БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен қабылданған Халықаралық адам құқықтары күнінің атап өтіліп келе жатқанына биыл 65 жыл толғалы отыр. Осыған орай, «Адам құқығын қорғау халықаралық комитеті» қауымдастығының Қазақстандағы өкілдігінің директоры, генерал-майор Әбдіәли НҰРМАНОВПЕН сұхбаттасқан едік.
– Қазақстан Республикасындағы «Адам құқығын қорғау халықаралық комитеті» қауымдастығы өкілдігінің ашылғанына биыл 1 жыл толады екен. Осы уақыт аралығында қандай жұмыстар атқарылды?
– Біз әділет тұрғысынан кеңес беретін 20-дан астам мекемемен жұмыс істейміз. Күні бүгінге дейін мыңнан астам азаматтан хат келіп түсті. Бұдан бөлек, 2,5 мыңдай жеке адамды қабылдадық. Көмек сұраушылардың 70 пайызы жұмыс орнындағы әділетсіздік бойынша, 30 пайызы адам арасындағы қарым-қатынас пен отбасындағы түсінбеушіліктер бойынша шағымданып келді. Олардың 95 пайызы бізден қанағаттанып кетсе, 5 пайызының мәселесі әлі күнге шешілмей тұр. Оның өзі тонаушылықпен алып қойған қаражат, заттарының кері қайтарылмауына байланысты. Өкінішке қарай, БҰҰ-ның Адам құқын қорғау комитетіне өтініш жасаудың маңыздылығын көп адам әлі дұрыс түсінбейді. Ереже бойынша, іс республикадағы сот жүйесінің барлық сатыларында дұрыс шешілмеген жағдайда ғана бізге шағым жасауға болады. Ал, республикада шешілмеген нәрсеге БҰҰ-ның араласуға құқы жоқ.
– Құзырлы органдарға жасаған қандай да бір ұсыныстарыңыз болды ма?
– Әрине, осы қоғамда өмір сүріп отырған соң оның мәселелерінен тыс қала алмаймыз. Бірінші, Қазақстан бойынша балалар колониясында отырған 100 қазақстандық бала бар екен. Президент аппаратындағы республикалық адам құқығын қорғау комитетіне біз осы балаларды отбасында тәрбиелеуге беру туралы ұсыныс жасадық.
Екінші, Қазақстанда биыл қыркүйектен бастап жетімдердің балалар үйі мекемелерінде емес, отбасы қарауында тәрбиеленуіне зор үлес қостық. 1 жыл ішінде жетім балалардың үйлері толық жабылады, яғни, Қазақстанда балалар үйі енді болмайды. Үшінші, қарттар үйіндегі адамдардың көбінің бала-шағасы бар. Сол себепті, онда тек бала-шағасы жоқтары ғана қалып, қалғаны өз үйінде ұсталса деген мәселе көтеріп отырмыз.
Біз өз тарапымыздан келесі жылы наурыз айында Түркістан қаласында салынатын қарттар мен жетім балалар үйін қатар орналастыруды ойластырып отырмыз. Бұл Қазақстандағы алғашқы жекеменшік мекеме болмақ.
– Сонда бұл өкілдіктің негізгі мақсаты мен міндеті қандай?
– Біздің өкілдік 2014 жылдың 29 желтоқсанында Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі комитетінде ресми түрде тіркеуден өтті. Өкілдік адам құқығын бұзушылықпен байланысты оқиғаларды және олардың қоғамға әсеріне талдау жасап, есепке алады; адам құқығын қорғау саласында қызмет атқаратын Еуропалық Кеңес мемлекеттері және басқа да мемлекеттер қауымдастығы арасында қарым-қатынастың дамуына ықпал жасайды; адам құқығы туралы жалпыға бірдей декларацияда және осындай сипаттағы халықаралық хартияларда жазылған идеяны тұрғындар арасында таратады; гуманитарлық және қайырымдылық акцияларын жүзеге асыру мақсатында жұмыс жасап, бұқаралық ақпарат құралдары, баспа беттері және электронды жүйе (Интернет) көмегімен адам құқығы үшін күресте жетістікке жеткендерді ерекше құрметтейді, сондай-ақ, құқықтың сақталуы үшін күресте жетістіктерге жеткен мемлекеттік мекеме қызметкерлерін және жеке тұлғаларға қолдау білдіріп; әлеуметтік қорғалмаған тұрғындар санатына қаржылай көмек бағдарламасын енгізуді (мүгедектер, жетім балалар, тек қартайған жастағы жалғызбасты адамдарға және т.б.) қарастырады.
– Қазақстанда адам құқығының қорғалуы қазір қай деңгейде? Құқықтық заңнамалар толық жасалған ба?
– Пифагордың «Жақсы заңың болғанша, жақсы әдет-ғұрпың болсын» деген сөзі бар. Кез келген елде заң – халықтық салт-сана мен әдет-ғұрыпқа байланысты қабылданатын шешім. Адам құқығын қорғаудағы заңнамалар да бүгінгі күн талабына мұқият сәйкестендіріліп барып дайындалған. Қазақстанда заңнамада ешқандай олқылық жоқ. Барлық мәселе кейбір орындаушылардың біліктілігі мен кәсібилігіндегі олқылықтардан туындап отыр. Қазақстанда шенеуніктердің өз лауазымын теріс пайдалануына қатысты келеңсіз жәйттер көп кездеседі. Өзіңіз білесіз, адам құқығы табиғи және әлеуметтік деп екіге бөлінеді. Табиғи құқықтар адамның күнделікті тіршілігінен туындаса, әлеуметтік құқықтар адамның мемлекетпен өзара әрекеті үдерісінде пайда болады. Бізде оның әлеуметтік түрі көбірек бұзылады.
– «Адам құқығын қорғау халықаралық комитеті» қауымдастығының Қазақстандағы өкілдігі не себепті кеш ашылды?
– Жалпы, шығыс пен батыстың адам тәрбиесі бір-біріне ұқсамайтын, екі бөлек дүние. Сондықтан, АҚШ пен Еуропа елдерінің кейбір сарапшыларының заң сақталмайды деген кездері аз болған жоқ. Сол себепті, құқық қорғауды дамытуда БҰҰ-ның өзінде де түйткілді мәселелер болды. Нәтижесінде «Адам құқығын қорғау халықаралық комитеті» қауымдастығының өкілдіктері Азия, Африка, Австралия мемлекеттеріне енді ғана таралуда. Бұған сондай-ақ, осы жұмысты жүргізетін лайықты адамдардың болмауы да түрткі болуы мүмкін.
– Қоғамда құндылықтардың қорғалуында бұрынғы мен қазіргі уақытта қандай да бір өзгерістер бар ма?
– Құндылықтардың бағалануының айырмашылығы жер мен көктей. Ол кезде жақсы салт-сана, әдет-ғұрып болды. Біз қазір оның бәрін ысырып тастадық, содан болар, кейбір ата-ана өз баласына қарсы сөйлей алмайтын жағдайға жетті. Осы арада мына бір жәйт еріксіз есіме түсіп отыр. Бірде әйеліміз екеуміз Түркияға барлық немерелерімізді апарып, қыдыртып жүргенбіз. Еуропаның түкпір-түкпірінен келген бірқатар шетелдік азаматтар бірнеше рет мені түртіп, бірнәрселерді сұрап жатты. Оны байқаған түрік әйел шетелдіктер сөзін аударып берді. «Мына балаларды қалай қорықпай ертіп жүрсіздер. Біз көшеде 1-2 баламызды жетектеп жүруге қорқамыз. Қандай да бір жағдайда қолымыздан жұлқынып шығып кетсе, заң бойынша айыпты боп қаламыз» дейді әлгілер. Ал, бізде мәселе басқаша.
Жақында әйелдер колониясына бардым. Сондағы 22 жастағы бір қыз біздің комитетке арыз түсіріпті. Қыстың күні есігінің алдында бір адамның құлап жатқанын көреді. Оған жаны ашып, қатып қаласың деп жұлқылап, жағынан бір-екі мәрте тартып жіберген. Суықтан үсіп өлген бұл адамның бетінде қыздың саусақ ізі қалғандықтан, полиция оны айыпты деп тауып, жазаға кескен көрінеді.
Шетелде әр отбасының өз заңгері бар. Бізде ол жоқ. Заң бұзу оқиғалары құқықтық сауаттың төмендігінен қарапайым жұртшылық арасында жиі орын алып жатады. Мәселен, жоғарыдағы қыздың басындағы ахуал соның бір көрінісі. Заңнама бойынша есіктің алдында не көшеде құлап жатқан адамның ауырып, не өліп жатқанын анықтау үшін алдымен тиісті органдарға хабарлау керек. Ал, шығыс пен батыстың тәрбиесі екі бөлек болғандықтан, түрлі қайшылықтар бар. Өйткені, ешқандай заң адами құндылықты алмастыра алмайды. Оның қорғалуы бұрынғымен салыстырғанда қазір төмен. Бұрынғы ата-бабамызда түрме, жетімдер үйі, қарттар үйі дегендер болмады. «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деген нақыл жайдан-жай айтылмаған. Өкінішке қарай, сауаттылық өскен сайын бізде түрме де, қарттар үйі мен балалар үйі де пайда болып, уақыт өткен сайын оның саны өспесе, кемімей келеді. Бұл құндылықтың қорғалуындағы өзгерістің нәтижесі.
– Әңгімеңізге рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