Қырғызстанның экономика және коммерция министрлігі Қазақстанда ұсталған 14 дрон бойынша пікір білдірді. Министрлік "Инвест Импульс" компаниясының қытайлық DJI Agras T30 үлгісіндегі дрондарды былтыр 2022 жылы Қазақстан арқылы Ресейге тасымалдап бара жатқанда тәркілегенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Аbai.kz-ке сілтеме жасап.
"Ұшақсыз аппараттар Қырғызстанның импорт, экспорт, реэкспорт және транзит тауарлары бойынша ұлттық бақылауға алынған тауарлардың тізіміне кіреді және оларды тасуға рұқсат қағазы талап етіледі. Бірақ "Инвест Импульс" кәсіпорны 2022 жылы мұндай типтегі тауар тасуға рұқсат сұрап өтініш берген емес. Мекеме дрондарды ауыл шаруашылығына кеңінен пайдаланып жатқанын есепке алып, тауардың экспорттық бақылауға енгенін білмеуі мүмкін. Бұл экспорттық бақылау ережелері бұзылған жалғыз жағдай екенін атап өткіміз келеді, кәсіпорын толығымен жауапкершілікке тартылған", - деп жазылған мәліметте.
Министрлік сонымен бірге АҚШ, Еуроодақ және Британия өкілдері Қырғызстанға келіп кеткен соң, мұндай тауарларға экспорттық бақылау күшейтілгенін жеткізді.
Экономика және коммерция министрлігі Қырғызстанның "Экспорттық бақылау туралы" заңына биыл 15 ақпанда өзгерістер енгізілгенін, оны жүзеге асыру үшін нормативтік актілер істеліп жатқанын жеткізді.
The Washington Post басылмасы 18 шілдеде АҚШ президентінің әкімшілігі Қырғызстанға және экономикалық шара қолдануға қамданып жатқанын мәлімдеді. Онда мұндай қадам санкцияға енген тауарлардың Қырғызстан арқылы Ресейге тасымалдауына бөгет қою үшін жасалынып жатқанын, америкалық және еуропалық дипломаттардың Қырғызстанға жасаған сапары нәтиже бермегендіктен, Вашингтон осы аптада экономикалық санкция салатынын ескерткен.
Басылым Қырғызстаннан Ресейге тасылып бара жатқан қытайлық 14 DJI Agras T30 дронының Қазақстан шекарасында тәркіленгенін атап өткен. Қазақстан тарапы жүкке тиесілі құжаттардың жоқ екенін мәлімдеген.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz