Шежіре - Қаракерей - Байжігіт руы

Шежіре - Қаракерей - Байжігіт руы

Ататегімізді білу Қазақтың мәдени мұрасы. Атамыздан қалған жұрнақты жоғалтпай, ұқыптап жадымызда сақтау бүгінгі ұрпақтың міндеті.
Тоғыз таңбалы Найманның бір таңбасы саналатын Қаракерей атасы Найман ішінде ең көп тараған ата. Сондықтан Найманның бұл атасының шежіресі неше том болатынын күні бұрын айту қиын. Әзірше Байжігіттің Мәмбет атасынан бастап отырмыз. Қаракерейдің атын әйгілі еткен, құдіретті Қабанбай батыр шыққан Байжігіт атасының ұрпағын, бүкіл Қазақ сыйлап, әрқашан, алғашқы табақты тартып, таңдаулы үйдің төріне шығарған. Атамыздың сол дәстүрінен біз де аса алмай, ҚАРАКЕРЕЙ ШЕЖІРЕСІН Байжігіттен бастадық.

"Алаш айнасы" интернет-газеті халқымыздың шығу тегін, таралуын баяндайтын тармағы – қазақ шежіресі туралы ақпараттарды кезең-кезеңімен жарияламақ. Осы арқылы үш жүздің әр руы туралы мәліметтерді топтастырып, қазақтың ортақ шежіре қорын жасап шығармақ. Егер сіздің қолыңызда өз руыңыз жайында мәліметтер болса, біздің мына: info@alashainasy.kz электронды поштамызға жіберуіңізге болады.

Бұл еңбек, қолға түскен шежіре-кітаптар, құжаттардың негізінде бір жүйеге келтіріліп, көзі тірі жүрген бүгінгі ұрпақтарының денімен кездесіп, немесе телефон, хат, ауызба – ауыз тілдесіп, ататегін пысықтау арқылы толықтырылып барып, қалың қауымның назарына ұсынылып отыр.
Әзірге Қаракерей шежіресінің 4 томы жарық көрді. 1-томы Байжігіт-Мәмбет тармағы. 2-3 томдары Қожамбет (Жарболды) шежіресі, 4-том Байжігіт – Жұмық – Саты тармағы. Төменде осы кітаптардың Алғысөз бен Кіріспе тарауларыныан үзінді береміз (Тек пайдаланылған әдебиет нөмірі, сол кітаптағы тізімге сәйкес).
Бұл кітаптардың және автордың басқа да еңбегі туралы толық сипаттаманы осы сайттың «Кітаптар, ресурстар» деген бөлімінен табасыз.

Алғы сөз
(Мәмбет шежіресіне)

Оқырман қауымның назарына, келесі шежіреміз, Мәмбет атасының таралымын ұсынып отырмыз. Автордың бұрын шыққан кітаптарындай, бұл шежіре де сол үлгімен – аталарды жылнама арқылы қуа тарату әдісімен жазылған.
Аты Қазаққа мәлім – Қаракерей Қабанбай атамыздың шарапатынан ба екен, Найман ішінде Қаракерей атасы өскен ата. Оның ішінде Қабанбай батыр шыққан Байжігіт атасы да кезінде тоғыз болыс ел болыпты. Ал, Қабанбай батырдың атасы, өз жұрты - Мәмбет атасы, Қытай мен Қазақстан жерін егіз еміп, еркін өскен құтты ұрпақ болып саналады. Міне осындай өсіп-өнген үлкен атаның шежіресі, сәті түсіп қолыңызға тиіп отыр.
Шежіреде Мәмбет атасынан шыққан әйгілі адамдардың өмірі мен қоғамға, халқына сіңірген еңбегі жайлы көптеген деректер келтірілген. Әсіресе халық арасына кең тарамады-ау деп ойластырған адамдарға көбірек көңіл бөлінген. Қабанбай батыр, Басбай бай, Сиыршы, Мұстапа Өзтүрік т.т. өздеріне жеке кітап, роман арналған Мәмбеттің әйгілі ұрпақтары туралы тек үстірт жазып, жарық көрген көркем шығармаларға сілтеме жасап кеттік. Білгісі келген оқырман, кітаптарды іздеп тауып оқи жатар деген ойдамыз.
Автордың көп жыл еңбек етуінің нәтижесінде, Найман атасының бұдан басқа да бірнеше шежіресі шықты. Оны осы кітаптағы әдебиеттің тізімінен көресіз.
Өз қаражатымен Семей, Өскемен, Павлодар облыстарын аралап, Монголия, Қытай мемлекеттеріне барып, ол жақта тұратын қандастарымызбен әңгімелесу арқылы, көптеген аңыз-әңгіме, өлең-қиса жазылып, ата-тек шежіресіне қосымша дерек қосылды. Павлодар, Семей, Өскемен, Алматы, Астана кітапханаларының қорын пайдаланып, Москва, Санкт-Петербордың кітапханаларына интернет арқылы кіріп, қолға түскен деректер шығып жатқан шежірелерге кіргізілді. Мысалы: 1914 жылы Ресей мемлекетінің ғылыми жорналында шыққан [21, 90-93 беттер] мақаланы пайдаланып, Қаракерей Қабанбай батырдың жерленген жері Семей облысына қарасты Шыңғыстау екен деген тұжырымға келуге болатыны, осы кітаптың 564-566 беттерінде айтылып кеткен.
Халық ауыз әдебиетінің қай саласын алсаңыз да, ата-тегі айтылмай қалған қазақ кейіпкері жоқ.
Жиделі – Байсын жерінде,
Қоңырат деген елінде.
Байбөрі деген бай бопты,
Төрт түлігі сай бопты,
Бір перзентке зар бопты-
деп, Алпамыс жыры басталмай ма?!
Ал қазіргі түкпіш ұрпаққа «Алпамыс Қоңырат атасынан екен» деген жалаң мәлімет жеткіліксіз. Қазіргі ұрпақ шетінен сауатты, бес жасынан компьютердің құлағында ойнайтын, бірінші класстан бастап кез-келген сұрақтың жауабын интернеттен іздейтін білімпоз емес пе? Сондықтан да біздің ұрпаққа Алпамыс, т.б. атақтылардың әрі-бері жағы түгел керек. Бірақ, өкінішке орай, ондай мәліметтің бәрі бірдей интернеттен табыла бермейді. Одан табылу үшін, оны оған салу керек.
Міне, қолыңыздағы «Мәмбет шежіресі» осындай, бүгінгі күнгі талапқа сай компьютерлік нұсқада жазылған. жас түлектің көптеген сұрақтарына жауап беретін шежіре.
Бұл кітаптан Қаракерей Қабанбай батырдың өзі мен төңірегіндегі батыр туыстарының толық шежіресін табасыз. Бұрын баспа бетінде жарық көрмеген, Мұстапа Өзтүріктің, оның Қытай мен Түркияда тұратын туыстарының шежірелері мен суреттері, автормен сұхбаттасқан Мұстапаның ағалары, түркиялық - қажы Мансұр тәйжі туралы, т.б. құнды мәліметтер осы кітаптан орын алған.

Кіріспе
(Мәмбет шежіресіне)

Мұнан бұрын шыққан шежірелерімде Найман мен оның ұрпақтарына біршама тоқталып едім. Бұл томда бір айтылған сөзді екі қайталамай, кейін қолға түскен құжаттарға сүйене отырып, Қаракерей хақында біраз сөз қозғасам ба деп едім.
Осы уақытқа дейін шыққан шежірелерде «Төрт Төлегетай» деп – Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуылды атайды. Атамыз қазақтан қалған әдет бойынша жеке ауыл, жұрт болған ұлдарының санына қарай «Тоғыз Тоғалақ», «Бес Байыс», т.с.с. ұйқастырып айта береді. Мұндайда жұрт санынан, әдетте, қате кетпейді. Ал, шежіре беттерінде «Төрт Төлегетай» деп айтылғанымен: «Төлегетайдан Қытай жалғыз туады екен. Ол жастай өліп, оның төрт ұлы – Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуыл – Төлегетай атасының тәрбиесінде болған соң, «Төрт Төлегетай» деген атаққа ие болыпты-мыс» деген тұжырым ел арасында қалыптасып қалғаны шындық.
Құлаққа сіңіп, ой түбін өрелеп алған ұғым болса да, «аталарымыз неліктен «Төрт Төлегетай» атанып кеткен екен?» деген сұрақ әркімнің көкейіне ұялары сөзсіз. Сондықтан да, әңгіме осы күдікті айқындай түсу тұрғысында болмақ.
Шежіре Төлегетайдан Қытай туады десе, оған шүбә келтіру қиын. Көп шежірелер Төрт Төлегетайды Қытайдан таратады. Ал кейбір қатты күмәнданғандар төрт ұлды Төлегетайдан таратып, Қытайдың атын аттап кетеді. Мұның себебі – Төлегетайдың Қытай деген баласы болды деген анық дерек жоқ. Әр шежіреде әр түрлі айтылып жүргені – анығын біз білеміз дейтін адамдардың табылмағандығында деп ойлаймыз.
Барлық шежірелерді қотара бермей, олардың ішіндегі айдарлысы саналатынМ.Тынышбаевтың [128], Х.Арғынбаевтың [28] шежірелеріне үңілсек, Қытай аты мүлде аталмайды. Тек Қ.Халид [120, 58 бет] пен С.Аманжолов [26, 78-79 беттер] қана Төлегетайдан Қытай туады деп, кеңірек тоқталып кеткен.
2001 жылы Құлжа қаласында шыққан «Дөртуыл шежіресінде» [47, 6 бет] – Төлегетайдан – Қатай би делінген. Қатай биден Төрт Төлегетайды таратқан. Яғни, Қытайдың орнына Қатай биді атапты. Төлегетай неге төртеу екенін ашып айта алмапты. Сонда да болса бұл баспа бетінде тұңғыш рет атамыздың атының басқаша аталуы еді.
Қаракерей шежіресін жазуды қолға алып отырып, біз де жүз ойланып, мың толғандық. Найманның ой-қырдағы шежірешілерінен сұрау сұрап, ақыры Қытайдың Үрімжісінде тұратын, тегі Қаракерей – Қожамбет, жасы жетпістен асқан Алқарнай Ескендірұлымен телефон арқылы сөйлесіп, кейіннен хат та алысып, құнды деректерге ие болдым.
Алқарнай Ескендірұлының айтуынша, 1985-жылы Ыстамбұлда тұрған Ікірәм қажы: «Төлегетай мен зайыбы Сапурадан төрт ұл туған: Дөртуыл, Садыр, Матай және Қатай. Қатай жастай өліп, оның жас қалған ұлы Қаракерейді атасы Төлегетай бауырына салып, өз баласы деп өсіреді. Сонымен Қатайдың орнын Қаракерей басып, Төлегетайдың төрт ұлының бірі болып аталған. Қатайды қазір кейбір шежірелерде Қытай деп жаңылыс айтылып жүр. Бұл түзетілу керек» – депті. Осы сөзді сол жылы Ыстамбұлға барып, Ікірәм қажының үйінде бір апта жатып, әңгімесін, шежіресін өз аузынан естіп, Алқарнай Ескендірұлы жазып алыпты.
Анықтама: Ікірәм Маңғытайұлы, Қаракерейдің Қожамбет атасынан, Егізқара тармағы. 1900 жылы туып, 1988 жылы Ыстамбұлда қайтыс болған. Түркияға Қытай мемлекетінен ауған қазақтардың ұлы көшімен бірге барған. Алқарнайдың айтуынша шежіре, әңгімелерді жатқа айтып отырыпты. Менің қолымда Ікірәм қажының өз атасының шежіресі бар. Мұны қажекеңнің аузынан Алқарнай сызып алыпты.
Ал, шежіреге жүйрік, білгір, сұңғыла ақсақалдар Қатайдың атын ұмытпай айта жүріп, кейін Қатай Қытай атанып, ол тек Қаракерейдің ғана әкесі емес, бүкіл Төрт Төлегетайдың әкесіне айналып кеткен көрінеді.
Ой елегінен өткізсек, бұл деректің бұрынғы айтылып жүрген шежіреге ешқандай қайшылығы жоқ. Біріншіден: Қатай – Төлегетайдың баласы. Тек Қытайдың орнына Қатай деп білуіміз керек. Екіншіден: Қатай – Қаракерейдің әкесі. Бұл да ежелден белгілі дерек. Сонымен, мәлім болғаны – Қатай тек Қаракерейдің әкесі де, ал Төрт Төлегетай деп Дөртуыл, Садыр, Матай, Қатайды айтуымыз тиіс. Аты да ұйқасып тұр: Матай-Қатай. Меніңше, жүз жыл бұрын ел білген атамыздың атын өзіміз шатыстырып алғанбыз. Мүмкін орыс экспедициясы жазып алған шежірелерде бұрмаланып Қатайды Китай деп өзгертіп жіберді ме екен. Олардан Сәрсен Аманжоловтың және Қазақстанда шыққан басқа да кейбір шежірелерге қате кіріп кетпегеніне еш күмән жоқ.
Қорыта айтқанда, бұдан былай Төлегетайдан Қатай, одан Қаракерей деп тарататын боламыз. Енді кітаптың тақырыбына оралайық.
Бұл Найман атасына арналған шежірелер тобының кезекті кітабы. Найманды «Тоғыз таңбалы» десек, соның бір «таңбасы» деп Қаракерейді атап жүр. Қолыңыздағы шежіре осы атаның бір тармағы саналатын Байжігіттің баласы Мәмбетті таратады.
Қазақта: «Сүт сұрай келсең, ыдысыңды жасырма» – деген мақал бар. Соған орай, Найман шежіресін жазсам ба деген ойымды жасырмай, ол жөнінде өзімнің бұрынғы шыққан кітаптарымда да жазып едім. Ойлап қана қоймай, Найманның екі тармағын қамтып, Бура мен Терістаңбалы аталарының шежіресін шығардым да. Оның алдында кішірек екі атаның: Көнші мен Қараужасық атасының шежіресін де жинап, баспадан шығарып едім.
«Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» – демекші, жалғыз адамға бүкіл Найман атасын түбегейлі жазып шығу көк белес қиял ғой. Әйтсе де, шамам келгенше, Алланың берген сызығы біткенше еңбек істейін деген ойымнан тайған жоқпын.
Шығыс Қазақстан облысында тұратын найманның Саржомарт аталарын белгілі шежіреші Кітапбаев Бошай ағамыз зерттеп, кітап түрінде шығарып жүр [75], [76]. Биыл тағы бір басылымы жарық көріпті [77].
Тума мен Тоқпақ, Семіз Найман аталарының да келелі шежірелері шығып жатыр. Шежіре әлі де шығар еді, әттең деп білегін сыбанып жүрген туысқандарымыз да баршылық. Амал не, баспа ақысы қолдарын байлап отыр.
Ел көңілінен табылып, халықтың қалауына жараған шежіре шығарушыларға мың да бір рахмет! Ел аралағанда бұл алғысты бүкіл ұрпақтарынан естіп те жатамыз.
Ал біз болсақ, Найманның ең көлемді атасы – Қаракерейді қолға алып отырмыз.
Қаракерей де «Тоғыз таңбалы Найманның» бірі. Қазақ арасына кең тараған есім – Қаракерей Қабанбай батыр шыққан ата. Ел аралап жүріп, атамды сұрағанда: «Қаракереймін» – десем, сұраған жан: «Е, Қабанбай екенсің ғой» – дейді.
Қабанбайды білмейтін адам жоқ. «Қабанбай» – ел ұраны болған. Елдің еркіндігін сақтап қалуға бірден-бір себеп болған Қазақ батыры. Сондықтан да Қабанбай шыққан Байжігіт атасын халық қатты сыйлаған. Найман арасында Байжігіттің ұрпағына төрден орын беріліп, табақ бірінші тартылатын. Қазақта ондай қошемет Қаракерей атасына көрсетілген. Бұл туралы қазақ даласын аралаған саяхатшылар да өз күнделіктерінде жазып қалдырған.
Міне осындай құрметтің иесі Қабанбайдың атасына көрсетілген сый-сияпаттың дәстүрін бұзбай, Тоғыз таңбалы Найманның Қаракерей бөлімін Қабанбайдың атасы Байжігіттен, оның ішінде Мәмбеттен бастап отырмын.
Шынымды айтсам, Қаракерей атасының шежіресіне қалай кірісерімді білмей жүрексінген едім. Себебі, Қаракерей Найман ішінде ең өскен ата. Оның шежіресі де көлемді. Өзгесін айтпағанда, кезінде 17 болыс болған Мұрын атасының өзі қаншама.
«Атақты Қаракерей Қабанбай батыр шыққан Байыстың Байжігіт атасы да, Мұрынның қызынан туып, нағашы атасы Байыс ұлдарымен тең ұстап енші беруіне байланысты, 17 болыс Мұрынға қосылатын. Ол туралы ғұлама ғалымымыз Шоқан Уәлиханов та жазып кеткен. Байжігіттің Жұмығы – Маңырақ тауында, Тоғас – Тарбағатай тауының шығыс-теріскейінде, ал Мәмбет атасы – Тарбағатайдың оңтүстік етегінде Мақаншыдан Қытайға дейінгі жерлерде қоныстанған. «Байжігіт атасы кезінде Жайсаң уезінің Шілікті, Маңырақ, Хабар-асу, Теріс-айрық, Шорға болыстарында, Лепсі уезінің бүкіл батыс бөлігін және Жетісу облысы Қопал уезінің бір бөлігіне қоныстанған болатын» - [21, 99-102].
«Қытайдағы Байжігіт атасы бұрынғы кезден үш үкірдай (болыс) болыпты. Қазір де аз емес. 1955-1962 жылдары талай қандастарымыз Қытайдан Қазақстанға қайта өтсе де, әлі күні Төлегетай бабамыздың талай ұрпағы сонда тұрып жатыр»- «Терістаңбалы шежіресінде» [119, 519]. (Шаршы жақшаның ішінде тұрған бірінші сан «Пайдаланылған әдебиеттегі» кітаптың рет саны, екінші сан сол кітаптің ішінен алынған үзіндінің бетін көрсетеді).
«Шешінген судан тайынбастың» кебісін киіп, Мәмбет атасының шежіресіне кірістім. Бұл атаның баспадан шыққан шежіре кітаптары баршылық екен. Бірақ, әр кітап Мәмбеттің жеке бір атасын ғана таратып, басқаларын не мүлдем атамай, не ат үсті ғана тоқталып кеткен. Сондықтан болар, мен: «Мәмбеттіжинап жүрмін» – десем, елдің көбі: «Мәмбетті түгел жинау мүмкін емес, олар өте көп» – деп шындарын айтатын.
Тағы бір айта кететін жәйт. Баспадан қандай шежіре шықса да, қатесіз болмайды. Себебі әр адам өз атасын ғана анық біледі де, оның басқа бұтақтарын шала-шарпы таратады. Ол нұсқа сол күйінде шежіреге түсіп, қате таралым бір кітаптан екінші кітапқа көшіріліп жатады. Оны түзетудің жолы – ел аралап жүріп, осы атаның ұрпақтарымен кездесу. Бұл өте ауыр шаруа. Әрине, ауылың аралас, қойың қоралас болса бір сәрі. Ал, Мәмбет ұрпақтарынан бір мың шақырым қашықтықта тұратын мен сияқты адамға, қазіргі әлемдік дағдарыс пен қымбатшылық кезінде, ел аралап жүру оңайға түспейді.
Қытай мен Қазақстан шекарасы бөлінген кезде, Мәмбет атасының дені Қытай мемлекетінде қалып қойыпты. Кейін 1955-1962 жылдары Мақаншы маңына Қабанбайдың негізгі тұқымы келсе де, әлі күні біршама ұрпағы Қытайда қалған көрінеді. Осыған байланысты баспадан шыққан шежірелерді: Қазақстанда басылған және Қытай мемлекетінде араб әрпімен басылған деп екіге бөлуге болады. Монғолия мемлекетінде Байжігіт атасының ұрпақтары жоқтың қасы екен. Тек Өлгей қаласынан Жұмықтың бір ғана жанұясын кездестіріп, жазып алдым. Қобда бойында тұратын қазақтардың шежіресінен екі ата Жұмық тармағы табылды. Қытайдың Алтай жағында Зайсаннан барған Жұмық атасының ұрпағы бар. Жалпы, Жұмық атасы Мәмбет атасынан көп болмаса, аз емес деп ойлаймын.
Ал, кітап шығару үлкен қиындықтың бірі болып тұрғандықтан, баспадан шыққан шежірелердің таралымы өте шағын. Қолдан-қолға өтетін бұл кітаптарды тауып алу да оңай шаруа емес. Қолға түскен шежірелердің араб әрпімен жазылғандарын оқу – Қазақстанда ежелден тұратын, араб графикасын танымайтын біздер үшін, тағы бір қиямет-қайым. Амал жоқ, Ахмет Байтұрсыновтың әліппесін қолға алып, авторға қайтадан 1-ші класты оқуға тура келді. Ежіктеп оқып, қолыма түскен шежірелерді түгелдей сүзіп, кітапқа кіргіздім.
Міне, Мәмбет атасының шежіресі басқа аталарға қарағанда біраз қамтылған дедік. Бірақ, бөлек-бөлек кітаптарда жазылғандықтан, қайшылық-қателері де көп. Өз тәжірибеме сүйене отырып айтарым: шежірені бірнеше қайталап шығаратын болса, ұрпақтарының талқысына түсіп, келе-келе ақиқатқа жанасады. Мен осы әдіспен «Көнші», «Бура» шежірелерін төрт рет қайталап басып шығардым. Кейінгі басылымының көлемі, алғашқыға қарағанда 1,5 – 2 есе өсті. Енгізілген түзетулері мен қателері қаншама! Міне бұл, басылған бір ғана кітаптың сапасының қандай екенін көрсетеді.
Амал қанша, Мәмбеттің көлемді шежіресін шығарған: Мәулітқан Сейітханұлы [110],Тұрысбек Құдайбергенұлы [72] және Аманжан Жақыпов [45] ағаларымыз бұл дүниеден озып та кетіпті. Кезінде кездесіп, таныса алмай қалғаным өкінішті-ақ. Істеген еңбектерін Мәмбет ұрпағы ұмытпайды, үнемі жылы лебізбен айтысып отырады. Шежіре жазудың ауыртпалығы мен қиыншылығын түсінетін мен де соларға қосылып, абзал ағаларымыздың топырақтары торқа болсын деп, ұрпақтарына көңіл айтамын.
Қытай мемлекетінде шыққан екі кітап: Мұқаметқазы (Қази) Болтайқанұлының"Қазақ шежіресі" [36] және Солтан Шәкентайұлының "Байжігіт шежіресі" [131] жөнінде айтар болсақ, бұл кітаптардағы Мәмбет аталары Қазақстанда шыққан кітаптардың олқылығын толықтырып отыр. Себебі біз Қытай мемлекетінде тұратын қандастарымыздың егжей-тегжейін кезінде біле бермедік қой. Ал қазір жағдай басқаша.
Шәуешекте тұратын Қазидың телефонының нөмірін тауып алып, жиі-жиі сөйлесіп тұрамын. Қази соңғы тілдескенімде: «Қытай мемлекетінде ұсақ-ұсақ аталарға арналған шежірелер жиі шығып тұрады. Мәселен, қазір Жұмық атасының ұрпақтары өз аталарының шежірелерін шығарып жатыр. Қарақұрсақ атасын Үрімжіде тұратын бір ақсақал қолына алып еді, шамасы келмей жатыр-ау деймін, жасы да сексеннен асып кетіп еді» – деді. Қази – Жұмық атасынан. Өз кітабында Жұмық атасына кеңірек тоқталыпты. Қази шежіресінде Жұмыққа 160 беті, Тоғасқа 4 беті, Байжігітке 31 беті арналыпты. Кітап барлығы 592 беттен тұрады.


2009 жылдың сәуірінде Шәуешек қаласына барғанымда, Қази ақсақалға телефон шалып, сөйлестім. Өзі келіп жолығып, дайындап жатқан «Мәмбет шежіресінің» беташар данасын көріп, шын көңілімен қуанып, кітап шығарудағы басынан кешкен қиындықтарын айта отырды. Онымен қоса қаржы жағы да ауыр соғатынын тілге тиек ете келе, қолымнан келген көмегім деп, менің қарсы болғаныма қарамай, бір айлық зейнетақысының жартысын тастап кетті. Ақ ниетті ағамызға мың да бір рахмет! (Суретте Қази Болтайханұлы).
Ал, Солтан Шәкентайұлының шежіресінде: Тоғас 3 бетте, Жұмық 41 бетте және Мәмбет 100 бетте таратылған көрінеді.
Жоғарыда аты аталған бес шежіренің басын қосып, қайталанған таралымдардың тек бір ғана нұсқасын таңдап алу керек болды. Оның үстіне ұрпақтарының айтқан шежірелерін де қалыс қалдыруға болмайды. Міне осындай қыруар материалды ой елегімнен өткізіп, жылнама кестесіне сәйкестендіріп, таратып, Мәмбеттің жаңа толық шежіресін назарларыңызға ұсынып отырмын. Толық деп айтуым да салыстырмалы. Бұл дәл бүгінгі таңдағы толық шежіре. Әлі де болса қалып қойған аталар бар. Оларды кітаптың келесі толықтырылып шығарылатын басылымына енгіземіз. Әйтсе де бұл шежіреде бұрын мүлде тыс қалған, көпшілік біле бермейтін бірнеше аталардың (соның бірі – Сопақ атасы) шежіресі бар. Сопақ шежіресін Аягөзде тұратын ақын, молда Лен ақсақалдың өлең кітабынан алдым.
Ата-тармағын таба алмай жүрген Есір атасының шежіресін, оның ұрпақтарын Мақаншы, Қаратал, Қарабұлақ, Жарбұлақ, Ақшоқы ауылдарынан тауып, құрастырдым. Мұның ішінде, осы уақытқа дейін ешкім кездестіре алмай жүрген Сопақтың бір баласы – Қабанбай батырдың қасынан қалмай жүретін атқосшысы, жауға бірге шабар үзеңгілес досы – Шағалақ батырдың ұрпағы да бар. Бұл кездесуімнің маңызы өте зор болды. Себебі соңғы кезде кейбір шежірешілер: «Шағалақ батыр Сопақтың баласы емес, Саржомарттан шыққан. Егер ол шын Мәмбет болса, ұрпақтарын неге іздеп тауып, Мәмбетке тіркемейсіңдер?» - деген сөз де шығып жүрді. Сол Шағалақтың ұрпағына Мақаншыдан 30-40 шақырым жердегі Көктерек (бұрынғы Мирный) деп аталатын ауылда кезіктім. Бұлар осы Сопақ атасынан шыққан Шағалақтың ағасы Ақтамбердінің тұқымы – Рахымбай қажымен бірге 1962 жылғы дүрбелеңде Қытайдан қашып келіпті. Қытайда Дөрбілжің маңында тұратын Шағалақтың тағы да бір атасын сол елде 1998 жылы шыққан Қазидың шежіресінен таптым. Сонымен Шағалақ атасы Сопаққа жататындығы жөнінде ұрпақтарының өз аузынан естігендіктен, оның күмәнсіз екендігіне шүбә келтірмеймін. Ал, осы уақытқа дейін Шағалақ атасының күмән туғызғандығы – шежіре-тарих жазушылардың аса мұқият іздемегендігінен деп санаймын. Әйтпесе, шежіреші авторлардың барлығы дерлік Мақаншы ауылынан шыққандар. Осы ауылға сан келіп жүрген адамдар. Сұрастыра түссе – Шағалақ ұрпағы табылатын жерде екен.
Сонымен, Саржомартта Шағалақ жоқ деп мен айта алмаймын. Қазақта аттас адам кездесе береді. Саржомартта да Шағалақ бар шығар, бірақ Қабанбай батырдың атқосшысы болған Шағалақ – Сопақтың баласы дер едім.
Шежірешілердің назарынан тыс қалып жүрген тағы бір аталар – Өмір мен Есір. Бұл аталарды да әдейілеп іздеп, ұрпақтарынан білгенін жазып алып, біршамаға дейін тараттым. Жалпы, кітаптың құндылығы жөнінде бағаны оқырман қауым өзі бере жатар деген ниеттемін. Әркім «өзі шыққан төбесінің биік болғанын қалайды» емес пе?!
Есір атасының әкесі туралы әрқилы дерек бар. Алайда мен Балқаш Бафиннің, Солтан Шәкентайұлының жазба шежірелерін негізге ала отырып, бұл атаны Күшіктен тараттым. Өз ұрпақтарынан анық шежіре шықпады.
2009 жылдың көктемінде Қытай мемлекетіне барып, бір айдай жүріп қайттым. Ол жерде Мәмбет атасы баршылық екені жоғарыда айтылды да. Осы атаның зиялы ұрпақтары аздаған топ құрып, «Мәмбет шежіресін» қолға алып, шығарғалы жатқан көрінеді. Бірен-саран құрылтайшыларымен кездесіп, жұмыстарына ақ тілек айттым. Өздері дайындап жатқан соң, Қытайдағы Мәмбет атасын толықтырудан бас тарттым. Қажетті материалды пысықтап, жинап алғанға ұқсайды. Қандай шежіре болмасын, жарық көргені – игі іс, ұрпаққа таптырмайтын олжа. Барлығы ұрпақ үшін керек құрал ғой.
Енді бірер сөз Қарақұрсақ жайлы айта кетсек. Бізге жеткен аңыз-әңгімеде Қарақұрсақты Байжігіттің бір баласына жатқызады. Шапқыншылық заманда бүкіл ауылын жау шауып, төңкерулі қазан астында қарыны қара күйе болған бір бала ғана тірі қалыпты. Содан, ол бала Мәмбеттің тәрбиесінде болып, «Қарақұрсақ» атымен бізге белгілі болыпты. Бұл ата өспеген, шоғырланып қоныстанбаған ба екен, қазір ұрпағы әр-әр жерден кездеседі. Толық шежіресі жоқ, ал қолда бары әлі де болса анықтай түсуді қажет етеді. Сондықтан да Қарақұрсақ атасы бұл кітапқа әзірше кірмей отыр. Сәті түсіп, келешекте Мәмбет атасының келесі екі томдық шежіресін шығаратын болсақ, Қарақұрсақ атасы оған дейін толықтырылып, сол шежіреге енуі әбден мүмкін.
P.S. (2011-жылы Қытай мемлекетінде «Мәмбет шежіресі» шығыпты. Соның ішінде Қарақұрсақ шежіресі бар дейді. Және де, Аякөз қаласынан да «Қарақұрсақ шежіресі» шығыпты. Маған арналған бұл кітаптар басқа қалаларда жатыр. Алла жазып қолыма тисе, бір іске жарап, Мәмбет атасының шежіресі толықтырылып қайта шығар деп ойлаймын).

Кіріспе
(Қожамбет шежіресіне)

Қаракерейдің Қожамбет атасы осыдан жүз жыл бұрын сол кездегі Семей облысының Жайсаң, Өскемен уездерінде және Қытай, Монғолия мен Түркия мемлекеттерінде мекен еткен. Негізі, ата қонысы жөнінде әңгіме қозғағанда тек Кеңес дәуіріне дейінгі кезеңді тілге тиек етеді. Себебі, Қазақстан халқы, әсіресе Ұлы Отан соғысынан кейін, өзара араласып, елдің түкпір-түкпіріне тарап кетті.
Қожамбет атасының қонысын оңтүстігі мен батысында – Ертіс өзені, Жайсаң көлі, Қара Ертіс өзені, шығысында – Қытай мемлекеті, ал солтүстігінде – Алтай тауы қоршап жатыр.
Жер жағдайына байланысты шығар, Қожамбет руының көршілес рулармен ара-қатынасы ежелден сапырылысып жатпағанға саяды. Әрине, Ертіс өзені арқылы арлы-берлі өткізетін паром әр кезде болған. Потанин 1864 жылы Марқа өңіріне барғанында Тана мырзаның екі паромы болғанын сөз етеді. Бірақ, сауда-саттық, болмаса басқа да мұқтаждық тумаса, ақылы пароммен мал-жанды өткізу тиімсіз шаруа болар еді.
И.Сиверс [118] күнделігіндегі: «Қазақтың малы Ертіс секілді өзендерден өтуге машық екен», – деген сөздерден көшпенді Қазаққа судың да аса бөгет бола алмағанын көруге болады.
Әйтсе де, жол қатынасының қиындығы, жайылым жағдайы Марқа өңіріндегі қазақтардың көршілес Қытай мемлекетіне жиірек қатынасуына себеп болды. Бастарына күн туып, алғашында патшалық Ресейдің, кейін келе Кеңес үкіметінің қыспағына шыдамаған қандастарымыздың бірсыпырасы «арғы бет» асып, сол жақта өсіп-өніп жатыр. Ұжымдастыру (коллективтендіру) салдарынан ашаршылыққа ұшыраған кезде де, Кеңес шекарашыларының қарша боратқан оғына қарамастан, мал-жанын сауғалап, тағы Қытайға жосылды. Сол кеткендердің ішінде Қожамбет атасының көптеген отбасылары бар екендігіне осы шежірені жазу барысында көзім жетті. Аса күйзеліспен атадан балаға жеткен естелік әңгімелерін, шекарадан өткенде кейбір ауыл адамдарының сатқындылығынан айырылып қалған бала-шаға мен туыстары туралы айта отырып, сол жансыз-қарабеттердің опасыздығына лағнаттарын да жаудырып жатты.
Кеңес кезінде Марқа өңірі шекараға жақын болғандықтан, айрықша шекаралық ережеге бағынған. Шекара маңындағы ауылдарға кіру үшін, ол кезде сақшылардан ерекше рұқсат қағаз (пропуск) алу керек еді. Бейсауат адам бұл жаққа қатынай бермеген. Оның үстіне, халық арасында жансыз тыңшылар да болыпты. Ал ата-тегін қуалап тарату, рулық, немесе діни әңгімелер айту – ескілікті, Патша үкіметін аңсау деп табылатын болған соң, бала-шағаның болашағы үшін, тек бұл өңірде ғана емес, бүкіл Қазақстан жерінде тұратын ақсақалдар заманына қарай байқап сөйлейтін болған.
Шекараға таяу тұратын байлар мен ескіше хат танып, сауатты деп саналатын моллалар аумалы-төкпелі заманда Монғолия, Ресей, Қытайға ауып кетіп, ал елде қалған қарапайым халық ашаршылық пен қуғын-сүргіннен бас көтере алмай, «байтал тұр ғой бас қайғы болып» дегендей, әкесінің атын ұмытуға таяу қалған. Ата-тегіңді айта бастасаң, «түбінен бай немесе моллалардың аты, болмаса шет мемлекетке кеткен туыстардың аты шығып қала ма?» деген қауіп тағы бар. Ол тек қауіп қана емес, талай адам түрмеге қамалып, талай адамның құрбан болғанын осы шежіреден көресіз де.
Шет мемлекетте туысы бар жандарға ала көзбен қарап, сенімсіздік танытатын заманда «Қытайға бәленше туысым кетіп еді...» - деу, аңғалдық болар еді. Міне осының салдарынан, Марқакөл ауданын мекен еткен Қожамбет атасының ұрпақтары шежіреден бойларын аулақ ұстап, Қытай, Монғолия, Түркияға тарыша бытыраған туыстарынан айрылып, олардың ізін суытып алады. Осы себептермен де болу керек, бұл өңірдің адамдары ата-текке аса ден қоймай, оған көп қызығушылық таныта қоймаған іспетті. Оған дәлел – Кеңес кезінде жиналған бір де бір көлемді шежіренің кездеспегені. Бүгіннің өзінде де көзі тірі ауыл ақсақалдары ата-тегін жарытып таратып бере алмайды. Бірақ, «Қожамбет атасының шежіресі мүлде ұмытылған екен» – дегеннен аулақпыз.
Тұңғыш рет Қожамбет атасының таралымын 1899 жылы жүргізілген Щербина экспедициясының мүшелері жазып алып, баспадан шыққан еңбектеріне енгізіпті. Оның өзі жарты-ақ бет қағазға басылған тек аталардың аттарынан ғана тұрады (қосымшада көресіз). Осыған қарап, бұл атаның ұрпағы кезінде де ата-тектерін аса ажырата алмаған ба деп ойлаймын. Щербина кітабына кірмегендіктен болар, Қожамбет атасы 1925 жылы шыққан М.Тынышбаевтың шежіресінен [124] деқалыс қалыпты.
Қожамбет атасы хақында баспа бетін көргенкелесі еңбек – Әлкей Марғұланның 1930 жылы басылып шыққан шежіресі. 1927 жылы Кеңес Одағының Алтайға жіберген Антропологиялық экспедициясының мүшесі, ол кезде аспирант, Ә.Марғұлан Алтайда тұратын Найман атасының ата-тек шежіресін жазып алып, Кеңес Одағы Ғылым академиясының Ленинградтағы бөлімінің баспасынан «Наймандар» деген атпен шығарыпты [87]. Міне осы шежірені ғана Қожамбет атасының тұңғыш таралымы деп айта аламыз. Сол кезде көзі тірі ақсақалдардан жазылып алынған бұл шежіре, кейін осы өңірдің шежіресін жазған Бошай Кітапбаев ағамыздың шежіресіне де арқау болыпты [82]. Еліміз егемендігін алған соң, ұлт дәстүрін орнына келтіреміз деп, белсене кіріскен қазақ зиялыларының бірі – Бошекеңнің бұл еңбегі Шығыс өңіріндегі наймандардың шежіреге сауатын ашуға зор еңбегін сіңірді. Әрине, заман өзгере келе, келген ұрпақтың өмірге көзқарасы, талабы да өзгереді. Бұрын шыққан кітаптардың олпы-солпысы да анығырақ көріне бастайды. Әйтсе де, Бошекеңнің еңбегі өз міндетін атқарды деп санаймын. «Біз шежіреден қалып қойыппыз» – деп шулап жүргендер де баршылық, бірақ дәл 1994 жылы шағын ғана екі кітапшаға бүкіл Шығыс өңірінің наймандарын сыйғызу мүмкін емес еді. Бошекең өткен жылы ғана бұрынғы шығарған кітаптарын өңдеп, бірінші томын қайта басып шығарды. Ұлы Жеңістің 65 жылдығымен құттықтап, телефон шалғанымда: «Екінші томы да жуық арада жарық көреді» – деді ардагер-батыр ағамыз.
Баспа бетінен кітап болып шыққан келесі шежіре – Әділхан Сыдықұлы мен Жамбыл Туғанбай ұлының «Жарболды шежіресі» [117]. Бұл ҚХР-дағы «Мұра» қазақ редакциясынан 2003 жылы жеке кітап боп шыққан басылым.
Ақиқатқа жүгінсек, біздің егемен Қазақстаннан гөрі, Қытай мемлекетіндегі қазақ диаспорасының шығарып жатқан шежірелері басым секілді. Абақ Керейдің он екі атасының әрқайсысына арналған шежірелерінен басқа да, Найман атасының әр буынын талдап шығарып жатқан кітаптары мол екен. Оның ішінде, Матайдың Қызай атасы әр буындарын жеке-жеке кітап түрінде шығарған көрінеді.Амал қанша, бұл кітаптарға тек Қытай мемлекетінің ішінде ғана таратуға рұқсат берілген. Біздің елге олар еркін жете бермейді. Жете қалған жағдайда да, бұл шежірелер араб әрпімен басылғандықтан,біздің тісіміз батыңқырамайды. Әйтсе де, өз басым Ахмет Байтұрсыновтың әліппесін меңгеріп, араб әрпімен жазылған осы кітаптарды оқуға мүмкіндік алдым. Соның нәтижесінде, Қытай мемлекетінде шыққан біршама шежіре-кітаптардан өз шежіреме бірсыпыра мағлұматтар енгіздім. Ал Қытайда мекен ететін Қожамбеттің басқа аталары өз шежірелерін әлі шығара қоймапты. Аздаған қолжазба түрінде шыққандары бар секілді, бірақ толыққанды кітап болып баспадан шықпаған. Оның есесіне, Жарболды шежіресін толықтырып қайта шығарамыз деушілер бар екен.
Осы шежіредегі «Шежірелер алқасына» келер болсақ, кітапқа қосқан үлесі жағынан, аты аталған шежірешілерден басқа, Тұрғатай мен Бекболат Дәрібаевтар көзге түседі. Тұрғатай марқұм, көзі тірісінде, Қожамбеттің, оның ішінде өз атасы Сырымбеттің шежіресін жинап, баспадан шығара алмай кетіпті. Бірақ інісі Бекболатқа аманат етіп, қолжазбасын қалдырып кеткен екен. Бекең кейінгі кезде ағасының аманатымен сол істі қолға алып, қолжазбаларды толықтырып жүр. Жеке кітап етіп шығару да ойында бар. Осы шежіренің шығуына ұйытқы болып жүргендер – Сырымбет атасының ұрпақтары болғандықтан, Бекең сол қолжазбаның көшірмесін маған да берді. Бұрыннан басшылық қызметтерде болып, әлі де ата-жұрттан қол үзбей араласып жүрген Бекең, ағасының шежіресін біршама толықтырған екен. Авторлық құқығын сақтап, аталмыш қолжазбадан осы кітапқа алынған әрбір жолды «Шежірелер алқасындағы» сәйкес реттік нөмірімен көрсетіп отырдым. Жалпы, тек Дәрібаевтардың ғана емес, шежіреге үлес қосып, еңбегі кірген әр адамның аты аталады. Оны «Шежірелер алқасы» деген бөлімнен оқисыз. Бұл жерде тек Қожамбет шежіресін жинаған негізгі шежірешілерді ғана атап отырмын.
2009 жылдың соңында Мешелева Мәкен апайдың көлемді кітабы Өскеменнен жарық көріпті. Үйіне барып, отбасымен танысып, бір кітабын сатып алдым. Әйел адамның қазіргі «дағдарыс» атты алапат заманда үй-үйді аралап шежіре жинауы, кітап шығаруы елеулі көңіл бөлерлік, азаматтарға үлгі боларлық игі іс. Бұл кітаптың Қожамбет атасына қатысты жерлерімен танысып, керегін алып, шежіреме енгіздім. Кітаптың 200 беті Қожамбет шежіресін таратқан екен. Оның дені менде бар болып шықты. Жоқ жерлерін шежіренің әр тұсына кіргіздім. Жұмыс үстінде байқағаным, бұл кітаптағы басқа аталарды білмеймін, ал Қожамбет шежіресінде ағаттық көп екен. Біріншіден, онымен өзім де жиі кездесіп жүремін, айтушының өзі өз атасын анық білмеуінен. Сондықтан автор айтушының атасын өз күшімен іздеп, кей кездеаталарын шатыстырып жібереді. Екінші қателердің тобы, ата, адам аттары қайталанып, кей кезде бір ата қатарынан әртүрлі тармаққа жазылып кетуінде. Ол шежірені мұқият тексермегендіктен кететін ағаттық. Ондай кемшіліктердің неғұрлым аз болғаны абзал еді. Амал жоқ, ондай жағдай көптеген шежірелерде кездесіп отырады. Одан менің шежірелерім де құр алақан емес болар. Шежіреде кеткен қателіктің зиянды жері, ол әбестік осы шежірені қолданған авторлар арқылы келесі кітаптарға да көшіп, халық арасында қалыптасып қалады. Осындай кемшіліктеріне қарамастан, Мәкен апайдың кітабы да жас ұрпаққа өз пайдасын тигізер деп санаймын.
Міне, Қожамбет атасының арқа сүйердей негіз болған шежірелер осылар еді. Жоғарыдағы аттары аталған еңбектерді Қытай, Монғолия және Түркияда тұратын ұрпақтардың шежіресімен ұштастырып, кейде телефон арқылы, кей кезде өздерімен кездесіп, ауызба-ауыз сөйлесіп, толықтырып отырдым. Осындай қыруар жұмыстың арқасында, бұрын-соңды мұндай көлемді шежіресі жиналмаған Қожамбет атасының барлық тармағы бір шаңырақтың астынан табылатын болып шықты. Сонымен, аумалы-төкпелі заманда бірін-бірін жоғалтып, іздеп жүрген талай туыстардың аттары табылып, бір-бірімен қауыша жатар деген сенімдемін.
Шежіре Күршім бұрынғы Марқакөл аудандарының ауылдарынан әдейілеп жиналып, Өскемен, Семей, Алматы, Астана қалаларына дейін қамтыды. Қаладан танымайтын адамды тек атасының атымен іздеу мүмкін емес. Сондықтан қалада тұратын ұрпақтар таныстары арқылы ғана табылып отырды. Әлі де болса қалыс қалғандары аз емес болар.
Шежіре болған соң аңыз-әңгімесіз болмайды. Шежіре тарату барысында ел аузындағы әңгімелер, түрлі мәліметтер тиісті адамдардың тұсына жазылып отырды. Ал, бұрын баспа бетін көрген деректі әңгімелер кітаптың соңғы бөліміне қосымша ретінде енгізілді. Оның ішінде ерекше ауызға аларлық құжаттар: И.Сиверстің 1793 жылы Қожамбет ауылында Сырымбет бидің үйінде 10 күн болғанда жазған күнделігі, Потаниннің 1864 жылы Марқакөлге саяхаты, 1899 жылы жазылып алынған Щербина экспедициясының қорытындысы, Қытай мемлекетінде шыққан «Жарболды шежіресінен» алынған аңыз-әңгімелер, т.с.с. көптеген қызғылықты мәліметтер табасыз. Жалпы, осы шежірені жазу үстінде мыңдаған адамдармен сұхбаттасып, жүзден аса тарихи кітаптар пайдаланылды.
Осы кітаптың өмірге келуіне ат салысып, ақ ниетімен ақжол тілеген Қожамбеттің барлық ұрпағын шежірелеріңнің шығуымен құттықтаймын! Бұл шежіре бәріміздің жемісіміз, енді ұрпақтың азығы болсын.
Павлодар қаласы, 2010 жылы.

Шежіре шертпесі.
(Саты шежіресіне "Алғы сөз" орнына)

Мынау жарық дүниенің дидарына кім келіп, кім кетпеді... Шыр етіп өмірге келіп, еңбектеп бастап ержетіп, ащы мен тәтті, жаман мен жақсыны сезіп, көрінгенге еріп, көрмегенді көріп, шым-шытырық күн кешіп жүріп, не тындыра алмай, не тындырғаныңды білдіре алмай басқан із, көшкен жұртқа қайта бұрылып бір қарауға шамаң жоқ, көзден нұр, көкейден жыр тайып, өзің қартайып, есіктен қарар ел, еңкеймеден жазылар бел қалмай, енді өлмектен басқа амал жоқ болғанда, шыбын жаның әлі де кеудеңде тұрғанда «қош» деп қолын ұстауға, «артық-кемімді кешір, ұрпағымды өсір» деп аманатыңды артуға артыңда қалқайып, қалып бара жатқан балаңды шақырасың алдымен.
Одан соң егер бар болса,
Ағаң келер аңқылдап,
Інің келер қоңқылап.
Не боларын біле алмай,
Не өзіңді қия алмай,
Қарындас тұрар солқылдап.
Одан әрі қаптаған қалың туыс, Шығыс Барқытбелдің арғы мен бергі беті, Тарбағатй-Маңырақ, Сайқан менен Сауырында соңғы үш ғасырдан бері кіндік кесіп, кір жуып отырған алты Жұмық бес Сатының алды сегіз атадан асып құда-жекжат болып кеткен, арты әлі қыз алысып, қыз берісетін жеті атаға жетпей жақын туыс боп жүрген әр ата балаларының көген көздерін шырамытқанда, шідеріңді үзгендей қол-аяғың созылып үздігіп жүре берерсің... Санаңа сол сәтте өзіңнің атаң, не әжең, не әкең мен шешең, жетім өссең немерелес жақының, не нағашың келіп соңымнан ер деп ұмсына қолын соза берер ме... Сонда, мынау жалған дүниеде сені мен менің көрген бар жарығымыз - «қоңыр күйім, ендеше қоңыр күйім, ор қояндай орғыған қайран күнімізді»

(халық әнінен) мен тек қазақта ғана шертілетін бір ғана шертпе күйге теңер едім. Өйткені қазақтың бар болмысы, бар тағдыры мен ар-намысы, өткені мен кешкені, көрген түстей тірлігінің өзі, ата-бабасының көзі осынау бір ғана шертпе күйдің шанағына сиып тұрғандай көрінеді маған. Ол күйдің аты - толғай тартылған әуені көбіңіздің көкейіңізде жүрген - «Кертолғау». Ал шерткен күйші-шежіреші - орыны толмаған аталарды компьютерден іздеп табатын программист ғалым Мүсәйіп Қыдырқанұлы. Орайы келген соң өздеріңізбен таныстыра кетейін, бәйжігіттің мұрыны Мүсәйіп інім 1944 мешін жылы Семей облысының Көкпекті ауданындағы Тассай ауылында дүниеге келген. Әкесі Қыдырқан төрт ағайынды болған, солардан қалған жалғыз ұрпақ өзі мен балалары ғана. Бұған да тәубе дейміз, өйткені, тебірене тыңдап отырсаңыз «кертолғаудың» әр қайырмасындағы бір күрсініс, бір күйініштің соңында үстіңгі ішектің бойымен жоғары жорғалай өрлеп, ширықпадан шығарып жаныңды жайма-шуақ жайылманың көкмайсасына жетелеген бір тәубе тұстары бар. Мұны мен кеңестік қызыл үкімнің қолындағы күнкөрісін тартып алып қазақтарды қасақана аштықпен қырған, одан қуғын-сүргінге салған қиянатынан кейін, тіптен, жаһанды жалмаған алапат соғыстан да аман қалған қазақ аталарымыздың бүгінде үзілмей түтінін түзу шығарып отырған киелі қарашаңырағы, солардың шежіресі деп білем. Солардың бірі әкесі Қыдырқаннан Мүсәйіп алты жасында қалды. «Шешелі жетім ерке жетім, шешесіз жетім шын жетім» деп анасы оған жетімдіктің тауқыметін тартқызбай өсірді, Қатарынан қалтырмай Алматыдағы қазақтың жалғыз университетінде оқытып, ғылыми зерттеуші-математик атағын алып шығарды. Сондықтан да анасы «Шекен мен Солтан ағасы және Зейнеп жеңгесіне біздің шежірешіміз өмір бойы қарыздармын» депті автор.
«Тарихқа көз салу- жүрекке ине шаншумен бірдей» депті неміс ғалымы Людвиг Фейербах. Ал шежіре дегеніміз Тарих ғылымының бір тармағы. Сол тармақтың тіреуіне еврей ұлты анасын қойған. Ал біздің шежіреміз атадан таралады. Соның өзінде шежіреге тіреу болмаса да сүйеу болып ел билеген, ұлттың ұйтқысы болған Мұрын, Қызай сияқты киелі аналарымыз қаншама! Атам заманғы Тұмарханымнан бастап олар қазақ шежіресінің әр тайпа, әр руында тұнып тұр. Мүсәйіптің анасы Шекен шешеміз де сондай бір киелінің өзі болмаса да көзі деп білем мен. Және қазақ әйелдеріне тән ұлағат пен ұстамдылық қасиет қазақтың барша аналарының басынан кетпеген. Оған мысалға арыға бармай –ақ, осы Шекен анамыздың келіні, Мүсәйіптің қосағы математик ғалым Тоқан Қойбағарқызын атар едім. Мүсәйіп пен Тоқанның Бауыржан мен Сабыржандай екі ұлы ата-ананың жолын қуып Новосібір мемлекеттік университетінің математика факультетін, қыздары Әсел Абылайхан атындағы Қазақтың мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін тәмамдаған. Ал әкесі Мүсәйіптің шежіреші болуына асатыдан келген ажалымен «кертолғаудың» күйіндей өкіндіріп, өмірден жастай кеткен Бауыржан себепші болды. «Алдымен ата-тегімізді тауып алайық» деп әкесін қолқалап, оған қолға еркін түсе бермейтін Л. Гумилев, Н. Бичурин сияқты ғұлама тархшылардың кітаптарын жинап берген де сол ұлы Бауыржан еді.. «Алдымен ата тегімізді тауып алайық» деген осы ойдан тағы бір тәубеміз шығады. Үш ғасыр бойы ұлтты удай іріткен отарлықтың ойраны өз алдына, әсіресе соңғы қанды ғасырда қамшысын үйіріп, қайыстың орнына халыққа темір ноқта кигізген кеңестің кезі шежіре тұрмақ, «қазақта тарих жоқ, мүлдем болмаған» деп өзіңнің қазақ деген ұлт екеніңді қасақана ұмыттыра жаздады. Қариялары аштан қырылып, не ойға-қырға қашып құрыған соң кейінгі жастардың 70 жыл бойына ата-тек шежіресінен мүлдем мақұрым қалғаны рас. Сол мәңгүрттіктен соң өзіңді танудың ең төте жолы шежіреге бет қоюымыздың бір үлгісін қазір тәуелсіздігіміздің мән-маңызы мен рухын жан-тәнімен түйсініп, атасын тануға аңсары ауған Бауыржан сияқты бұла жастарымыздың құлашты құлшынысынан көріп отырмыз. Бұл және жаңа серпілген жаппай құбылыс болды, қазір оның жолы ашық, жұлдызы жанып тұр. Демек, ендігі шежіре «кертолғаудан» гөрі арнасы арқыраған «кең толғау» болары хақ. Оның да мысалын осы бір ғана отбасы - біздің шежіреші- күйшіміздің шертпелерінен көреміз. Бұл шаруаны Мүсәйіп 2002 жылдан бастап, биыл қолыңызға тиіп отырған осы «Саты шежіресімен» қоса 10 кітап шығарып отыр. Сол Бауыржан ұлының өсиетіндей болған «Көнші шежіресін» 2004 жылы 280 беттік кітап етіп шығарды. 2005 жылы Бауыржан ұлының нағашысы «Бура» атасының шежіресін жинады. Бұл шежіре кейіннен бес рет басылып шықты. «Қарау-Жасық» шежіресі 2006 жылы, «Терістаңбалы шежіресі» 2008 жылы, «Қаракерей» шежіресінің 1-томы «Байжігіт-Мәмбет шежіресі» 2009 жылы, ал 2-ші және 3- томдары –«Қожамбет шежіресі» 2010 жылы жарық көрді. 2011-жылы Өскеменде тұратын інісі Айбар Солтанұлымен екеуі Ұлы Отан соғысының ардагері, жерлес, әрі туысы марқұм Тоқтар Кәргенұлының «Өлеңдер» жинағын топтап, ол жерлестерінің естеліктерімен толығып өз ауылы – бүкіл Қарағанды-көлдің тарихына келіп ұштасты.
Қазіргі таңда қазақ жұртының тегіс бәрінде болмаса да көбінің киелі төрінде өз ата-тегінің қастерлі шежіресі сақтаулы тұр десек артық айтқандық болмасс. Алайда сол шежірелердің көбі «анадан-анау, мынадан - мынау» дегендей қарадүрсін жадағайлау жазылған. Кейбірі, мысалы «Бағаналы-Балталы» шежіресі әр ру аталарының анықтама көрсетпесі жазылған арнайы бетке сілтеме жасап оны тауып оқуға, іздеуге сәл қиындық туғызады. Ал өзі математик болған соң Мүсәйіп шежіренің түзім формасына фотосуреттер мен аңыз-әңгімелерді қосу өз алдына, түсінуге, оқуға да оңтайлы, әрі шежіре туралы туындайтын кейбір келелі мәселелерді де қамтыған өз жаңалығын қосқан. Оның біріншісі «Шежіре жинағандардың тізімі». Мен осы тізімнен өзім білетін екі адамның Мүсәйіп жинаған шежіреге қалай қатысты болатынын айта кетейін. Ол үшін төмендегі тізімге көз салыңыз (12-беттегі «Шежірелер алқасын» қараңыз).
Өзімнің көзім көрген, әкемнің інісі Серғалиды ескіше оқытып, әптиек аудартқан, Жетаралдың бастауыш мектебінде Жұмағазыдан бастап оның балаларын оқытқан, Сұлтанмахмут Торайғыровтың шәкірті болған, Тарбағатай ауданында тұңғыш рет Ленин орденін алған ұстаз-ата Смағзам Шомбиннің ұлы Қабікен екеуіміз бір сыныпта оқыдық. Сол кездің өзінде (бұл 1956-жыл) қария шау тартып қалған, шашын тықырлап ұстарамен алдыртқан, жұмсақ сөйлейтін биязы үнді, денелі адам еді. Ол кезде біз шежіренің не екенін де білмейміз, әкеміз екеуі өткен-кеткенді айтып жиі әңгімелесіп отыратын-ды. Енді міне, Смағзам шежіресі халқының қажетіне жарады. Тізімдегі бірінш баған - жақша ішіндегі рет саны әр шежірешінің анықтамасы. Мысалы шежіредегі әрбір жол осы [х] белгісімен басталады. Демек бұл белгі шежіредегі әр адамның аты, ал ол [5]-тен кейін аты жазылған Смағзам атаның шежіресінен алынғанын көрсетеді. Ал үшінші бағанда шежірешіден алынған жол саны көрсетілген, төртінші бағанда сол жолдардың бүкіл шежіреге шаққандағы үлес пайызы бар. Осының бәрі әр шежіреші - автордың құқығын қорғайды, сонымен қатар аталған аталар, жеке адамдар жөнінде хабарласып, қажет болса қосымша мәлімет алуға мүмкіндік береді. Екінші адам Манап Әутенұлы сүйегі Дәулетбай, Қытайдың Шыңжаңында, Дөрбілжіңде тұрады. «Саты-Дәулетбай» шежіресін жинап жүріп, Алматыға жол түскенде біздің үйде жолыққанбыз.
Мүсәйіп Қыдырқанұлы шежірешінің екінші жаңалығы кезінде Тарбағатайдың арғы бетіне ауған қалың Жұмық елінің соңғы кезде ол жақта жаппай көптеп шығарылып жатқан шежірелерін жинап, оларды өз шежіресіне қосқанында. Отарлық саясаттың ойранынан кезінде қосбасты самұрық пен аждаһаның аузы алдында арбалып жүрген қазақ елін бір бауырды ортасынан қақ тіліп екіге бөлгендей, бір таудың қос қапталын тұтас жайлап жатқан бір ел, бір ру, бір атаның ұлдарын Орыс-Қытай арасындағы 1881-жылғы шекара келісімі еңіретіп екіге бөлді. Содан бергі қилы көштердің бәрі шежіреге кері әсерін тигізгені өз алдына, қазіргідей бейбіт заманда қытайдағы Жұмық жұртының шежіресінен Қазақстандағы аталас туыстары көбіне аталмай қалып отырды. Ал Ахмет Байтұрсынұлының әліппесін өз бетімен үйренген Мүсәйіп сол екі жартыны бір бүтін етіп, жұмық елінің біртұтас толық шежіресін жасауға талмай еңбек етіп жүр. Қолдарыңызға тиген «Саты шежіресінде» Манап Әутенұлының қытайда шыққан «Саты шежіресінен» 1828 жол алынып, оның бұл шежіренің 8,8 пайызын құрағаны осы талпыныстың дәлелі.
Мүсәйіп шежірешінің үшінші жаңалығы өз шежіресіне енген адамдардың анықтап отырып жарық дүниеде өмір сүрген жылдарын кіргізуі. Айталық, Найман атаның ұрпағы Домбауылдан басталғанда қазір 31- буын екенбіз. Шежіреші Мүсәйіп сол 31 буынның жасын әр атаға орта есппен 30 жылдан бөлген. Әр буынның ерте туып, кеш үйленгені, немесе, кеш туып ерте кеткені тәрізді ауытқыларын қоса есептегенде шежірешінің осы ұстамы әзірге көбіне тұспа - тұс сай келіп отыр. Шежірені оқығанда бұған көңіл сеніп, көздеріңіз жетеді.
Енді төртінші жаңалыққа келейік, және менің ойымша бұл жаңалық шежіренің өзіне бұлтартпас ғылыми дәлел-дәйектемелер беріп, оның болмыс тұрпатын тұлғаландыра түседі. Мүсәйіп Қыдырқанұлы көзі ашық, көңлі ояу ғылым адамы ретінде көп ізденеді. Соның дәлелі осы шежреге 1917- жылғы қазан төңкерісінен кейін шетелге эмиграцияға кеткен статист, кезінде орыс шаруаларын қоныстандыру қорына алу мақсатымен қазақ жерлерінің «артығын» анықтау үшін арнайы экспедиция ұйымдастырған Ф.А. Щербинаның ғылыми анықтамалық еңбегін пайдалануы. Щербина экспедициясы 1896-1911 жылдары Қазақстанға екі рет келіп Ақмола, Торғай, Семей облыстарының 12 уезін зерттеген. Оның жұмысына елін, жерін жақсы білетін Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың өзі қатынасқан. Экспедицияның жинаған материалдары негізінде әр уезге бір томнан 12 томдық еңбек жазылған. Онда 18-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басындағы қазақтардың шаруашылығы және әлеуметтік жағдайы жөнінде көптеген деректер жазылған. Мүсәйіп шежірешінің жаңалығы іздеп, тауып отырып «Саты шежіресіне» осы экспедицияның материалдарын қосқанында. Экспедицияның шежіреге қаншалықты құнды болғанын өздеріңіз оқып білесіздер. Бұл және Мүсәйіптің осы шежіреге пайдаланған 348 әдебиетінің тек біреуі ғана.
Тағы бір сөз Мүсәйіп Қыдырқанұлы халқының ұлтжанды азаматы ретінде тарихқа сұңғыла көзбен сүңги қарап, қазақ тарихына жасалған кейбір қиянаттар мен қисынсыз дүниелерді тап басып түйсініп, ол туралы баспасөз беттеріне ғылыми мақалалар жазып тұратынын атап айту ләзім.
Қорыта келгенде шежіренің «кертолғау» күйін кемеліне келтіре шерткенде жоғарыда өзіміз арнайы тоқталған төрт жаңалық бір шежірешінің иығына түскен жеңіл жүк емес. Шежіреші – күйшіміз Мүсәйіп Қыдырқанұлының ендігі мақсаты Жұмықтың Болат, Қараша, Қожан, Сайболат, Тәуке және Байжіттің-Тоғас руларының шежіресін шертпек. Бұл шежірелердің алдағы жылдарда әлі де арнасын кеңейте түсіп, одан арғы жерде жалпы қазақ шежіресінің қомақты үлесі болып қосылып, жалғыз «кертолғау» емес, «кең толғау» атты керемет күйдің көп топтамасы болып шертілеріне өз басым кәміл сеніммен бек үміттімін.

Құсыман Игісін
Жазушы-публицист, ҚР мәдениет қайраткері,
ШҚО. Тарбағатай ауданының құрметті азаматы.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста