100-інші қазақтың ұлттық бригадасы зеңбірекшілерінің әрқайсысы «батыр» деген атаққа лайық

100-інші қазақтың ұлттық бригадасы зеңбірекшілерінің әрқайсысы «батыр» деген атаққа лайық

 

Құжат
«Атқыштар бригадасы – шағын әскери құрама. Атқыштар бригадасы 1941 жылдың күзінде атқыштар дивизияларын жасақтау қиыншылықтарына байланысты (уақыт тығыздығы, адам және қару-жарақ кемістігі) құрыла бастады. 1941 жылдың аяғына дейін 159 атқыштар бригадалары жасақталды. Бригада 3-4 атқыштар батальоны, артиллерия және миномет дивизиондары, автоматчиктер ротасы, арнаулы әскери және тыл бөлімдері – барлығы 4 мыңнан 6 мыңға дейін адам болады».
(«1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы.
Энциклопедия». Москва, 1985, 229-бет)

Соғыстың тек алғашқы кезінде ғана Қазақстанда үш ұлттық атты әскер дивизиясы, екі ұлттық атқыштар бригадасы жасақталды. Олар 105, 106, 96-ыншы атты әскер дивизиялары мен Ақтөбеде жасақталған 101-інші, Алматыда жасақталған 100-інші ұлттық дербес атқыштар бригадалары еді.

100-інші дербес атқыштар бригадасын құру ісі 1941 жылдың желтоқсанында басталды да, оның қалыптасуы 1942 жылдың наурызында аяқталды. Бригаданың қатарына келіп сапқа тұрғандар, негізінен, Алматы, Шымкент, Семей, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарынан еді. Жасы он тоғызға жаңа толған, бұрын әскерде болмаған қазақ жастарынан құрылған бригаданың командирі – полковник В.Е.Шевцов, штаб бастығы – майор В.М.Заборин, комиссары – «Социалистік Қазақстан» газетінің сол кездегі редакторы Сақтаған Бәйішев, саяси бөлім меңгерушісі – Әбдірахман Досанов, ал оның комсомол жөніндегі орынбасары –  Егемқұл Тасанбаев.

100-інші ұлттық дербес бригаданың құрамында майданға аттанар алдында 4889 адам болды. Бұл – соғыс кезінің штаты бойынша барлық жағынан сай жабдықталған бригада деген сөз. Бригада соғысқа аттанғанға дейін өз құрамынан екі рет майданға адам жіберді. Бригада құрамынан барлығы 2294 қазақ жауынгері майданға жөнелтіліп, даңқты Панфилов дивизиясының қатарын толықтырды.

1942 жылдың 9 тамызы. Бірінші Алматының теміржол вокзалы. Қала тұрғындары мен жақын маңдағы ауылдардан келгендер алаңға көп жиналыпты. Қазақстанның ең таңдаулы ұлдары мен қыздарынан құралған жаңа құрама майданға аттанғалы тұр.

Бригаданың комиссары Сақтаған Бәйішев сөз алып: «Жолдастар! Біздің құрама, негізінен, қазақ халқының ұлдарынан тұрады... Осыдан бірнеше ай бұрын бұл жігіттер бала  тәрбиелеп, бейбіт еңбекпен шұғылданып жатқан-ды. Сұм соғыс біздің бақытты өміріміздің шырқын бұзды. Еңбекші халық қолына қару алып, Отанын қорғауға жаппай майданға аттануда. Совет жауынгерлерінің халық сенімін ақтайтынына мен кәміл сенімдімін. Жерімізде бірде-бір фашист қалғанша, қас жаумен ерлікпен соғысады!..»

27 тамызда бригаданың соңғы бөлімдері Мәскеу түбіндегі Бабушкин қаласына келіп жетті, сөйтіп, бригада бұйрық бойынша белгіленген жаңа орынға жайғасты. Мұнда олар жоспарлы әскери және саяси әзірлікті жалғастыра берді. Қазанның 1-і күні салтанатты жағдайда КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының жауынгерлік Қызыл туы тапсырылды.

Мәскеу әскери округінің 1942 жылғы 19 қазандағы бұйрығы бойынша 100-бригада Калинин майданының 39-армиясының құрамына кіріп, 25 қарашада Молодой Туд өзені мен деревнясы маңында басталған алғашқы ұрысқа қатысты. 25 қарашадан 2 желтоқсанға дейінгі аралықта Волга өзенінің жанындағы оң жақ сағасы болып табылатын Оленино селосына қарай шабуыл жүргізді. Бұл село жаудың негізгі бекінісі еді.

– Алғашқы ұрыстар алғашқы батырларды да көрсетті, – дейді бүгінде бригада ардагері, Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері және А.Фадеев атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Әзілхан Нұршайықов отты күндерді есіне алып. – Қатардағы көптеген жауынгерлер күндіз-түні тынбастан оқ атып, бөлімдердің алға ұмтылуына бөгет жасаған жаудың атыс ұяларына жер бауырлап барып, танк қиратқыш гранаталар лақтырып, күлін көкке ұшырды. Мәселен, сержант Қарабек Бұрышев өз бөлімшесін шабуылға тез көтеріп, неміс траншеяларына бірінші болып кірді. Оның өзі және жауынгерлері автомат оғымен, гранатамен жаудың станокті пулеметін және бір взводқа жуық әскерлерін құртып жіберді. Бұл ұрыста қатардағы жауынгер Төребек Тоқмағамбетов те қажырлы қайрат көрсетті. Бұл екеуі де Алматыдағы №12 орта мектептің шәкірттері, талшыбықтай жас жігіттер еді.

Сол сияқты, командирлер мен саяси қызметкерлерден Шәкір Тәжібаев, Жұмаділ Әубәкіров, Қалжан Әлжанов, Қажым Көшеков, Райымжан Әшкеев, Ғаббас Таңбаев, Тұраш Әбуов, Мәті Құсайынов, Әбдіхамит Асанбаев, Ерғали Мұсаев, Тәкен Майшынов, Әділ Біләлов, Атанбай Оразбаев, Қали Біләлов, Әли Изатов, Сұлтан Жиенбаев, Сіләмжан Құнанбаев, Мағзом Көшеков, Хафиз Рақымжанов, Құсайын Кәкібаев асқан ерлік жасады, бұлар шабуылдағы әскерлердің алғы сапында болып, оларды ілгері бастады, рух берді. Бұл ержүрек батырлар бүкіл бригада жауынгерлерінің мақтанышы болды.

– Ржев іргесіндегі кескілескен ұрыстардан соң, – деп сөзін жалғастырды Әзілхан ақсақал, – 1942 жылдың аяғында, желтоқсанның ақырғы аптасында біздің 100-бригада Калинин майданы әскерлерінің сол қанатынан ауысып, аса жедел түрде, небәрі екі тәуліктің ішінде 250 шақырым жердегі оң қанатына шықты. Мұның өзінше елеулі себебі бар еді. Калинин майданының жоғарыда айтылған қарашадағы шабуылы тұсында үшінші екпінді армия жау қолындағы Великие Луки қаласын қоршап алып, мұнда қарсыласып, берілмей жатқан тоғыз мыңдай адамы бар жау әскерлерімен айқасып жатқан-ды.

Великие Лукиді азат ету жолындағы ұрыстар аса ауыр болды, күні де, түні де тоқталмай жүргізілген бұл қанды шайқастар 15 тәулікке созылды. Сонымен қатар мұның өзі 100-бригаданың жауынгерлік жолындағы ең абыройлы да, ең мақтанышты кезеңі болды. Бұл ұрыстар тұсында бригада жауынгерлері жаппай ерлік көрсетті.

Великие Луки іргесіндегі арпалыста әсіресе қатардағы жауынгерлер өздерінің командирлері мен саяси жетекшілері – капитан Барманқұлов, капитан Б.Айнағұлов, аға лейтенанттар М.Құсайынов, О.Сырлыбаев, Қ.Жанғожин, Ж.Сыздықов, Ж.Жамалбеков, А.Закарин, кіші лейтенанттар Х.Көшеков, С.Дінасылов, М.Бегалин, К.Құттығұлов және басқалардың басшылықтарымен талай ерлік көрсетті. Құралайды көзінен ататын мергендер деп аталып кеткен Ыбырайым Сүлейменов пен Мырзаби Ерназаров нысаналап атқан оқтарымен жүздеген немістерді жайратты. Мұндай ерліктерімен бригаданың басқа да жауынгерлері, олардың ішінде алдымен артиллериялық взвод командирлері Жамалхан Жамалбеков, Қани Қасымов, Қайролла Қаратаев, Ысмағұл Сейітқалиев, Олжабай Барманқұлов, Асқар Рахымбердиев ерекше көзге түсті.

1943 жылдың бірінші қаңтарында біздің әскерлер Великие Луки қаласын жаудан азат етті. Бірақ Великие Луки қаласында жаудың үлкен гарнизоны қалып қойды. Дұшпан жанталасып, қаланы қайта алуға, сөйтіп, қоршаудағы гарнизонға қосылуға тырысты. 100-бригада қаланың батыс жағында қаһарын төгіп, қарсы шабуылға шыққан фашистермен белдесті.

5 қаңтар күні үшінші батарея қалаға қарай жөңкіген жау танктеріне қасқайып қарсы тұрды. Бір батарея фашистердің 30 танкісімен жалғыз шайқасты. Бұл соғыс тарихында сирек кездесетін жағдай еді.

Әбдірахман Бимурзин. 1922 жылы Семей облысының Белағаш ауданында туған. Хажым Көшеков оққа ұшып, сержант Рымбек Байсейітов уақытша взвод командирлігіне тағайындалған кезде Бимурзин оның орнына 3-батареяның бірінші зеңбірегінің командирі болды. 1943 жылы 5 қаңтарда Великие Луки қаласының іргесіндегі Сахно деревнясының тұсынан фашистер біздің әскерлердің шебін бұзып, қалаға кірмек болды. Біздің зеңбірекшілер мен жау танкистерінің арасында қанды шайқас басталды. Зеңбірек көздеуші Мұқан Омарбаев Бимурзиннің бұйрығын мүлтіксіз орындап, бұл расчет жаудың бірнеше танкі мен жаяу әскерін жайратып салды. Бұлар жөнінде бригада басшылары мен жауынгерлері қол қойып, Қазақстанға жолдаған хатта былай деп көрсетілді: «Кіші сержант, артиллерист Бимурзин Әбдірахман жаяу әскермен тізе қоса отырып, жаудың бес  танкін, бір ротадай әскерін жойды». Есіл  Бимурзин сол жерде ерлікпен қаза тапты. Бұл хат «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің 1943 жылғы 8 наурызындағы нөмірінің екінші бетінің дәл жартысына жарияланды.

226

Мырзаби Елтайұлы Ерназаров. Политрук орынбасары Мырзаби Ерназаров өте сыпайы, сүйкімді, білімді, ойлы жігіт еді. Бұрын Қазақстан үкіметін басқарған Елтай Ерназаров ақсақалдың жалғыз ұлы болатын. Ол әке-шешесіне айтпастан: «Мен құрдастарымнан қалмаймын» деп, әскери комиссариат арқылы 100-бригадаға алғаш келгендердің бірі еді.

Жоғарыда айтылған Бимурзин бірінші зеңбіректің командирі болса, екінші зеңбіректің командирі Мырзаби еді. Оның зеңбірек көздеушісі Алматы тау-кен институтының бірінші курс студенті, тіл алғыш елпек, шапшаң қимылды Халел Айтбасов болатын. Бұл екі зеңбірек те сержант Байсейітов басқарған бірінші взводтың қарамағында болды. Байсейітов жауған оқ, жарылған бомба астында зеңбіректен зеңбірекке жүгіріп, жігіттеріне жігер беріп, басшылық етті. Жоғарыда айтылған тарихи хатта бұл зеңбірек расчеты туралы мынадай жолдар бар: «Политрук орынбасары Мырзаби Ерназаров жаудың үш танкісіне қарсы расчетпен ұрысқа шығып, үш танктің үшеуін де өртеп жіберді».

Сөйтіп, сержант Рымбек Байсейітов басқарған бірінші взвод бұл күні жаудың сегіз танкін және бірнеше офицері мен солдатын жер жастандырды. Бірақ бұл взвод түгелдей дерлік қырылып қалды. Тек взвод командирі Байсейітов пен Бимурзин зеңбірегінің көздеушісі Мұқан Омарбаев қана денелерінен қан саулап тірі шықты. Лейтенант Месхин бастаған екінші взвод та орасан ерлік жасап, опат болды.

Тек үшінші зеңбіректің көздеушісі Қабдылқай Байжанов қана аман қалды. Батареяның төрт зеңбірегі төңкеріліп, жанында расчеттары жусап жатты. Снаряд таусылып, оқ бітсе де, бірде-бір адам кейін шегінбеді. Кешке қарай барлау взводының командирі Мәті Құсайынов келіп, батареяға кейін шегінуге бұйрық болғанын айтып, тірі қалғандарды қолтықтап кейін алып қайтты.

Ертеңінде мен 3-батареядағы достарымның опат  болғанын естіп, қатты қайғырдым. Әбдірахман Бимурзинге арнап «Жас батыр» деген өлең шығардым. Әбдірахманды 3-батареядан опат болған барлық достарымның жиынтық бейнесі есебінде жырладым. Өлеңім бригада газетінде басылып шықты.

... Жанталас, қиян-кескі басталды айқас,
Танк көп, жігіт үшеу – теңсіз шайқас.
Әркімнің бірме-бірге келеді әлі,
Күшіңді көп танкпен сынап байқас.
Әбдірахман нысанын күтіп алдан,
Ұрғанда, оңтүстіктен, ұрымталдан,
Ұмтылды шыға келіп зеңбірекке
Жау танкі – таптап кету ойына алған.
Жып-жылдам зеңбіректі оңға бұрды,
Соңғы снаряд бесінші танкті ұрды.
Винтовкадан ақырғы оғын атып,
Гранатпен дұшпанға қарсы тұрды.
Жас жігіт көзі өткір, жүзі жарқын,
Алып күш, отты жүрек, албырт қарқын,
Бас имей дұшпанына қарсы тұрып,
Отанға орындады берген антын.
Отан үшін ер жігіт жауға дайын,
Даңқы кетер батырдың күн-күн сайын,
Сақта, жеткіз, ұмытпа ғасырларға
Жас жігіттің есімін қарапайым.

Мен бір ұрыста 8 танк жамсатқан жауынгерлердің Батыр атағын алуларын арман еткен едім. Бірақ үлкендер қайда жұмсаса, сонда жүгіретін қолбала тәрізді кішкентай ұлттық бригаданың қаңсырап қырылғанын да, өткен ересен ерлігін де ешкім елеген жоқ.

Ерлік жасау бір басқа да, батырлықты бағалай білу – екінші әңгіме. Ол кезде біз бастықтар мен үлкен командирлердің бәрі қара қылды қақ жарған әділ адамдар деп ойлайтынбыз. Олардың туралығына шек келтірмей, құдайдай сенетінбіз. Сөйтсем, үлкен командирлердің де қолдары ішке қарай иіледі екен. Олардың да кейбіреулерінің ішінде өзімшілдік құрты құжынап, өз қанына тарту әрекеті басым болады екен. Аз ұлт өкілдерін аялаған, ардақтаған болып, жеме-жемге келгенде аяққа басып жүре береді екен. Оның бірнеше мысалдарын өз басым айқын аңғардым.

1943 жылы 5 қаңтарда Великие Луки батыс жақ шетінде, Сахно деревнясының іргесінде біздің 3-батарея фашистердің 30 танкісімен шайқасты. Үшінші батареяның ол ерлігі Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романындағы француздармен жан аямай жағаласқан Тушин батареясының ерлігімен пара-пар еді. Айырмасы: Тушин батареяны өзі басқарып, артиллеристердің қасында болды. Ал үшінші батареяның командирі лейтенант Нұқаш Ералин мен оның орынбасары лейтенант Месхин ұрыс басталар бетте жараланып, тылға кетті. Сондықтан батареяның бірінші взводын сержант Байсейітов, екінші взводын сержант Светличный басқарды. Екінші айырмасы – Тушин батареясы француздардың атты әскері мен жаяу әскеріне қарсы тұрған еді. Ал біздің үшінші батарея әрі жаяу әскермен, әрі танктермен шайқасты. Батарея фашистердің он шақты танкін талқандады, бірақ өздері мерт болды. Одан үш адам ғана тірі шықты. Біздің қаһарман жігіттер өздері өлсе де, жауды ілгері жібермеді.

Осы ұрыс үшін үшінші батареяның бірсыпыра жігіттеріне Батыр атағы берілуі керек-ақ еді. Бес танк жойып мерт болған Бимурзин мен үш танкті өртеп опат болған Ерназаровқа I дәрежелі Отан соғысы ордені, ал ол екеуінің зеңбірек көздеушілері Омарбаев пен Айтбасовқа және осындай қиын кезеңде взводты басқарған Байсейітовке ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені ғана берілді. Ал Ұлы Отан соғысының тарихында екі-үш танкті қиратқаны үшін Совет Одағының Батыры атағын алған артиллеристер әлденешеу.

Осы сияқты қызғаныштың қырсығынан бір жыл соғыста болған бригаданың 215 адамы ғана ордендермен және медальдармен наградталды. Бірақ «болат пышақ қап түбінде жатпайды» дегендей, қазақ жігіттері қай майданда, қандай әскери бөлімдерде жүрсе де өздерінің ерлігін өзгеге көрсете білді. Екі ерлігі ескерілмесе де, бір ерлігіне награда алып қалып отырды. Алайда 100-бригададағы менің құрдастарымның ешқайсысы наградаға құмартқан жоқ. Берсе алып, бермесе – қабақ шытпай, жауынгерлік міндеттерін адал орындап жүре берді. Олардың барлық мақсаты – жан аямай жауды жеңу, сөйтіп, Отанды қорғап қалу болды.

Соғыстан кейін бригада ардагерлерінің бір тобы Калинин облысында Молодой Туд ауданына арнайы шақырумен барып, талай боздақтардың көз жұмған жерінде болып, аруақтарға тағзым етті. Бауырлас ресейліктер қазақстандықтардың ерлігін ауыздан-ауызға жеткізіп, әр кез мақтан тұтып жүреді екен. «100-інші қазақтың ұлттық атқыштар бригадасының ерлігі болашақ ұрпақтың есінде мәңгі қалады» деген жазулар бар мәрмәр тас орнатылған мемориалды саябақта болғанымызда еріксіз көңіліміз босап, көзге жас келді, – дейді Әзілхан Нұршайықов. – Неткен ризашылық, қаншалықты алғыс. Өкінішке қарай, өз елімізде ондай құрметті көре алмай келеміз. Жасыратын несі бар, бригада ардагерлерінің қатары күн санап сиреп келеді. Қазір жер басып жүргендері 15-ақ адам. Сондықтан да батырлар ерлігі әділ бағасын бүгін алуы керек, ертең кеш болады. Өз басым, міне, бірнеше жыл бойында осы мәселені көпшілік болып көтеруге атсалысып келемін. Ұлы Жеңістің 20, 30, 40, 50, 60 жылдық тойларында да, басқа да айтулы мерекелерде де ұлттық бригада ұмыт қалды. Небір биік мінберлерден жасалынып жатқан баяндамаларда да ұлт намысын жоғары ұстаған осы әскери құрылым жайында жарты сөз де айтылмайды.  Кешегі Кеңес Одағының 15 республикасы арасында «ұлттық» деген атауы бар ең ұзақ соғысқан бригада жайында неге асқақтата айтпасқа? Жарайды, солақай саясаттың заманында қызғаныштан, іші тарлықтан бұл тақырыпты айналып өтті. Ал бүгін, өз қолымыз өз аузымызға жеткен күндері жабулы қазан неге сол күйінде қала беруі тиіс? Мен соны түсінбеймін. Кімнен қорқамыз? Сол себепті бұл сұрақты күн тәртібіне шығаруымыз қажет. Тіпті бригаданың мақтанышы болған, батырлығымен танылған Қарабек Бұрышевті, Хажым Көшековті, Садық Ескелдиевті, Шазада Әтеевті, Біләл Айнағұловты, Жүніс Бегімбетовті, Олжабай Барманқұловты, Әбілхайыр Баймолдинді, Бимурзин Әбдірахманды, Рымбек Байсейітовты, Мырзаби Ерназаровты мемлекеттік жоғары наградаларына ұсынуды талап етемін. Әрбірден кейін ел болып, жұрт болып отандастарымыздың ерлігін әлемге паш ету – асыл парызымыз. Бұл істе тарихшылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне үлкен сенім арта отырып, игі іске топтасуға шақырамын. Қазақта «өлі разы болмай, тірі байымас» деген асыл сөз бар. Сол даналық қағиданы естен шығармайық.

– Әзілхан аға, тартымды да тәлімді әңгімеңізге көп рақмет. Бойында қазақтың қаны бар азамат бұл әңгімеңізге атүсті қарамайды деп сенемін. «Алаш айнасы» газеті тілектеріңіздің қашанда сенімді жанашыры болады деп сеніңіз. Алдағы уақыттарда да шығармашылық табыстар тілейміз.

– Рақмет. Қазақ жастары 100-бригаданы біліп жүрсін. Және бұл тақырып бір ғана қазақ тілінде емес, мүмкіндігінше, басқа тілдерде де кеңінен насихатталғаны абзал. Өз мақтаныштарымызды өзіміз көтерейік.

Ал қазір 1418 күнге созылған қанды соғыстан аман-есен қалып, соғыстан соң 65 жыл өмір сүргенін бақыт санап, ардагер достарын сағынып, көргеніне, тірі жүргеніне қуанып, көздеріне жас алады. Онысы орынды да!

Аман бол, қатары сиреген ардақты ардагер азаматтар!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста