Ғаламның бар мүмкіндігін игере бастағалы адамның жүйкесі жұқарып, санасын үрей билеп алды. Қазір біз жанды-жансыздың бәрінен қорқатын жағдайға жеттік. Дүкендегі тамақтың құрамынан бастап, ішетін суымыздың, киетін киіміміздің сапасынан қорқамыз. Көршімізден, туған-туысқанымыздан күдіктенеміз. Үнемі үрейленіп жүреміз. Психолог мамандар адамның санасын жаулап алған үрейдің психология тілімен айтсақ, фобияның адамды жындыханаға сүйрейтін жаңа түрлерімен «күресе» бастапты. Мәселен, жақында психологтер әйелдердің ғана санасын билеп алған тағы бір фобияны анықтап, оның салдары «бір қолымен әлемді тербеген» әйелді жан күйзелісіне ұшырататынын айтып отыр.
Әрбір үшінші әйел косметикаға тәуелді
Психологиялық дерт атанудың алдында тұрған фобия қазақ әйелі үшін де таңсық емес. Мамандардың жуырда жасаған сауалнамасының нәтижесі әрбір үшінші әйел үйінен есігінің алдына боянбай шығуға батылы бармайтын жағдайға жеткенін көрсетіпті. Яғни косметикаға деген тәуелділік фобиясы әйелдердің санасын жаулап болды деген сөз. Осы сауалнамаға қатысқан 3000 әйелдің үштен бір бөлігі көшенің қарсы бетіндегі көрші дүкенге боянбай бармайтынын айтыпты. Ал әрбір 10 бойжеткеннің біреуі сүйіктісінің көзіне косметикасыз көрінуге мүлдем болмайды деп санайды екен.
Психологтер «макияж фобиясы» әлемнің барлық әйелдерінің санасын жаулап алуының соңы үлкен қасіретке душар ететін жағдай деген баға беріп отыр. Әйелдердің 14 пайызына жуығы бір шаңырақтың астында бірге тұратын отағасынан боянып үлгеру үшін әдейі бұрын оянады екен. Бұл — қазіргінің адамын жан сұлулығынан гөрі, тән сұлулығы алаңдатады деген сөз. Ал қалай да жас, сұлу көрінуге, бірінен-бірі асып түсуге тырысқан бикештерді «дуалап алған» «макияж фобиясы» расында жан күйзелісіне душар етпесіне, жындыханаға түсірмесіне кім кепіл? Самайына кірген ақпен, бетіне түскен әжіммен «алысқан» әйелдердің «қамын ойлаған» косметика өндірушілер мен сатушылар, сұлулық салондарында саудасын дөңгеленткен кәсіпкерлер, пластикалық хирургтер өздерін сұлулық индустриясын дамытушылар ретінде көрсетуге тырысады.
Расында да, жыл сайын әлгіндей сұлулық индустриясына салынатын қаражат көлемінде шек жоқ. Әйелдердің әмияны да косметика десе – жомарт. Айлық жалақысының жартысына жуығын косметикаға жұмсайтын әйелдердің ешқайсысына «макияж фобиясына» ұшырағанын мойындату мүмкін емес. Себебі әдемілікті бетіне «бес тонна» бояу жағатын Голливуд жұлдыздары, қызыл-жасыл журналдардың мұқабасында ашық-шашық денесін батыл көрсететін қыздар деп түсінетін әйелдердің санасы әлдеқашан айықпас дертке ұшырады. Осы заманның әйелі үшін сұлулық символы — пластикалық операцияның пәрменімен бірнеше рет тарттырған беті жансызданып қалған Мадонна. Оған «болмаса да ұқсап бағуға» жанталаса тырысып жатқан біздің бикештерді «мәңгілік жастық» идеясы иектеп алғалы отбасын құрып, сүйікті жар, ардақты ана болу екінші, әлде үшінші орынға ысырылды. Қазіргінің әйелі «табысқа жетудің жолы — бет күтімі, дене күтімі» деп сабылып салон аралап, тренажер залдарында жүр. Осыған қарап егер әйелдердің жаппай санасын улаған «сұлу болу үшін…» синдромын дерт деп санайтын болсақ, қазір әрбір үшінші әйел осы дертке шалдыққанын мойындауға болады.
Осы заманның адамын экология, биоэтика, ғылыми теория мен практика туралы сөйлетсең, бәрін білетін нағыз данышпан. Біз қоспасы жоқ табиғи өнімдерді қалаймыз, фасфудтар мен гендік модификацияланған өнімдерден аулақ болуға тырысып, бақшадағы құрт түскен ағашта өсіп тұрған алманың дүкендегі «мінсіз» қызыл алмадан көп артық екенін жақсы білеміз. Тек өзімізге қатысты мәңгілік ақиқатты мойындағымыз келмейді: нағыз сұлулық — табиғи сұлулық.
Десек те, әлемдік нарықта жасанды сұлулық индустриясына жұмсалатын қаражатта есеп жоқ. Тіпті соңғы жылдары орын алған әлемдік қаржы дағдарысы да сұлулық индустриясының дамуын тежей алмапты. Бұған қарап сарапшылар «адамға нан мен су қаншалықты керек болса, әйелге де косметика, сұлулық салондарының, шаштараздардың қызметі соншалықты керек» деген баға беріпті. Дағдарысқа қарамастан, осы саладағы бәсекелестік сыр бермегенін айтқан сарапшылар «сұлулық құрбандықты талап етеді» дегенді мойындап отыр.
Енді әлемдік БАҚ жариялаған мәліметтерді саралап көрейік. АҚШ пен Еуропа елдерінде 20 мыңның үстінде, Ресейде 5500 сұлулық салоны қызмет көрсетеді екен. Әрине, біз сұлулық салондарының саны жағынан «мақтана алмаймыз». Дегенмен жыл сайын осы салаға машықтанып жатқан кәсіпкерлер қатары көбейіп, нарық сұранысқа сай өсіп отыр. Көрші Ресейде «сұлулық нарығының» көлемі 7 млрд долларды құрайды екен. Олардың салондарында шаш қию мен бояу орта есеппен 1500 рубль болса, біздегі баға да сол шамалас – 8-10 мың теңге. АҚШ-тың ортаңқол шаштаразы бір сағатта шамамен 10 доллар табатын көрінеді. Еуропа елдерінде сұлулық салондарының орташа жылдық кірісі – 250 000 доллар.
Өткен жылы Euromonitor International агенттігі қазақстандық нарықтың сұлулық индустриясына бағытталған саласына зерттеу жүргізген. Агенттік мамандары қазақстандық әйелдер косметика мен жеке бас гигиенасына арналған құралдарды киім-кешектен гөрі жиі сатып алатынын анықтады. Косметиканың қолжетімділігі елде әртүрлі компаниялардың өнімдерін саудалауға мүмкіндік береді екен.
Әй, әйелдер-ай…
Өткен ғасырдың басында адамзаттың сұлулық туралы ұғымға деген көзқарасы күрт өзгерді – көзді шел басты. Жасанды сұлулық жарнамалар арқылы біздің санамызға әлдеқашан кірігіп алды. Ең сорақысы – косметика пайдаланбайтын, салондарға, шаштаразға бармайтын әйелді ақылына, біліміне, көп бала туғанына, отбасының ұйытқысы болып отырғанына қарамастан, ойланбастан «күтінбейтін әйелдер» санатына жатқыза саламыз.
Бағзы замандарда әйелдердің сұлу көріну үшін әртүрлі айла-тәсілдер ойлап тапқанына тарих куә. Ежелгі Мысырда, Римде, Грекияда әйел әдемі көрінуі үшін шөп түрлерінен жасалған бояуларды пайдаланғаны туралы Геродоттың жазбаларында кездеседі. Қазіргі әйелдер де адамның ойына келмейтін ессіз қадамдарға барады. Мәселен, Сан-Франциско қаласында тұратын 34 жастағы әйел 8 жасар қызының бетіне әжім түспес үшін қазірден бастап ботокс еге бастағанын әлемдік БАҚ жаппай жазды. Болашақта қызының супер жұлдыз болатынына сенімді әйел үш ай сайын кішкентай қыздың көзінің, ауызының айналасына, маңдайына ботокс егіп, бұлшық етті жансыздандырып, аяғына мүлдем түк шықпас үшін балауыз ерітіндісімен эпиляция жасайды екен. Әйел жұрттың бәрі өзін неліктен есінен адасты деп есептейтінін мүлдем түсіне алмапты.
Соңғы 10 жылдықта әйелдер теледидардан «томпақ ерін — тартымдылықтың белгісі» дегенді естіді. Айтты бітті, содан бері жер бетінде миллиондаған жұқа, нәзік ерінді әйелдер еріндерін үрлеп томпайту үшін сұлулық салондарының, пластикалық хирургтердің алдын бермейтін болды. Өткен ғасырдың орта шенінде сән индустриясының жаңалықтарын жеткізетін газет-журналдар, теледидар хабарлары арықтық сәнге айналғанын жариялады. Содан бері жер бетінде миллиондаған жасөспірім қыздың санасын «семізбін» деген ой жаулап алды. Әлемде талай қыз киім ілгіштің рөлін атқаратын модельдерге ұқсауды армандап, сан түрлі диетадан, аштықтан, анорексия дертінен көз жұмды. Әйелдер артық майын сылғызу үшін басын қатерге тігіп, пластикалық операцияларға жүгініп отыр. Желілік маркетинг жүйесі арқылы «сегізаяқ» бизнестің соңында сабылған косметика сатушылар «сұлу болудың жолы — осы» деп сендіріп жүр. Олардың жарнамасын тыңдасаң, бірінің аузына бірі түкіріп қойған сектанттардан аумайды: «…сұлу, бай, бақытты боласың». Қазір көгілдір экрандағы, газет-журналдардың мұқабасындағы жанары жансыз бейнелерге ұқсауға тырысқан әйелдер «әдемі болуға» жанталасып жатыр. Әйел… әлде әлем ақылынан алжасты…
Мақсат – ақша жұмсау емес, күтім жасау
Біз әр салада қызмет жасайтын, сұлулық туралы, косметикаға жұмсалатын ақша туралы көзқарасы әртүрлі әйелдерді ортақ тақырыпта сөйлетіп көрдік. Бәрінің ойы бір жерден шықты: әйел өзіне күтім жасауға міндетті. Ендеше, солардың бірі бет күтімі үшін қанша ақша жұмсайтындығы жайлы былай дейді.
Лаура ПАЛМАН, журналист:
— Мен екі айда бір рет сұлулық салонына барып тұрамын. Басқа уақытта өз-өзіме күтім жасаймын. Желілік маркетинг бойынша сатылатын косметикаларды мүлдем сатып алмаймын. Бетіме, денеме жағатын кремдерді аптекадан алғанды дұрыс көремін. Декоративтік косметиканы «Сұлу» дүкенінен аламын. Көбінесе француз косметикасын алғанды ұнатып, фирмалық маркасына мән беремін. Бұрын «Нағима» салонына жиі барып, ұзақ уақыт тұрақты тұтынушысы болдым. Ал жақында «Сауап» деп аталатын медициналық орталыққа 10 күнге 30 мың теңге төлеп, бетіме маска жасаттым. Оған қоса, 15 мың теңгеге арнайы крем сатып алдым. Сонымен, кәсіби маман 45 мың теңгеге бетімде болған дақты кетірді.
Үш жылдан бері «Вива» салонына тырнағыма маникюр жасатамын. Оған 5 мың мен 8 мың теңгенің аралығында ақша жұмсалады.
Ал шаш күтіміне келсек, ешқандай салонға сене алмаймын. Шашыма өз бетімше күтім жасаймын. Қыздардың ұзын шашты қиғанын құптамаймын.
Жалпы, әйелдің күтім жасауына ақша көп жұмсалады. Бірақ соншама көп ақша таппайтын болғандықтан, тартынып жұмсауға тура келеді. Бірақ мен «макияж» фобиясымен «ауырмаймын». Табиғат аясына шаққанда, дүкенге барғанда, үйде жүргенде боянбаймын, қайта бетімді косметикадан демалтамын.
Галина ДОДОР, кәсіби шаштараз:
– Жалпы, әйел адам өзіне көңіл бөлгені дұрыс. Оны еркектер түсіне бермес. Бірақ осы заманның әйелі маникюр, педикюр жасатуы, SPA салондарға, массажға, тренажер залдарына, шаштаразға баруы керек.
Ақтөбедегі салондарда шаш қию бағасы орташа есеппен алсақ, 2-3 мың теңге тұрады. Қазір әйелдер түрлі түстердің қосындысымен шашты боятқанды ұнатады. Оған 3-8 мың теңге көлемінде ақша төлейді. Егер кешкі сән үлгісімен шашты сәндеп беретін болсақ, ол 3-10 мың теңге болады.
Тұрақты ақша табатын, өзіне күтім жасайтын әйелдер, кем дегенде, шаштаразға айына екі мәрте келеді. Ондай әйелдер той-томалаққа, қонаққа шашын сәндетпей бармайды. Яғни біздің кәсібіміз – қандай дағдарыс жағдайында да өтімді қызмет.
Роза МУШАЛОВА, психолог:
— Мен жақында Әбілқайыр хан даңғылының бойында орналасқан шеберлік курсына барып көрдім. Оқушы ретінде емес, сол жерде тәжірибеден өтіп жатқан жас мамандардың қызметін пайдаланушы ретінде. Маникюр, педикюр, шаш қию, сәндеу, татуаж, макияж жасату сияқты көп қызмет түрімен бір мезгілде бірнеше қыз айналысып жатыр екен. Бәрі де сұлулық салондарына жұмысқа орналасу үшін өз беттерімен шаштараз ашу үшін тырысып жүргендер. Қай- қайсысы да жұмыссыз қалмайтына сенімді. Тәжірибесіз жас мамандардың қызметін пайдалануға тілек білдірген әйелдер қатары да көп. Кәдімгідей кезек күтіп қалдық.
Татуаж жасату үшін кәмелет жасына толмаған қыздар да келеді екен. Бірақ оларды ата-анасының рұқсаты болмаса, ешкім қабылдамайды. Осы көрініске қарап отырып, расында, «сұлу болуым керек» деген ой әйелдердің санасын жаулап алғанына көз жеткіздім. Кейбірінің әрекетін ессіздік деуге болады. Әрине, әйел адам өз мүмкіндігіне қарай өзіне күтім жасауы керек. Бірақ жасы 20-ға келген бойжеткен «бетімде әжім бар, бетімді тарттырамын» десе, ол – енді нағыз «макияж» фобиясы.