Елімізде бір мүшесінің дертке шалдығуы салдарынан өмірі қыл үстінде тұрған, ағзасын ауыстыруға мұқтаж жандар саны 5000-ға жуық. Оның ішінде 1200-дей адам тез арада жүрегін ауыстыруды қажет етсе, 1500-дей адам бауырға, 2000-нан астам адам бүйрекке зәру болып отыр. Өкінішке қарай, елімізде донор табу қиынға соққандықтан, отандастарымыз көбінесе Пәкістан мен Қытай еліне ат арытып барып, ағза алмастырып келеді. Бұлар қалтасында ақшасы бар, дер кезінде донор тапқан бақыттылары... Ал шетелге шығуға шамасы жоқ, ағза алмастыруға донор таппаған кейбір науқастар о дүниеге аттанып кете барады. Осылайша елімізде ағза донорлығы дұрыс жолға қойылмауы салдарынан жылына қаншама азаматтарымыздан айрылып қалудамыз.
Негізі, адам ағзасын ауыстыру әлемде екі заңдық үлгіде жасалып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қағидасына сай, әр адамның өзінің келісімі арқылы немесе адам дүниеден өткен соң, туыстарының рұқсаты бойынша донор болуға рұқсат берілген. Ал бізде донорлыққа қатысты екі келісімнің де жолға қойылмауы салдарынан, ағзаға зәру жандар көрер күні таусылғанға дейін донорлық ағза күтуге мәжбүр. Кейбір кезде мұндай ағза алмастыру жұмыстары белгілі бір жасқа дейін жасалуы тиіс. Алайда елімізде донор табылмағандықтан, олардың арасында кезегі келмей, доноры табылмай өмірден өтіп кететіндері де жетерлік. Тіпті донорлыққа қатысты жайлардың заң жүзінде айқындалмауы салдарынан мәйітханаға түскен мәйіттің ағзалары сатылады екен деген әңгімелер де тарап жүр.
Нұрлыхан ЕРЕЖЕПОВ, Алматы қалалық сот-медициналық сараптама орталығының директоры:
– Қоғамда ондай қауесеттің бары рас. Мәйітханаға түскен мәйіт ағзаларының саудаланатыны жайлы жиі айтылып жатады. Алайда мұндай әңгіме шындыққа жанаспайды. Мұндай қаңқу сөзге ерік бермес үшін бәрін заң жүзінде бекітіп алған дұрыс еді.
Елімізде ағзаны сатуға заң жүзінде тыйым салынған. Әйтсе де қоғамда донор болуға ниетті жандар жетерлік. Тіпті сатпай-ақ ағзасын тегін беруге әзір жандар донорлықтың дұрыс жолға қойылмауы салдарынан ағзасын «аманаттауға» әзір екенін кімге айтарларын білмей дал.
Айнаш ЕСАЛИЕВА, ана:
– Дәрігерлер дүние есігін енді ашқан сәбиімнің тез арада бүйрегін ауыстыру қажеттігін айтқан кезден бастап донор іздеп сарсаңға түстік. Біздің елімізде донор табу мүмкін емес. Сондықтан шетелден донор күтіп, үмітпен шекараның арғы бетіне телмірдік. Осындай жағдайды басымнан өткізгеннен кейін өмірден өткен жағдайда өзімнің ішкі ағзаларымды донорлыққа ұсына алатыным жайлы өсиет қалдыруға бекіндім. Алайда, өкінішке қарай, ұсынысымды кімге жеткізерімді білмеймін. Сондықтан елімізде донор болуға ниетті жандардың тілегін ескеретіндей өзгеріс енгізілсе екен.
Адам көз жұмғаннан кейін жүректі – 4, бауырды – 6-8, бүйректі 24 сағат ішінде басқа адамға салып үлгеру керек. Сондықтан уақыт тапшылығын ескере отырып, ағзаға зәру жандар дүниеден өткелі жатқан адамның туыстарымен алдын ала келісімшарт жасасуы қажет. Бүгінде мұндай трансплантация түрі Испания, Австрия, Бельгия елдерінде жиі жасалады екен. Бұл елдерде бір мәйіттен 250 мың долларға дейін пайда табуға болатын көрінеді. Ал донордың өзінің келісімімен болатын трансплантация көбіне АҚШ, Ұлыбритания, Голландия елдеріне тән үрдіс. Ішкі ағзаларды алмастыру операциясы Еуропаның үздік клиникаларында 50-100 мың евро тұрады. Аталмыш елдердегі оталардың тым қымбаттығына орай, отандастарымыз көбінесе Пәкістан мен Қытайды жағалайды. Әйтсе де, мамандардың айтуынша, ол елдердегі оталар көбінесе сәтті жасала бермейді екен. Ал өз елімізде аталмыш ота түрін жасауға донор болуға ниетті жандар мен науқастың арасын жалғайтындай жүйенің жоқтығы ғана қолбайлау болуда. Дәрігерлер «басты мәселе адамдардың түсініспеушілігінде, әйтпесе дәл сол оталарды өз елімізде әлдеқайда арзан бағаға жасауға болар еді. Тек сол мәселелердің шешімін тауып, үйлестіре алмай отырмыз. Әйтпесе ағза алмастыру оталарын жасауға білікті дәрігеріміз де, медициналық орталығымыз да дайын» дейді. Осы орайда айта кетер жайт, дініміз де ағза алмастыру мәселесіне теріс қарамайды. Дінімізде бір мұсылманды құтқару бүкіл адамзатты құтқарғанмен бірдей екендігі айтылады.
Ал мұндай операциялар біздің елде Алматы қаласындағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы мен Астана қаласындағы Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығында жасалады. Ендеше, елімізде ағза алмастыруға білікті маман да, медициналық орталық та, донор болуға ниетті қайырымды жандар бар да неге өзге елдің ағзасына телміріп отырмыз?!
Жеткерген АРЗЫҚҰЛОВ, А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бас директоры:
– АҚШ-та әрбір адамның жеке куәлігінде оқыс жағдайда қаза болған жағдайда ішкі ағзасының сау мүшелерін медициналық мақсатта пайдалануға келісетін-келіспейтіндігі көрсетіледі. Бізге де осындай жүйе енгізілсе, бір мүшеге зәру талай адамды өлімнен арашалап қалар едік. Әсіресе жол апаттары немесе ауыр науқастардан көз жұмған адамдардың дене мүшелері талай адамның өмірін сақтап қалуға септігін тигізері сөзсіз. Осы орайда «Денсаулық сақтау туралы» Заңның трансплантология туралы тармағын толық жетілдіре түссек, нұр үстіне нұр болар еді. Әсіресе оқыс жағдайда қайтыс болған адамның ағза мүшесін алып, өзге науқасқа салудың тетіктері жан-жақты қамтылып, әр адамның оқыс жағдайға ұшырап, өмірден өте қалған жағдайда ағзасын басқа біреуге беретіні жайлы келісімі алдын ала алынатындай жағдай туғызу қажет.
Ендеше, тиісті орындар мәселенің тетігін тауып іске асыра білсе, дертке ұшырап, қиын жағдайда қалған талай отандасымыздың тілегінің орындалғаны болар еді.
Ағза донорлығын қалай жолға қоямыз?
Последние статьи автора