Әйел сабағыш сабаздар туралы сыр

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Елімізде жылына 500-ге жуық әйел ақылына емес, жұдырығына жүгінетін күйеудің қолынан қаза табады екен. Бұл – ресми дерек, бұған қоса, отбасындағы ойранды сыртқа жаймауды дұрыс деп санайтындар тағы бар. Мына бір оқиға соған айғақ: төрт баланың әкесі әйеліне күн көрсетпейді. «Күн көрсетпейді» деген – жай айтылғаны, ол әйелін әбден қорлаған. Пісірген тамағын үстелмен қоса лақтырып, байғұс әйелді болмашы нәрсеге екі күннің бірінде соққыға жығып отырған. Басқа әйелдерге баратынын тіптен жасырмапты да. Неше жылға созылған мұндай азапқа төзе алмаған әйел 43-де өз-өзіне қол жұмсаған. Ал марқұмның күйеу жағы «келініміздің психикасы дұрыс емес болатын» деген әңгіме таратады. Кейде әйелдер ар-ұятты ойлап, күйеуінің ұрғанын өздері жасырып қалады.

 Мынадай бір әңгіме естігеніміз бар. Көрші тұратын екі келіншектің де отағалары әйел сабаудан бірінен-бірі асып түседі екен. Бірде әлгі келіншектің біреуі далада жүргенде көршісінің сіңілісі келіп қалады.
– Көзің көгеріп қалыпты ғой. Не бол­ған? – дейді онсыз да қысылып тұрған әйел­ге келген қонақ.
– Құлап қалып едім, – дейді әлгі, – ой, ме­нікі түк емес қой, әпкең менен де жаман құла­ды, – депті лезде содан кейін. Бұл көр­шісінің екі көзінің бірдей көгеріп жат­қан­дығын алдын ала ескертіп қояйын дегені екен.
Дағдарыс орталықтарының мәлімет­тері­не қарағанда, жылына 60-70 мыңға жуық әйел психолог мамандар көмегіне жү­гініп жататын көрінеді. Ал ІІМ әйелдерді зор­лық-зомбылықтан қорғаудың әкімшілік поли­ция комитетінің дерегінде «үстіміздегі жыл­дың алты айында 36 000 әйелден арыз түсті» делінген. «Қарғайын десем, жал­ғызым, қарғамайын десем, жал­ма­уызым» демекші, арызданушылардың басым бөлігі «күйеуімді қамамаңызшы, оған айыппұл салмаңызшы» деп жалы­натынға ұқсайды. Тек қорқытып берулерін сұрайтын көрінеді. Мұндай жағдайдың учаскелік инспекторларға да қиын екендігін айтып, мамандар азар да-безер.
Зүльфия БАЙСАҚОВА, Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағының төрайымы:
– Ең өкініштісі – біздің елде бұл проб­ле­маға дұрыс көңіл аударылып отырған жоқ. Егер ол жан-жақты зерттелсе, тұр­мыс­тық зорлық-зомбылықтың себеп-сал­дары анықталып, оның алдын алу әлде­қай­да оңайырақ болар еді. Әйтпесе ұрда-жық дойыр мінезділердің кесірінен қан­ша­ма әйелдер тіпті кемтар болып қалып жа­тыр. Күйеуін жазалатып жатқандар бі­рен-саран ғана. Басым бөлігі іштен тынады. Сондықтан да әйелдер басқа түскенге көне бермей, өзін-өзі қорғаулары тиіс, – дейді ашына.
Ал психолог мамандар: «Мазахист әйелдер саны аз емес. Оның негізгі себебі – екеу. Бірі – өз құқықтарын өздері тө­мендетіп жіберген, екіншісі – күйеуі жоқ де­ген жаманатқа қалғылары келмейді. Алайда мұндай теңдік жоқ отбасында өскен ұл бала дайын «әйел сабағыш», ал қыз бала дайын «құрбан» екендігін ұмыт­пайық. Ата-баба дәстүрін ұстанған жөн, яғни еріңді сыйла, қадір тұт. Бірақ күйеуің со­ған лайық болса», – дейді.
Әлеуметтің әлеуеті әлсіресе...
Негізі, сарапшылардың пікірлеріне сенсек, үйдегі ұрыс-керістің басым бөлігі отбасылық проблемадан туындайды. Олар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барған сайын артып бара жатқандығын сонымен байланыстырады. Әйелі күйеуіне «ақшаны аз таптың» не «таппадың» десе, күйеуі әйе­ліне «тапқанды дұрыс жұмсамадың» дейді. Осын­дай даудың арты көп жағдайда күш­тінің әлсізге қол көтеруімен тынады. Ал үй­дегі жоқшылық елдегі әлеуметтік мәсе­ле­­ге байланысты. Қазақ – отбасындағы бе­ре­ке-бірлікті, татулықты қызғыш құстай қор­ғаған халық. Өкінішке қарай, «байтал тұр­мақ, бас қайғы» демекші, жоғарғы жақ­та отырғандар әрбір отбасындағы жағ­дайды «от басы, ошақ қасындағы» мәселе деп қарайтын сияқты. Тағы бір ма­ңызды мә­селе, үйдегі жанжал ерлі-зайып­ты­лар­дың ажырасу­ла­рына себеп болып жа­тады. Ай­та кетсек ар­тық болмас, 2008 жылы 135 280, 2009 жылы 140 386 неке тір­келсе, 2008 жылы 35 852, ал 2009 жылы 39 257 не­ке бұ­зыл­ған. Заңды түрде ажы­распай жүр­гендер де аз емес. Қысқасы, отбасы те­резесінің тең бо­луы мемлекет үшін аса ма­ңызды.
«Бiр әйелдiң құшағында туамыз, бiр әйелдiң құшағында өлемiз»
Терең «зерттеп» жүргендердің өздері үшін де қазақ әйелінің табиғаты әлі құлып­тау­лы құпия. «Жауабы «жеті қабат жер астында» екен» дейді қиналып кеткендер. «Олар не шығыс, не батыс әйелдеріне ұқ­са­майды» дейді енді біреулер. Шын­ды­ғында да солай-ау. Қазақ әйелін феноменге теңесек, ешкім дау айтпас. Әйел затының идеалы Домалақ, Абақ, Қарқабат, Ұлпан, Шашты т.б. көптеген дара да дана аналар жасаған елдің қыздары осындай болса керек.
Қазіргі заман әйелдерінің үйде емес, түзде жүргендерін біреу сынап айтса, біреу жылап айтады. Иә, қайсысының да ойла­ғаны қазақ әйелінің, қазақ елінің қамы екен­дігін түсінеміз. Алайда «заманына қа­рай заңы, тоғайына қарай аңы». «Ескіні ес­ке алмай, жаңа жадыңа түспейтіні де» бел­гілі. Осы тұста айта кетейік, «күйеу­ле­ріміз ақша таппайды, енді қайтеміз?» деп бар кінәні ер-азаматтарымызға арта беруге тағы болмас, кеңес дәуірі әйел теңдігін ту етіп, енді оларға отбасы шаруасымен қоса, қоғам алдындағы жауапкершілікті де артып қойды. Әйел қауымы еңбек майда­нын­да да іскер екендігін дәлелдеді, әлі де дә­лелдеуде. Ондай болса, бойына өзгеде жоқ, ешкімге жараса бермейтін қазақ әйе­ліне ғана тән ақыл-парасат пен көрегендік, иба­лық пен тәкаппарлық сияқты асыл қа­сиеттерді сіңдіре жүріп, еркекпен қатар мал тауып қана қоймай, қоғамға пайдасын ти­гізіп жатса, оның несі айып?
Кейде мынадай бір ой келеді, егер ер­кектеріміздің өздері ертеректегідей заты аты­на сай болып қала берсе, әйелдер де қа­зақы болмысынан айырылмас па еді? Ер­леріміз небір жаман әдеттерге бой алды­рып алды, мысалы, маскүнемдікке, бой­күйездікке... әрі қарай айта беруге тіпті аузың бармайды. Сонысына қарамай, әйелін қамшымен бағындырғысы келетін­дер аз ба? Тепсе темір үзетін жасында текке жүріп, отбасының ырысын ішімдікке ша­ша­тыны аздай, әйелін сабап, бала-шаға­сы­ның берекесін қашыратын ез еркекке қам­шы жұмсаған тіптен жараспайды. Қам­­шы­ны ата-бабамыз біле білсек, орнымен пайдаланған. Десек те, ол заман келмеске кеткен. Қазір көпшілік әйел өзін тепкіге бе­ріп қоймайды. Бұл – олардың құқық­тары.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста