Татарстан республикасы 1991 жылы алған дербестігінен біржола айырылды. Ресей құрамындағы автономиялардың ішінде «Президент» лауазымы бар жалғыз басшы Рустам Минниханов президент атауынан және азаматтықтан бас тартты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Аbai.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл өзгерістер көп ұзамай Татарстанның Конституциясынан көрініс табады. Конституцияның 60 бапты құрайтын 6 бөліміне өзгеріс енгізіліп, 2 жаңа бап пайда болмақ. Сондай-ақ, 25-норма күшін жойды.
Жаңа заң бойынша: Татарстан егемен ел емес, ол тұжырымдама «республикадағы билікті оның халқы жүзеге асырады» деп өзгертілген. Халықтың азаматтығы болмайды, республика енді қантөгіс пен зорлық-зомбылықты сынамайды, соғысты насихаттауға тыйым салмайды.
Татарстан президенті «Раис» деп аталатын болады. Мемлекеттік кеңес депутаттары иммунитетінен айырылды, Конституциядан өкілеттікті шектеу туралы федералды орталықпен келісім алынып тасталды. Татарстан Ресей құрамындағы құқықтық-демократиялық мемлекет болып қалмақ.
Президент лауазымынан бас тартуды татар билігі Рустам Минниханов кеткен соң, 2025 жылы іске асырмақ деген болжам болған. Бірақ елдің депутаттары оны түзетулер қабылданғаннан кейін бірден енгізуге шешім қабылдады.
Нәтижесінде мемлекеттік құрылыс және жергілікті өзін-өзі басқару комитеті екінші оқылымда заң өзгерістерін қабылдады. Екінші оқылымға 73 депутат қатысып, оның 9-ы қарсы болды, ал біреуі қалыс қалды.
Татарстан республикасы – Ресей құрамындағы автономиялық мемлекет. 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басындағы елдің жаңа саяси бағыты халықтың азаматтық белсенділігін арттырды, тәуелсіздікке деген ұмтылысын күшейтті. 1990 жылы сәуірде КСРО Жоғарғы Кеңесі автономия құқығын едәуір кеңейтті. Сол жылы 30 тамызда Жоғарғы Кеңес «Татар кеңестік мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны» қабылдады. 1991 жылы ел басшысына «президент» атауы берілді, 1992 жылы Татарстан Республикасының Конституциясы қабылданды.
Айжан Темірхан