әлем жауһары
Еліміздегі ең ауқымды табиғи аумақ Ақтөбеде
Еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың – Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты және оның кеңейтілген аумағы Торғай мемлекеттік табиғи зоологиялық қаумалы Ақтөбе облысының оңтүстік шығысында, Ырғыз ауданының территориясында орналасқан. Аталған ерекше қорғалатын табиғи аумақтар арасында жер көлемі жағынан еліміздегі ең үлкен аймақ болып есептеледі. Ол Қазақстанның төрт бірдей Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Қызылорда облыстарының шалғай шекараларында орналасқан.
— БҰҰ ҚР Даму бағдарламасының Далалық экожүйелерді сақтау және орнықты басқару жобасы аясында ерекше қорғалатын аумақты одан әрі үлкейту жоспарланып отыр, – дейді резерваттың экологиялық ағарту бөлімінің бас маманы Гүлнұр Орынбасарқызы.
Жалпы, Ырғыз жері – миллиондаған құстарға мекен болған, дүниежүзілік маңызды сулы-батпақты өлке ғана емес, жойылып кету қаупі алдында тұрған ұланғайыр даламыздың сәні – киіктердің Бетпақдала таралымының негізгі мекені, ежелден биологиялық алуантүрлілік сақталған қайталанбас табиғи орта. Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында орналасқан Ырғыз ауданының жер көлемі Швейцарияның жерімен деңгейлес – 41,5 шаршы шақырым.
Ырғыз даласы тарихи оқиғаларға бай болған. Ұлы қолбасшы Шыңғыс ханның қазіргі қазақ даласындағы алғашқы шайқасы осы аймақта өтті. «1216 жылы Ырғыз өзенінің бойында меркіттердің тас-талқанын шығарған моңғолдар Хорезмшахтың жасағының шабуылына ұшырады», – деп жазады Л.Гумилев.
1710 жылғы Әбілқайыр хан мен Бөкенбай батыр бастаған қазақ жасағының жоңғар шапқыншылығына мықты тойтарыс берілетін атақты «Қарақұм шайқасы» да осы жерде болған.
1731 жылы 10 қазанда Кіші жүз ханы Әбілқайыр 27 рубасымен бірге осы Ырғыз жерінде Ресейге одақ болу ниетін білдіріп, шартқа қол қойған.
Ырғыз селосының іргетасы бекініс ретінде қазіргі заманғы Ақтөбе қаласынан – 24, Алматы қаласынан 9 жыл бұрын қаланған.
Ырғыз ауданында үлкенді-кішілі 95 көл тіркелген. Ерекше қорғалатын табиғи аумақта Ақсұлумола, Ыстық атпа, Жер атпа, Жылы атпа, Сарбұлақ секілді жер бетіне шығып жатқан бірнеше артезиан ұңғыларының сулары бар, оның ішінде жер астынан ыстық күйінде шығып жатқан, құрамында адам ағзасына шипа болар хлор, калий, натрий, темір, родон және т.б. элементтері бар минералды қайнарлар кездеседі. Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватында омыртқалылардың 200-ге жуық түрі, құстардың ҚР Қызыл кітабына енген 32 түрі, Халықаралық Қызыл кітап тізбесіне енген 12 түрі бар. Киікоты, андыз, кәдімгі ақмия, итсигек, жалбыз, түймедақ, қазоты, жантақ, түймешетен, қырықбуын, ошаған, кәріқыз, адыраспан т.б. сынды дәрілік өсімдіктерден Ырғыз даласы тұнып тұр.
Кезінде аудан территориясында демалыс орындары болмаған, жерінің шалғайлығынан туризм дамымаған, келушілер өз беттерінше келіп, демалатын болған. Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік дәлізінің салынуы, Ақтөбе мен Ырғыз арасына әуе қатынасының орнатылуы, қайталанбас керемет табиғи және тарихи ескерткіштерінің молдығы ауданның туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Болат АЙМАНОВ, «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» мемлекеттік мекемесі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары:
– Осыдан үш жылдай уақыт бұрын «Малайдар көлдер жүйесі» туристік маршруты бекітілді. Торғай мемлекеттік табиғи зоологиялық қаумалы аумағындағы Малайдар көлдер жүйесінен туризміне арналған 3087 га жер телімі пайдалануға берілді. Жалпы, ерекше қорғалатын аумақта дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген кез келген туриске ұялмай көрсететін табиғи, тарихи жерлер жетерлік. Табиғаты көркем Байтақкөл, Іріңдікөл, Ұзынкөл көлдері жүйесін қамтитын «Малайдардан» басқа, экотуристік маршруттарды Алакөл жүйесіне, Шалқар теңізі алабына және оған жақын Құрдым көлдер жүйесіне, жерасты сулары шығып жатқан артезиан алабына, Қарақұм құмына, Шалқар-Нұра үстіртінің бойындағы терең аңғар-сайлар мен биік шоқылар бағыты бойынша ашуға болады.
әлем азаматы
«Жеңіс» шыңын бағындырған ақсақал
Еуропаның ең биік нүктесі саналатын Эльбрус шыңына шыққан қазақ көп емес. Ақтөбе облысы Шалқар ауданында тұратын Меркебай Тағыбергенов ақсақал кезінде сол шыңды бағындырған. Оның қолданған екі тоннадай жүкті көтере алатын арқаны, мұз оятын құралы, әрқайсысы екі келіден артық тартатын шынжырлы сыңар етігі аудандық өлкетану мұражайына қойылыпты.
Жамбылдағы статтехникумда оқып жүрген бір топ жасты 1954 жылдың бір күнінде Алматыдан келген бір топ альпинист сол жердегі Бурный стансысы маңындағы Талас Алатауына шығарып, арнайы дайындықтан өткізіп, соңында «Альпинист СССР» деген төсбелгі беретінін айтады. Қыздардың сондай төсбелгісі бар жігіттерге басқаша көзбен қарап, өзі де сол көздердің нысанасына айналғысы келген Меркебай жігіт альпинистердің қатарына ілігуге тырысады. Осылайша ол сол жылдан бастап альпинизммен айналысып, бірнеше рет Алматыда, Кавказда, тағы басқа жерлерде альпинистер курсынан өтіп, «Кіші нұсқаушы» атағын алып, үшінші, екінші, соңында бірінші разрядты альпинист атанады.
Меркебай ТАҒЫБЕРГЕНОВ, ардагер альпинист:
– Альпинистердің бірнеше түрі болады. Оқыту, спорттық, өндірістік, әскери және соңғы кездері көбірек сұранысқа ие бірнеше қабатты үйлерге шыға алатын құтқару жұмыстарымен айналысатын альпинистер. Мен альпинизмнің осы түрлерінің барлығын дерлік меңгердім. Америкалықтар Қар адамы дегенді зерттеу үшін Гималайға шыққанда, олардың соны сылтауратып бері өтіп кетпеуін қадағалаушы шекарашыларды альпинизм ілімдеріне үйреттік.
Қазақ КСР-нің альпинистер командасының құрамында болдым. 1955 жылдың жаз айларында Кавказдағы «Джан-туган» альпинист нұсқаушыларын дайындайтын лагерьде жаттығудан өтіп, осы жылдың 9 шілдесінде теңіз деңгейінен 5600 метр биіктегі Эльбрус шыңына шығып, Кавказ жотасының іргесіндегі Джантуган, Цаннер, Семей, Башыл, Дәлкни-Ауш атты асулардан астық.
Меркебай ақсақал әсіресе 50-жылдардың аяғында Тянь-Шань тауының ең биік шыңдарының бірі «Пик Победы» деген шыңына шыққанын ерекше ықыласпен айтады.
– Қырғызстан, Қазақстан мен Қытайдың ортасында тұрған шыңға шығуға бірнеше ел мүдделі болыпты. Кеңес өкіметі бұл шың жеңістің тілекшісі болсын деп «Пик Победы» деп атап, соған шығуға бірнеше рет тырысқан. Тіпті Қазақ КСР-нің альпинистер командасының 11 адамы осы шыңға шығу сапарында ауа райы бұзылып, салқыннан үсіп, шыңнан құлап өлген. 1957 жылы Қазақ физкультура комитеті альпинистер командасын жаңадан жасақтап, осы құрамға қазақ ұлтынан жалғыз мен кірдім. Мені орыстар киргиз-кайсак дейтін. «Мен қазақпын!» деймін. Ақыры сол шыңға шығып, мерейіміз үстем болды, – дейді ақсақал.
Бұдан кейін ол бір топ альпинистермен бірге Орталық Тянь-Шаньдағы адам аяғы баспаған «Максим Горький» шыңына, биіктігі 6400 метрлік «Мраморная Стена», Инилчек мұздағының биіктігі 6000 метрлік Чапаев шыңдарына өрлеп, барлығы 60-тан аса тауға шығып, асулардан асқан.
Меркебай ақсақал 1959 жылы Шалқардағы мектепке жұмысқа орналасады. Бірақ сол уақытта қазақтан шыққан санаулы кәсіби альпинистердің бірі Меркебай ақсақалға тыным болмайды. Жас альпинистерге нұсқаушы ретінде дәріс беру үшін және құпия әскери мақсатта нұсқаушылық жұмыстармен айналысу үшін бірнеше рет шақырту алады. Осының барлығын асқар тауды бағындыра алған қазақ абыроймен атқарады.
Кезінде мәңгілік мұз құрсауында жататын ақ бас тауларды бағындырған Меркебай Тағыбергеновтің өзі қазір асқар таудай ақ бас ата болған... Өткен күннен тек сол кездегі қыздар қызыққан төсбелгілер мен альпинистің асай-мүсейлері ғана қалыпты...
әлем дауысы
Димаштың әлем теноры болар күн жақын
Ақтөбелік жас әнші Димаш Құдайбергенов қандай байқауға барса да, бас жүлдені қанжығасына байлап келіп жатыр. Міне, күні кеше, Ыстықкөл жағалауында алғаш рет өткен халықаралық «Мейкин Азия» фестивалінде де бас жүлдені жеңіп алды.
Осыдан азғана уақыт бұрын сахнаға кіп-кішкентай болып шыққан Димаштың дауысының диапазонына тәнті болған тыңдарман одан зор болашақ күтетінін ықыласымен-ақ білдірген-ді. Рас, бірі …е-е, бұл әнші Айтбаевтардың баласы екен ғой» деп сенімсіздікпен қарады, енді бірі «бұл бала ертең Қанатты да, Светаны да далада қалдырады» деп ризашылығын білдіріп жатты. Расында, Димаш әнші Қанат-Света Айтбаевтарды «далада қалдыратын» түрі бар. Оған дәлел – диапазоны кең, кез келгенге бұйыра бермейтін тенор дауысты Димаштың менмін деген талай мықтыны шаң қаптырып кететін қабілетін тек ата-ана ғана емес, ұстаздары, қала берді, еліміздің, тіпті қажет десеңіз, әлем мойындаған өнер саңлақтарының өзі мойындағаны дәлел бола алады.
Мәселен, ол республикалық «Жас қанат» байқауына қатысып, жүзден жүйрік шықты. Қазылар алқасындағы композитор Төлеген Мұхамеджанов, Кеңес Дүйсекеев, Мұрат Құсайынов, Нұржамал Үсенбаева секілді өнер майталмандары Димаш ән айтқанда демін ішіне тартты: «Қазақстанның операсы Димашты қажет етеді» деген баға берді. Ал бұл баға байқаудың бас жүлдесінен де бағалы еді…
Одан соң Димаш Украинаның Ялта қаласында өткен VIII эстрада орындаушыларының «Шығыс базары» халықаралық телевизиялық конкурсында бірінші орынды жеңіп алды. Оған әлемнің 26 елінің мықты деген кәсіби әншілері қатысқан болатын. Қазақстанның атынан жалғыз Димаш қана барды. Қазылар алқасының құрамында болған белгілі Беларусь продюсері Владимир Кубышкин Димаштың талантын көріп, аузын ашып, көзін жұмды: «Байқауға Қазақстан атынан келген әнші ерекше даусымен бізді таңғалдырды. Дауысы өте зор, диапазоны кең. Жас өнер иесіне тек қазылар алқасы ғана емес, көрермендер де тәнті болды. Бірінші орынға ол әбден лайық болды», – деді.
Димаштың ендігі арманы — халықаралық «Евровидение» байқауына шығу, мақсаты – «Новая волна» ән байқауына қатысу.
аймақ періштесі
10 жастағы баладай...
Ақтөбелік 24 жастағы Серім Амангелдінің бойы кішкентай болғанымен, ойы биік. Ол республикада өзімен жастылар арасындағы ең аласа бойлы болып есептеледі. Онымен жақын таныс болмасаңыз, 9-10 жастағы бала ма деп ойлап қаларыңыз анық. Бойының ұзындығы – 1 метр 40 сантиметр, салмағы бар болғаны – 40 келі.
Отбасындағы үш баланың кенжесі Серімнің денсаулығында, дәрігерлер қойған «гипофизарлы нанизм», яғни бойы өспей қалу деген диагнозды ескермегенде, бір мін жоқ.
Серім Алға аудандық білім бөлімінде бухгалтер қызметін атқарады. Аудандық білім бөлімінің бухгалтериясында алты айлық тәжірибеден өткен соң оны жұмысқа мектеп-балабақшаға жіберген. Ол жерде екі-үш жыл қызмет еткен соң, Серім бұрынғы өз жұмысына қайтып келеді. Қазір ол бұл жердегі маңдайалды қызметкерлердің бірі.
Серім ешкімге масыл болғысы келмейтінін айтады. Үйдегі өзіне қарап тұрған тірліктің бәрін өзі атқаруға тырысады.
– Мен туғаннан осындай кішкентаймын. Неден екенін ақыры түсіне алмадым. Тұқымымызда мұндай нәрсе болмаған, – дейді жігіт. Жетпістен асқан ата-анасының үлкен тірегі Серімнің болашақтан үміті зор.
аймақтық жоба
«Ақылды» автобустар
Ақтөбенің қоғамдық көліктеріне міне қалсаңыз, қазақтың ақын-жазушыларының, абыздарының афоризмдер кітабын оқып отырғандай боласыз. Автобустың ішінде Шәкәрім, Ахмет Байтұрсынов, Бауыржан Момышұлы, Қадыр Мырзалиевтің басқа да арыстарымыздың, негізінен, ана тілі жөнінде айтылған сөздері ілулі тұр. Мұндай тәжірибе еліміздің басқа ешбір өңірінде жоқ.
Таң атса кеш батқанша тыным көрмейтін қала тұрғындары, студенттер мен оқушылар автобусқа отырғанда осы сөздерге көзі түседі, оқиды, ойланады. Рас, мұндай сөздерді кітаптарды, интернетті ақтарып оқи беруге болады, бірақ қанатты сөзді іздеп жүріп оқуға әркімнің уақыты бола бермеуі мүмкін…
Мейіржан ӨНДІРГЕНОВ, «Емшан» компаниясының президенті:
– Асықпай отырып, кітап оқуға көбіміздің қолымыз тие бермейтіні белгілі. Бірақ, керісінше, көпшілігіміз өзге ұлт жазушыларының, зиялыларының сөздерін қосып сөйлеуге, солардан цитата келтіруге құмармыз. Неге? Біздің арыстарымыз олардан артық айтпаса, кем айтқан емес. Біз оқымаймыз не оқысақ та тоқымаймыз ғой. Осыған байланысты сөздің майын ішкен қазақ данышпандарының сөздерін өз мекемеміздің мәслихат залына іліп қойғанбыз. Кейін идея туындап, осындай қанатты сөздерді халық көп тұтынатын қоғамдық көліктерге де іліп қоюға бел байладық. Автобустарда студенттер, оқушылар көп жүреді, солар оқысын, жадына түйсін, қазақ тіліне, әдебиетіне деген сүйіспеншілігі артсын дедік. Былтыр Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 100 жыл толды, соған байланысты автобустарда жастар біліп жүрсін деп Қонаевтың өмірі туралы ақпарат жазылған парақшалар ілдік. Мұндай жұмыстар жалғасын табатын болады. Бұл – біздің ана тіліміздің көркеюі үшін жасап жатқан жұмыстарымыздың бірі.
арена
Әлемнің ең үздік төрешісі қайда тұратынын білесіз бе?
Былтыр Лондон Олимпиадасы кезінде төрелік еткен жалғыз қазақ Ақтөбеде тұрады. Сонымен қатар ол әлемдегі бес жұлдызды төреші деген атағы бар жеті боксшысының бірі де! 2010 жылы Азияның үздік төрешісі атанған, 2011 жылы Халықаралық бокс федерациясы (АИБА) «Әлемнің үздік төрешісі» деп таныған ақтөбелік Рахымжан Рысбаев әлемдік дода кезінде бокстан төрелік етті.
1978 жылы Шалқар ауданында дүниеге келген Рахымжан мектептегі денешынықтыру пәнінің жас маманы Әділ Басығараевтың бокс секциясына қатысып жүргенінде Қандыағашта өткен турнирге қатысып, тұңғыш жеңісін қанжығасына байлап келді. Іле-шала облыстық чемпионатта да чемпион болды.
Кейін ержеткесін бокстан жаттықтырушылыққа, жаттықтырушылықтан төрешілікке ауысты. Тұңғыш рет 2001 жылы Ақтөбеде өткен олимпиадалық ойындардың чемпионы Бекзат Саттархановты еске алу турнирінде рингке төреші ретінде шықты. Бұл үлкен жолдың бастауы болатын. Жасөспірімдер, жастар арасында өткен турнирлерге төрелік ете жүріп, тәжірибе жинады. 2004 жылы Алматыда өткен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатына бірінші рет төреші болып, осы жарыстан кейін бір әріптесімен Индонезияда болатын жарысқа жолға шықты. Бұдан кейін Таиландта дәстүрлі Король кубогы үшін өткен турнирге барды. Осы турнир барысында АИБА басшылығы біздің Рахымжанға халықаралық дәрежедегі төреші сертификатын тапсырды.
Енді Рахымжанның жолы кеңейе түсті. Халықаралық турнирлерге, маңызды біріншіліктерге шақырту ала бастады. 2010 жылы Астанада өткен әйелдер арасындағы Азия чемпионатында АИБА конгресі үздік төреші деп атады. Одан соң Анкарадағы Еуропа чемпионатында бейтарап төреші ретінде жемісті жұмыс істеді. 2011 жылы Бакудегі әлем чемпионаты төрешісі орнында да біздің Рахымжан тұрды. Осы жылы АИБА-ның шешімімен «Әлемнің үздік төрешісі» атанды.
Ал Лондон Олимпиадасына төрешілерді іріктеу жұмыстары 2009 жылдан басталған. Боксшылардың олимпиадалық ойындарға қатысуына жолдама беретін іріктеу турнирлеріне әлемнің 37 төрешісі қатысып, соның 35-і Лондонда қызмет еткен екен. «Олимпиада кезінде барлығы 10 жұпқа рефери, 34 жұпқа қапталдағы төреші ретінде қатыстым», — дейді ол.
Бетті дайындаған: Мейрамгүл Сатаева 8 (701) 373 -37-38