Әкім қалай есеп беруі керек?
«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген бар. Еліміздің аймақтарында әкімді халқына жақындастыратын саяси науқандардың бірі, әкімдердің халық алдында есеп беру шарасы басталып кетті. Облыс әкімдеріне кезек әлі жеткен жоқ. Әзірге ауылдар мен аудан әкімдері есеп беруде. Кез келген әкім жылына бір мезгіл өткізілетін осы шараның неғұрлым тыныш, ың-шыңсыз өтуін қалайды. Бұл – түсінікті жайт. Дегенмен жыл сайын біз әкімдердің есеп беруі кезінде пайда болған жанжалдарға куә болып жатамыз. Мәселен, жуырда Ақмола облысындағы Жақсы ауданының тұрғындары «жыл сайын айтылатын уәделердің ешбірі орындалған жоқ» дегенді айтып, әкімнің есебін тыңдаудан бас тартыпты. Мұндай масқараға тап болған әкім ешбір бұйрықты күтіп жатпай, өз еркімен қызметінен босауы керек шығар. Айта берсе, мұндай мысалдың талайын келтіруге болады.
Расында, әкімдердің алдын ала жоспарланған сценарийі бойынша өтетін есеп беру үрдісі қазір бір қалыптан шыға алмайтын қасаң шараға айналып кетті. Еліміздегі қоғамдық үрдістерді жіті бақылап отыратын саяси сарапшы Еркін Байдаров: «Кез келген ауылда әкімнің есеп беру шарасына, негізінен, мұғалімдер мен дәрігерлер жиналады, әрине, әкімшіліктің тапсырмасы бойынша. Ауылдық жерде бұл екі мамандықтан басқа жөні түзу, тұрақты табыс көзі жоқ екенін ескерсек, қызметінен айырылып қалмауды ойлайтын мұғалім әкімге өткір сауал жолдай алмайды», – дегенді айтады. Расында, солай. Одан қалса, бұл «сахналық қойылымға» әкімнің оң назарына іліккен он шақты қария шақырылады. Сын айтатын, шын айтатын, мін айтатын қауым әртүрлі амалдармен шеттетіліп қалатыны екібастан түсінікті.
Әкімдер жағы «есеп беру» деген ұғымды тура мағынасында түсініп, сан түрлі статистикалық көрсеткіштермен көмкеріп тастайды. Алдын ала дайындалып, тұрғындарға таратылып қоятын сұрақтар тағы бар. Әрине, ол сұрақтардың да «оптимистік» жауаптары алдын ала жазылып қояды. Қысқасы, алдымен түсініксіз цифрлардан тұратын екі сағаттық баяндама оқылады, сосын алдын ала дайындалған бірнеше сұраққа бір сағат көлемінде жауап беріледі. Жылына бір-ақ рет берілетін әкімнің есеп беру шарасы осымен бітеді. Бірді-екілі «шын сұраққа» мүмкіндік берілсе берілді, берілмесе ол да жоқ.
Тағы бір қызық жайт бар, БАҚ өкілдері облыс әкімдерінің есеп беруіне қатысу үшін алдын ала аккредитациядан өтуі керек екен. Өйтпеген жағдайда шараға бас сұға алмайсың. Әсілінде бұл шараға келем деушілердің бәріне есік ашық болу керек. Қатардағы адамдар үшін есік ашық болса, БАҚ өкілдері үшін де айқара ашық болуы керек емес пе? Әдетте әкім есеп беру шарасына өзіне керекті баспасөздерді, өзінен «тендер алып отырған» басылымдарды ғана шақырып алады. Өзге баспасөздердің кейбірі оның өткізілу мерзімінен де бейхабар. Ел-жұрттан ести сала жетіп келсе, «сіз алдын ала тіркелмедіңіз» деген желеумен есіктің алдынан қайтарады.
Біздіңше, әкімнің есеп берудегі баяндамасын 20 минуттан асырудың қажеті жоқ. Бір сағатқа есептеп жазып әкелген баяндамасының көшірмесін топтап жасатып әкеліп, әр адамға бір нұсқадан таратып берсе де, тиын-тебен ақша кетеді. Тіпті есеп беруге 500 адам жиналды десек те, соның әрбірінің қолына баяндаманың бір-бір нұсқасын ұстатып жіберуге екі-үш мың теңгеден артық ақша кетпейді. Есесіне, уақыт үнемделер еді.
Шекаралық әріптестік қауымдастығының сарапшысы Марат Шибұтов әкімдердің халыққа есеп беру шарасының формасы қандай болу керектігін жоғарыдан бекітіп беруге болатынын айтады. Мәселен, әкім қай күні, қай жерде халыққа есеп бермекші екені жөніндегі хабарлама алдын ала таратылу керек. Бізде бір күнде шешім қабылдап, өзіне қажетті топты жинай салып, шағын көлемде жиын өткізе салатын әкімдер бар. Сондықтан тұрғындардың барлығына жеткізілуін міндеттеу керек.
Екіншіден, әкімнің халықпен кездесуіне БАҚ өкілдері де мұқият болғаны дұрыс. Әкіммен бірге халық та қандай мәселе көтеретіндеріне дайындалып баруы керек.
Ал саяси шолушы Замир Қаражановтың пікірінше, ауыл әкімдерінің сайланбалы жүйеге өтуі халықтың қолына күш бере бастады. Бірақ соның өзін сәтті пайдалану үшін қоғамдық ұйымдардың, баспасөздердің, тұрғындардың белсенді болуы аса маңызды.
Осы уақытқа дейін әкімдер халықпен санаспайды, өзін тағайындаған жоғары жақтағы басшының көңілін табуға ғана тырысады деген пікірлер жиі айтылады. Алдағы уақытта бұл жағдай да өзгеретін сияқты. Биылғы жылдағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі ерекшеліктердің бірі ауыл әкімдерінің сайланбалы үрдіске өтетіні болып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2013 жылдың шілде айында әкімдер сайлауы ұйымдастырылады. Бұл сайлаудың тәртібі бойынша аудандық мәслихатқа аудан әкімі кемінде екі үміткерді ұсынған соң, халық атынан өкілдік ететін депутаттар дауыс беру арқылы білімі мен біліктілігі, іскерлік қабілеті мен бағдарламасына қарап сайлайды. Халықтың бюллетеньге қол қойып, жеке дауыс бермесе де, әсер ету механизмі артып жатыр. Егер сайланған әкім өзіне жүктелген міндеттерді орындамаса немесе округтегі тұрғындар оның мәселе шешуге қабілетсіз екендігін айтып шағымданса, аудан әкімі «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, оны өкілеттілігінен айыру жөнінде шаралар қабылдай алады. Болашақта аудан, облыс әкімдерін жалпылама сайлау арқылы тағайындауға да келуіміз мүмкін. Әзірге сең қозғалды дейміз.
Есенжол АЛИЯРОВ, Қазақстанның гуманитарлық‑саяси конъюнктура орталығының президентi:
– Жалпы, әкімдердің жылына бір рет халықты жинап алып баяндама оқып беруі мүлде ескірген дәстүр деп білемін. Ол бір формалды жиынға айналып кетті, оны халық та, әкімнің өзі де жақсы түсінеді. Әкімнің есеп беру шарасын заманға, жағдайға лайықтау керек деп есептеймін. Біздің жағдайда әкімнің жұмысына қанағаттанбайтын тұрғындар оны алып тастай алмайды. Ендеше, оның берген есебі ештеңе шешпейді. Сондықтан мен бұл есеп беру шарасын жаңа жүйеге көшіру керек деп ойлаймын. Ол үшін әкім тек халық алдында емес, жергілікті өкілдік биліктің алдында да қатар есеп беру керек. Мәселен, халық қаладағы қардың күрелмеуіне наразылық білдіріп жатса, мәслихат тез арада әкімді шақырып алып, осы мәселеге қатысты есеп беруін талап етуі керек. Бұл шараға халық атынан қоғамдық ұйымның өкілдері де қатысса болады. Егер әкімнің есебі мәслихаттың көңілінен шықпаса, олар әкімді орнынан босатуға дейін мәселе көтеріп, іске асыра алғаны дұрыс. Әкімнің мәслихат пен қоғамдық өкілдердің алдында есеп беруі жылына бір-ақ рет емес, маусым сайын, тоқсан сайын, сала бойынша, керек десеңіз, белгілі бір оқиғаға байланысты өткізілсе болады. Тек сонда ғана бұл шара нәтиже береді. Әйтпесе әкімдерді өзіне тәуелді қызметкерлерді жинап алып, баяндама оқып беретін жаман әдетінен арылта алмаймыз.
Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
– Біріншіден, әрине, есеп беру шарасын барынша ашық шараға айналдыру керек. Әкімге тәуелді мамандық иелерінің ғана жиналысы емес, қоғамдық институттардың барлығы араласқан, қарапайым халық пен оппозиция өкілдері де етене араласатын шара болуға тиіс. Бұл жиынға мәслихат депутаттары да араласып, мәселе көтеріп, талап еткені абзал. Қазіргі жергілікті өкілдік биліктің құзыры көтеріліп жатыр. Бірақ олар осы мүмкіндігін әлі пайдалана алмай жүр. Көбіне әкімнің қолбаласына айналып кетеді. Әкімдердің бұлыңғыр статистиканы ежіктеп оқып беріп, залдан шығып кетуіне жол бермеу керек. Егер мәслихат пен халық қатар жиналса, жергілікті депутаттар да өзінің артында халық тұрғанын түсінер еді. Әкімді тергеуге алар еді. Сондықтан бұл жиынға жергілікті депутаттар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және халықтың қатар жиналғанын қолдаймын. Екіншіден, жылына бір мәрте есеп беру аз деп ойлаймын.