бұқар жы­рау­­дың, Шоң бидің, ком­по­зи­­тор Жаяу Мұса Бай­­жа­нов­тың, алғашқы қа­зақ­­тан шық­­қан тарихшы, ағар­­ту­шы­­лардың бірі Мәш­һүр-Жү­сіп Кө­пеев­тің жә­не қа­зақ әде­бие­тінің клас­сигі, ақын, ағар­ту­шы Сұл­тан­мах­мұт То­­рай­ғы­ров­тың, тағы бас­қа зия­­лылар­дың кін­дік қа­ны там­ған же­рі. Бая­на­уыл­дан 30-дан аса ғылым докторы және 200 ғылым кандидаты шыққан.
Олардың арасында гео­лог, Қазақ Ғылым ака­де­мия­­сы­ның тұңғыш пре­зиденті  Қа­ныш Сәтбаевтың ор­ны ерек­ше. Қазақ ғы­лы­мы­ның да­муына үлес қос­қан ака­де­миктер  Шапық Шо­кин, Әл­кей Марғұлан, ғылым док­тор­лары  Әбікен Бектұров, Ер­мұхан Бек­ма­хан­ұлы және т.б. бая­на­уыл­дық ақын-жа­зу­шылар Ж.Ай­мауытов, Ди­хан Әбілев, Зе­йін Шашкин, Зей­тін Ақы­шев, Қалмұқан Иса­бай, Ха­лық әртістері Шә­кен Ай­ма­нов, Кәукен Кен­­жетаев, ал­ғашқы қазақ ре­­жиссері Жұмат Шанин сын­ды арда аза­маттардың аяулы есім­де­рі күллі қазақ­қа танымал. Бұл  ұлттық ре­корд болса керек.


әлем азаматы
Гиннесстің рекордтар кітабына жеті рет енген қазақ
Ол табандылығы, намысқойлы­лы­ғының арқасында Қазақ елін төрт­кіл дүниеге танытты. Ол Қазақстанның «Ғасыр адамы» да. Екібас­тұз­дық «Шыңғыс хан» де­ген лақап атпен танымал Марат Жы­лан­баев – Азия­ның, Африканың, Авс­тралия мен Американың шөл далаларын жүгіріп өткен әлем­дегі жалғыз тұлға. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еліміздің Құрметті аза­маты. Гиннесстің рекорд­тар кіта­бы­ның жеті дүркін рекордсмені, сүйікті жар әрі ардақты әке  Марат мырза әлем­ге өзін ғана емес, ұлтын да мойындатқан.

Желаяқтың тәулігіне 80 шақырымды, жылына 30 мың шақырымды және одан да көп қашықтықты артта тастағанына не дерсіз? Әрине, таңғаласыз. Бұл – феномен-адам. Мысалы, 1990 жылдың 6 қа­занынан 1991 жылдың 5 қазанына де­­йінгі ара­лықта 42 мың шақырым қа­шық­­тықты бағындырыпты. «Шөлді жер­лер­ден жү­гірудің өзіндік ерекшеліктері мен қиын­дық­тары, машақаттары аз емес еке­ні анық. Қы­зығы сол – мен жүгіріп өт­кен жол қа­шық­тығын 20 жылдан бері әлі еш­бір же­лаяқ спортшы бағындыра ал­мады», – дейді М.Жыланбаев.
М.Жыланбаев осыдан 20 жыл бұрын шөл далада жүгіруден әлем ре­кор­дын жа­ңарт­қан. Одан кейін де әлемдік көр­сет­кіш­­ке бірнеше мәрте түзетулер ен­гізіп, атын шығарды. Бірақ бастапқыда көпшілік оны бір­ден мойындай қоймады. Спортшы та­бан­дылық көр­сетіп, жі­ге­рін жанып, өзін қай­рап-қам­шы­лап, ба­рын­ша қайсарлық та­нытқан. Түп­тің түбінде әлем жұрт­шылығы оны мойындап, ба­ға­ла­ды, жап­пай жар сал­ды, есімін ға­жа­йып­тар тір­ке­летін ре­корд­тар кітабына енгізді. Дәл осы сәтте ол  «Екі­бастұздық Шың­ғыс хан» деп аталып кет­кен. Қазіргі таңда Ма­рат мырза ел қа­тар­лы қолдан келетін ісімен шұ­ғылданып, кәсіпкер атанып жатқан жа­йы бар. Сиқыры көп спорттан түбегейлі қол үзбеген.


таңғажайып құбылыс
Африка Керекуден басталған ба?
Палеонтолог ғалым­дар­дың пайымдауынша, миллиондаған жылдар бұрын Ертістің Кереку өңірінің климаты Африка құрлығына ұқсас болған. Сонда Африка Павлодардан бастау алған деп ойлап қалуға әбден болады. Мұны Ертіс өзенінің маңынан табылған тропикалық аңдардың сүйектері айғақтайды.
Көне замандарда бұл жерлерде ма­монт, мүйізтұмсық, керік, түйеқұстар, сон­дай-ақ бүгінде жойылып кеткен үш ба­қайлы жылқы тұқымдас жануар мен қан­жар тісті мысықтар мекен еткені шын­­дық. Бұл археологиялық ескерткіш «Қаз қонақ» (кей деректерде «Құс өт­кел» аталынады) деп аталады.
Бұл жаңалықты алғаш рет 1928 жы­лы Ресей ғалымы Юрий Орлов ашты. Арада бір жылдан кейін «зерттейміз» деген же­леу­мен Ертіс жағасынан 16 тон­на аң сү­йек­те­рін арнайы экспедиция Мә­с­кеуге артып кет­ті. Алғашқы жүр­гі­зіл­ген қазба жұ­мыс­тары бұл құн­ды­лық­тар­дың баға жетпес байлық екенін көр­сетті. Солтүстік өңірге жататын Павлодар же­рінен тұрпаты ерекше аң-құстар қаң­қа­сының табылуы әлем на­за­рын ау­дар­ды.
Қазіргі таңда мұндай табиғат сыйы жер бе­тінде жоқтың қасы. 1971 жылы «Қаз қо­нақ» республикалық маңызы бар табиғи ес­керткіштердің қатарына қо­сылды. 1960 жылы қазақстандық зерт­теушілер «Құс өт­кел­де» ұсақ омырт­қалы жануарлардың сү­йек­терін тапқан. Мә­селен, мәңгілік мұз бас­қан аймақ­тар­да өмір сүретін морждың сү­йегі та­был­ған. Демек, Павлодар жерінде ке­зін­де теңіз болған. Ғалымдардың ай­туын­ша, бұл хайуанаттар кайнозой дә­­уі­рінің неоген кезеңінде өмір сүрген. Қан­ша мақ­танғанмен, «Қаз қонағымыз» қаз тұра ал­май, шынайы бағасын ала ал­май жүрген сы­ңайлы. Бұл – әрине, бас­қа әңгіме.


ең... ең... ең...
• Павлодар облысының Баянауыл ауданынан 30-дан аса ғылым докторы және 200 ғылым кандидаты шыққан.
• Гиннесстің рекордтар кітабына сәйкес, әлемдегі ең ұзын құбырдың биіктігі 420 метрді құрайды. Осындай өлшем Екібастұздағы ГРЭС-2-ге тән.
• Ең ескі КТМ-5М маркалы трамвай Павлодарда бар. Бұл жолаушылар вагоны 1971 жылы шығарылған.
• Павлодарда бес жасар Эвника есімді боксшы қыз тұрады. Қаршадай бала бокс техникасын жетік меңгергені соншалық – бір минуттың ішінде 18 апперкот және 16 джеб соққыларын жасаған.
• Ең ірі көмір кендері Павлодарда орналасқан.  Екібастұз және Майкөбе кен орындарында энергетикалық шикізаттың 12,7 миллиард тоннасы сақталған.
• Өткен жылы Павлодарда әлемдегі ең ірі суару құрылғысы – валлей қолданысқа берілді. Ұзындығы – 1200 метр.
• Ақсулық спортшы Владимир Кресс бір сағаттың ішінде 24 келілік кір тасын 1255 мәрте көтеріп, әлемдік рекорд жасады. Бұл спорттық әрекет ешбір үзіліссіз жасалған.
• Ең ірі мемлекеттік Ту Павлодарда желбіреп тұр. Ол орналасқан тұғырдың ұзындығы – 40 метр, ұзындығы – 20 метр болса, ені 10 метрге тең.
• «Богатырь» көмір кеніші Гиннесстің рекордтар кітабына әлемдегі ең ірі кеніш ретінде енгізілген. Оның жобалық қуаттылығы – жылына 50 миллион тонна көмір.
• Павлодарлық Қуат Есенов Гиннесстің рекордтар кітабына әлемнің ең көп титулды оқушысы ретінде енген. «Алтын бала» атанған ол ақпараттану саласында ғылыми жаңалық ашқан. Жас дарын халықаралық математикалық олимпиадалардан алты алтын медаль, бір күміс және бір қола медаль иеленген.


технология
Ауылдағы алып валлей
Табиғат-Ана Кереку халқына егін салып, бау-бақша баптап, мал өсіру үшін өте шұрайлы жер берген. Ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлері, диқандар мен жекелеген фермерлер қамбамызды астыққа тол­ты­рып, көкөніс өнімдерін молынан өсір­ді. Тіпті облыс орталығынан басқа, Астана, Алматы, Ақтау қалалары мен Ресейдің көршілес өңірлерін де қамтамасыз етуде. Солардың бірі – «Тимур» шаруа қожалығы.
Ақсу ауылдық аймағының қарапайым Евгеньевка елді мекенінде орын тепкен «Тимур» шаруашылығының болашағы зор. Картоп және көкөніс өсірумен айналысатын шаруашылық бастығы Равиль Мингазовтың айтуынша, басты жаңашылдық – құны 330 мың АҚШ доллары тұратын америкалық «Валлей» суару жүйесінің сатып алынуы. Айта кетерлігі, ұзындығы 1200 метрлік суармалы құрылғының еліміз бойынша теңдесі жоқ. Өткен жылы шаруашылық 140 миллион теңгеге көкөніс сақтау қоймасын салды. Алдағы уақытқа бағдарланған жұмыстар көп. Болашақта Еуропа технологиясы бойынша картопты арнайы қораптарға салып нарыққа жіберу, сонымен қатар құрғақ күйіндегі картоп өндіру қолға алынбақ.


талант
Ғажап дауысты Маша
Әлем сах­на­ларында опе­ра атты бек­зат өнер­дің шыңын ба­­ғындырып жүр­­ген Мария Му­дряк – Ке­рекудің ту­масы. Ол - дү­ние­жү­зі ел­­де­рі­нің опе­ра майталмандары «ға­жап дауысты» деп атаған тума та­лант.

Кіршіксіз өнерге терең бойлап, күл­лі ға­ламды дарынымен сүйсін­дір­ген Маша Ита­лия еліндегі Джузеппе Вер­ди атын­дағы Милан мемлекеттік кон­сер­ва­то­риясын үздік аяқтады. Жа­сының небәрі 18-де ғана болғанына қа­ра­мастан, әлем сах­наларында өнер көр­сетіп жүр­ген ол – ми­ландық оқу ор­нының екі ғасыр­лық тарихында та­мам­даған алғашқы қа­зақ­стандық әнші.
2002 жылдан бастап эстрадалық ән­­дерден бөлек, академиялық во­кал­мен шұ­ғылдана бас­таған Маша Му­дряк Ре­сей­дің Сочи қаласында өтк­ен бай­қауда Л.Хамидидің «Қазақ валь­сін» және А.Алябьевтің «Со­ло­вья» әнін орындап, ита­льяндық өкіл­дер­дің кө­­зіне түскен бо­латын. Жеке аль­бо­мын профессорларға көр­сет­кен­нен соң, Маша Миланның Жо­ғары ака­дем­ия­сы­ның курсында оқуға ша­қыр­ту алады. Сөй­тіп, он жасында Ла Ска­­ла театрының жа­­нын­­дағы ми­лан­дық Жо­ғары музыка мек­те­біне қа­был­данып, өз қатарластары оқуға енді тү­сіп жат­қан­да қолына дипломын да алды. Сол кезде Ма­ша Мемлекеттік консервато­рия­ның жә­не «Бола­шақ» президенттік бағдар­ла­ма­сы бойын­ша білім алған ең жас сту­дент атан­ған.
Небары үш жасында ән әлеміне кел­ген М.Мудряк әлемнің ең жас әншісі ре­тінде 2000 жы­лы Гиннесстің рекордтар кі­табына енді. Ал жуыр­да ол Ни­дер­лан­ды­да өткен «Бельведер» атты халық­ара­лық байқауда әлемнің 10 үздік са­прано да­уысты әншілердің қатарына кірді.


ұлт құндылығы
Қазақ тіліндегі алғашқы күйтабақ
Ертістің Павлодар өңірінде Наум Григорьевич Шафер есімді азамат бар. Жайсаң мінезді жанды өнер ауылына қоңсы қонған десе болады. Жұртшылыққа Нами Гитин ретінде таныс ол – әлемдегі ең ірі күйтабақ музейінің негізін қалаушы, музыкатанушы, әдебиеттанушы. Наум Григорьевичтің бала кезінен жинақтап, көзінің қарашығындай сақтаған күйтабақтары бүгінде тұтас мұражайға айналған.

