«Ағайын тату болса, ат көп...», ал араз болса ше?..

Құрметті редакция, сіздерге хат жолдау арқылы тиісті орындардан әділдік сұрап, отбасымызбен түгелдей тәлкекке түскен тағдырымызға араша болар деген үміттеміз. Айта кетсем артық болмас, өзім өмірге тоғыз бала әкелген «Батыр анамын». Бүгінгі күні біз бала-шағамызбен сергелдеңге түстік.
Орын алған оқиғаны басынан баяндап берейін. Біз отбасымызбен күн көру мақ­са­тында «Қажыбай» шағын шаруа қо­жа­лығын ашып, бірнеше адамның малын бақтық. Ауызша келісімшарт жасасып, «жо­ғалтсам, ит-құсқа жегізіп алсам, тө­лей­міз, ал ауырып қалса, уақытында хабар беріп шақыртамыз» деп келістік. 2007 жылдан бастап Сләмбек Әзімхановтың 10 бас ірі қарасын, ал 2008 жылдан бері Қонысбек Ақжасаровтың 15 бас ірі қара және жеті жылқысын қосып алдық. Сон­дай-ақ Клара Ахатованың сегіз бас ірі қарасын да бақтық. Клараның күйеуі мар­құм Ә.Жа­ғазин мен менің жолдасым Қасенжан екеуі бұрындары дос болған­дықтан, одан ақы алмадық.
2010 жылы біздің өңірде қыс қатты бо­лып, қорамыздың іші суға толып кетті. Түн­де аяз тұрып, біраз малдан айырылып қал­дық. Ол жайында біз мал иелеріне дер ке­зінде хабар беріп тұрдық. Алайда сол күндері біздің ауылға қатынау қиындап кеткен болатын. Сол себепті де Қ.Ақ­жа­са­ров­тың арам өлгелі жатқан алты бас сиы­рын союға мәжбүр болдық. Ол жайында Ақ­жа­са­ровқа хабар бердік. Бірақ түрлі себеп­термен ол келе алмай қалған-ды. Ал С.Әзімханов болса өліп қалған сиырын сол күндері алып кетті.
Дау жаз айларында басталды. Сол жыл­дың мамыр айында біз үйде жоқ кезде Қ.Ақжасаров қасындағы бір топ адаммен (арасында тәртіп сақшысы бар) үйге баса-көктеп кіріп, жалғыз қалған ұлымыз Мейірді қорқытып, қорадан таңдаған ма­лын айдап әкетеді. Сонда қалай, үй иелері жоқта біреудің қорасындағы малды айдап әкеткенін ол қылмыс деп ойламаған ба? Бұл аздай, ол өліп қалған малын есепке ал­май, әу бастағы мал санын, яғни 15 ірі қа­ра мен жеті жылқыны түгендеп алып кеткені былай тұрсын, оған қоса, тағы үш сиы­рым­ды иеленіп кете барған. Сонда 22 емес, 27 мал алып кеткен болып тұр ғой. Оны көрген «Айдабол» қыстағының тұр­ғы­ны жылқышы Адасбек те растап отыр. Осы оқиғадан кейін жолдасым жүрек қан-тамырлары ауруына шалдығып қалды. Қазір оның тілі күрмеліп, есту қабілеті на­шарлап кетті. Кейін күйеуім есін жиған соң, малын бағуға бергендердің бәрін шақырып, не істейтінімізді ақылдастық. Белгілі болғандай, Ақсуат ауылының тұр­ғы­ны Е.Әмірғалиевтің өгіздері мен А.Әділ­баевтың төрт бас малы жоқ болып шықты. Олар Қ.Ақжасаровтың үйіне барған екен, ол малының біраз басын біреуге бағуға таратып жіберіпті. Алайда олар бәрін бол­маса да, бірнеше бас малын тиісті орын­дардың араласуымен қайтарып алған.
Сонымен не керек, бірінен кейін бірі бір­неше сот отырысы болды. Біріншісінде сот Қ.Ақжасаровтың пайдасына «15 ірі қара болмаса 2 320 000 теңге бе­руіміз» туралы шешім шығарды. Екінші кезекте К.Ахатоваға сот үкімі бойынша сегіз ірі қара не 1 111 000 теңге қай­таруымыз ке­рек. Осы тұста айта кетейін, біз Аха­тованың малын, жоғарыда атап өткенімдей, тегін бағып қана қоймай, марқұм болып кеткен досымыздың жұбайы ғой деп төрт бас малын арада бірнеше жыл өткенде се­гіз­ге көбейтіп қойған едік. Енді ол төрт емес, сегіз бас мал талап етуде. Ал С.Әзім­ха­новқа сот барлығы 896 880 теңге қай­таруымыз туралы үкім шығарды. Бұл тұста айта кетерім, оның малының арам өл­ген­дігін және оларды көміп тас­тағанымызды көргендер бар. Неге екенін қайдам, сот оты­рысына куә ретінде олар шақы­рыл­мады.
Сонымен не керек, біз меншігіміздегі бас­панамыз бен жерімізді сатып, ақшасын жо­ғарыда аты аталған азаматтарға қай­та­рып бермек болдық. Біз сот үкімін орын­даймыз. Заң бәрімізге ортақ. Жауап­кер­шіліктен қашып отырғанымыз да жоқ. Алайда «Құдай бір айналдырса, шыр ай­налдырады» демекші, С.Әзімханов «сен­дер сатқалы отырған жылжымайтын мү­лік­ті «арестке» қойдым» дейді. Сөйтіп, жар­ты ақшасын беріп қойған сатып алу­шы­ны да айнытып тастаса керек. Бәрі аз­дай, сөз болып отырған сатып алушы Мұ­қи­тан Ғилым 1 500 000 теңгесін 3 000 000 теңге етіп қайтар деп қиғылық салып жүр. Ал біз одан алған қаржыны сот үкімін орындау үшін таратып жібердік емес пе? Есептегенде, біздің берешегіміз К.Аха­то­ва­ға – 1 111 000, С.Әзімхановқа – 896 880, Қ.Ақжасаровқа – 2 343 200 және Мұқитан Ғилымға – 3 030 000 теңге, яғни барлығы 7 381 080 теңге. 24 мың зейнетақы мен көп­балалы ана ретінде алып отырған 9 мың теңге кіріспен осынша қарызды қалай қайтарамыз? «Шарадай басым шақшадай болды» деген осы, міне. Соттың куәларды шақыртып, табиғи апаттың салдарынан өлген малды шегеріп тастамағандары, шыны керек, қабырғамызға қатты батты. Өз үйіміз өзімізге пана болмай, үрейменен күнелтіп жатырмыз. Осының барлығының басы-қасында жүрген ұлымыз Мейір қо­рық­қанынан болар, үйден қашып кетті, қазір қайда жүргенін білмейміз де. Оның жоғалып кеткендігі «күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан» айырды.
Сөз соңында айтарым, қазақ әуелден бауырмал, береке-бірлігі жарасқан халық емес пе? Қиындыққа тап болған адамға қол ұшын беріп, жанашырлық танытпаушы ма е­дік? Отбасымызбен қырсық шалып, осын­дай адам айтқысыз кесапатқа тап бол­ғанымызда бөтен емес, таныс­та­ры­мыз­­дың тиынына дейін қайтармасаң, райларынан қайтар ойы жоқ екендігін көрген қиынның-қиыны екен... Бәлкім, жа­найқайға толы осы жазғандарым бі­реуге болмаса біреуге ой салар деген үміттеміз.

Р.S.
Редакциямызға келіп түс­кен мына хатты оқып шығып, бейжай қала алма­дық. Иә, біздің бұған еш алып-қосарымыз жоқ. Алайда шыбын жаны шырылдап жүрген жанның жанайқайы тиісті орындардың құлағына шалынып, хат иесі айтпақшы, олар барлық тараптарға тиім­ді болатындай шешім шы­ғаруға атсалысып жатса, игі іс болар-ақ еді. Сонымен қатар қарыздарын талап етіп отыр­ған азаматтар адамгершілік та­нытар деген ниет бізде де бар.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста