«Қазақстан» газеті – бар газеттің бастауы
Биыл Батыс Қазақстанда тұңғыш жарық көрген көне басылымдардың бірі «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттеріне – 95 жыл. 1911 жылдары тұңғыш рет «Қазақстан» деген атаумен шыққан бұл басылымның негізін қалаушылар: ақын, философ Ғұмар Қараш, Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев, Ғабдулғазиз Мұсағалиев секілді ұлт зиялылары.
«Қазақстан» газеті – 1911 жылғы 10 наурыздан 1913 жылғы қарашаға дейін жарық көрген алғашқы қазақ басылымдарының бірі. Алғашқы екі саны Астрахань қаласындағы «Окурь мен Апресянц» баспаханасында басылған. 1911 жылдың соңында газет редакциясы Орал қаласына көшіп, 1913 жылдың ортасына дейін жалпы саны 18 нөмірі жарық көрген. Редакцияның Орал қаласындағы мекенжайы – Сақмар мен Самар көшелерінің қиылысы, Хохлачев үйі (қазіргі Чапаев көшесі, 39 үй, Достық даңғылымен қиылысы). Ресми редакторы – Елеусін Бұйрин. Ал газетті ұйымдастыруға, шығаруға Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Бақытжан Қаратаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев т.б. көп үлес қосқан. Сондай-ақ 1911-1913 жылдары Орал қаласында түрлі оқу орындарында оқып жүрген қазақ жастарының да газеттің қаржылық жағына көмектескені туралы дерек бар.
«Қазақстан» газетінде мақалалар қазақ, орыс, татар тілінде жарияланған. Газет демократиялық бағыт ұстанды. «Қазақстан» 1913 жылы жабылған. Негізінен, отырықшылық, оқу-ағарту, өнер-білім, мәдениет, тұтынушылар кооперациясын құру мәселелерін көтерген. Газет ұлттың оянуына, саяси қозғалыстарға жіті қарауына себепші болды.
«Қазақстан» газеті шын мәнінде тәуелсіз қазақ баспасөзінің қарлығашы десе болады. Өйткені оған дейінгі газет-журналдар – Ташкенттегі «Түркістан уәләятының газеті» (1870-1882), Омбыдағы «Дала уәләятының газеті» (1888-1894) патшалық Ресейдің өз саясатын жүргізуі үшін шығарған басылымы болса, Троицкідегі «Қазақ газеті» (1907) мен Петербургтегі «Серке» газеті (1907) бір ғана санынан кейін жабылып қалғаны белгілі. Ал «Қазақстан» – Орда мен Оралда (1911-1913) біршама ұзақ уақыт тұрақты шығып, таралған.
«Қазақстан» газеті – тарихта «Қазақстан» атауын тұңғыш қолданып, айналысқа енгізуімен де ерекше есте қалады. Бұған дейін барлық ресми құжатта қазақ атауы «киргиз», «киргиз-кайсаки» деп бұрмаланып келсе, газет шығарушылары «Қазақ» атын ұлттың ғана емес, мемлекеттің атауы етіп көтере білді. Арада дәл 80 жыл уақыт өткенде – 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасы» аталатын Тәуелсіз мемлекет пайда болды.
Бүгінде Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы Салтыков-Щедрин атындағы ұлттық кітапханасының сирек қорынан газеттің 14 саны, Мәскеу қаласындағы Ресей мемлекеттік кітапханасынан бұрынғыларға қосымша тағы екі саны – барлығы 16 нөмірі табылып, көшірмесі алынды.
Осы кезге дейін толық зерттелмеген «Қазақстан» газетінің барлық саны тұңғыш рет 2012 жылы батысқазақстандық бір топ азаматтың күшімен жинақталып, қазіргі қолданыстағы әліпбиімізге аударылып, кітап болып шықты. Жинаққа «Қазақстан» газетін шығарған және қаржылай көмек көрсеткен тұлғалар туралы мәлімет, сондай-ақ «Қазақстан» газетін бұған дейін зерттеушілердің еңбектері де енгізілді.
Газеттің ресми редакторы – Елеусін Бұйрин (1874-1933 ж.ж., 1911 жылы 37 жаста болған). Ол қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Нарын құмында дүниеге келген екен. Әкесінен жастай айырылып, тағдыр тауқыметін ерте тартса да, ауқатты байлардың малын бағып жүріп, ауыл молдаларынан арабша тіл үйренген. Оқуға ниет еткен Елеусін мал айдаған татарлармен бірге Қазан қаласына келіп, орыс-татар байларына жалданып, тіршілік азабын көп көреді. Дегенмен тумысынан зерек бала орыс тілін тез меңгеріп, Қазан мұғалімдер семинариясына оқуға қабылданады. Оқуды жақсы аяқтаған соң, Астрахань қаласындағы мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Міне, осы кезде газетке редакторлық қызметке ұсыныс түскен. Бұған дәлел М.Ысмағұловтың қолжазбасында Елеусін Бұйриннің шәкірті Бисенғали Жұмашевтің мынадай естелігі келтірілген: «Бізді орысша оқытып жүрген семинария мұғалімі Елеусін Бұйрин бір күні: «Ал, қарақтарым, мен Ордадан телеграмма алдым, мені «Қазақстан» атты газет шығару ісіне басқарушылардың бірі болуға шақырып жатыр. Қарақтарым, сіздерден 10-15 сом ақшаны күні бұрын алып, жаратып қойып едім. Енді мына шақырту бойынша Ордаға кетсем, сіздерге қайырып беретін ақшам болмай тұр. Енді қайтіп есептесеміз?» – дегенде, оқушы балалар бірауыздан: «Бізге ақша қайырмаңыз, жолыңыз болсын!», – деп жауап қатқан. Бұдан Е.Бұйриннің ақ адал, иманды адам болғандығын да аңғарасың.
Тақырыпқа тұздық
Батыс Қазақстанда өткен ғасырдың 30-жылдарынан сыр шертетін көне газеттер табылды. Осыдан тура 83 жыл бұрын жарыққа шыққан «Қызыл ту» және «Еңбекші қазақ» басылымдарының бірнеше данасын Базартөбе ауылдық округінің әкімі Амантай Сәлімов Базартөбе ауылынан 35 шақырымдай жерде жатқан көне Жаңакөл қонысын аралап жүріп тауып алады. Ескі үй орнын айнала қоршаған ордың биіктеу төбесінен төңкерілген қазанның түбін байқап қалады. Қазан астынан жез легенге салынған бір бума газет, бір дорба винтовка оғы және тағы бір бума ескі қағаз ақша шыққан. Ыдыстың түбі жарылып, қағаздарға су тиіпті. Әрі өсімдік тамырлары араласып, әжептәуір бүлінген. Бірақ бұл газеттердің 1930 жылғы мамыр айында шыққан «Еңбекші қазақ» және «Қызыл ту», яғни қазіргі «Орал өңірі» газеттері екені анық оқылып тұр.
25-ке толғанша бес баланы дүниеге әкелген
Индира Татенованың жасы – 25-те. Жастығына қарамастан бес баланың анасы. Әрине, он баланы да көпсінбейтін қазақ үшін бұл таңғаларлық көрсеткіш емес шығар. Бірақ бүгінгідей баспанасы бар, тұрмыс қиындығы бар, әйтеуір сан алуан мәселесі көп заманда бес құрсақ көтеру де оңай емес.
– Жұбайым Тілектес өте балажан. Көп баласы болып, тамырының тереңге жайылғанын қалайды. Балалар да менен гөрі әкелерін жақсы көреді. Асыраушымыз сол болғаннан кейін ол күндіз жұмыста. Кешке бір-ақ келеді. Сонда балалар есікке қарап, әкелерін күтіп отырады. Оның кіріп келе жатқанын көргенде, қуанғандарын көрсеңіз. Көздері жайнап, жүгіріп шығады, – дейді Индира.
Тұла бойы тұңғышы Думан – 3-сыныпта. Аружан – үште. Алғашқы екі баласын енесі Жұмазия бағып берді. Суға түсіріп, бесікке салып, бөбекті қалай баптау керек екенін үйретті. Енесінің тәлімін бірден игеріп алған пысық келін кейінгілерін өзі өсіріп келеді. «Аллаға шүкір, әзірге бәрінің дені-қарны сау, аман-есен өсіп келеді. Әр таң сайын солардың саулығына шүкіршілік етемін. Жұбайым арматура зауытында жұмыс істейді. Табысы– 35-40 мың теңге көлемінде. Балалардың аз-мұз жәрдемақысы бар. Бар тапқанымызды балалардың аузына тосамыз. Қайным, келінім – бәріміз бірге тұрамыз. Үй кезегінде тұрмыз. Тезірек үй берсе деп армандаймын. Алда тағы да сәби сүйсем деген тілегім бар. «Алла берсе, ала береміз ғой», – дейді ел демографиясының өсуіне үлес қосып жүрген жас ана.
Индира жұбайының жауапты жан екендігіне қуанады. Әу бастан-ақ «Балаларға біреуіміз қаттылау болуымыз керек, әйтпесе екеуміз жұмсақ болсақ, олар жүгенсіз кетеді» деп келісіпті жұбайлар. Баланы өз бетімен жіберуге болмайды деп түсінген Индира қаталдау болуға тырысып жүр. Бөбектерінің тілін дамытуға, өз ойларын еркін айта білуіне көп көңіл бөледі. Үйде қолдарына қалам, қарандаш, дәптер беріп сурет салғызып, жаздырып, бар білгенін үйретуде.
Индира Татенова – Сырым ауданы Бұлдырты ауылының тумасы. 18 жасында бақытын тауып, ақ босаға аттады. Жұбайы екеуі үш жыл көңіл жарастырып жүріп, бір-бірін әбден таныған соң, үй болуға бекінді. Жастай жұбайлық өмірге бет алған қыздарының қадамына ата-анасы да қарсылық білдірген жоқ. Қайта «Бағың ашылсын» деп батасын беріп шығарып салды.
Содан бері Индира қадамы құтты келін атанды. Ақ ниетпен аттаған ақ босағаның керегесін кеңейтіп, арасына тоғыз ай салып, бірінен-соң бірі ұл-қыз сыйлады.
Жас ата-ананы балаларының болашағы жиі ойландырады. Қазіргідей күйіп тұрған қымбат заманда оларды өсіріп, қызылды-жасылды ақпараттан сақтандырып, тура жолға салып өсіру де оңай емес. Дегенмен жұбайы екеуі әу бастан келісіп, жауапты қадамға барғаннан кейін оны аяғына дейін жеткізіп, балаларын жетілдіру – негізгі мақсат. Балапандары жақсы оқыса, жоғары білім алып, жақсы азамат атанса деп армандайды. Сол үшін де балаларына «Үлкенді тыңдаңдар, бір-біріңе қамқор, тілалғыш, елгезек болыңдар» деп жиі айтады.
Байбатыровтай балуанымыз бар
Ерболат Байбатыров – самбо күресінен төрт дүркін әлем чемпионы атанған жалғыз қазақ. Ол 1986 жылы Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауылында дүниеге келген. Самбомен бірінші сыныптан бастап айналысқан. «Маған күрестің алғашқы әліппесін үйреткен ұстазым Берік Жұмағалиев болатын. Кейін ол кісі Оралға көшіп кетті де, мен Қазбек Ибрашев ағаның қол астында жаттықтым. 2003 жылы орта мектепті бітіріп, Батыс Қазақстан педагогикалық колледжіне оқуға түстім. Орал қаласына келгеннен бері менің бапкерім Райымбек Меңдіғалиев», – дейді Ерболат.
Балуан жігіт алғашқы жеңісіне 2003 жылы жетті. Осы жылы ол жасөспірімдер арасында Қазақстан және Азия чемпионаттарының жеңімпазы атанды. Және Ташкентте өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. 2004 жылы жасөспірімдер арасында екінші рет Қазақстан чемпионы атанды. Орал қаласында өткен әлем чемпионатында екінші орынға ие болды. 2006 жылы жастар арасында Қазақстан чемпионы атанып, Ташкентте өткен Азия чемпионатында жеңіп шықты.
– 2007 жылы ересектерге өткен бойда Қазақстан чемпионатын ұтып алдым. Сол жылы Ташкентте өткен сында Азия чемпионы атағына үшінші рет қол жеткіздім. 2008 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен әлемдік додада топ жарып, тұңғыш рет әлем чемпионы атансам, 2009 жылы Грекияда сол жетістігімді қайталадым. 2010 жылы Ташкент боз кілемінде үшінші алтынға қолым жетті. 2011 жылы Вильнюсте өткен додада топ жарып, самбо күресінен қазақтан шыққан төрт дүркін әлем чемпионы атанып отырмын. Арманым – бесінші рет әлем биігін бағындыру», – дейді Ерболат Байбатыров.
Магнитті адам Оралда тұрады
Орал тұрғыны Қарлығаш Нығметова денесіне металл бұйымдарын жапсырып, Қазақстанның рекордтар кітабына енген болатын. Бұған дейін ол ірілі-ұсақты сегіз келі темірді денесіне жабыстырып көтерген болса, ал қазір металды мейлінше ұзақ уақыт ұстап тұрудың жолдарын қарастыруда.
Ол денесіне металл бұйымдардың жабысатынын бертін келе байқаған. Осыдан 20 жыл бұрын, яғни тұңғыш қызын дүниеге әкелгеннен кейін тұла бойында бір өзгерістің болғанын байқаған. Кейін Бәтима Жанқатова есімді сынықшыға көрініп, ерекше қабілетке ие екендігіне көз жеткізеді.
Қарлығаш НЫҒМЕТОВА, магнитті адам:
– Дәрігерлер маған мойын-кеуде және бел остеохандрозы деген диагноз қойғаннан кейін емшіге бардым. Бірақ ол кісіге де сене алған жоқпын. «Не болды?» деп өзіме-өзім сұрақ қойып, іздендім. Сол бағытта магнитизмді кітаптан оқып, Мәскеуге оқуға барып келдім. Биыл желтоқсанда «Аймақтар аламаны» жобасына шақырғаннан кейін бардым. Мен денеме төрт үтік жапсырдым, соны көрсеттім. Сонымен қатар 30 қасықпен шықтым. Көмекші қыздардың денесіне де жапсырдым. Бұған сенбейтін кісілер болды, сол кісілерге де жапсырып көрсеттім. Көрермендер өз көздерімен көріп, мені жақсы қарсы алды.
Міне, Қарлығаш Тілеуғалиқызы сол кезден бері ізденіс үстінде келеді. Қазір ол бойындағы магниттік биоэнергияны өзгелердің денесіне уақытша дарыта алатын деңгейге жеткен.
Жанар САЛАУАТҚЫЗЫ, қала тұрғыны:
– Қарлығаш апай үстіме қолын тигізбей биоэнергиясын жіберді. Сол кезде өзімді басқа бір леп келгендей сезіндім. Қасықты жапсырған кезде, темірді магнитке жапсырғанда қандай тартылыс күші болады, денемде де дәл сондай күш пайда болды.
Магнитті әйел 2001 жылы Гиннестің рекордтар кітабына кіруге талаптанып көріпті. Алайда Лондоннан жауап келмеген. Қазір Гиннес рекорды – 17 қасық жапсырған канадалықтың еншісінде. Енді Қарлығаш Нығыметова тағы бір рекорд жасауға бел буып отыр. Бұл жолы үстіне ілінген металды қанша уақыт ұстап тұра алатындығын дәлелдемек. Өйткені қазірге мұндай рекордты бұған дейін әлі ешкім жасап көрмепті.
Шашы ұзын қыз
33 жасар Гүлнәр Қадырбекова – Қазақстандағы ең ұзын бұрымның иесі. Республикалық «Қолаң шаш-2007» байқауында жеңімпаз атанған оның шашының ұзындығы 220 см, яғни Гүлнәрдің бойынан да ұзын.
– Ең соңғы рет шашымды төрт жасымда қиған екен. Қимағанда қазіргіден шамамен 30 сантиметр ұзын болар еді. Негізі, ұзын шаш маған әжемнен берілген. Ол кісінің де шашы ұзын болыпты. Енді менің жетістігімді сіңлім Дидар қайталаса деген арманым бар. Қазір оның шашы 1 метр 50 сантиметр, – дейді Гүлнәр.
Ұзын шашты жуу, тараудың машақаты көп болғанымен, Гүлнәр оны қиғысы жоқ. Осы ұзын шашымен Қазақстанның Гиннес рекордтары кітабына енген қыз қазір дәрігер болып еңбек етуде. Оның ендігі арманы – әлемдік Гиннестің рекордтар кітабына ену.
Шалқар көлі – батыстың ақ маржаны
Шалқар көлі — Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының аумағында орналасқан ірі айдын. Ауданы – 205,8 шаршы шақырым, ұзындығы – 18,4 шақырым, ең енді жері – 14,7 шақырым. Шалқар көлінің суы тұзды хлоридті-натрийлі минералды су типіне жатады. Су құрамында тұз қышқылы, кальций гидрокарбонаты, магний және өмірге қажетті басқа да минералды элементтер бар. Мұның өзі оның құрамы теңіз суымен ұқсас екендігін көрсетеді
Көлде аққу, қаз, үйрек, қоқиқаз, шағала, бірқазан мекендейді. Мал суарылады, балық ауланады. Жергілікті тұрғындар Шалқарды «Кіші теңіз» деп те атайды. Оның қашан пайда болғаны күні бүгінге дейін талас тудырып келеді. Алайда бір «версия» мейлінше көңілге қонымды. Көл – Каспий шегінен мың жыл бұрын тартылған бұрынғы Хвалын теңізінің жұрнағы.
Шалқар көлі айналасына Х ғасырдың өзінде елді мекендер мен қалалар орналасқан. Бұған 1968-1970 жылдарда және 2002-2003 жылдарда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары дәлел. Қалалық типті мекендердің ірісі – Ақмешіт мекені. Ол – Шолақ Аңқаты өзені жағасында. Қаланың қалыптасқан уақытын XVIII-XIX ғасырларға жатқызуға болады. Ол – өңірдегі отырықшы қала мәдениеті ескерткіштерінің ең ірісі.
Қазақтың белгілі жазушысы, Шалқарда дүниеге келген Хамза Есенжанов өзінің «Ақжайық» трилогиясында Шалқар көлін былай сипаттайды: «Шалқар – үлкен көл, оның ұзындығы – жиырма верст, ал ені 15 верст болады. Сағадағы әрі бетін көк толқын бұйралап, теңіздей шалқыған Шалқар көл жатыр. Көлге борлы ақ тұмсығын төндіре шөккен арғы беттегі Сынтас тауы алыстан бұлдырайды; шетіне көз жеткісіз судың алыс кенересі көкжиекпен қосылып, доға сызық тартқан. Айналасы атпен жүрсе қос күндік Шалқар көлі бейне бір ожаудай; алыстан аққан бұраң бойлы көп түбекті, Арқа беті қызыл жарлы Аңқаты өзені – ожау көлдің сабы сияқты».
Бүгінгі таңда көлдің экологиялық жағдайы нашарлаған. Экологияны қалпына келтіріп, инфрақұрылым жасалатын болса, ол Батыс Қазақстан аймағындағы туристер көп келетін мекенге айналары сөзсіз.
Тарихқа тұнып тұрған Ордаға кел
Қазақстандағы тарихи орындардың бірі – Орда ауылы. Ол Бөкей ордасы ауданында орналасқан. XIX ғасырда мәдениет, өнер, білім орталығы болған ғажайып өңірдің тарихы тереңнен бастау алады.
1801 жылы Нұралы ханның екінші ұлы Бөкей сұлтан орыс патшасына бос жатқан Еділ мен Жайық өзендері аралығындағы атамекеніне көшіп, қоныстануға рұқсат сұраған өтініш жолдайды. Ресей императоры Павел I Бөкей сұлтанның өтінішін қабыл алып, 1801 жылдың 11 наурызында Жарлық шығарып, Бөкейге рұқсат береді. Сол жылдың күзінде Бөкей сұлтан өзіне қарасты 5 мың түтін ауылымен Жайықтың ішкі бетіне көшіп, қоныстанады. Тарихта Ішкі Қазақ немесе Бөкей ордасы аталған өлкенің іргесі осылай қаланған
Орда қаласы Жәңгір хан тұсында көркейіп, өнер мен мәдениет, білім және сауда орталығына айналады. Жәңгір Ордада 1841 жылы 6 желтоқсанда қазақ даласындағы ең түңғыш қазақша-орысша білім беретін мектеп ашады. Бұл өңірден шыққан әйгілі адамдар да өте көп. Соның барлығы – Жәңгір ашқан мектептің түлектері. Ордада Мұхамед-Салық Бабажановтай этнограф, ағартушы ғалым дүниеге келген. Қазақтан шыққан тұңғыш генералдар да осы Ордада туған. Ғұбайдолла Бөкеев, Шәкір Жексенбаев, Бисен Жәнекешов сынды әскери қайраткерлер болған. Саяси қайраткер Алма Оразбаева, Кеңес Одағының Батыры, Шығыстың жұлдызы Мәншүк Мәметова да Ордада туған.
Алайда Орда өңірінің бастан кешіп отырған қиындықтары да көп. 1947 жылы мұнда Капустин Яр сынақ полигоны ашылған. Ол әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Бұл сынақ кешені көрші Ресей жерінде болғанмен, сынақ жасайтын алаңы – Батыс Қазақстанның Орда және Атыраудың Құрманғазы аудандарының аумағы. Елді аздырып, жерді тоздырған полигон жүргізген атомдық сынақтар халықтың денсаулығын төмендетті. Сонымен қатар жол қатынасы өте қиын. Кеңес Одағы тараған соң, теміржолмен жүру мүмкін болмай қалды. Автокөлік жолын салу жөнінде кешенді бағдарлама іске асса, тарихи киелі мекенде отырған халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара түсер еді.
Елге әйгілі «Екі жұлдыздың» сазын кім жазғанын білеміз бе?
Екі жұлдыз – екі бақыт көктегі,
Төбемізде тұрып алды, кетпеді.
Бар аспаннан екі-ақ жұлдыз көрдік біз,
Біздер де екеу едік, сәулем, өйткені...
1980-інші жылдардың орта шенінде бұл ән халық арасына кеңінен тарады. Көпшілікке белгілісі «Екі жұлдыздың» сөзін Тұманбай Молдағалиев жазған еді. Ал сазын шығарған оралдық Сейітқали Қайырғалиев туралы білетіндер көп емес. Сейітқали бұрынғы Орал облысы Тайпақ ауданының Қарауылтөбе ауылында 1946 жылы дүниеге келген.
Ақтөбе мәдени ағарту училищесін тамамдап, ауылына оралып, мәдениет үйінің меңгерушісі қызметіне орналасады. Сол кездерде жыл сайын өтетін ауыларалық, ауданаралық өнер фестивалдарының ұйымдастырушысы болады. Кейін 1972 жылы анасы Әсілдің өтінішімен Алматы қаласына түпкілікті қоныс аударады. Сазгер Алматыға келгесін жездесі, әнші Сұлтанғали Лұқпановтың отбасылық ансамблінде өнер көрсеткен. Есіктегі мәдениет үйінде, Алматы облыстық филармониясында еңбек еткен. 1979 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ телевизиясында дыбыс режиссері болыпты.
«Кетсең де шалғай», «Махаббат назы», «Асыл айым», «Үмітім менің» секілді жалпы саны 50-ге тарта әннің авторы атанған жерлесіміздің есімін елге ерекше танытқан «Екі жұлдыз» екені тағы ақиқат. Әннің шығу тарихы туралы сазгердің балдызы Дариға Садықова былай деп еске алады:
–«Екі жұлдыз» 1984 жылы, көктемнің жайма-шуақ түндерінің бірінде жазылған. Ол уақытта Қыздар педагогикалық институтында оқитынмын. Түн ортасында жездем оятып алып: «Мына әнімді тыңдап көрші, әуені жақсы ма?» деп сұрады. Ұйқылы-ояу тыңдағанымды сезіп: «Балдыз, сен дұрыстап тыңда, бұл апаң Бикамалға арнап жазылды», – деп әзілдеді. Сөйтті де: «Бұл әнімді Мақпалға бергім келеді. Ауылдың қарапайым қызы, дауысының табиғилығы әлі бұзыла қойған жоқ. Тентек болса да, ерке назы бар» дегені есімде», – дейді Дариға апай.
Дегенмен әннің алғашқы орындаушысы Мақпал Жүнісова емес, Ақжол Мейірбеков болған екен. «Ташкент радиосының қазақ бөлімінде қызмет ететін кезім. Әнді Сейтақаңның өзі маған алып келді. Сөйтіп, оркестрдің сүйемелдеуімен фонограмма жазғыздық та, бірінші рет мен орындап шықтым. Сол ән Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Ал әнді халыққа танытып, бағын ашқан – Мақпал Жүнісова»,– дейді Ақжол аға.
Мақпал Жүнісова 1982 жылы сазгердің хитқа айналған тағы бір әні «Кетсең де шалғайды» шырқаған. «Ол әннің сөзі оралдық талантты ақын Ботагөз Баймұқанованікі еді. Өмірден ерте кетті. Өнердегі жұлдызымның жануы осы әннен басталды. «Екі жұлдызды» алғаш рет 1984 жылы «Тамашаның» сахнасында айттым. Одан бөлек, Жүрсін Ерманның сөзіне жазылған Сейтқали ағаның «Мәншүк әні» атты шығармасын орындадым. Сазгер өмірден озғаннан кейін бір-ақ рет еске алу кеші өтті. Содан кейін ескерусіз қалды. Меніңше, оның айтылмай қалған әндері әлі көп», – дейді Мақпал апай.
Қазір Қарауылтөбе ауылында кітапханашы болып еңбек ететін сазгердің балдызы Дариға Садықова оның ұмыт қалған мұрасын қайта жаңғыртуды қолға алған. Өткен жылы ұстаздардың аудандық тамыз мәслихатында «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» деген жобаны қолға алып, сазгер тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатуды ұсынған.
Дариға САДЫҚОВА, сазгердің балдызы:
– Бұл істі қолға алуыма түрткі болған – «Қазақстан» ұлттық арнасы ұйымдастырған «Екі жұлдыз» жобасы. Бір-екі шығарылымында аты-жөнін дұрыс айтпай Сейітқали Қайырғали, Қайырғали Сейітқали деп шатастырды. Бір кездегі танымал сазгердің есімі осылайша ұмытыла бастады. Менің қолымда жездемнің кітабы, нотаға түскен әндері және басқа да деректер бар. Орындайтын әншілер тауып, тым болмаса туған ауылында бір концертін беру – басты мақсатым. Әзірге бұл ойымды құптаушылар табылғанымен, қолдаушылар болмай тұр.
«Шығармашылық кешімді өткізсем» деген арманның жетегінде жүрген сазгер тілегіне жете алмай айықпас дертке шалдығып, 1992 жылы небәрі 46 жасында дүниеден өтті.
– Ағаларың немерелерін көре алмап еді. Аллаға шүкір соңында қалған жалғыз тұяғы Мәлік сазгерлік жолды таңдады. Енді Сейітқалидың туған ауылында ескерткіш-тақта орнатылса деген ақжайықтық азаматтарға өтінішім бар, – дейді сазгердің зайыбы Бикамал апай.
Бетті дайындаған Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ, тел. : 87756720806