Тараз – тарихтың темірқазығы
Күнгейдегі көне кенттің тарихы тым әріде жатыр. Орта ғасырда Ұлы Жібек жолының бойындағы ең ірі сауда және экономикасы дамыған, мәдениет пен әдебиеттің ордасы, ғұламалар мен шайырлар бас қосатын рухани орталық болған. Еліміз ғана емес, Орта Азиядағы ең ежелгі қалалар санатына жататын Тараз – Елбасымыз айтқандай, тарихымыздың темірқазығы. Иә, тарихы тым тереңде жатқан көне қала Талас-Тараз туралы талай ғалым қалам тербеген.
Ерте дәуірлерде Талас, кейін Тараз, одан кейін Әулиеата, кеңестік кезеңде Мирзоян, одан Жамбыл атында аталып келді. Ұлы ақынның атымен 60 жыл аталып келген қалаға Елбасының 1997 жылдың 8 қаңтарындағы өкімімен Тараз деген тарихи атауы қайтарылды. Тарихи тамырын тереңнен тартқан ежелгі қаланың 2009 жылы дүниежүзілік ЮНЕСКО ұйымының қаулысымен 2000 жылдығы тойланды. Бұл да болса елге, жерге деген құрмет болса керек. Рудаки, Сағди, Жәми, Фирдоуси, Омар һаям сынды Шығыс шайырлары жырлайтындай, «мөп-мөлдір көздің қарасын Тараздан ғана табасың». Ежелден ескірмей, бүгінге жеткен шайырлардың сөзі Тараздың кіреберіс қақпасына оюлап жазылған. Ежелгі жазбаларға құлақ түрсек, Таразда Батыс ғұн ордасы, Қара түркештер билігі, Қарлұқ қағанаты, Қарахандар әулеті династиясы билік құрғанын дәлелдейді. Беріде зерттеу жүргізген италиялық және бельгиялық ғалымдар мұнда ежелгі дәуірлерде құрылымы өте күрделі ирригациялық жүйелердің болғандығын анықтады. Жыл сайынғы зерттеулер де талайды тамсандырып келеді. Өйткені әр жыл сайын Тараздың тарихына қатысты тың деректер табылып жатады. Әрі таусылмастай да.
Сан ғасыр бойы сыр алдырмай, бүгінге жеткен ежелгі қаланың әлі де ішіне бүккен сыры көп сықылды. Жазба деректерге жүгінсек, Тараз қаласы 572 жылы Қара Чирину Дату әміршінің қол астына өткен тұста ел астанасы болған көрінеді. Бір қызық дерек: Қытайдың Будда монахы Сюань Цзинь мен араб тарихшысы Макдисидің жазбаларында VII ғасырда Таразда сауда-саттық дамыған, көпестер тұратын қала деп жазылыпты. Ал Х ғасырда тарихшылар мешіттері күмбезін күнге сүйдірген, күрделі қорғаныс жүйесі бар қала деп жазды. Көне қаланың орнында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер Қарахан әулетінің кіші астанасы болғандығын дәлелдеді. Сол кезеңде осы жерде теңге соғатын сарай болған. Осыған қарағанда, Тараз қаласының Орта Азиядағы ең ірі қаржы-сауда орталығы болғандығы белгілі болды. Соның бір дәлелі: біздің дәуірімізге дейінгі 36 жылы ғұндар мен қытайлар арасында Тараз қаласына талас болғаны айтылады. Бірін-бірі жеңе алмаған соң, ақыры Қаңлы мемлекетінің ханы мен Қытай императоры келісімге келеді.
Соның нәтижесінде Талас аңғарымен темір, фарфор, жібек тасымалдайтын керуен жолы жолға қойылады. Бұл қаланың өсіп-өркендеуіне кең жол ашты. 1214 жылы Қарахан әулетінен шыққан Осман сұлтан Хорезмнің билеушісі Сұлтан Мұхаммед Хорезм шаһпен одақтасып, Тараз қаласының түбінде қолбасшысы Танику болған қытайдың қалың қолын жеңіп шығады. Осылайша, түркілердің ежелгі қонысы болған аумақты бір ғасырға жуық уақытқа созылған қарақытай мемлекетінің езгісінен құтқарып қалады. Тараз үшін талас мұнымен ғана шектеліп қалмай, Моңғол шапқыншылығын да, Шыңғыс хан әулетінің өзара қырқысын да бастан кешті. Қаншама мәрте қирап, қайта түлеп отырған көне қала жер бетінен жойылып кеткен жоқ. Ежелгі қала тарихының 15 ғасырға созылған алғашқы кезеңдерінде қалыптасу, даму, құлдырау кезеңдерін бастан өткерді. Шығыс пен Батысты жалғастырушы Ұлы Жібек жолының бойында жатқан көне қала бәрібір өз атауын сақтап қала алды. Орта ғасырдың жаһұт қаласы атанған шаһар беріде Жібек жолындағы жұлдыз атанды. Шежірелі де киелі шаһардың өткені – тарих, бүгіні кемел, ертеңі жарқын екені айқын!
Облыста ішкі және халықаралық туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Сайрам-Тараз-Ақшалақ-Ақыртөбе стансысы-Құлан-Меркі-Шу-Аспара арқылы ұлы Жібек жолы өткен. Жамбыл облысы бойынша – 1080 ескерткіш, оның ішінде 844-і – археология, 111-і – тарихи, 97-сі сәулет және 28-і монументалды өнерге тиесілі.
Жамбыл облысы еліміздің оңтүстігінде орналасқан. 1939 жылы құрылған. Облыс территориясы – 144,2 мың шаршы шақырым. Облыста 10 аудан және үш қала – Қаратау, Жаңатас, Шу қалалары бар.
Әлеуетті әулиеата
Әу баста Жамбыл облысы аграрлық облыс аталып келсе, енді индустриялық-аграрлық облыс деген жаңа мәртебеге ие болды. Иә, бұл да тектен-текке айтылмаса керек. Индустрияландыру бойынша елімізде алдыңғы орынға табан тіреп, инновациялық дамудың даңғыл жолына түскен өңірдің алар асуы әлі алда. Жаңа бастамаларға серпін берген жобалардың қатары бұрынғымен салыстырғанда өсіп отыр.
Аймақта үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында бірқатар ірі жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде өңірде жалпы құны 142,6 млрд теңгені құрайтын 28 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл дегеніңіз – 4,2 мың жаңа жұмыс орны ашылады деген сөз. Алып жоба қолға алынған екі жыл ішінде өңірде құны 80 млрд теңгеге жуықтайтын 15 жоба іске асырылды. Жобаның биіктен көрінуіне атсалысып жүрген көшбасшылардың қатарында «Жасұлан және К», «Амангелді газ өңдеу зауыты», «Мыңарал Тас Компани» ЖШС секілді облыс бюджетіне қомақты үлес қосып жүрген ірі кәсіпорындар бар. Былтыр өндірістің түрлі салаларында жеті инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 1170 жаңа жұмыс орны ашылды. Мойынқұм ауданында жалпы сомасы 18 млрд теңге болатын екі жаңа өндіріс орны іске қосылды. «Алтын алмас» компаниясы кен өңдейтін «Ақбақай кластері» жобасын жүзеге асырса, ACIG акционерлік қоғамы жаңа технологияны пайдаланып, құрғақ цемент өндіретін цемент зауытын салды. «Энерджи Тараз» ЖШС энергия үнемдеу бағытында жарық диодты шамдар шығаруда. «Тараз құбыр зауыты» ЖШС полиэтилен құбырлар шығаруда. Кәсіпорын өнімі әсіресе құрылыс, газ, сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығында үлкен сұранысқа ие болып отыр. Ал «БиномСтройДеталь» ЖШС темір бетон бұйымдарын өндірсе, SUPER PHARM ЖШС медициналық киім шығару өндірісін өрге өрлетіп отыр. Биыл жалпы сомасы 14,3 млрд теңгені құрайтын тоғыз инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. «Казфосфат» ЖШС құны 500 млн теңгелік натрий гексаметафосфаты мен тағамдық фосфаттар өндірісін ашпақ. Мұнда елімізде тұңғыш рет фосфат шығаратын чехиялық технология қолданылатын болады. Ауыл көркейсе, бәріміздің де көркейетініміз сөзсіз болса, онда кемелденетінімізге кәміл сенуге болады. Шикізат болудан шаршаған шақта өз өндірісін жолға қойып, Қазақстанда жасалған өнімдердің көбеюіне көп болып көмек қолын созып жатқан жамбылдықтардың еңбегі ерен. Оның жемісті де жеңісті боларына да сенім мол.
Облыста өсімдіктердің 3 мыңға жуық түрі бар. Аңшылыққа пайдаланылатын жердің жалпы көлемі – 13,9 мың га. Онда 40 түрлі жануарлар мекендейді. Балық шаруашылығы 27,8 мың га жерді алып жатыр. Оның ішінде 81 суқойма бар.
Облыста 1 млн адам – тұрғылықты тұрғындар, оның ішінде 100 басқа ұлт өкілі бар. Оның 65 пайызын жергілікті ұлт құрайды.
Жамбыл облысындағы халық саны, биылғы жылдың маусым айына дейінгі есеп бойынша, 1062,2 мың адамды құрайды. Жыл басынан бері 0,6 пайызға өскен.
Тараздың тарланбоз түлегі
Жамбыл облысы еліміздегі ең көп Олимпиада чемпионының қанатын қатайтқан өңір болып саналады. Солардың бірі әрі бірегейі – Афины Олимпиадасының чемпионы, Вель-Баркер кубогының иегері атанған Бақтияр Артаев.
Бақтияр Артаев
1983 жылы 14 наурызда Тараз қаласында дүниеге келген. Былғары қолғаппен 10 жасында достасқан ол 1998 жылы Қазақстанның жастар арасындағы чемпионы атанды. Байрақты бәсекеге дейін ол еліміздің жеті дүркін чемпионы болды. Ел аумағында өткізілген талай жарыстың бәйгесін бермеген тарланбоздың әлемдік додаларда бағы жанбай жүрген еді. Тек Афины Олимпиадасында оның жұлдызы оңынан туды. Соңғы үміт үзілгелі тұрған шақта жасындай жарқылдаған батыр ұлан ел қоржынына жалғыз алтынды салып, ел мерейін үстем етті. Бақтияр Артаев – 2005 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2006 жылы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Нұрмахан Тінәлиев
Дөңгеленген дүниенің төрт тарабына көз тігіп, тағатсыздана күтіп отырған Лондон Олимпиадасында еліміздің Көк байрағын ұстап, ел құрамасын бастап шығу бақыты жамбылдық палуан Нұрмахан Тінәлиевке бұйырып отыр. Жерлестерінің мұндай құрметке ие болғанына Шу ауданының тұрғындары шын қуанып отыр.
Осы уақытқа дейін талай дүбірлі додада шашасына шаң жұқтырмай, қарсыластарының қапысын тауып, жеңіске жетіп жүрген жерлестерінің бұл додадан да қанжығасы майланып қайтатынынан жамбылдықтар үмітті. Осы уақытқа дейін киелі Әулиеата өңірінен талай тарланбоз шыққан. Серік Қонақбаевтан бастап, бүгінгі Бақтияр Артаевтардың ізін басып келе жатқан дүлдүлдердің тіні үзілмек емес. Сол сара жолдан таймай келе жатқан Тінәлиев те грек-рим күресі бойынша 2010 және 2011 жылғы әлем чемпионаттарында қола медальға қол жеткізген болатын. Бірнеше жыл бұрын Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында алтыннан алқа тақты.
Түріктерді таңғалдырды
Бүгінде қазақ әдебиетін әлемге таныту басты ауыртар басты мәселелердің бірі екені айқын. Аудармашы жоқ, не болмаса өзге де жолын таппай жүргендер жетерлік. Ал үндемей жүріп үлкен тірлік тындыруға болатынын жамбылдықтар үнемі дәлелдеп-ақ келеді. Жуырда қазіргі қазақ әдебиетіндегі ең таңдаулы әңгімелер түрік тіліне аударылды. Ол Стамбулдағы түріктің ең әйгілі әдеби журналы «Кардеш Каламгер» («Қандас қаламгер») журналына басылып шықты.
Одан кейін барлық шығарма топтастырылып, жеке кітап болып басылып шықпақ. Мұның алдында да Қытайда басылған тұңғыш «Қазақ әңгімелері антологиясына» жазушы Несіпбек Дәутайұлының бірнеше таңдаулы әңгімесі енген болатын. «Қандас қаламгер» журналына қаламы қарымды жазушының «Қызыл жалқын» әңгімесі еніп отыр. Шығарманы маңызын жоғалтпай, жатық етіп аударған – Мәлік Отарбаев. Қаламгердің қаламгер туралы пікірі де ерекше. Оның айтуынша, аударылған көркем дүниелердің арасында Несіпбек Дәутайұлының әңгімесі ең үздігі саналады. Қандастарымыздың шығармалары басылған журналды таласа-тармаса оқып шыққан әдебиетсүйер қауым Дәутайұлының әңгімесіне жоғары баға берген. Оның ішінде әдебиет майданында қалам тербеп жүрген ірі жазушылар да бар. Осылайша жерлес жазушының шығармасы түрік бауырларымызды тамсандырып отыр.
Тараздың таңғажайып кереметтері
Айша бибі кесенесі
Тасын түртсең, тарихтан сыр шертетін Тараз жерінде киелі жерлер мен керемет кесенелер көп-ақ. Олардың барлығы да көне заманның бүгінгі куәгеріндей күмбездерін күнге сүйгізіп, аймақтың атын шығарып, асқақтап тұр. Өңірге туристер тартудың кілті де осы әулиелі жерлерге байланысты. Аймақтың алтын кілті іспеттес Айша бибі кесенесіне келіп, тәу етушілер көп. ХІІ ғасырдағы сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші ЮНЕСКО тізіміне алынған. Көне дәуірлерден бүгінге бүлінбей жеткен кесенені қайта қалпына келтіру жұмыстары 2001-2004 жылдар аралығында жүргізілді. Қараханидтер сәулет ескерткіштері ішінен бұл ескерткіш ең кереметі болып саналады. Аңыз бойынша, Айша бибі асқан сұлулығымен қатар, ақылдылығымен де елге есімі жайылған ару болған деседі. Ол – әйгілі Шығыс ақылшысы Зеңгі бабаның қызы. Ару Айша мен батыр Қарахан арасындағы шексіз махаббат та осы күнге аңыз бойынша жеткен. Ауыздан-ауызға тараған аңызға құлақ түрсек, Айша бибі киелі Түркістан жерінде жас батыр Қараханмен кездесіп, бірін-бірі ұнатқан екі жас бас қосып, өмірлік қосақ болуға уағдаласады. Жан-жақтан жау анталаған заманда елін, жерін қорғаумен жүргенде Қараханның айтқан уағында Айша бибіге баруға мүмкіндігі болмайды. Арада айлар өтеді, жылдар жылжиды. Ақыры шыдамы таусылған Айша бибі Қараханның мекені – Тараз жеріне өзі іздеп бармақ болып, қасына күтушісі Баба әжені (кей жазбаларда – Бабаджа хатун) ертіп, жолға шығады. Күнге күйіп, аптаптың азабын тартып, Таразға да жетеді. Сүйгенімен жолығуға жарты күндік жол қалған кезде өзеннің жағасына демалуға тоқтайды. Салқын суға шомылып алған Айша сұлу демала тұрмақ болып қисаяды. Сол кезде аруды улы жылан шағып алады. У бүкіл тәнін жайлап, тынысы тарылған Айша бибі бұ дүниелік емес екенін сезіп, сүйгені Қараханға ат шаптырады. Қарахан емші-тәуіптерін алып жеткенде ару қыз ісініп, талықсып жатыр екен. Қарахан молдаға екеуінің некесін қиғызады. Содан кейін ол жаны үзіліп бара жатқан Айшаның құлағына: «Айша, сен енді бибі болдың!» – деп үш рет айқайлапты. Ханның өлі қызбен неке қиысқаны одан бұрын да, кейін де тарихта кездеспейді. Ғашығынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан Қарахан сүйген жарының денесін арулап жерлеп, басына әсем күмбез орнатады.
Ақыртас кешені
Елімізде 25 мыңнан астам мәдени ескерткіш-кешен бар деп есептелсе, осынау мол мұраның 1100-ге таяу нұсқасы Тараз топырағында жатыр. Айша бибі кесенесінен кейін ауызға ілігері – Орта Азия құрлығында теңдесі жоқ Ақыртас сарай-кешені. Ақыртас сарай-кешенін сумен қамтамасыз ету үшін таудағы бұлақтардан әрқайсысының ұзындығы 50-60 см болатын қыш құбырлар тартылған. Осы ирригациялық жүйе арқылы аққан су хауыздарға, тұрғын үйлерге жеткізілген. Мұнда «Хан ордасы», «Шеберлер ауылы», «Тас кеніші», «Қарауыл төбе» секілді орындарға бөлінген. Шығыстық сәулет өнерінің керемет нұсқалары саналатын Қарахан және Дәуітбек кесенелері де осында. Еліміздегі ең ежелгі Шығыс моншасы да осынау киелі мекенде тұрақ тапқан. Анықталғанына 1,5 жарым ғана ғасыр болған әйгілі Ақыртас кешенінің әлі де ашылмаған сыры көп. Айтулы Ақыртас кешенінің әлемдегі тастан қашап жасалған жалғыз мұра екені дәлелденді. Талас ауданындағы Үшарал мешіті мен Сарысу ауданындағы Шоқай датқа кесенесі Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана толықтай қалпына келтірілді. Үшарал мешіті – құрылыс салу әдістері жөнінен бүгінге дейін құпиясы мол кешендердің бірі. Күмбезі көкпен сырланған мешіт үйі тек күйген кірпіштен қаланған. Ғажайып ғимараттың ешқандай тіреу, белағашсыз, тек кірпіштен ғана өрілуі таңғалдырады.
Шығыс моншасы
Тараздағы тағы бір кереметтің бірі – Қали Жүністің Шығыс моншасы. Бұл нысанның жылыту жүйесінің өзі – үлкен ғылыми еңбекке жүк боларлық жұмыс. Ол ХІХ ғасырдың басында Тараз қаласының қазіргі Байзақ батыр және Қазыбек би көшелерінің қиылысында орналасқан. Қаланың көне тарихи орталығында тұрғын үйлердің қоршауында қалып кеткен моншаның бір қабатты төбесінде әсем күмбездері бар. Бір кереметі, моншада барлық жағдай қарастырылған. Кіреберіс бөлме, демалатын орын, жуынатын орын, массаж жасалатын орын, жылыту бөлмесі, ыстық және суық су сақталатын ыдыстары да бар. Ал ауласында су ысытатын құдығы болған. Бір қызығы, еденнің астынан қыздыратын жүйесі болған. Төменгі Барысхан қаласының орнын зерттеу нәтижесінде көптеген құнды жәдігер табылған болатын. Орта ғасырдағы түркілердің бірегей мәдени ескерткіші саналатын «Меркі-Жайсаң» түркілер ғибадатханасы да – ғажайыптардың бірі.
Жамбыл жерінің жауһарлары
Көшек батыр, Көшек ҚАРАСАЙҰЛЫ (1620 – шамамен 1652) – жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен қазақ қолбасшысы, батыр, Есім хан мен Жәңгір ханның (Салқам Жәңгір) сенімді серіктерінің бірі. Талас өзенінің төменгі сағасында туып-өскен.
Төле ӘЛІБЕКҰЛЫ, Төле би (1663-1756) – қазақтың қоғам қайраткері, шешен, Ұлы жүздің бас биі, «Жеті жарғыны» жасаушылардың бірі. Жамбыл облысының Шу өңірінде туған.
Жамбыл ЖАБАЕВ (1846-1945) – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы. Туған жері – Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегі.
Кенен ӘЗІРБАЕВ (1884-1976) – қазақтың әйгілі халық ақыны, композитор. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Туып-өскен жері – Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Мәтібұлақ деген өңір.
Бауыржан МОМЫШҰЛЫ (1910-1982) – Кеңес Одағының Батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик. Туған жері – Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ ауылы.
Шерхан МҰРТАЗА (28.09.1932 ) – жазушы, қоғам қайраткері, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Халық жазушысы. Туған жері – Жамбыл облысы Жуалы ауданы Талапты ауылы.
Бетті дайындаған Гүлжан Көшерова, ұялы телефоны: 87017711648, е-mail: zhan771@mail.ru,