2023 жыл қазақстандықтардың өміріне қандай жаңалық әкеледі

2023 жыл қазақстандықтардың өміріне қандай жаңалық әкеледі

Зейнетақы мен жәрдемақының және ең төменгі жалақының артуы, ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуі, «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын жүзеге асыру, жаңа даму бағдарламаларын, 5G байланыс желілерін іске қосу, сондай-ақ шағын қалалар мен ауылдарда интернет сапасын арттыру – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет іске асырып жатқан осы және басқа да өзгерістер мен бастамалар биыл қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсартуға игі әсерін тигізетін болады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап. 

Primeminister.kz редакциясы назарларыңызға 2023 жылғы маңызды әлеуметтік-экономикалық өзгерістер топтамасын ұсынады.

 

Ақшалай кірістерді арттыру

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап республикада ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) 60 000 теңгеден 70 000 теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді. Еңбек кодексі бойынша жұмыс берушілер ЕТЖ-дан төмен емес деңгейде жалақымен қамтамасыз етуге міндетті екенін ескерсек, барлық салаларда әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы қызметкердің ақшалай кірісі өседі.

Жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын ұйымдар да разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, басқа санаттағы қызметкерлердің жалақыларын ұлғайту жағына қарай қайта қарайтын болады.

Үкімет дәрігерлердің, мұғалімдердің, бюджет саласының басқа да қызметкерлерінің және өндірістік персоналдың жалақысын кезең-кезеңмен ұлғайтуды көздейтін Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыруды жалғастырады.

 

 

 

 

Сондай-ақ 2023 жылы республика өңірлерінде шағын несиелеуге қолжетімділікті кеңейту есебінен ауыл тұрғындарының табысын ұлғайту жөніндегі жоба белсенді іске асырыла бастайды. Бұл жеке үй шаруашылықтарын ауыл шаруашылығы кооперациясына тартуға және мыңдаған жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бес жылда жобаға 1 трлн теңге бағытталмақ, бұл 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамтуға мүмкіндік береді.

 

Зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақыларды ұлғайту

Осы жылы 4,4 млн адамның барлық зейнетақы және жәрдемақы түрлерінің мөлшері артады. Бұл мақсаттарға республикалық бюджетте 4,6 трлн теңге қарастырылған.

Атап айтсақ, жылдың басынан бастап зейнеткерлер үшін ынтымақты зейнетақы мөлшері 10,5%-ға артты. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін (158,7 мың теңгеден 189,8 мың теңгеге дейін) ұлғайтылды.

Базалық зейнетақы мөлшері жыл сайынғы ең төменгі күнкөріс деңгейінің артуын, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оны ең төменгі күнкөріс деңгейінен 54%-дан 60%-ға дейін ұлғайтуды ескере отырып өсті.

Нәтижесінде зейнетақы төлемдерінің жиынтық мөлшері жыл басынан бері орта есеппен 12%-ға өсті, бұл ретте зейнетақылардың ең төменгі мөлшері 68,2 мың теңгеден 77,4 мың теңгеге дейін артты. Бұл өсім зейнеткерлердің барлығына қатысты болды.

Жәрдемақылардың мөлшері де өзгерді. Мәселен, ең төменгі күнкөріс деңгейінің артуына байланысты мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін төлемдер өсті.

Жұмыс істейтіндермен қатар, жұмыс істемейтін әйелдерге де төленетін бала тууға мемлекеттік қолдау мөлшері өсті, енді ол: бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК немесе 131 100 теңгені (2022 жылы – 120 840 теңге), төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК немесе 217 350 теңгені (2022 жылы – 200 340 теңге) құрайды.

Бұдан басқа, республикалық бюджеттен жұмыс істемейтін ата-аналарға бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындалады, оның мөлшері осы жылдан бастап АЕК-тің өсуін ескере отырып 8,5%-ға ұлғайды.

Жәрдемақы алушылардың көп бөлігін құрайтын жұмыс істейтін ата-аналарға бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалады. Бұл ретте биылдан бастап Президенттің тапсырмасы бойынша аналарды әлеуметтік қолдауды арттыру үшін аталған төлемді төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды.

Қазақстанда мүгедектігі бар балаларды және олардың отбасыларын қолдау үшін оларға кәмелетке толғанға дейін арнайы жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері 2023 жылы 56 794 теңгені құрайды.

Жаңа жылда көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақылардың мөлшері АЕК мөлшеріне өсті және келесідей: 4 баласы бар отбасыларға – 55 304 теңге (бұрын 50 976 теңге), 5 балаға – 69 138 теңге (бұрын 63 728 теңге), 6 балаға – 82 973 теңге (бұрын 76 479 теңге), 7 балаға – 96 807 теңге (бұрын 89 231 теңге), 8 және одан кейінгі әр балаға 13 800 теңге (бұрын 12 720 теңге) төленеді.

Тағы бір жаңашылдықтың бірі ретінде «Отбасының цифрлық картасын» бөліп қарауға болады. Соның арқасында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік-еңбек саласындағы негізгі қызметтер проактивті форматта көрсетіледі, яғни азаматтарға тиісті мекемелерге жүгіну қажет болмайды. Мемлекеттік қолдау бірқатар индекстер мен критерийлер негізінде айқындалатын отбасының немесе азаматтың әл-ауқат деңгейіне сүйене отырып көрсетілетін болады.

 

Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және құжат айналымын цифрландыру

Биыл азаматтық хал актісін немесе некені тіркеу кезінде электрондық куәліктерді беру мерзімі 1 айдан 15 күнтізбелік күнге дейін қысқартылды, тегін, атын, әкесінің атын ауыстыруды тіркеу алынып тасталады.

2023 жылы жеке сот орындаушыларын, нотариустарды, адвокаттар мен сот сарапшыларын кәсіби қызметпен айналысуға аттестаттауды автоматтандыру жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу жоспарлануда. Яғни, аумақтық әділет органдарында әңгімелесуді алып тастап, жүргізуші куәлігін алу кезінде тест тапсырғандай онлайн-тестілеуден және компьютерлік ситуациялық кейстерден өтеді.

Биыл «Цифрлық нотариат» жобасы шеңберінде сенімхаттарды онлайн режимде ресімдеу мүмкіндігі пайда болды. Бұл қызмет азаматтарға нотариусқа бармай-ақ интернет арқылы электрондық-цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен сенімхаттарды ресімдеуге көмектеседі.

Сонымен қатар Egov mobile қосымшасының функционалын кеңейту бойынша «Цифрлық құжаттар» сервисінде нотариаттық құжаттарға QR-қол қою және оларды көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2023 жылғы қаңтар айынан бастап пилоттық жоба барлық өңірлерде, оның ішінде қолжетімді нотариаттық қызметтер тізбесін ұлғайта отырып, қолданылатын болады.

2023 жылы «E-Salyq Azamat» және екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшалары арқылы жолаушылар кедендік декларациясын беру мүмкіндігі іске асырылады. Бұл жеке пайдалануға арналған тауарларды декларациялау рәсімдерін жеңілдету арқылы жеке тұлғалардың уақытын үнемдеп, ақшалай шығындарын азайтуға септігін тигізеді.

Бұдан басқа, 2022 жылдың соңында ЭШФ АЖ арқылы электрондық үлгіде жазылған орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтер актілері салықтық есепке алу үшін есепке алу құжаттамасы болып танылатын заңнамалық өзгерістер енгізілді (2018 жылдың 1 сәуірінен бастап ретроспективті түрде). Яғни, салық төлеуші бұдан былай орындалған жұмыстар актілерінің көшірмелерін қағаз түрінде ұсынуға міндетті емес.

 

Жастарға шағын несиелер беру

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жастарға жеңілдікпен шағын несие берудің жаңа тетігі енгізілді. Ақшалай қаражат 21-ден 35 жасқа дейінгі өз ісін бастағысы келетін не кәсіпкерлікпен, оның ішінде тауарлар өндірумен немесе сатумен, жұмыстарды орындаумен және қызметтер көрсетумен, жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндірумен және т. б. айналысатын азаматтарға конкурстық негізде берілетін болады.

 

 

  

Шағын несиелер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Сыйақының номиналды мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды, займның ең жоғары сомасы – 5 млн теңгеге дейін, мерзімі – мал шаруашылығын есепке алмағанда, кез келген мақсаттар үшін 5 жылға дейін (7 жылға дейін). Жалпы, бұл жобаға 2023 жылы 28 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған, бұл 5,7 мыңнан астам жастарды қамтуға мүмкіндік береді.

