Өткен жылдың қоңыр күзінде Павлодар облыстық әскери комиссариатына Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігінен арнайы хат келді. Осыдан жиырма бір жыл бұрын иесінің кеудесінде жарқырауға тиіс награданың егесін тауып берсеңіздер деген мазмұнда. «Ерен ерлігі үшін» медаліне ие болған Павлодар қаласының тұрғыны Наушева Айман Шәкерқызы болып шықты. Аталмыш марапатқа Ауғанстандағы соғыс кезінде санитарлық батальонда көрсеткен ерлігі үшін ие болған Айман Шәкерқызы «игіліктің ерте-кеші жоқ» дейді.
– Негізінде, жұмыс істеуге Германияға барсам деп жүргенмін. Сондай оймен құжаттарымды облыстық әскери комиссариатқа өткізген болатынмын. Содан 1985 жылдың желтоқсанында әскери комиссариаттан шақыру келді. Барсам, құжаттарымның бәрі дұрыс келіп тұрғандықтан, Ауғанстанға жібергілері келетіндерін айтты. Мен ойланбастан келістім. 1986 жылдың 6 ақпанында Ауғанстанға аттандық. Мені санитарлық батальонның қабылдау-сұрыптау бөліміне жіберді. Соғыста жараланғандардың 70 пайызы біздің взводқа түсетін. Ең бірінші күні қатты қорықтық. Ауған жерінде 50 градустық ыстықта медсанбаттың іші қан сасып тұратын, – деп еске алады сол кездерді Айман апай.
1988 жылғы тамыз айында елге оралған Айман Шәкерқызы арада екі ай өткеннен кейін өзінің жоғарыдағы марапатқа ұсынылғанын білмеген. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімімен медсанбаттың медбикесі Айман Наушева «Ерен ерлігі үшін» медаліне лайық деп танылды.
Арада жиырма екі жыл өткеннен кейін медаль өз иесін тапты.