Коллекциядағы ең көне күйтабақ 1898 жылға тиесілі. Олардың қатарында әлем бойынша сирек кездесетін плас­тин­­калар бар. Наум Шафер күйта­бақ­тар­ды 10 жасынан жинай бастаған. Өнер­дегі ұс­тазы Евгений Бру­си­лов­ский­дің жол сіл­теуімен талай қазақ ауыл­да­рын аралап, ха­лықпен тілдесіп, патефон плас­­тин­каларын топтастырған. Оты­зын­шы жылдары депортация зо­балаңына ұшы­­ра­ған ол тағ­дыр тәл­ке­гімен қа­зақ же­ріне қо­ныс теп­кен ха­­­лық­­тардың ұлт­­­тық музы­ка­сын жи­науды мақ­­­сат ет­кенін ай­тады.
Павлодар­да­ғы Н.Шафердің мұ­ра­жай-үйіне бас сұқ­са­ңыз, әлем­­дегі бес құрлық халық­та­рының музыка қорын көрер еді­­ңіз. Мұнда 27 мың па­­тефон плас­тин­ка­сы, маг­­нитафон жаз­­ба­ларының 1500 да­на­сы және 1500 ау­диокассета сақ­­тал­ған. Біле білсеңіз, қазақ тілінде ал­­ғаш­қы рет жазылған күйтабақ та осы мұ­ражайда тұр. Құнды дүние түпнұсқа кү­йінде сақталған. 1936 жылы қазақтың бі­рінші күйтабағына жа­зылған Құр­ман­ға­зының «Кеңес» күйі Жап­пас Қа­лам­баев пен Лұқпан Мұ­хи­тов­тың орын­да­уында. Байғали Досымжанов, Ән­уарбек Үм­бетбаев, Жүсіпбек Елебеков, Ға­ри­фол­­ла Құрманғалиев сынды біртуар аза­­мат­тардың шығармалары бар­шы­лық. Тіпті атақты сазгер, палуан Иман­жү­сіп Құт­панұлының ұмыт бола бастаған «Ерей­ментау», «Сарымойын» әндері жа­­з­ылған күйтабақтар да сақталған. Бұдан бө­­лек, «Күләш Байсейітова ән шыр­­қайды», «Жа­мал Омарова ән са­ла­ды» ат­ты жи­нақтары қалың тың­дар­ман­ға қолжетімді. Қор­да Роза Бағла­но­ваның жас кезінде күйтабаққа жа­зылған, алайда көпшілік біле бер­мейтін әндері бар. Бұл – шыны күй­та­баққа жазыл­ған үш ми­нуттық туынды. Е.Бруси­лов­ский­дің әнін алтын дауысты бұлбұлымыз Ро­за Бағланова 1940 жылдары орын­дап­ты.
Бір сөзбен айтқанда, мұндай бірегей дү­ниелерді еш жерден таппайсыз.


шебер
Керекулік ниндзяны білесіз бе?
Павлодарда ғажайып азамат өмір сүреді. Бүгінде оны барша жұрт «Керекулік ниндзя» деп атайды. Шынымен де, фантастика жанрындағы фильмдердегідей тылсым күшке ие жан. Ол дүйім жұрттың демін ішке тартқыза, басына қатты кірпіштерді қатарлатып қойғыза, бес батпан балғамен ұрып, түрлі трюктерді жасайды. Ол-ол ма, үстінен автокөлік өткізіп, өзіне қарай тура бағытталған садақтың жебесін әп-сәтте ұстап алады.

Оның есімі – Берікболат Қанашев. Жо­­ғарыда атап өткен мысалдар Берік­бо­­лат ағаның «қолынан келетін» бірді-екілі әрекет қана. Тізе берсек, «Бә­ре­кел­­­ді!» дегізген әрекеттері туралы таң­­ды таңға ұластырып, саусақ бүге жалғастырып айтуға әбден болады. Ка­ратэ-додан облыстық, респу­бли­калық және халықаралық жарыстардың бір­не­­ше дүркін чемпионы атағына ие. «Біс­мілләсін» ауыздан тастамаған аза­мат киелі домбыраның сырын ұғып, ұлт өне­рін бағалайтын жандар қата­рын­­да.
Аты жеті қат дүниеге танылса да, та­би­ғатынан қарапайым адам. Қазіргі таң­­да «Рақым» атты аула клубына бас­шы­­лық жасап, жұмысын жетілдіру үстінде.«Қайран уақыт, несін сұрайсың, 50-ді еңсеріп, 60-ты да алқымдадық. Өрттей лаулап, қылшылдаған, күш пен жігер тасыған кезең жылыстап өте шық­ты. Ақындар жырлағандай,«ол кез енді қай­тып келмейді ғой», әрине.
Шүкіршілік, өткеніме қарай­ла­сам, халық есінде сақталған ерекше сәт­­тер жетерлік екен. Шыны керек, тура өзіме қарай зуылдап келе жатқан садақ же­бесін алақанмен тоқтату, уатылған шы­­ныға арқамен жатып, үстімнен ав­то­­­көлік өткізу секілді қауіптілігі аса көп әре­­кеттерді осыдан бес-алты жыл бұ­рын біржола шектедім», – дейді ниндзя.


Бетті дайындаған Ақмарал ЕСІМХАНОВА тел. 8-705-162-50-53 yessimkhanova.kz@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста