ДӘРІГЕР мен ЕМШІ: Кімге сенесіз?

Екеуі де елге етене таныс. Екеуі де күнде естіп жүрген сөз. Екеуі де адам емдеуді мақсат етеді. Қызығы, бір-біріне кейде кереғар, кейде үндес. Біреуі өмірлік тәжірибе, яғни, халықтың білгені мен түйгенін бағамдаудан туындаған емдеу шарасына жүгінсе, екіншісі &ndash ғылыми ізденістің нәтижесі. Қазақ халқы емшілікті ежелден меңгеріпті. Өмір көрген әрбір қарияның жиі кездесетін сырқат түрлерін емдеуден хабары барын білеміз. Біз тамақ, бас, іш ауруын кез келген қарт адамның емдей алатынын көріп өстік. Тәуіптік пен медицинаның ұқсастығы, айырмашылығы жайлы мақала жазуда біраз ізденуге, емшілермен, дәрігерлермен тілдесуге тура келді. Мақаланы жазу барысында бабамыздың көңіл көкжиегінің кеңдігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Медицинаның мәнін аштық. Ғылымына бойлап көрдік. Қоғамда медицинадан қалыспай келе жатқан емшіліктің де ақ-қарасын ажыратуға күш салдық. Сонымен...
Халық емшілерінің білімі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырғаны жасырын емес. Кейде ол ата-бабада бар қасиет ретінде табиғи түрде берілген. Енді біреулер дәрігерлікті өз үрім-бұтақтарына ғана үйретіп, атакәсіп ретінде жалғастырған. Жалпы қазақ медицинаға қалай қарағанын білгіміз келсе, тарих беттерінен дерек іздеудің қажеті шамалы. Халықтық медицина деп ат қойған емдік шараларға көз жүгіртсек болғаны. Елімізде түрлі шөппен ем қондыратындар көп өмір сүрді. Сонымен бірге, әлдебір тылсым күшпен науқасты құлантаза айықтыратындардың есімі ауыздан-ауызға тарап жатты. Ақиқатында, халық емшілерінің құпиясы адамның рухын көтеруге бағытталған. Олар психология ғылымынан хабарсыз болса да өз бойындағы табиғи дарынның нәтижесінде науқас адамның жан дүниесіне үңіліп, оның көкірегінде жатқан үміт отын тұтатқан. Сағы сына бастағандардың рухын көтерген.
Бүгінгі медицина ғалымдары сенім мен илану сырқаттың сауығуына таптырмас дауа екенін дәлелдеуде. Олар сенім болмаған жерде ешқандай емнің жүрмейтінін айтып дабыл қағуда. Алайда қазіргі қоғамда медицина адамның жанын емдеуге, рухын көтеруге емес, көбіне тәніне дауа қондыруға негізделетіндігі туралы пікір білдіретіндер бар. Расында да солай ма? Денсаулық сақтау мамандары денені ғана емдеп, зерттеуге машықтанып, адам рухын кейінгі орынға қалдырып қояды. Десек те, медицина бұл бағытттағы олқылықты психология ғылымымен толықтырып отыр. Психологиялық көмек белгілі бір деңгейде сырқаттың жанына жігер беріп, медициналық ем-домның тез қонуына оң әсерін тигізеді.
Бұл орайда «Жаны саудың &ndash тәні сау» деген мақал еске түседі. Қазақ халқы бұл даналықты баяғыда-ақ айтып кеткен. Білгір емшілер қаралуға келген адамның сыртқы пішініне, жүріс-тұрысына, өңіне, реңіне көз сала отырып, тән ауруын білуге тырысады. Тыныс алуынан көңіл-күйін байқайды. Тамыр ұстап, жүрек жұмысын тексереді. Сырқат жанның жүзіне байыппен қарап, оның қолының сыртынан алақанының жылуын дарыта отырып, тамырын ұстап, сырқатының жайын сұрайды. Адамның қай жері ауыратынын білу үшін денені жайлап сипап, әр жерін басып көреді. Міне, осыдан келіп өзіне деген зейінді байқаған сырқаттың емшіге сенімі артады. Арада түсіністік, рухани жақындық пайда болады. Емшінің білгірлігіне деген сенім сырқат жанның ойын жинақтап, ауруының жайын састырмай, шатаспай, ұғынықты айтуына мүмкіндік туғызады. Ол емдеушінің айтқанын бұлжытпай орындауға ойша бекінеді. Көңілінде үміт оты жанып, өзін жеңілдегендей сезінеді.
Бүгінгі дәрігерлер арасында алдына келген адамның жан дүниесіне үңіле қоймайтындар кездесіп қалады. «Ауруыңыз қашан басталды, қалай ауырады?» &ndash деген сұрақты қатқыл дауыспен қойып, дімкас жанның ойын жинақтатпайтыны, тіпті кейде тіксінтіп тастайтыны ащы да болса шындық. Кей адамның жаны нәзік келеді. «Ауруыңыз асқынып кетіпті»,&ndash дегенді: «Өлім аузында жатыр екенсің ғой», &ndash деп қабылдайтындар да бар. Сондықтан, медицина саласына жан ауруын емдеушілерді көптеп тартудың маңызы зор.
Бүгінде: «Несиені қалай төлеймін? Жұмыссыз қалсам жағдайым не болады? Пәтерақының уақыты келіп қалды»,&ndash деп күйзелу психосаматикалық аурулардың дендеуіне негіз болуда. Психосаматика дегеніміз &ndash жан күйзелісі салдарынан туындайтын тән ауруы. Оған көбінесе жүректің қысуы (стенокордия), қышыма, асқазан жарасы, қан тасу, (гипертония) тыныс ауруы, инсульт алу, ұйқысыздық, бауырдың әртүрлі кеселге шалдығуы жатады. Халық емшілері таза ауада демалу мен дұрыс тамақтану аурудың алдын алудың негізгі жолы екенін бұрыннан айтып келеді. Медицинада да дәл солай. «Қайғысыз &ndash қара суға да семіреді», &ndash деп сары уайымға салынбаудың денсаулыққа қаншалықты пайдалы екенін дәрігерлер де, емшілер де айтады. Әлсіреп, хал-дәрмені құрыған адамды емшілер тау баурайындағы таза ауамен тыныстатып, қымыз, жас сорпа ішсе сауығатынын тілге тиек етеді. Тау басындағы тұнық тұмалардың суын ішу де таптырмас ем. Мұндай емді бүгінгі медицинада «бальнеотерапия», «курортотерапия» деп аталады.
Ата-бабамыз «Жақсы тамақ &ndash жаман ауруға ем», «Шыбынды жерде шығын бар», «Қайнаған суда қасиет бар», &ndash деп тамақтың құнары мен тазалығына ерекше мән берген. Қазақтың ең сүйікті сусыны &ndash қымыз. Қаратал ауданындағы тамыршы Бақберген Жүнісбаевтың айтуынша, қымызбен өкпе, көк жөтел, қырқұлақ, қаназдық, асқазан мен ішек, жүрек ауруларын емдеуге болады. Оның сөзіне сүйенсек, сырқат дендеген адамға бірден қымыз беруге болмайды. Басында саумал ішкізіп емдейді. Содан кейін қымыз ішкізу керек.
&ndash Науқастанған адам кешке дейін жата бермей, таза ауаға шығып, бой жазып, жақсы ой ойлап, күйгелектенбеу керек. Саумал барлық ауруға ем. Саумалға жазылмаған аурудың сауығуы неғайбыл, &ndash дейді Бақберген тамыршы.
Осы орайда қымыздың емдік қасиеті жайлы дәрігерлердің айтқанына сүйеніп көрелік. Қымыздың құрамында 1,8 &ndash 2,2 пайыз ақуыз, 1,3&ndash2,0 пайыз май, 1&ndash1,5 пайыз алкоголь, 200&ndash250 мг.-ға жуық «С» витамині бар. Сондай-ақ, қымыз зәр мен тер бөлуді жақсартады. Тердің шығуы ағзаның демалуына, зат алмасу процесінің жүруіне, терінің демалуына жақсы әсер ететіні кім-кімге де белгілі. «Шикі қазыны түнемел қымызға қосып, әбден шайқап ішкізу арқылы дерт меңдеген адамды ауыр кеселдерден сауықтыруға болады. Қымызбен ыстығы көтерілген, әлсіреп-қалжыраған, ширығып, жүйкесі жұқарған адамдарды емдейді. Шұбат та көп ауруды жеңеді. Оның емдік қасиеті, қуаты қымыздан да мықты. Жалпы құнарлы тағам ішіп, жылқы етін жеп, қымыз ішпеген аурудың жазылуы неғайбыл, &ndash дейді Бақберген емші. &ndash Сорпаға құрт қосып берудің қасиеті &ndash тер шығарғыштығында. Ұзаққа созылған асқазан, іш ауруларын сілме деген тағаммен емдеген». Сілме &ndash сүтке пісірілген жас малдың еті. Ол жұмсақ және бойға тез сіңеді. Асқазан қызметі бұзылған адамға күш-қуат береді.
Сондай-ақ, қазақ халқы сынықшылықты терең меңгергендігімен ерекшеленеді. Осы орайда Жұмақан Иемберген есімді сынықшы өз саласының медицинамен байланысы жайлы былай деп ой бөліседі: «Бір қызығы, қазіргі дәрігерлер ота жасар алдында сынған жерді жансыздандырады. Немесе адамды ұйықтатады. Ол кедергісіз жұмыс жасауға жағдай туғызғанымен, сынықтың дұрыс салынуына негіз емес. Мен сынған жерді салғанда адамның бет-жүзіне қарап отырамын. Емнің қалай жүріп жатқанын осылайша бақылаймын. Мертіккен адам ояу отырса қолдың тиген жерін сезіп, ауырсынады. Осылайша қай жері сынғанын анықтап аламын. Сынық орнына түссе қиналып жатқан адам баж ете қалады да жаны жай табады. Міне, бұл сынықтың орнына түскенін білдіреді», &ndash дейді халық емшісі.
Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылында Меруерт Ахметхан есімді халық емшісі тұрады. Мақала жазу барысында аталған биоэнерготерапевтке барып жолықтық. Ол ине, бу және отпен ем жүргізеді. Тамыр ұстайтын қасиеті де бар. Денедегі қанды іріңді алады. Қазақстан халық емшілері қауымдастығының мүшесі. Қауымдастық берген «Халықаралық дәрежелі емші», «ІІІ мыңжылдықтың үздік емшісі» атақтарының иегері. Әрі Ғарыштық қуат академиясының мүшесі екен. Ол қан қысымы, варикоз, жүйке жүйесі сырқаттарын емдеумен шұғылданады.
&ndash Диагноз қоюда емшінің сөзі мен дәрігердің диагнозында өзгешеліктер болып жатады. Неліктен? Сіздің дәрігердің қойған нақтамасына келіспейтін кездеріңіз бола ма? &ndash дейміз емші көкейіндегі ойды білгіміз келіп. «Кардиохирургтер жүрек қан айналымы бұзылса бірден ота жасау керек дейтінді шығарыпты. Жүрек-қантамыр қызметінің бұзылуына негізінен қанның қоюлануы себеп болады. Мұндай жағдайда бауыр мен өтті емдеген жөн. Бауырдың қызметі орнына келсе қан айналым да жақсарады. Жүрекке пышақ тигізгенге асықпай, қанның сұйылуына зер салу керек», &ndash дейді емші жүрек ауруын емдеу жайында.
Медицина маманы бұл туралы не айтады дейсіз ғой?! Талдықорғандағы кардиохирургия орталығының ота жасаушы дәрігері Ерлан Класұлы жүрек-қантамырлары сырқатының себебін тамыр ішінің қақтанып қалуымен түсіндіреді.
&ndash Тамыр қуысының тарылуы қанның жүруіне кедергі келтіреді. Қан айналымының нашарлауы негізінен ішкен тамаққа да байланысты. Мысалы, әр тамаққа қосылатын шошқа майы холестерині көп тағам болып саналады. Ал холестерин қанның жүруіне кедергі келтіріп, жүрекке салмақ түсіреді. Сондай-ақ, өсімдік майынан жасалған тағам онша пайдалы емес. Мысалы, бауырсақ пісіргеннен қалған май бір күннен кейін сағызша созылып қалатыны белгілі. Осындай май ағзаға түскенде тәннің кейбір тіндерін бітеп тастайды. Сондықтан, қақтанған тамырды шунттау немесе алмастыруға осындай дерт себеп болып жатады, &ndash дейді білікті дәрігер. Міне, емші мен дәрігер екеуінің де айтқандарының жөні бар. Бар болғаны сырқаттың түріне қарай емді дұрыс жүргізу керек.
Бұрындары қара суды кері ағызған емші, бақсы-балгерлер болғанын тарих жоққа шығармайды. Қобызын тартып, жынын ойнататын бақсылар бүгінде жоқ. Емші дегендердің көбі құмалақ салып, бал ашудан ары аса алмайды. Ал медицина шарықтап дамып кетті. Адамды ажалдан арашалайтын ақ халаттылардың ғылымы тылсымнан гөрі нақтылыққа жүгінеді. Кейде медицинада адам күтпеген тосын оқиғалар болып жатады. Ғылым мұны түсіндіре алмай қалады. Демек, медицина мен рухани күштің де арасында ескеретін дүниелер бар секілді. Бір сөзбен айтқанда, дәрігер мен емшілердің арасындағы бітіспес дүрдараздыққа нүкте қоятын кез келді. Себебі, зерттеу кезінде жүгінген пікірлерді саралай келе, екі сала да бір теріні илеп отырғандай әсер берді.
Гүлжан ТҰРСЫН.





