Алаш АЙМАҚ
Ғасырлық мәні зор жоба – Қарағанды аймағында
Жасыратыны жоқ, Қарағанды аймағындағы жездің жез бұлағы атанған Жезқазған қаласының өміріне өзек болып отырған мыс кенінің түбі көрініп қалды деген дерек ел ішіне тарағанда, ондағы жұрт абыржулы еді. Ширек уақытқа ғана жететін қордан соң білдей бір қаланың қаңырап, қаңтарылып қалу қаупі туған. Әйткенмен жақсы аттың жалында жүрген азаматтар бұл іске дер кезінде назар аударды. Жұрттың көңіліндегі күмәннің қалың бұлтын біршама сейілткен. Үкімет деңгейінде арнаулы бағдарламаның қабылдануы да жезқазғандықтардың жанын жай таптырған. Оған Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауында айтылған 1200 шақырымға созылатын Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл екі теміржол желісі құрылысының жобасы Жезқазғанның татар дәмі таусылмағанын және бір айғақтаған-ды. Бүгінде ғасырлық мәнді ғаламат жоба ретінде аталып жүрген теміржол құрылысына жұрт зор үміт артып отыр.
Баршаға мәлім, Жезқазған–Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл теміржолдарының құрылысы басталды. Олардың жалпы ұзындығы – 1202 шақырым, құны 694 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде Қарағанды облысынан өтетін теміржолдың ұзындығы 500 шақырым, ал жалпы сомасы шамамен 300 млрд теңге.
Бұл жобаны жүзеге асыру жүк пойыздарының жаңа бағыттарын ашады. Жол ұзақтығын қысқартып, жүк тасымалын едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар сол өңірдегі кәсіпорындардың дамуына да ықпал етпек. Бұл теміржол желісінің арқасында аймақтың экспорттық әлеуеті артады. Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы да жанданады.
Кеше келешегіне күмәнмен қараған өңірдің тамырына бүгін қан жүгіріп, тіршілігі бүлкілдеп тұр. Теміржол құрылысы басталады деген сөздің ел ішіне тарауы да ондағы жұрттың теміржолға көзқарасын түзетіп, мамандық алуда жастарға теміржолды таңдауды ұсынып та жатыр. Онысы да негізсіз емес. Өйткені болашақта Жезқазған – Сексеуіл учаскесінде орташа алғанда 4570 адам жұмыс істейтін болады. Теміржол құрылысынан бөлек мұнда үш учаскелік және үш аралық стансы салу да жоспарланып отыр. Осы стансыларда тұрақты түрде 901 жаңа жұмыс орны ашылады. 171 пәтерлі екі көпқабатты үй, екі орта және үш бастауыш мектеп, бес балабақша, амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар бой көтереді. Сонда Жезқазғанның айы оңынан, жұлдызы соңынан туады деседі ел.
Арқалық – Шұбаркөл теміржолы құрылысының техника-экономикалық негіздемесі бойынша Қарағанды облысының аумағында үш аралық стансы, бір разъезд және Шұбаркөл жаңа стансысын салу жоспарда екен. Бұларға вахталық әдіспен қызмет көрсетілмек. Ол үшін жаңадан 189 жұмыс орны құрылмақшы. Жезқазған, Шұбаркөл өңірлері үшін ғана емес, жалпы облыстың, бүтіндей елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына игі әсерін тігізбек.
Дүйім елге сенім сыйлаған теміржол құрылысының жобасы мысты өңірдің екінші тынысын ашарына халық қалтқысыз сеніп отыр.
Қарағандыда тұңғыш рет ...
• қазақстандық мазмұндағы ауыл шаруашылығына арналған «Фермер» сериялы ұшақтар шығарылды;
• отандық «КазБелаз» көлігі құрастырылды;
• пойыз жылдамдығын мейлінше арттыруға мүмкіндік беретін темір бетонды шпалдар өндірісі іске қосылды;
• мемлекеттік-жекелік әріптестік жолға қойылды;
• энергоүнемдегіш жарық диодты шамдар өндірісі ашылды;
• санитарлық-техникалық бұйымдар зауыты жұмысын бастады;
• панельді радиаторлар нарыққа шығарылды;
• Қарағанды және Теміртау қалаларының политехникалық колледждер базасында оңтүстіккореялық AhA компаниясымен біріге отырып, соңғы үлгідегі инновациялық оқыту жабдықтары шығарыла бастады;
• кеңірдектелген құбырлар алынды;
• метаннан қуат өндірілді.
Туризмге бастау болар табиғат пен тарих бар
• Туған өлке – тұғырым
Қарағанды аймағына Тәңірдің өзі қос-қостап бере салған туризмге тұма бұлақ болар мекен аз емес. Қарағанды облысы Сарыарқаның тарихи-географиялық аймағының негізгі бөлігін алып жатыр. Облыста «Қазақстанның Швейцариясы» атанған әсем Қарқаралы таулары, Балқаш көлі, көшпенділер мәдениетінің орталығы болған Ұлытау, Алаша хан мен Жошы ханның кесенелері, атақты Қоянды жәрмеңкесі және Ұлы Жібек жолы, Кент, Бақты, Қызыларай, Ұлытау таулары мен Нұра, Сарысу және басқа да көлдер орналасқан. Отандық һәм шетелдік туристер топырлап келмесе де, бағаласа бақ болатын табиғаттың тартуы баршылық.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
«Атыңнан айналайын, Қарқаралы!..»
Қазақтың кереқарыс маңдайлы арыстарының табаны тиген қасиетті Қарқаралыны былайғы жұрт екінші Швейцарияға балайды. Неге екінші Швейцария? Мүмкін, Швейцария екінші Қарқаралы шығар?!. Кім білген?! Не десек те, табиғатымен де, тарихымен де тамсандырған бұл топырақтың киесі бар. Өйткені Алаш арыстары десек – ең әуелі ойымызға Қарқаралы түседі. Құнанбай қажы мешіті десек – Қарқаралы санамызда жарқ етеді. Қоянды жәрмеңкесі десек – тағы Қарқаралы. Мәди, Қаз дауысты Қазыбек десе – Қарқаралы. Абай, Шоқан десек те – Қарқаралы. Қасым десе – Қарқаралы. Орталық Қазақстандағы туризм туралы сөз қозғасақ та, аузымызға Қарқаралы түседі. Атыңнан айналайын, Қарқаралы!
Жасаған тарту еткен өлкеде ұлттық табиғат саябағы бар. Ұлттың айдарлы ұлдарын әкелген топырақтың ұлтарақтай жерін көздің қарашығындай сақтау үшін Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғат саябағы мемлекеттің қорғауына алынғалы біраз жыл. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес ұйымдастырылған. Мақсаты – Қарқаралы және Кент кешендеріндегі өте сирек кездесетін және экологиялық, тарихи, ғылыми, әсемдік жағынан ерекше құнды тау сілемдері мен орман алқабын сақтау және қалпына келтіру.
Ұлттық парктің жалпы көлемі – 90,3 мың га. Тау баурайлары шатқал-шатқал болып тілініп кеткендіктен, одан бұлақтар мен өзендер ағып жатады. Олардың ең бастылары: Каркаралинка, Керала, Кеңдала, Аяноға және Қарасу. Бұлардың барлығы да даладағы тұзды өзендер қоймасына жатады. Қарқаралының көгалды табиғатына ерекше сұлулық беретін Шайтанкөл, Бассейн, Пашенный және Үлкен көл сияқты бірнеше көл бар. Сол сияқты тауларда жауын суы жиналған шағын-шағын бірнеше суат кездеседі. Қарқаралы жерінде сүтқоректілердің 40-қа тарта түрі бар. Олар, негізінен, бедерсіз бір түсті: бұлан, елік, тиін, борсық, суыр, сілеусін, қасқыр, түлкі, қоян сияқты т.б. аңдар. Сирек кездесетін жануар – арқар «Қызыл кітапқа» енгізілген. Құстардың 114 түрі бар. Олар, негізінен, құр, тоқылдақ, құзғын, сол сияқты бүркіт, қарабайқұс, сұңқар, үкі сияқты сирек кездесетін құстар да – «Қызыл кітаптың» тізімінде. Сирек кездесетін өсімдіктер түрі – 66, негізінен, орман тұқымдас: қарағай, қайың, көктерек, тал, арша және т.б. ағашты-бұта тектес түрлері өседі. Ал Қарқаралы бөріқарақаты (барбарис), мүк сияқты өсімдіктің түрлері де «Қызыл кітапқа» енгізілген.
Қарқаралы – Қарағанды облысының ең көне қалаларының бірі. Қаланың іргетасы 1824 жылы қаланған. Қала теңіз деңгейінен 815 м биікте орналасқан. Қарқаралыда белгілі саясаткерлер, әдебиет және өнер қайраткерлері, ағартушылар, ғалымдар мен саяхатшылар болған. Көпес Андрей Рязанцевтің үйінде осыдан 100 жыл бұрын атақты ғалым Г.Потанин тоқтаған. Қарқаралы тарихы қазақтың ұлы ағартушы ақыны Абай Құнанбаевтың атымен де тығыз байланысты. Оның әкесі Қарқаралы округінің аға сұлтаны Құнанбай қажы мешіт салдырған. Қазіргі кезде Абай тұрған үй қалпына келтіріліп, тарихи және мәдени ескерткіш болып қалды.
Қарқаралыда оннан астам демалыс үйі мен зоналары жұмыс жасайды. Жыл сайын бұл жерде Орталық Қазақстан туристерінің күзгі слеті өткізіледі. 2007 жылы осы қалада Мәди Бәпиұлына ескерткіш ашылды. Қарқаралы ауданында қазіргі кезде бір туристік фирма, жеті демалыс үйі, сонымен қатар сегізден астам сауықтыру лагері бар. Мемлекеттік Ұлттық табиғи парк базасында алты туристік экскурсиялық маршрут жұмыс істейді.
«Тасы да Жезқазғанның тіл қатады»
Қазақ жерінің тағы киелі топырағының бірі – Жезқазған. Аумағында 1500-ден астам тарихи және мәдени ескерткіш бар. Сонымен қатар Жезқазған өңірінде қалалық тарихи-археологиялық мұражай, кен және балқыту ісінің тарихи мұражайы, Жезқазған кен байлығын ашқан, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық мұражай-үйі бар.
«Ұлытау – ұлт бесігі»
Үш жүздің басын қосқан Ұлытау – қазақ халқының тарихи орталығы. Дала өркениетінің көне мәдениетінің кіндігі. Мұнда қазақ аса қастерлейтін тарихи тұлғалардың кесенелері бар. Ұлытауға барған ел ол кесенелерге тәу етпей кетпейді. Кие мен қасиетті қадірлейтін қазақ үшін – Таңбалы тас та сонда.
Алаша хан кесенесі – XII-XIII ғасырларда халық шеберлерінің қолымен салынған Қазақстандағы бірден-бір ерекше архитектуралық мазар. Ол Қаракеңгір өзенінің оң жақ аңғарында, Малшыбай кешенінен 2 шақырым жерде салынған. Мазар – төрт бұрышты етіп қызыл кірпіштен қаланған күмбез. Сырт көрінісі кірпіштен әртүрлі кескінмен өрнектелген. Өрнектің түрлері әсіресе кіреберіс бетінде шығыс кілемнің суретімен безендірілген.
Домбауыл кесенесі Жезқазғанның солтүстігіне қарай 50 шақырым жерде, Қаракеңгір өзенінің сол жақ жағалауына салынған. Іргесі төртбұрышты, төбесі шошақ бұл ғимарат текше тастардан қаланған. Аймағы оңтүстіктен солтүстікке қарай – 8,9 метр, батыстан шығысқа қарай 7,9 метрге созылса, биіктігі – 5,5 метр.
Басқамыр қалашығы – Жезқазғанның солтүстік-батысына қарай 83 шақырым жерде Жезді өзенінің сол жағында. Қаланың орны Талдысай өзенінің Жезді өзеніне құятын жердегі шағын жазықта төбешік болып қалған. Төбешіктің жанындағы алаңда екі мазардан тұратын Басқамыр моласы бар. Мазарлар тәрізі ортағасырда салынуы мүмкін деген де болжам бар.
Ауданда «Болатсай» демалыс зонасы, «Қазақмыс» корпорациясының демалыс зонасы бар. 2011 жылы «Ұлытау-ел» туристік кешенінің құрылысы жобасы Қарағанды облысының Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының 2012-2017 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілді. Жобаны іске асыру 2013 жылы басталады.
Арқаның алқасы – Балқаш көлі
Балқаш көлін халық арасында «Көктеңіз» деп атаған. Көл жағалауында емдеу-сауықтыру орындары мен демалыс үйлерінің жүйелері орналасқан. Демалушылар үшін қала шетінде үш жағажай жұмыс істейді. Балқашта туристік орталықтар саны жыл өткен сайын көбеюде. Өңірдің негізгі туристік ресурстарын Балқаш көлі, Бектауата тау шатқалы, Қызыларай қорығы, Ақсораң шыңы құрайды. Өңірде демалыстың танымал түріне жағажай туризмі, сонымен қатар Ақтоғай ауданындағы экологиялық туризм жатады.
Сарыарқада Сақтардың ізі қалған
Сарыарқаның салқар төсінде түтін түтеткен Арқа жұртының мекен еткен аймағы еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда әлдеқайда ауқымды. Жаңылмасақ, Қарағанды облысының аумағына өзге түгіл, дамудың даңғыл көшінде жүрген Бельгия секілді еліңіздің бақандай бесеуі бірдей сыйып кетеді екен. Сөйткен аймақта не жоқ дейсіз. Менделев қарияның кестесіндегі химиялық элементтің көпшілігі де осы өңірдің топырағында тыншып жатыр. Табиғаты көркем. Тарихы тылсым.
Қарағанды аймағынан бұрнағы жылдары екі бірдей Алтын адам табылғанда бұл топырақтың қадірін одан әрі асыра түскен-ді. Орталық Қазақстандағы шоқтығы биік аймақ, тарихи құпиялы, қастерлі Қарқаралы өңірі бауырында дамыл тапқан екі бірдей Алтын адамды Алашқа бере салды. Баға жетпес тарихи құнды жәдігерлер дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың кіндік қаны тамған және оның есімі берілген елді мекендегі археологтер шартты түрде «Талды-2» атап жүрген қорымдағы жеті сақ патшасы қорғанының бірінен қазба жұмыстары кезінде табылған-ды. Экспедиция жетекшісі, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты директорының орынбасары, тарих ғылымының кандидаты Арман Бейсенов Арқа жерінен қазылып алынған екінші Алтын адам өз дәуірінде сақ ұлыстарын билеген патша, көш бастаған көсем, ел қорғаны болуы мүмкін деген болжамды айтқан еді сонда. Тұма тарихтың қойнауы болған «Талды-2» қорымы Қарқаралы қаласынан – 44 шақырым, Қасым Аманжолов аулынан батысқа қарай 1,4 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Мамандардың айтуынша, сақ дәуірінен қалған жеті қорымның бесеуі үздіксіз тоналған. Арқадан табылған алғашқы Алтын адамның 130-дан астам алтын бұйымы анықталғаны және мәлім. Сөйтіп, Арқада Алтын адамның Дала пирамидасы әйгілі болды. Бұл – Алты Алаштан сүйінші сұраған, Алаштың баласы бөркін аспанға атқан археологиялық қазбаның ішіндегі ең сүбелісі.
Ал күні кеше ғана археологтер Қарағандыдан 250 шақырым жерден тағы бір сақ ханшайымының алтын әшекейлерін тапты. Алтын зергер-бұйымдарға жат қол тимеген. 10 жасар сақ ханшайымы Арқаның төскейінде жер бесікке бөленіпті. Қорым б.д.д. VI-VII ғасырларға тиесілі.
Ә.Марғұлан атындағы Археология институты директорының орынбасары Арман Бейсенов бұл бұйымдардың патша қауымына тән екенін және соған қарағанда бұл қорымда билік еткен билеушілер қызының жатқандығын айтады. Ғалым мұның ханшайым екеніне бек сенімді. Қолда бар деректерге сүйене отырып, Орталық Қазақстанда әшекей бұйымдардың өндірісі 3 мың жыл бұрын жолға қойылған деген байлам жасауға ғалымдарда толық негіз бар.
«Орталық Қазақстандағы сақ мәдениеті» бағдарламасы аясында Қарқаралы ауданында 70-ке жуық қорым мемлекет қорғауына алынған.
Сандарды сөйлетсек....
Қарағанды облысы жалпы өңірлік өнімнің үлес салмағы бойынша республикадағы жалпы ішкі өнім 8,7%-ы болып отыр. Бұл бағытта Қарағанды облысы Алматы қаласынан және Атырау облысынан кейін 3-орынды алады.
Қарағанды облысы елдің өндірісі дамыған өңір екені аян. Соған орай, жалпы өңірлік өнімнің өнеркәсіптегі үлесі – 49,4%. Ал соның ішінде құрылыстың үлес салмағы – 3,7%-ды, ауыл және балық шаруашылығы 2,7%- ды құрайды. Қызмет көрсету саласына облыстың жалпы өңірлік өнімінің 37,6%-ы, өнімдерге салынатын таза салықтарға (тиісті субсидияларды шегергендегі салықтар) – 6,6%-ы тиесілі.
Облыстағы өнеркәсіпке тиесілі жалпы өңірлік өнімнің республика өнеркәсібіндегі жалпы өңірлік өніміндегі үлесі – 13,6%. Бұл – Атырау облысынан кейінгі екінші орын (24,0%). Облыстың ауыл шаруашылығының үлесі республикадағы көлемнен – 4,7%-ды, құрылыс 4,9%-ды құрайды. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім бойынша облыс республикада 8-орында тұр.
Әл-ауқаты әлді Қарағанды
Ұлу жылының өткен тоғыз айындағы Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы негізінде Қарағанды облысы алдыңғы орындардан көрінді.
Айталық, бөлшек тауар айналым көлемі бойынша Қарағанды облысы республикада Алматы қаласынан кейін 2-орын алады. Көтерме сауда көлемі негізінде облыс республикада Алматы және Астана қалаларынан кейін 3-орында.
Ағымдағы жылдың басынан бері облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 858,8 млрд теңгеге өнім өндірді, бұл жалпы республикалық көлемнің 8,0%-ын құрайды. Өндірілген өнеркәсіп өнімі көлемі бойынша Қарағанды облысына республикада Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан кейінгі 4-орын тиесілі.
Ауыл шаруашылығы өнімін (қызмет) жалпы шығару 2012 жылғы қаңтар-тамызда 52037,3 млн теңгені құрады, оның ішінде мал шаруашылығы – 43760,4 млн теңге, өсімдік шаруашылығы – 8193,3 млн теңге, қызмет – 83,6 млн теңге. Республика бойынша мал шаруашылығы өнімін өндірудің жалпы көлемінде облыстың үлес салмағы ет бойынша 7,3%-ды құрады, сиыр сүті – 7,2%, тауық жұмыртқасы – 12,1%.
Тіркелген кәсіпорындар мен ұйымдар саны бойынша Қарағанды облысы республикада 4-орынды алады. Статистикалық бизнес-тіркелімде осы жылдың 1 қыркүйегіне 21 935 шаруашылық етуші субъект бар.
Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі бойынша Қарағанды облысы республикада 1-орында тұр. 2012 жылғы қаңтар-тамызда жүк тасымалдау көлемі 383,3 млн тоннаны құрады, бұл 2011 жылғы қаңтар-тамызға қарағанда 23,5%-ға көп. Республикалық көлемде жүк тасымалдаудың үлес салмағы 22,4%-ды құрады.
2012 жылғы 1 тамызындағы мәлімет бойынша Қарағанды облысы халқының саны 1361,0 мың адам. Бұл 2012 жылдың басымен салыстырғанда 3,0 мың адамға көп. Қарағанды облысының халқы Қазақстан Республикасы халқының 8,1%-ын құрайды.
Қызғалдақ Айтжанова, k.askarova@mail.ru, 8 701 490 19 76