 

Бизнесті реттеудің жаңа тәсілдері

2023 жылғы қаңтардан бастап республикада мемлекеттік реттеушілік актілерін тұрақты негізде қайта қарауды қамтамасыз ететін механизм – кәсіпкерлік саласындағы Міндетті талаптар тізілімі іске қосылады. Егер Тізілімде қандай да бір талаптар болмаса, не олар бойынша қайта қарау мерзімі бұзылса, онда бизнес субъектілері оларды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

1 қаңтардан бастап ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексерулер жойылды. Осылайша, тексерулер мен жаза қолданудан бұзушылықтардың алдын алуға көшу жүзеге асырылады. Сонымен қатар тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру жөніндегі норма қолданысқа енгізілді, бұл тексерулер мен профилактикалық бақылау жүргізу кестелерін қалыптастыру кезінде адами факторды болдырмауға мүмкіндік береді. Мұндай автоматтандыру болмаған жағдайда, енді оған жататын субъектілердің жалпы санының 5%-на қатысты ғана бақылауды жүзеге асыруға рұқсат етіледі. Бұл қадағалау органдарын проблемалық бизнес субъектілеріне назар аударуға және заңға бағынатын кәсіпкерлерге әкімшілік қысымды төмендетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ жылдың басынан ұсыну механизмдерін автоматтандыру қамтамасыз етілмеген есеп беруді бизнестен талап етуге тыйым салынды. Сонымен қатар шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін аралап, тексерулер мен профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий бір жылға ұзартылды.

 

Денсаулық сақтауды дамыту

2023 жылы көлік медицинасын енгізу жұмыстары жалғасады. Шалғай ауылдарда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін жылжымалы медициналық кешендер кеңінен қолданылады, бұл 1,5 млн ауыл тұрғынын қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар медициналық пойыздар есебінен 300 мыңнан астам ауыл тұрғынына тиісті қызмет көрсету жоспарлануда.

 Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар іске асырыла бастайды, оның шеңберінде диагностикалық жабдықты жаңғырту, ядролық медицина орталықтарын (ПЭТ/КТ диагностикасы) ұйымдастыру, молекулалық-генетикалық тестілеуді кеңейту, КТ және МРТ балалар стационарларын қосымша жарақтандыру, шағын инвазивті хирургияны және интервенциялық емдеу әдістерін дамыту, ісікке қарсы жаңа заманауи онкологиялық орталықтар құру, арнайы мекемелердің төсек-орын қорын ұлғайту, 17 желілік үдеткіш сатып алу және т. б. қадамдар көзделген.

Биыл медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады. Бұл науқастарды қорғауды қамтамасыз етуге, медициналық мамандықтың беделі мен абыройын арттыруға, сондай-ақ өскелең ұрпақты денсаулық сақтау саласына тартуға мүмкіндік береді.

2023 жылы орташа жалақыны дәрігерлерге – 30%-ға 531 мың теңгеге дейін, орта медицина қызметкерлеріне – 20%-ға 250 мың теңгеге дейін көтеру қарастырылған. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша резидентурадағы гранттар саны 70%-ға ұлғайтылатын болады.

Биыл ғылыми-зерттеу компоненті бар екі көпбейінді клиниканың – Астанадағы 200 орындық Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының және Алматыдағы 350 орындық Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың емдеу-диагностикалық корпусын ашу көзделген (нысанның құрылысын 2024 жылы аяқтау жоспарланған). Сонымен қатар МЖӘ аясында Көкшетау қаласында 630 орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталады.

Республикада Қазақстан аумағында бірегей шетелдік препараттарды шығаруды локализациялау есебінен дәрі-дәрмекті келісімшарттық өндіру тетігі белсенді түрде енгізіледі. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының фармацевтикалық нарықтағы отандық өндіріс үлесін 50%-ға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде 2025 жылға қарай AstraZeneca-мен Қазақстанға инвестициялар салу, технологиялар трансферті және жаңа зерттемелер туралы негіздемелік келісімге қол қойылады.

Жалпы, елімізде қабылданып жатқан барлық шаралардың нәтижесінде сұранысқа ие дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар өндірісі ұлғаяды, ал оларды тіркеу, сараптамадан өткізу және баға белгілеу анағұрлым ашық болады.

 

Жаңа ұлттық жобалар

Биыл жаңа «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылады, оның аясында 842 мың оқушы орнына есептелген қажетті жабдықтармен толықтай «жабдықталған» 400-ге жуық мектеп салу жоспарлануда. Бұл мектептер қала мен ауылдағы білім беру сапасын біртіндеп теңестіре келе, қазақстандық білім беру саласын жаңа деңгейге көтереді. 2023 жылы республика өңірлерінде 220-дан астам мектептің құрылысы басталады.

Сондай-ақ ауылда медициналық қызмет көрсету сапасын едәуір жақсартуға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша да белсенді жұмыс жүргізіледі. Оның аясында 2026 жылға дейін 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарын салу, реконструкциялау және жабдықтау, қолданыстағы 12 аурухананы жаңғырту және жаңа 20 көпбейінді аудандық аурухана ашу жоспарлануда. Оның ішінде 2023 жылы 309 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанын ашу көзделген.

Осы жылы 2023-2027 жылдарға арналған «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы қабылданбақ. Оның аясында қалалар мен ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетке қосу бойынша кең ауқымды жұмыс жүргізу, республикалық және бірінші дәрежедегі облыстық жолдардың бойында талшықты-оптикалық байланыс желілерін монтаждау, сондай-ақ бесінші буындағы мобильді байланыс желілерін енгізу қарастырылған. Бүгінгі таңда базалық станциялар орнатылып, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 5G байланысы пилоттық режимде іске қосылды.

Айта кетейік, мемлекет ұлттық жобаларда қаралған шараларды ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Іс-қимыл жоспарын және әлеуметтік міндеттемелерді орындау аясында басым тәртіппен қаржыландырады.

 

Ғылым мен жоғары білім беруді дамыту

Еліміздің жоғары оқу орындары шәкірттерінің стипендияларын арттыру бойынша жұмыс жалғасады. Биыл студенттердің стипендиялары 20%-ға, ал магистранттар мен докторанттардың стипендиялары 2020 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 15%-ға өседі. Бұдан басқа, мемлекеттік білім беру гранттарының санын 10%-ға ұлғайту жоспарланған.

Зерттеу экожүйесін қалыптастыру және инновациялық технологияларды дамыту шеңберінде отандық жоғары оқу орындарын зерттеу жоғары оқу орындарына трансформациялау процесі жалғасады. Атап айтқанда, 2023 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жаңа мәртебеге ие болады. Бұл оның ғылыми әлеуетін және ғылыми жобаларды коммерцияландыру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 5500 орындық 9 студенттік жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда. Бұған қоса, жатақханаларды қайта жөндеу және салу ісі МЖӘ тетігі бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте ЖОО-лар жатақханаларда орындардың қажетті саны болған жағдайда ғана қосымша мамандықтар аша алатын болады.

Ғалымдарды ынталандыру және көтермелеу үшін 2000 АЕК мөлшерінде 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын табыстау практикасы жалғасады. Ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарды мемлекеттік ғылыми стипендиялармен және сыйлықтармен көтермелейді.

 

 

 

 

 

Сонымен қатар қазақстандық жоғары білім беруді интернационалдандыру бойынша жұмыстар одан әрі жүргізіледі. Биыл отандық жоғары оқу орындарының бірінің базасында британдық Heriot-Watt University және түріктің Hacettepe University филиалдарын ашуды қарау жоспарланған.

Республиканың жаңа өңірлерінде ғылым мен жоғары білім беруді дамытуға да ерекше назар аударылатын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Жезқазғанда техникалық университет ашу және Қонаев қаласында инновациялық орталығы бар академиялық қалашық құру мәселелері пысықталатын болады.

 

Жаңа рейстердің ашылуы

Республикада жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға мүмкіндік беретін «ашық аспан» саясаты одан әрі іске асырылып, әлемдік қаржы орталықтарымен тікелей әуе қатынастарын ашу жалғасады.

Атап айтқанда, Астанадан Дохаға, Ақтау мен Шымкенттен Анкараға, Алматы мен Ақтаудан Мединаға, көктемгі-жазғы навигация кезеңінде: Астанадан Бакуге және Шымкенттен Душанбеге рейстер ашылады деп күтілуде.

Астана, Алматы, Ақтау, Түркістан және Атыраудан Ыстамбұлға, Астана мен Алматыдан Антальяға, Алматыдан Баку, Тбилиси, Пхукет және Малеге рейстерді ұлғайту жоспарлануда.

Бұдан басқа, Алматыдан Пәкістанға – Карачи мен Лахорға рейстер ашу, Алматы – Дели бағыты бойынша Үндістанға, Алматы – Чэнду бағыты бойынша Қытайға, Алматы – Лондон бағыты бойынша Ұлыбританияға, сондай-ақ Алматыдан Бодрум, Батуми, Ираклион, Подгорицаға және Астанадан – Тбилиси мен Подгорицаға орындалатын рейстер санын арттыру жоспарлануда.

Сонымен қатар Астана – Бішкек, Ақтау – Ереван, Алматы – Самарқан, Шымкент – Кутаиси бағыттары бойынша рейстер қайта ұша бастайды деп күтілуде.

Air Asia Х малайзиялық лоукост-әуекомпаниясы көктемгі-жазғы навигация кезеңінде Куала-Лумпурдан Алматыға, ал Thai Air Asia әуекомпаниясы Бангкоктан Алматыға ұшуды жоспарлап отыр.

Qeshm AIR әуекомпаниясы «ауа еркіндігінің» 5 дәрежесін пайдалана отырып, Алматы – Токио бағыты бойынша ұшуларды орындауды бастауды жоспарлауда.

Air Astana әуекомпаниясы орта мерзімді перспективада Алматы – Тель-Авив бағыты бойынша Израильге аптасына екі рет тұрақты рейс орындау мәселесін пысықтауда.

 

Көлік

Автомобиль көлігі секторында халықаралық тасымалдарға арналған ершікті автотартқыштар бастапқы рет тіркелгені үшін алымнан босатылады.

Көлікті цифрландыру саласында «Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесі» өнеркәсіптік пайдалануға енгізілетін болады, ол тауар-көлік жөнелтпе құжаттары мен жол-сапар қағаздарын электрондық форматқа ауыстыруға мүмкіндік береді.

Сыбайлас жемқорлықты болдырмау және ашықтықты қамтамасыз ету үшін өңірлердің барлық цифрлық камералары мен «Сергек» АӨК интеграциялау жолымен цифрлық көліктік бақылауға кезең-кезеңімен көшу жүзеге асырылады.

 

Тұрғын үй құрылысы және жолдарды жөндеу

2023 жылы республика бойынша 15,3 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салу көзделген. Өңірлерде 1 500 апатты және тозығы жеткен үйді бұзу бойынша жергілікті жөндеу бағдарламалары қабылданады. Бұдан басқа, халықты сумен жабдықтау қызметтерімен қамтуды 97%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда сарқынды суларды тазарту деңгейі 80%-ға дейін, ал жылу мен суды есепке алудың үйге ортақ құралдарымен қамтамасыз ету деңгейі 83%-ға дейін ұлғайтылуы тиіс.

 

  

 

Құрылыс кодексі әзірленеді, ол саланың көптеген жүйелік мәселелерін шешуге және оның ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

2023 жылы 11,8 мың км автожолдарда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүреді, оның ішінде 4 мың км – құрылыс және реконструкциялау, 3,2 мың км – күрделі және орташа жөндеу, 4,5 мың км –  жергілікті жолдарды жөндеу көзделген.

«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң

Наурыз айында жеке тұлғаны банкрот деп тану мүмкіндігі қарастырылған жаңа заң күшіне енеді. Онда азаматтардың борыштық жүктемесін төмендету, борыштар бойынша төлемдерді ынталандыру (банкроттықтан кейінгі бірқатар шектеулер), борышкерлерді өнімді экономикалық қызметке қайтаруды қамтамасыз ету жөніндегі нормалар белгіленген.

Сондай-ақ Заң шеңберінде әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін мемлекеттік көмек көзделген, бітімгершілік келісім жасасу мүмкіндігі және қиын қаржылық жағдайға тап болған азаматтарға өз мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін бірқатар басқа шаралар қабылданады.

Бұл шолуда 2023 жылы қолданысқа енген және күшіне енетін бірқатар негізгі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер ұсынылған. Қазақстандықтардың көпшілігі олардың оң әсерін нақты сезінетін болады. Алайда, қоғамдық өмірдің басым бағыттарын жоспарлы жаңғырту және цифрландыру процесі мұнымен тоқтап қалмайды. Үкімет қабылданған бағдарламалар мен жаңа даму жоспарларын іске асыруды, сондай-ақ азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі бастамаларды әзірлеуді жалғастырады.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста