Әлеуметтік желіде тойда билеген әженің видеосы тарады. Ұзынағаштың 88 жастағы тұрғыны Tengrinews.kz тілшісіне әлі күнге тың болуының сырын айтып берді.
Желіде тараған видеоға пікір білдіргендер 88 жастағы әжейдің ширақ қимылдауына таңғалғанын жасырмады. Арасында әженің ұлттық нақыштағы киімін ұнатқандар да бар:
Әже, жарайсың!
Жас кезінде болған сияқты. Икемі керемет. Аман болсын!
Керемет! Қандай әдемі әже! Бізге де жұғысты болып, немере-шөберенің тойында осылай билейін!
Өзі бұрын биші болған, сол кездегі көйлегі-ау.
Нағыз қазақтың ұлттық киімі.
Әженің киімі әйбат екен.
Киімі қандай әдемі.
88 жасқа келіп, тойда билеу анау-мынау адамның қолынан келмейді.
Видеодағы әжей Ұзынағаштың 88 жастағы тұрғыны Үмітжан Ботбаева болып шықты. Бәрі туған күні 1 мамырға тұспа-тұс келуіне орай "Мейраш" деп атап кеткен.
"1934 жылы 1 мамырда дүниеге келдім. 88 жастамын. 1 қызым бар. Ұзынағашта сол қызымның қолында тұрамын. Күйеу балам он баладан артық. Осылардың арқасында билеп жүрмін", - деді ол.
Сондай-ақ, әженің өзі Желіде тараған видео қашан түсірілгенін айтып берді.
"5 наурызда қайнымның немересі үйленген. Сол Ұзынағаштағы тойда түсірілген. Тойға барсам, міндетті түрде билетеді. Көбінесе Нұрғиса Тілендиевтің "Ата толғауына" билеймін. Би де спорттың бір түрі ғой. Терлейсің, денең шынығады. Билемей қалсам ауырып қаламын", - деді ол.
Әже кішкентай кезінен биге жақын болғанын, кейін ансамбль құрамында өнер көрсеткенін айтты.
"Кішкентайымнан билейді екенмін. 3-4 жасымнан бастап билегенмін. Дегерес ауылында 1986 жылы мектеп директоры "Ақ әжелер" фолькорлық этнографиялық ансамблін құрды. Ішінде билейтіндері, өлең айтатындары болды. Мен биші ретінде қабылдандым. Ансамбльмен бірге Наурыз мерекесіне орай Мәскеуге де бардық", - деді ол.
Ал әже ұлттық киіміне қызыққандарға былай деп жауап берді:
"Шапанды "Қазақстан" телеарнасы сыйға тартқан. Ал күндікті, кимешекті өзім жасаймын. Ансамбльдегі 30 әжеге де мен жасап бергенмін", - деді ол.
Видео кейіпкері кезінде оның өнерін атақты Шара Жиенқұлова байқағанын әңгімелеп берді.
"Мектепте "Айжан қызда" билегем. Кейін билеп жүрген кезде Шара Жиенқұлова мені балетке қосқан. Шешем бидің керегі жоқ деп жібермей қойды. Кейін шешем түсініп, "обалыңа қалдым-ау" деді. Ол кезде әке-шешенің сөзінен аспадық", - деді ол.