Әкім қалай есеп беруі керек?

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген бар. Еліміздің аймақтарында әкімді халқына жақындастыратын саяси науқандардың бірі, әкімдердің халық алдында есеп беру шарасы басталып кетті. Облыс әкімдеріне кезек әлі жеткен жоқ. Әзірге ауылдар мен аудан әкімдері есеп беруде. Кез келген әкім жылына бір мезгіл өткізілетін осы шараның неғұрлым тыныш, ың-шыңсыз өтуін қалайды. Бұл – түсінікті жайт. Дегенмен жыл сайын біз әкімдердің есеп беруі кезінде пайда болған жанжалдарға куә болып жатамыз. Мәселен, жуырда Ақмола облысындағы Жақсы ауданының тұрғындары «жыл сайын айтылатын уәделердің ешбірі орындалған жоқ» дегенді айтып, әкімнің есебін тыңдаудан бас тартыпты. Мұндай масқараға тап болған әкім ешбір бұйрықты күтіп жатпай, өз еркімен қызметінен босауы керек шығар. Айта берсе, мұндай мысалдың талайын келтіруге болады.
Расында, әкімдердің алдын ала жос­парланған сценарийі бойынша өтетін есеп беру үрдісі қазір бір қалып­тан шыға алмайтын қасаң ша­ра­ға айналып кетті. Еліміздегі қоғам­дық үрдістерді жіті бақылап отыратын саяси сарапшы Еркін Байдаров: «Кез кел­ген ауылда әкімнің есеп беру шара­сына, негізінен, мұғалімдер мен дәрігерлер жиналады, әрине, әкім­ші­лік­тің тапсырмасы бойынша. Ауылдық жерде бұл екі мамандықтан басқа жөні түзу, тұрақты табыс көзі жоқ еке­нін ескерсек, қызметінен айырылып қалмауды ойлайтын мұғалім әкімге өткір сауал жолдай алмайды», – дегенді айтады. Расында, солай. Одан қалса, бұл «сахналық қойылымға» әкімнің оң назарына іліккен он шақты қария ша­қырылады. Сын айтатын, шын ай­та­тын, мін айтатын қауым әртүр­лі амал­дармен шеттетіліп қала­тыны екібастан түсінікті.
Әкімдер жағы «есеп беру» деген ұғымды тура мағынасында түсініп, сан түрлі статистикалық көрсет­кіш­тер­мен көмкеріп тастайды. Алдын ала дайындалып, тұрғындарға таратылып қоятын сұрақтар тағы бар. Әрине, ол сұрақтардың да «оптимистік» жауап­та­ры алдын ала жазылып қояды. Қыс­қа­сы, алдымен түсініксіз цифрлардан тұратын екі сағаттық баяндама оқы­ла­ды, сосын алдын ала дайындалған бірнеше сұраққа бір сағат көлемінде жауап беріледі. Жылына бір-ақ рет берілетін әкімнің есеп беру шарасы осы­мен бітеді. Бірді-екілі «шын сұрақ­қа» мүмкіндік берілсе берілді, беріл­ме­се ол да жоқ.
Тағы бір қызық жайт бар, БАҚ өкіл­дері облыс әкімдерінің есеп бе­руі­не қатысу үшін алдын ала аккре­ди­та­циядан өтуі керек екен. Өйтпеген жағдайда шараға бас сұға алмайсың. Әсілінде бұл шараға келем деу­ші­лер­дің бәріне есік ашық болу керек. Қа­тар­дағы адамдар үшін есік ашық болса, БАҚ өкілдері үшін де айқара ашық болуы керек емес пе? Әдетте әкім есеп беру шарасына өзіне керекті баспасөздерді, өзінен «тендер алып отырған» басылымдарды ғана шақы­рып алады. Өзге баспасөздердің кей­бірі оның өткізілу мерзімінен де бей­ха­бар. Ел-жұрттан ести сала жетіп кел­се, «сіз алдын ала тіркелмедіңіз» деген желеумен есіктің алдынан қай­та­рады.
Біздіңше, әкімнің есеп берудегі баян­дамасын 20 минуттан асырудың қажеті жоқ. Бір сағатқа есептеп жазып әкелген баяндамасының көшірмесін топтап жасатып әкеліп, әр адамға бір нұсқадан таратып берсе де, тиын-тебен ақша кетеді. Тіпті есеп беруге 500 адам жиналды десек те, соның әрбірінің қолына баяндаманың бір-бір нұсқасын ұстатып жіберуге екі-үш мың теңгеден артық ақша кетпейді. Есесіне, уақыт үнемделер еді.
Ше­ка­ра­лық әріптестік қауым­дас­ты­ғының сарапшысы Марат Шибұтов әкім­дер­дің халыққа есеп беру шара­сының формасы қандай болу керек­тігін жоға­рыдан бекітіп беруге бола­тынын айтады. Мәселен, әкім қай күні, қай жерде халыққа есеп бермек­ші екені жө­ніндегі хабарлама алдын ала тара­ты­лу керек. Бізде бір күнде шешім қа­был­­дап, өзіне қажетті топты жинай салып, шағын көлемде жиын өткізе сала­тын әкімдер бар. Сондық­тан тұр­ғын­­дардың барлығына жеткі­зілуін мін­­деттеу керек.
Екіншіден, әкімнің халықпен кездесуіне БАҚ өкілдері де мұқият болғаны дұрыс. Әкіммен бірге халық та қандай мәселе көтеретіндеріне дайын­далып баруы керек.
Ал саяси шолушы Замир Қаражановтың пікі­рінше, ауыл әкімдерінің сайланбалы жүйеге өтуі халықтың қолына күш бере бас­тады. Бірақ соның өзін сәтті пайдалану үшін қоғамдық ұйымдардың, баспа­сөз­дер­дің, тұрғындардың белсенді болуы аса маңызды.
Осы уақытқа дейін әкімдер халықпен санас­пайды, өзін тағайындаған жоғары жақтағы басшының көңілін табуға ғана тырысады деген пікірлер жиі айтылады. Алдағы уақытта бұл жағдай да өзгеретін сияқ­ты. Биылғы жылдағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі ерек­ше­ліктердің бірі ауыл әкімдерінің сайланбалы үрдіске өтетіні болып отыр. Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша, 2013 жылдың шіл­де айында әкімдер сайлауы ұйым­дас­ты­рылады. Бұл сайлаудың тәртібі бойынша аудандық мәслихатқа аудан әкімі кемінде екі үміткерді ұсын­ған соң, халық атынан өкілдік ететін депу­таттар дауыс беру арқылы білімі мен біліктілігі, іскерлік қабі­леті мен бағдарламасына қарап сай­лай­ды. Халықтың бюллетеньге қол қойып, жеке дауыс бермесе де, әсер ету механизмі артып жатыр. Егер сайланған әкім өзіне жүктелген мін­деттерді орындамаса немесе округтегі тұр­ғындар оның мәселе шешуге қабілетсіз екендігін айтып шағымданса, аудан әкімі «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, оны өкілеттілігінен айыру жөнін­де шаралар қабылдай алады. Бола­шақ­та аудан, облыс әкімдерін жалпылама сайлау арқы­лы тағайындауға да келуіміз мүмкін. Әзірге сең қозғалды дейміз.
Есенжол АЛИЯРОВ, Қазақстанның гума­ни­тарлық‑саяси конъюнктура орталығының президентi:
– Жалпы, әкімдердің жылына бір рет халық­ты жинап алып баяндама оқып беруі мүлде ескірген дәстүр деп білемін. Ол бір формалды жиынға айна­лып кетті, оны халық та, әкімнің өзі де жақсы түсінеді. Әкім­нің есеп беру шара­сын заманға, жағдайға лайықтау керек деп есептеймін. Біздің жағдайда әкімнің жұмысына қана­ғат­танбайтын тұрғындар оны алып тастай алмайды. Ендеше, оның берген есебі ештеңе шеш­пейді. Сондықтан мен бұл есеп беру шарасын жаңа жүйеге көшіру керек деп ойлаймын. Ол үшін әкім тек халық ал­дын­да емес, жергілікті өкілдік биліктің алдын­да да қатар есеп беру керек. Мәсе­лен, халық қаладағы қар­дың күрелмеуіне нара­зылық білдіріп жат­са, мәслихат тез арада әкімді шақы­­рып алып, осы мәселеге қатысты есеп беруін талап етуі керек. Бұл шараға халық атынан қоғамдық ұйымның өкіл­дері де қатыс­са болады. Егер әкімнің есебі мәслихаттың көңілінен шықпаса, олар әкімді орнынан босатуға дейін мәсе­ле көте­ріп, іске асыра алғаны дұрыс. Әкімнің мәслихат пен қоғам­дық өкілдердің алдын­да есеп беруі жылына бір-ақ рет емес, маусым сайын, тоқсан сайын, сала бойын­ша, керек десеңіз, белгілі бір оқиғаға байланысты өткі­зіл­се болады. Тек сонда ғана бұл шара нәтиже береді. Әйтпесе әкім­дерді өзіне тәуелді қызметкерлерді жинап алып, баяндама оқып беретін жаман әдетінен арылта алмаймыз.

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
– Біріншіден, әрине, есеп беру ша­ра­сын барынша ашық шараға айнал­дыру керек. Әкімге тәуелді мамандық иелерінің ғана жиналысы емес, қоғам­дық институттардың барлығы аралас­қан, қарапайым халық пен оппозиция өкілдері де етене араласатын шара болуға тиіс. Бұл жиынға мәслихат депу­таттары да араласып, мәселе көтеріп, талап еткені абзал. Қазіргі жергілікті өкілдік биліктің құзыры көтеріліп жатыр. Бірақ олар осы мүмкіндігін әлі пайда­лана алмай жүр. Көбіне әкімнің қолба­ла­сына айналып кетеді. Әкім­дердің бұлыңғыр статистиканы ежіктеп оқып беріп, залдан шығып кетуіне жол бер­меу керек. Егер мәслихат пен халық қатар жиналса, жергілікті депутаттар да өзінің артында халық тұрғанын түсінер еді. Әкімді тергеуге алар еді. Сондықтан бұл жиын­ға жергілікті депутаттар, қоғамдық ұйым­дардың өкілдері және халықтың қатар жинал­ғанын қолдай­мын. Екіншіден, жы­лы­на бір мәрте есеп беру аз деп ойлай­мын.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста