Шымкентте 7 баланың анасына «Алтын алқа» төсбелгісі берілмейтін болды. Ділбар Шүкірованың 10 жастағы қызы жол апатынан қайтыс болғандықтан, әкімдіктегілер заңға сәйкес енді төсбелгі сізге тиесілі емес деп жауап берген. Онсызда қайғыға батқан ана он жасқа дейін бағып-қаққан бүлдіршінін есепке алмаған ақ жағалыларға ренжіп отыр.
Отыз жеті жастағы шымкенттік Ділбар Шүкірова жетінші баласы жастан асқан соң, Еңбекші аудандық әкімдігіне «Алтын алқа» төсбелгісін алуға құжат тапсырады. Арада бір ай өткенде дүкеннен шыққан он жастағы ортаншы қызын көлік қағып, мерт қылады. Бірыңғай ақпарат орталығынан хабардар болған әкімдік құжаттарыңызды алып кетіңіз, сізге енді «Алтын алқа» берімейді деген жауап жолдады дейді ана. Бір баласы қайтыс болып, алтауы қалған соң төсбелгі тиесілі емес деп, жеті және одан да көп балалы аналарға берілуі тиіс "алтын алқаны" беруден бас тартқан әкімдік ісіне Ділбар өкпелі. «Тізімнен өшірсе де, жүрегімнен өшіре алмайды» деген ана әкімдікке ренжулі.
ДІЛБАР ШҮКІРОВА, шағымданушы әйел:
- Ол да менің бір балам ғой. Мен оны тудым және он жасқа дейін тәрбиелеп, өсірдім. Перзентімді қалайша балаларымның тізімінен сызып тастай аламын. Баламды қалайша есептемеймін. Ол маған мына бапты қараңыз, оқыңыз деді.
Күйеуім Сухраб екеуміз заңды ашып қарадық. Онда арыз берген уақытта жеті баланың тірі болуы көрсетілген. Өтініш берген уақытта жетеуі де дін аман еді дейді шағымданушы.
ДІЛБАР ШҮКІРОВА , шағымданушы әйел:
- Шағым берген уақытта жеті баланың аман болуы шарт екен. Мен арыз берген кезде қызым әлі тірі болатын. Одан бері үш ай өтті. Енді келіп, сізді марапаттай алмаймыз деп отыр.
Еңбекші ауданы әкімдігі құжатты қабылдағанымыз болмаса, оны қала әкімдігіне өткіземіз деп отыр. Кейін облыс тексеріп, Президент әкімшілігіне жолдайтын болған. Алайда, қаланың зерделеуі кезінде бір баласының өмірден өткені анықталып, заңға сай құжат кері қайтарылғанын айтады.
ДОСАЛЫ АМАНГЕЛДИЕВ Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары:
- Қала әкімі аппаратының зерделеуі барысында бас тартылған. Заңға сәйкес, «Алтын алқа» берілмейді. Алтын алқа жеті және одан да көп балалылар үшін беріледі.
Ал Ділбар Шүкірованың он жастағы қызы Милананы қаққан кінәлі қамауда отыр. Сот отырысының бірі бүгін өткен. Әділ шешімді күтіп жүрген алты баланың анасы әрі «Күміс алқа» иегері қазір жетіншісіне жүкті. Амандық болса, үш айда босануы тиіс. Ал, «Алтын алқа» алуы үшін болашақта туылар перзентінің бір жастан асуы, ең бастысы Жарлыққа қол қойылғанша жетеуінің де тірі болуы шарт екен. Бұл біздегі заңның талабы.
ЕРЛАН ҚУАНДЫҚОВ, ЕРЖАН СЕЙДӘЗІМОВ.