2016 жыл халықтың жадында несімен қалды

2016 жыл халықтың жадында несімен қалды

 Өткен ғасырлардың сорабына қарап тұрсақ, мешін жылы қазақ халқына соншалықты жайлы болды дей алмаймыз. Кей жылдары қытымыр қыстың созылып, ақ шұнақ аяздың шарпуы тебіндегі жылқыны қоғадай жапырыпты. Тігерге тұяқ қалмапты. Халық қатты күйзеліпті. Кеңестік кезеңді қазбаласақ, әлемді дүрліктірген қазақ даласындағы ашаршылық 1932 жылғы мешінге дөп келіпті. Оның тигізген зардабы мен қасіреті тарихтың қатпарында тұр. Одан кейінгі жылдарда аштық пен жұтқа ұрындырмаса да, халықтың әуре-сарсаңға түскен кездері аз болмапты. Ең бастысы, адам шығыны жоқ. Тәуелсіз ел болып, еңсемізді түзеп, етек-жеңімізді жинағалы (1992 ж., 2004 ж.) мешін жылын екі рет қарсы алып, думандатып шығарып салыппыз. 

Ән мен күйдің арқасында, егемендіктің саясында, саяси сананың төмендігінен ол кезеңнің салқынын қалың жұрт терең сезінбеген секілді. Көзді ашып-жұмғанша ол кезеңдегі жылнамалар ғұлама-дәуірдің қойнауына еніп үлгерді. Міне, енді дербес ел тарихында жақсылығы мен жамандығы қатар жүретін үшінші мешін жылымен аздаған күндерден соң қоштасқалы отырмыз. Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлау қарсаңында тың ойларға иек арту заңдылық. Өйткені 25-ке толған жігіттің өз пайымы, тұшымды пікірі, саяси көзқарасы болмаса, азаматтық тұлғасына сын. Ендеше, 2016 жылғы мешін несімен есте қалды? Елді елең еткізер қандай жаңалықтар болды? Халықтың үрейін ұшырған, мазасын қашырған келеңсіз оқиғалар белең алды ма? Халықтың тұрмыс деңгейінің көрсеткіші — экономикалық хал-ахуалға көңіл көнши ме?

VI ШАҚЫРЫЛЫМ НЕСІМЕН ЕРЕКШЕЛЕНДІ?

2016 жылдың 25 наурызында ҚР Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаттары жасақталды. Депутаттар саны — 107. Сайлау қорытындысы бойынша «Нұр Отан», ҚКХП, «Ақ жол» саяси партияларымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 депутат сайланды. Оларға артылған сенім күшті. Қаншалықты ақтайтындарын уақыт көрсете жатар. ЖЕР ТАҒДЫРЫ — ЕЛ ТАҒДЫРЫ 2016 жылдың ең басты оқиғасы — жер. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген мақалдың «тірілгені» де осы кезең. Ұшы-қиыры жоқ қазақ даласының тілім-тілім таспадай кім көрінгенге сатылуы халықтың ашу-ызасын туғызғаны сондай — әр жерде әділдікті талап еткен бейбіт шерулер бой көтерді. Ақыр аяғында Үкіметтік комиссия құрылып, Президенттің тікелей өзінің араласуымен мораторий жарияланды.

ТЕҢГЕ ҚҰЛДЫРАДЫ

Осы жылы теңге құнсызданды. Еркін айналым «өз жемісін» берді. 1 доллар 336 теңгеге барып «аялдады». Келер жылы «бет алысы» қалай болатынын еш сарапшы тап басып айта алмай отыр.

БАС БАНКИР УӘДЕСІНДЕ ТҰРА АЛА МА?

Теңге демекші, маусым айында бас банкир Данияр Ақышев өкпе артқан журналистерге мемлекеттік тілді үйренуге бір жыл уақыт сұрады. «Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені» деген тәмсілге сүйеніп, әліптің артын баға тұрамыз әзірше.

БІЛІМ САЛАСЫ БАТПАҚҚА БАТА БЕРЕ МЕ?

25 жылда 14 министрдің «көкпарына» түскен білім саласын не күтіп тұр екен? Бұл — көпшіліктің алаңдауы. Себебі 2016 жылы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев креслосына жайғаспай жатып «Үш тұғырлы тіл» саясатын бекем ұстайтынына уәде берді. Оның сөзіне жүгінсек, таяу жылдарда білім саласы түгелдей үш тілде жүреді. Мектептен бастап химия, физика, информатика, биология, математика пәндері ағылшын тілінде, дүниежүзі тарихы мен Қазақстан тарихы орыс тілінде, ал әдебиет пен қазақ тілі пәні қазақ тілінде оқытылады. Министр Сағадиевтің түсіндіруінше, бұл — заман талабы. Мұны естіген көзі ашық қауым «Сағадиев Сәрінжіповтен сорақы шықты» деп байбалам салды.

ДОПИНГ ДАУЫ АСҚЫНЫП БАРАДЫ

2016 жыл спорт саласын қалтыратып кетті. Соңғы жылдары халықаралық ареналарда қазақ спортының абыройын асқақтатып жүрген ауыр атлеттеріміз қиын халге ұшырады. Халқымыздың шынайы сүйіспеншілігіне бөленген Ильия Ильин бастаған чемпиондарымыз допинг қолданған болып шығып, Бейжің мен Лондон Олимпиадаларында алған алтын медальдарынан айырылып қалғалы тұр.

РАСЫМЕН-АҚ, ҚАРЫЗҒА БЕЛШЕМІЗДЕН БАТТЫҚ ПА?

2016 жылдың наурыз айында Қазақстанның шетелдік кредиторларға берешегі 154 миллиард долларды құрады. Алайда бұл соманың өсуіне фирмааралық қарыздар себеп болыпты. Қазақстан экономикасындағы рецессия жағдайында сыртқы қарыздың ішкі жалпы өнімге (ІЖӨ) қатынасы артып отырғаны байқалады. 2016 жылғы наурыз айында ол көрсеткіш — 92,3 пайыз. Ал 2015 жылдың соңында 83,2 пайызды құраған. Ұлттық банк резервтерінің есептік кезеңдегі қысқа мерзімді сыртқы қарыздарға қатынасы 120,4 пайызға тең.

ЕЛДІ ДҮРЛІКТІРГЕН ЕКІ ОҚИҒА

Маусымның 6-сы күні Ақтөбенің бірнеше ауданында атыс болып, көптеген адам қаза тапты. ҚР ІІМ өкілдерінің ресми хабарламасы «Паллада» қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасалғанын растады. Ақтөбедегі қанды қырғын теракт деп танылды. 18 шілде күні сағат 11 шамасында Алматы қаласы ІІД Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына басып кіру мақсатымен күзетте тұрған полиция қызметкеріне оқ атылды. Нәтижесінде қылмыскер ішкі істер органдары қызметкерінің қаруын иемденіп, оқиға орнынан ізін суытты. Алматыдағы атыс салдарынан бір бейбіт тұрғын мен төрт полиция қызметкері көз жұмды. 8 адам жараланды. Одан әрі қылмыскер «Қазақконцерт» АҚ маңында полицияның қарулы қақтығысына тап болып, жараланған күйі қолға түсті. Қылмыскердің аты-жөні — Руслан Күлекбаев.

ЕЛ МЕРЕЙІН ҮСТЕМ ЕТКЕН ОЛИМПИАДА

Күллі әлем көз тіккен Рио-де-Жанейро қаласындағы XXXI жазғы олимпиада ойындарынан жүлделі оралдық. Бұл олимпиада Қазақстан құрамасы үшін сәтті болды деуге негіз бар. Қазақстан әлемдік бәсекеге 26 спорт түрінен 104 спортшы қатысып, бақ сынады. Қазақстандықтар барлығы 17 медаль (3 алтын, 5 күміс, 9 қола) алып, ел спорты тарихында күміс және жалпы жүлделер саны жөнінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Алтыны аздау демесек, төрт жылда бір келетін дүниежүзілік додада ел қоржынына түскен бұл жүлделердің бәсі жоғары. Олимпиада көрсеткіші бойынша Қазақстан жалпы медальдық есепте 22-орынға орналасты. Бұл — егемен еліміз үшін үлкен жетістік! Осылайша тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында ел еңсесі тағы бір көтеріліп қалды.

ЖАҢА МИНИСТРЛІКТЕР ҚҰРЫЛДЫ

Елімізде Байланыс, ақпарат және БАҚ саласындағы мемлекеттік бақылау комитеті құрылды. Комитет ҚР Инвестиция және даму министрлігінің Байланыс, ақпарат және ақпараттандыру комитетінен қайта құрылып, Ақпарат және коммуникация министрлігіне өтті. Артынша ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды.

МИНИСТРДІҢ АРТЫНАН СӨЗ ЕРДІ

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына 2016 жылы қазанда Еңлік Сыдықова ведомство басшысын «пара сұрады және сексуалды алымсақтық жасады» деп кінәлады. Мұның алдында шілде айында режиссер Талғат Жәнібеков «министр ақша бопсалады» деп жаһанға жар салған болатын. Алайда Мәдениет және спорт министрі бәрінен үстіне су шықтырмай аман шықты.

ХАЛЫҚ ӘРТІСІ ТҮРМЕГЕ ҚАМАЛДЫ

3 қараша күні елді елең еткізген хабар тарады. Қазақ кино және театр өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар белгілі актер әрі режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов қамауға алынды. Халық әртісі 70 млн. теңгеге жуық қаражатты жеке мақсатына пайдаланды деген күдікпен ұсталды. Жемқорлық қылмыстарға қарсы ұлттық бюроның ресми ақпараты бойынша ол бюджет қаражатына түсірілуі тиіс «Феникс» фантастикалық фильміне бөлінген қаржыны талан-таражға салыпты. Кейін халық әртісі 1,3 миллион теңгені соттың депозитіне салып, қамаудан босатылды.

ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІНЕ ДЕЙІН ШЫРШАҒА ОРЫН ЖОҚ

Көңілге қонымды, жүрекке жылы тиер жағымды жаңалықтар да осы жылдың қоржынын томпайтып тұр. Азат ел тарихында тұңғыш рет тәуелсіздіктің алдына түсіп кететін шыршаларға, 16-17 желтоқсанға дейін «үлде мен бүлдеге» орауға заң аясында болмаса да, қатаң ескерту жасалды. Бұл да болса тәуелсіздіктің, көреген Елбасымыздың ерен еңбегі!

ҮКІМЕТ ТІЗГІНІ — ҰЛТЖАНДЫ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА

2016 жыл қазақ ұлтшылдары үнемі сөз ететін, армандайтын, ел сенім артқан марқасқаларының Үкіметке келуімен есте қалды. Өйткені тілдің өрістеуі, қазақылықтың асқақтауы биліктің ұшар басынан бастау алатыны даусыз. Оның алғы шарттары да жасалып жатқандай. Оған 9-шы премьер Бақытжан Сағынтаев жасақтаған 9-шы Министрлер кабинеті жарқын дәлел. Вице-премьерлер Иманғали Тасмағамбетов пен Асқар Мырзахметов Үкімет басшысының қос қанаты болуға жарайтын, әбден ысылған тұлғалар.

КЕЙКІНІҢ БАСЫНЫҢ ОРАЛУЫ — ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ОЯНУЫ

Мешін жылының қазақ халқына тамаша тартуының бірі — қалың елге Кейкі батыр деген атпен таныс Нұрмағамбет Көкембайұлының бас сүйегінің Ресей астанасынан Қазақстанға әкелінуі. Бұл — үлкен жеңіс. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовтың сіңірген еңбегі өлшеусіз! Ресеймен бүгінгідей салиқалы саясатты ұстап тұра берсек, хан Кененің басының да елге оралатыны шүбәсіз!

ТАУЫҚ ЖЫЛЫ САУЫҚ ЖЫЛЫ ЕМЕС, ХАЛЫҚТЫҢ ЖАРЫҚ ЖЫЛЫ БОЛҒАЙ!

Ертеңінен үлкен үміт күткен қазақ ұлтының жаңа жылға іңкәрлікпен қарауы бір бүгін емес. Не нәрсені де жақсылыққа жору — ата-баба дәстүрі. Алдымызда асқақ арман жатыр. Тәуелсіздіктің 25 жылында атқарылған ұлан-ғайыр істің басында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Азаттыққа жету жолында құрбан болған боздақтар да ел жадынан өшкен жоқ. Ендеше, алдағы тауық жылы тек қана сауық жылы емес, кемелденген халықтың маңайына шуақ шашар жарық жылы болғай!

Дайындаған Нағашыбай Қабылбек

elana.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста