Тәркіленген мың литр арақты тышқандар ішіп қойған
Үндістанның Бихар штатында тышқандар мың литр тәркіленген алкогольдік ішімдікті ішіп қойған. Бұл туралы жергілікті полицейлер мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.
2016 жылдың сәуірінде аталмыш штатта сипттік ішімдік сатуға және тұтынуға қатаң тыйым салынған болатын. Сол уақыттан бері полиция 900 литрден астам заңсыз алкогольді тәркілеген.
Алайда, тексеріс кезінде сақтау үшін қоймаға қойылған заңсыз ішімдіктің басым бөлігі жоқ болып шықты. Полиция басшылығы ішкі тергеу жұмыстарын бастады. Полицейлердің өзі оны тышқандар құртты деп отыр. Арақ-шараптың қаншасын кеміргіштер ішіп кеткені әлі нақтылану үстінде.
Фото: AFP
Штат учаскелерінің мыңға жуық полицейі осы мәселе бойынша есеп беретін болады. Олар спирттік ішімдікті өздері ішіп қоймағандарын да дәлелдеулері керек. Егер бұл іске полицейлердің қатысы бары анықталса, олар қызметінен қуылып, штат заңын бұзғаны үшін сот алдында жауап береді.
Айта кетейік, Бихар штатының бас министрі Нитиш Кумар қызметіне тағайындалысымен-ақ ішімдікпен күреске қызу кірісіп кеткен. Сол уақыттан бері 40 мыңға жуық адам арақ сатып, тұтынғаны үшін қамауға алынды.
Бихар штатының заңына сәйкес, арақ ішіп, сатқандар 10 жылға бас бостандығынан айырылулары мүмкін.
2017 жылдың ақпанынан арақпен күрес шаралары одан бетер күшейтілді. Енді, жаңа заң бойынша, судьяларға, шенеуніктер мен мемқызметкерлерге Бихар штаты аумағында ғана емес, жалпы Үндістан ішінде, тіпті шекара сыртында ішімдік ішуге тыйым салынды.